«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі.
Дархан Сатыбалды кезекті рет өңір тұрғындарын жеке қабылдады
392
оқылды

Мемлекеттік құрылымдардың қызметі халықтың игілігіне, азаматтардың сұранысы мен талап-тілегіне бағытталуға тиіс. Бұл Ата Заңның 3-бап, 1-тармағында көрсетілген. Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады, – деп атап өткен.

Біз цифрлармен, фактілермен, іс-әре­кеттермен сендіре отырып, азаматтардың сынына және сындарлы ұсыныстарына же­дел ден қоя отырып, олардың сенімін қал­­пына келтіруіміз керек, – деген болатын Мемлекет басшысы. Осыдан кейін мем­лекеттік органдар, органдардың өкілдері, басшылары әлеуметтік желілерде өз парақ­шаларын ашып, тіркеліп, мемлекеттік қыз­­метшілерінің қатысуымен тікелей эфир­­­лер өткізіп, ел алдына шығып кезде­су­лер ұйымдастырып, қоғамдық қабылдаулар ая­сында тұрғындардың өтініш-тілектеріне назар аударып келеді. 

Жалпы, «Халық үніне құлақ асатын мем­­­лекет» тұжырымдамасы барлық аза­маттың өтініштеріне жедел және тиімді ден қоюға бағытталған. Бұл бағытта өңір­лер­де облыс әкімдері мен оның орынбасар­лары, әр салаға жауапты басқарма басшы­лары тоқсанына бір рет халықты қабылдауды жүйелендірген. Жуырда Түркістан облысы­ның әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет өңір тұрғындарын жеке қабылдады. Қа­был­­дауға келген азаматтар түрлі мәселені ортаға салды. Әлеуметтік салаға қатысты мәсе­лелер де көтерілді. Бұдан бөлек, өңір тұр­­ғын­дары инклюзивті ортаны қалыптас­тыру, қоршаған ортаны таза ұстау бойынша ұсы­ныс-пікірлерін жеткізді.

Тұрғындардың көтерген мәселелерін шешуге құқық қорғау органдарының бас­шы­лары, департамент және басқарма басшылары да атсалысты. Жеке қабылдауда көтерілген әрбір мәселе жіті зерделеніп, заң аясында шешімін табатын болады.

Сонымен қатар өңір басшысы жаңадан құрылған Сауран ауданына жұмыс сапарын ұйымдастырып, аймақ тұрғындарымен кездесті. Аудандағы бірқатар нысандарды аралады. Сапар барысында Ескі Иқан ауыл­ындағы күрделі жөндеуден өткізілген «Әмір Темір» атындағы ауылдық мәдениет үйіне барып, құрылыс сапасын тексерді. Биыл Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның ішінде Мақтаарал, Шардара, Сайрам мен Сауран аудан­дарында бір, Жетісай ауданында екі мәдени нысан бар. «Өңірде мәдени ошақ­тарын қайта ретке келтіріп, ондағы жұмыс­тарды жандандыруымыз қажет. Тұрғындар­дың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, үйірмелер мен жоспарлы іс-шараларды тұрақты өткізіңіздер. Соның ішіндегі кітап­ханаға оқырман тартып, келушілердің қа­тар­ын арттыру қажет», – деді Дархан Амангелдіұлы.  1976 жылы салынған мәде­ниет нысанына күні бүгінге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Аудандық мәде­ниет үйіне қарасты ғимараттың күрделі жөн­деу жұмыстары былтыр басталып, биыл қыркүйек айында пайдалануға берілді. Халық саны 22 мыңнан асатын ауылдағы 380 орындық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Достық» этнофольклорлық ансамблі жұмыс істейді. 1 700 шаршы метрді құрайтын ғимарат екіқабатты. Жалпы аумағы 7 400 шаршы метр. Жоба құны – 408,7 млн теңге. 

Жалпы, Сауран ауданында 11 клуб, 4 мәдениет үйі бар. Аудан тұрғындарын мәдениет нысандарымен қамтамасыз ету мақсатында кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Келесі жылы ауданның бас жоспарына сәйкес, «AMANAT» партия­сының сайлауалды бағдарламасының аясын­да «Қарашық» мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Бабайқорған ауылдық округінің орталығынан клуб әрі кітапхана­ның құрылысы басталды. Майдантал ауыл­дық округінің орталығынан да осындай ныс­ан­ның құрылысын салу үшін сметалық құжат әзірленді.

Сауран ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Golden Cotton мақта қабылдау және қайта өңдеу зауытында болды. Осыдан 2 жыл бұрын ашылған зауыт 4 гектар аумақта орналасқан. Жоба құны – 789,0 млн теңге. Мұнда жылына 12 мың тонна мақта өңдейді. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнімді Ресей, Беларусь және Қытай елдеріне сатуға шығарады. Былтыр 8 мың тонна мақта өнімін қабылдап, қайта өңдеген. Су үнемдеу технологиясының көмегімен келер жылы 1 мың гектар жерге жоғары сотты мақ­та тұқымын егіп, өнім сапасын арттыр­мақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды сон­дай-ақ саурандық жас кәсіпкермен кездесті. Істен шыққан ескі қондырғыны сатып алып, жөндеген Саидбек Жаппаров мақтаны қайта өңдеу цехын іске қосқан. Жылына 600 тонна мақтаны қайта өңдеп, өндірілген өнімді Қытай мен Түркияға сатады. Сондай-ақ көкөніс сақтайтын қойма ашып қойған. 

Түркістан облысы – елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылық­тарында 25 мың агроқұрылымдарда 70 мыңға жуық шаруалар еңбек етеді. Облыста жыл сайын 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жин­алу­да. Мақта саласындағы негізгі түйткілді мәселен баға тұрақсыздығы. Себебі елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнер­кәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып отыр. Елімізде мақта талшығын терең өңдеу бойынша тек 3 кәсіпорын бар, олар­дың үлесінде мақта талшығының қайта өңделген көлемі 18  пайыздан аспайды.

Бұл мақта өсіретін тұрғындардың ең өзекті мәселесі. Халықтың осынау мәселесін жақ­сы білетін облыс басшысы Жол карта­сына сәйкес, 2027 жылға дейін 9 мақта кл­ас­терін құру көзделіп отырғанын жеткізді. Нәтижесінде, мақта бағасына алдағы жылдары тәуелділік жойылатын болады. Осы мақсатта 2023 жылы Мақтаарал ауданында Cotton Мақта ЖШС мақта өңдеу зауыты жобасы жүзеге асырылды. Жобаның құны – 3 млрд теңге, жылдық қуат­тылығы – 60,0 мың тонна мақта тал­шы­ғын шығару. Зауытта 80 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. 

Сондай-ақ Жетісай ауданында құны 7,6 млрд теңгені құрайтын жылына 7 500 тонна иірілген жіп фабрикасын салу бо­йын­ша TST JETISAY TEXTILE ЖШС-ның жобасы жүзеге асуда. Билік пен бұқара ара­сындағы байланыс осылайша тығыз қарым-қатынас орнағанда аймақтағы мәселелердің оңтайлы шешілуі жылдам жүзеге аспақ.

Назгүл НАЗАРБЕК