Тасқыннан кейін енді-енді есін жиып жатқан Атырау бірнеше күн бойы қамыс өртімен алысты.
Атырауда тағы қамыс өртенді
288
оқылды

Қаланы көк түтін жап­қан қамыс өрті 6 қазан күні басталды. Араға бірнеше күн салып қана өрт өшірілді. Өрт толық сөнгенге дейін атыраулықтар кү­лімсі тартқан ауамен демалып, көк тү­тінге тұншығуға мәжбүр болды. Өрттің ұзақ уақытқа дейін ауыздықталмауына қамыс өртінің батпақты жерлерде тіркелуі себеп болып отыр.

Атыраулықтар әлеуметтік желіде жап­пай шағымданып, дабыл қаққаннан кейін 6 қазан күні кешкілік «Қазавиақұтқару» ме­кемесі тікұшақпен  барлау жүргізді. Аэ­ровизуалды барлау жұмыстары Құрманғазы және Исатай аудандарының аумақтары ара­сында Каспий теңізінің жағалауы бойын­да батпақты жерлерде қамыс өртеніп жатқанын анықтады. 

Өрт аумағына Төтенше жағдайлар де­партаментінен 9 жеке құрам, 1 арнайы тех­ника, «Ақ Жайық» резерватынан 3 адам, 1 жүзу құралы шықты. Сондай-ақ арнайы тікұшақ жөнелтілді. Осылайша, бірнеше күнге созылған қамыс өрті 11 қазан күні кеш­кілік көп күш жұмылдыру нәтижесінде ға­на ауыздықталды. Атырау облысы Тө­тен­ше жағдайлар департаменті мәліметінше, Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы жойқын өртті тек 10 қазан күні ғана оқушаулаған. Өрт толықтай 11 қазан күні сағат 18:00-де сөндірілді. Өртті сөндіру жұмыстарына Атырау облысы ТЖД және «Ақ Жайық» МТР күштері мен құрал­дары, жалпы есеппен 43 қызметкер, 16 техника жұмылдырылды. 

Мамандардың айтуынша, Атырауда қамыс өртінің жиі қайталануының бірнеше негізгі себебі бар. Біріншіден, бұл Аты­рау аймағының табиғи жағдайларына байла­нысты.

«Қамыстар әдетте ылғалды, батпақты жерлерде өседі, ал мұндай жерлерде өртті сөн­діру өте қиын. Жазғы және күзгі кезеңде құрғақшылық қамыс өсімдіктерін оңай тұтанып кететін жағдайға жеткізеді. Екін­шіден, адамдардың аңшылық маусымында не­месе демалыс кезінде қауіпсіздік шара­ла­рын сақтамауы, мысалы, өшірілмеген те­мекі тұқылдары немесе от жағу нәти­же­сінде өрт шығуы мүмкін», – дейді төтен­шеліктер. 

Шынын айту керек, қамыс өрттері кей­де бақылауға алынбай, бірне­ше күн бойы сөнбей жалғаса береді. Оған себеп – жоғарыда айтқан батпақты және бару қиын жерлерге техниканың жете алмауы. Каспий теңізі жағалауы мен резер­ваттардағы қамыс алқаптарының жиі отқа орануы онсыз да оңып тұрмаған облыстың эко­логиялық ахуалына кері әсер етіп отыр.  Себебі өрттен шыққан түтін жақын маңдағы ел­ді мекендерге жеткені өз алдына, көк түтін ойда орналасқан қаладан кетпей «тұрып» алады. 

Көзі қарақты оқырман біледі, осыдан бір жыл бұрын Атырау облысы әкімдігі Эко­логия министрлігіне «Ақжайық» резер­ватын облыс әкімдігінің балансына өткізу туралы мәселені көтерген болатын. 

«Қазір «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы өте үлкен: 115 мың 500 гектар. Резерват – Экология және таби­ғи ресурстар министрлігінің теңгерімінде. Біз оны Атырау облысы әкімдігінің теңгері­міне алғымыз келеді. Әкімдік балансына Каспий теңізінің Ресей Федерациясындағы Астрахань облысының шекарасынан Маң­ғыстау облысының шекарасына дейінгі ара­лықтағы аумағының берілуін сұрадық. Егер бұл мәселе шешілсе, онда резерватқа об­­лыс бюджетінен қаржыландыру қарас­ты­ры­лады. Алдымен Каспий теңізінің жа­ға­­лауындағы резерват аумағында балық жә­не аң аулауға тыйым салынады. Қамыс өр­тінің алдын алу үшін бейнебақылау және теп­ло­визорлар орнату жоспарланып отыр», – деген болатын Атырау облысы әкімінің орын­басары Жасұлан Бисембиев.

Бірақ Премьер-Министрдің орын­ба­сары Роман Скляр «Ақжайық» мем­лекет­тік табиғи резерватын жергілікті әкімдік ба­лан­сына беру туралы ұсыныстың орынсыз­дығын мәлім етті.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резер­ва­тын Атырау облысының әкімдігі балан­сы­на беру үшін республикалық маңызы бар сана­тынан мәртебесін төмендетіп, жергі­лікті маңызы бар санатқа ауыстыруды талап етеді. Жоғарыда айтылғанның негізінде және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңның 14-бабының 6-тармағына сәйкес «Ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарды «республикалық маңызы бар» сана­тынан «жергілікті маңызы бар» санатына ауыстыруға жол берілмейді», – деді вице-премьер.

Алайда Ақжайық резерватында жылына бір емес, бірнеше мәрте қайталанатын өртті бол­дырмауға Үкіметтің біржақты кесімі жет­кіліксіз болып отыр. Өрт тіркеледі, ара­сына тәуліктер салып өшіріледі. Бірақ оның сыр­тында қамыс өрттері салдарынан эко­ло­гияға, жергілікті тұрғындар саулығына ке­ліп жатқан зиянды есептеп жатқан ешкім жоқ.

«Біріншіден, өрт атмосфераға зиянды заттардың көп мөлшерін таратады, оның ішін­де күкіртті сутек, көміртек, азот диок­сиді сияқты ластаушы заттар бар. Бұл заттар ауаның сапасын нашарлатып, жақын маң­дағы тұрғындардың денсаулығына қауіп төн­діруі мүмкін. Әсіресе, өкпесі ауыра­тын­дар, демікпе, бронхитке шалдыққандар үшін өрт, түтін өте қауіпті. Ондай адамдарда күтпген жерден асқыну болуы мүмкін», – дейді дәрігер маман Гүлнафис Таңбаева. 

Қалай десек те, қамыс өрті Атырау үшін оңай жау болып тұрған жоқ. Жылда қайта­ланатын қамыс өрті кешенді шешімдерді қолға алуды қажет етеді.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы