Еліміздің барлық өңіріндегі 300-ден астам мектеп мұғалімі, колледждер мен ЖОО оқытушылары, студенттер, ғалымдар, білім беру саласының ардагерлері мен сарапшылар қауымы «AMANAT» партиясының «Мұғалім Talks» кейс-платформасында бас қосты. Олар орта және кәсіптік білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылап, оны шешу жолдарын ұсынып, өзара тәжірибе алмасты.
Мұғалімдермен ашық әңгіме ұйымдастырылды
763
оқылды

Жаңа диалог алаңының алғашқы жиы­ны Maqsut Narikbayev University қа­быр­ғасында өтті. Сөз басында Мә­жіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төра­ғасы Ерлан Қошанов білім беру са­ласы әркез Мемлекет басшысының назарында екенін атап өтті. Сонымен қатар педагогтер «AMANAT»-тың тірегі әрі негізгі буыны саналады. Себебі партияның әрбір үшінші мүшесі – педагогика саласының өкілі.

«Президентіміз педагогтер қауымы­на айрықша көңіл бөледі. Соның бір дәлелі, Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы екі бірдей педагогті «Қазақстанның Еңбек ері» атағымен ма­ра­паттады. Қазақстан тарихында тұңғыш рет қатарынан қос ұстаз осын­дай жоғары марапатқа ие болды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болған кезінде алғашқы қол қойған заңы да «Педагог мәртебесі туралы» заң болғанына назар аударғым келеді. Айта кетейін, көптеген елдерде мұндай жеке заң жоқ. Осының бәрі біздің қо­ғамда ұстаздардың мәртебесін көтерудің на­қ­ты, айқын мысалы», – деді ол. 

Сондай-ақ Ерлан Қошанов білім беру қызметкерлерін қолдау және жал­пы педагогика саласын дамыту бағы­тын­да жүйелі шаралар қабылданып жат­қанын атап өтті. Бұл мәселелерге Пре­зидент Жолдауларында және оның сай­лауалды бағдарламасында, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы ұлғай­тыл­ды, мұғалімдерге академиялық мәр­­­­тебеге сәйкес үстемеақы төленеді, тұр­ғын үй мәселелері шешілуде және тағы басқалар.

Сондай-ақ Мәжіліс Спикері қазақ­стандық оқушылардың беделді халық­аралық байқаулардағы жетістіктерін атап өтті. Соңғы жылдары Қазақстан Ха­­­­лықаралық математикалық олимпиа­дада 104 елдің ішінде 25-орыннан түс­кен емес, ал FIDE Халықаралық шахмат олим­пиадасында еліміздің әйелдер құра­масы қазақстандық шахмат тари­хын­да алғаш рет күміс жүлдені жеңіп алды. Мемлекет басшысы атап өткен­дей, пәндік олимпиадаларда жеңіс­ке жеткен оқушыларды Олимпиада ойын­дары­ның жеңімпаздары сынды ұлықтау қажет. Яғни, интеллектуалды ұлт тек те­рең білім арқылы ғана қалыптасады. 

«Бүгінде біз экономикасы дамыған, әді­летті әрі табысты мемлекет құру жолындамыз. Оның негізі – прогрессивті, интеллектуалды ұлт, қуатты орта тап. Дәл осындай адамдарды тәрбиелеу – қазіргі мұғалімнің басты миссиясы. Ел болашағы – ұстаз қолында. Осы орайда депутаттық корпус пен партия әрқашан қастарыңыздан табылып, барлық бастамаларыңызды қолдауға дайын», – деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар «AMANAT» партия­сы Төрағасының айтуынша, күн тәр­тібінде өз шешімін таппай келе жатқан мә­селелер де бар. Олар – үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектеп мәселесі, мұғалімдерді аттестаттау кезіндегі күрделі процедура және мектептегі қағаз­бастылық. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер арасындағы цифрлық тәуелділіктің артуы да үлкен алаңдау­шылық туғызады. Оған қарсы күресте ата-аналар мен ұстаздар қауымының өзара бірлескен іс-әрекеті қажет. 

Басқосуда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру саласын дамытуға қатысты мәселелерді сапалы ше­шуде министрліктің, «AMANAT» пар­тиясының және депутаттық корпус­тың бірлесе белсенді жұмысы жүргізуінің маңызын атап өтті.

«Соңғы бес жылда білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Бұл қадам мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсартуға және балаларға жайлы білім беру ортасын құруға бағытталған. Ол өз кезегінде оқыту жұмысын сапалы жүргізуге ықпал етеді. 600 мыңға жуық педагогтің ең­бегі жоғары бағаланып, оларға қолдау көрсету мәселесі мемлекет саясатының ба­сым бағыттарының біріне айналды», – деді министр.

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжіндегі музыка пәнінің оқытушысы Забида Худатаева ерекше қажеттілігі бар тәрбиелену­ші­лермен жұмыс істеу кезінде педагогтің қандай қиындықтарға тап болатынына назар аударды. Педагог тәрбиелеген зағип студент Айсұлу туралы оқиға барша қатысушыны таңғалдырды.

«Ол маған білім алуға деген ерекше ынтамен, ерік-жігермен келді. Біздің осы­нау ортақ жолымыз түрлі қиындық­қа толы болды. Біз білім берудің жаңа әдісін әзірлеп, ерекше білім алуға деген қажеттілігі бар балаларға арналған оқу құрал­дарын дайындадық. Мен үшін оқу­шымның кедергілерді жеңіп, өз мақсатына жеткенін көруден артық бақыт жоқ», – деді Забида Худатаева.

Бұдан соң Ақтөбе қаласындағы жо­ғары политехникалық колледждің оқытушысы Дархан Шаңбаев жұмысшы мамандарын даярлау бойынша өз тәжірибесімен бөліссе, Алматыдан кел­ген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лімі Гүлназ Шәми «Гаджетсіз демалыс» жобасы туралы айтты. Қарағандыдағы Абай атындағы мектеп-гимназияның директоры Жадыра Баймолдина балалар мектепте алғашқы өмір сынағынан өтіп жатқанын, сондықтан мектеп олардың екінші үйіне айналуға тиіс екенін атап өтті. Ал Орал қаласындағы тарих пәнінің мұғалімі Александр Мясников балалардың сыни ойлау қабілетін дамытудағы мектептегі пікірталас қозғалысының маңызы туралы айтты. Петропавлдан келген АӘД мұғалімі Дархан Қоспанов жастарды әскерде қызмет етуге даярлау жұмысы мектеп қабырғасында патриоттарды тәрбиелеуден басталады деген сенімде. Қызылорда облысы Тереңөзек ауылынан келген математика пәнінің мұғалімі Заманбек Аманбеков жас әріптестерін ауылда жұмыс істеуге шақырса, Астанадағы биология пәнінің мұғалімі Ілияс Сакимов олимпиадаға дайындық кезінде оқушыларға қалай қолдау көрсету керек екенін жеткізді. Отырыста белгілі тележүргізуші Ирина Тен модератор болды.

Кездесу соңында бірқатар педагогке кәсіби қызметіндегі еңбегі және қоғамдық жұмысқа қосқан елеулі үлесі үшін ведомстволық наградалар мен «AMANAT» партиясының «Ұстаз – ұлт айнасы» арнайы төсбелгісі табысталды.

Әсет ҚАЛИ