Астана төрінде жас отбасылар арасында «Қазағымның дәстүр­лері-ай» атты мән-маңызы ерекше байқау өтті.
Ұлт дәстүрін ұлықтаған
463
оқылды

Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығының қолдаумен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі өткізген ұлттық байқау­ға елордалық сегіз жас отбасы қатысты. Сайыстың мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын заман­ға сай жаңғырту, жастар арасында насихат­тау, отбасы институтының мәртебесін кө­теру.

Отбасылық сайысқа жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақ, Пре­зи­денттік орта­лыққа қарасты Мәдени және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ақбота Хамитова, «Қа­зақ аналары – дәстүрге жол» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнұр Жүгінісова, Қ.Мұ­хамедханов атындағы №90 мектеп-гим­­на­­зия­сының ұстазы, айтыскер ақын Азамат Мал­жанбай және Журналистер одағының мүшесі, этнолог-тарихшы Тұрар Шәкен қазылық етті.

– Қоғамда отбасылық құндылықтарға байланысты проблема көп. Сондықтан ұлттық дәстүрлеріміз әр отбасында дәріп­теліп, бала­ларға қазақы тәрбие берілсе, отбасы инсти­тутының мәртебесі биіктеп, ұлттық құндылық­тарымыз ұлықталса деген мақсатта өткізіп жатырмыз, – дейді «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрар Сәттарқызы.

Биыл байқауға қатысуға 15-ке жуық жас отбасыдан өтінім келіп түссе, байқау шартына сәйкес олардың арасынан 8 отбасы іріктеліп алынған. Сайыста ата-әжелер жас ұрпаққа үлгі боларлық  өнегелі ой айтып, тағылымды жыр оқып, ән салды. Ал жігіттер жағы қамшы өріп, білектілік көрсетіп жатса, олардың жұбайлары ұмыт болған ұлттық тағамдарды дайындап, балалар өнерлерін ортаға салды. Осылайша, салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптары­мызды қайта жаң­ғыртып өзара бақ сы­насты. 

–  Байқауға қатысу қиындық тудырған жоқ. Күнделікті дайындалдық. Үйде үлкен атамыз бар. Ол кісі өзі ақын, жазушы. Жол­да­сым Бақытбек Меке­байұлы екеуміз мек­тепте ұстаз­быз. Өзіміз тіл маман­дары болғаннан кейін бізге қатты қиындыққа соққан жоқ. Балалары­мыз да қазақи. Ұлт­тық салт-дәстүр­лерімізді үйде де күнделікті қолданып жүреміз, –  дейді  Мекебай ата отбасының келіні Назгүл Қызы­рқызы.

Байқау нәтижесінде бас жүлде Мекебай отбасына бұйырды. Бірінші орынды Мұқа­жановтар отбасы жеңіп алса, екінші орынды Сембековтер отбасы еншіледі. Үшінші орынды Сауханов пен Хызайхан отбасы иеленді.  Ал арнайы номинациялар бойын­ша «Өнегелі отбасы» – Қалитовтер отбасына, «Дәстүрге берік отбасы» – Пірімқұловтар отбасы мен «Көрер­мен көзайымы» Мұқановтар отбасына табыс­талды.

Венера МҰРАТҚЫЗЫ