Ғаламның жедел кеңеюі жаңа қара құрдымның пайда болуымен байланысты. Бұл заңдылықты америкалық 3 университеттің ғалымдары анықтады. Ғаламды Құдіретті күштің жаратқаны тағы дәлелденді ме?
Ғаламда зор жұлдыздарды қараңғы энергияға айналдыратын жұмбақ нәрсе бар. Жаратушы ма?!
Өте зор жұлдыздар материясын қараңғы энергияға айналдыратын Жаратушының жұмбағы. Сурет dzen.ru сайтынан алынды
2,243
оқылды

Дүйсенбі күні (28 қазан) Journal of Cosmology және Astroparticle Physics журналында жарияланған ғарыштағы қара құрдымның эволюциясына арналған ғылыми мақалаға сүйеніп, Aikyn.kz бұл жаңалықтың маңызын түсіндіреді.

Қара құрдымдар мен қараңғы энергияның арасында космологиялық байланысы бар. Фото иллюстрация trends.rbc.ru сайтынан алынды. Авторлығы: JPL-Caltech / NASA

Алдымен "қара құрдым деген не?" деген сұраққа жауап берейік. Қара құрдым – ғарыштағы гравитациялық күші өте зор аймақ. Ол айналасындағы барлық нәрсені, соның ішінде жарықты да шаңсорғыш сияқты алапат күшпен сорып алады.

Мичиган, Аризона штатының және Гавайи университеттерінің ғалымдары қараңғы энергияның табиғатына байланысты жаңа түсініктеме ұсынды. Зерттеу нәтижелері 28 қазанда Journal of Cosmology және Astroparticle Physics журналында жарияланды.

Ғылыми жұмыс қара құрдымда ғаламның кеңеюін жеделдететін, өте зор жұлдыздардың материясын қараңғы энергияға айналдыратын жұмбақ нәрсе бар деген гипотезаға негізделген. Зерттеушілердің пікірінше, бұл гравитациялық коллапс кезінде зор жұлдыздардан қара құрдым пайда болған кезде орын алуы және «кері жүретін шағын Үлкен жарылыс» болуы мүмкін.

Гипотезаны тексеру үшін топ Китт Пик ұлттық обсерваториясында қараңғы энергияның спектроскопиялық құралымен (Dark Energy Spectroscopic Instrument, DESI) жинаған деректер талданған. DESI – бес мың роботтық «көздерден» тұратын және ғаламның кеңею жылдамдығын ерекше дәлдікпен тіркейтін құрал. DESI миллиардтаған жыл бұрынғы кезеңге шолу жасай алады және уақыт өте келе қараңғы энергияның тығыздығы қалай өзгеретінін өлшейді. Бұл зерттеушілерге қараңғы энергияның өзгеруінің жаңа модельдерін жасауға мүмкіндік береді.

DESI деректері ғалымдарға ғаламның дамуының әртүрлі кезеңінде пайда болған қара құрдымның санының қараңғы энергияның өзгерістерімен байланысын анықтауға көмектескен.

Ғаламның жаратылуы мен өздігінен кеңею құбылысын тек Жаратушының әрекетімен түсіндіреміз бе?! Иллюстрация deviantart.com сайтынан алынды

Қара құрдым мен қараңғы энергияның тығыздығын салыстыру олардың көбеюі мен ғаламның өсуі арасындағы байланысты көрсетеді. Зерттеу тобы әрбір қара құрдым жаңадан пайда болғанда қара энергияның мөлшері де ұлғайып отыратынын дәлелдеді. Яғни, қараңғы энергия қара құрдымды жасайтын негізгі «материал» деп түсіндіруге болады. Бұл жаңалық белсенді жұлдыз түзілу орындарында қара құрдымдардың қараңғы энергиямен космологиялық байланысы бар деген теорияның дұрыстығын күшейтеді.

Жылдың басында аса зор қара құрдым мен қараңғы энергия арасындағы байланыс туралы есептер жарияланған болатын. Жаңа зерттеу жұлдыздардың белсенді қалыптасуы басталғаннан кейін пайда болған қара құрдымдар үшін де осы заңдылықты растайды. Бұл гипотезаның дұрыстығын және қара құрдымдардың Ғаламның эволюциясының белсенді кезеңдерінде пайда болғанын көрсетеді.

Ғалымдардың пікірінше, DESI зерттеуі қараңғы энергияны түсінудегі жаңа заңдылықтардың ашылуының бастамасы ғана, әрі қарайғы зерттеулер қара құрдымдардың сипаттарын нақтылауға бағытталмақ. 

Бұл зерттеу нәтижелері қара құрдым мен қараңғы энергия арасындағы байланыстың тек теориялық емес, сонымен қатар эксперименттік жолмен нақтылауға көмектеседі. Және DESI қажетті деректер табудың маңызды құралына айналуда.

Бұл жаңалық та бүгінде жұмбақ болып отырған ғаламның жаратылуы мен өздігінен кеңею құбылысын тек Жаратушының әрекетімен түсінуге жасалған тағы бір қадам шығар. 

Филолог 337 жыл бойы ешкім байқамаған Ньютонның бірінші заңында елеулі қателікті тапты. Фото YouTube платформасынан алынды. Авторлығы: Khan Academy каналы

Тағы бір ғылыми сенсация туралы

Атақты физик, математик Исаак Ньютонның 1687 жылы  Philosophiæ Naturalis Principia Mathematica  (Натурфилософияның математикалық принциптері) атты еңбегінде жарияланғаннан бері 337 жыл бойы ешкім байқамаған Ньютонның бірінші заңында елеулі қателік табылды. Латын тілінен ағылшын тіліне аударуда кеткен қателік Philosophy of Science журналында филолог Дэниел Гуктің мақаласында көрсетілді.

Үш ғасырдан астам уақыт бойы Ньютонның бірінші заңын мынадай түрде оқып келдік: «Егер денеге сырттан басқа күштер әсер етпесе немесе олардың әрекеті теңгерілген болса, онда дене тыныштық күйін сақтайды немесе түзу сызықты және бірқалыпты қозғалысын жалғастырады».

Ал филолог Дэниел Гук Ньютон жазбаларының түпнұсқасын аударғанда бүгінге дейін «егер» деп аударылып келген түйінді жалғаулықты «өйткені» немесе «себебі» деп аударған дұрыс екенін дәлелдеген. Филологтің айтуынша, Ньютон денеге сырттан ешбір күш әсер етпегендіктен ғана ол тыныштықта қалатынын көрсеткен. Сонда Ньютонның жазбасындағы бірінші заң былай оқылуы тиіс:

«Дене тыныштық күйін сақтай алады немесе түзу сызықты және бірқалыпты қозғалысын жалғастырады, өйткені (себебі) денеге сырттан басқа күштер әсер етпейді немесе олардың әрекеті теңгерілген».

Бұл лингвистикалық нақтылау ғылым үшін маңызды, себебі заңды түсіндіруде физиктер арасында туындаған бірқатар келіспеушіліктерді шешуге көмектеседі.

Ғасырлар бойы бұл қателікті физик немесе математик ғалымдардың байқамағаны, оны филологтің тапқаны таңғалдырады. Бұл – жаңа ғасыр ғылымның шекарасын жойып жібергенінің бір дәлелі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.