Сәт Тоқпақбаев – ел егемендігін алған алғашқы жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Президент Күзет қызметінің бастығы, Республикалық ұлан қолбасшысы, Қорғаныс министрі, Парламент депутаты қызметтерін абыройлы атқарған азамат.
Сәт Тоқпақбаев, Халық қаһарманы: Мен үшін ең басты құндылық – Отанды сүю
2,353
оқылды

Биыл генерал-полковник 85 жасқа толды. Жуырда Сәт Тоқпақбаевқа Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. 

– Сәт Бесімбайұлы, «Халық қаһарманы» атағыңыз құтты бол­сын! Ел Тәуелсіздік алған елең-алаң шақта жауапты міндеттерді атқарғаныңызды жақсы білеміз. Сол бір күндерге қайта шегініс жасап көрейікші: не еске түседі?

– Рақмет! Бұл марапат маған ғана емес, менімен бірге Отаны­ның Тәуелсіздігіне қызмет жаса­ған қауіпсіздік саласы мен қор­ғаныс саласындағы әріп­тес­терім­нің еңбегіне берілген жо­ғары баға деп қабылдадым. Өмір­імнің ең күш-қайратқа толы, жылдар бойы жинаған біл­імі­мнің отаныма қажет кезі – Қазақстанымның Тәуелсіздік алған тұсына келді. Ұлттық қау­іп­сіздік саласы мен қорғаныс саласына мамандар қажет кезде білекті сыбанып кірісіп кеттім. Сол кезеңде маған үміт артқан халқыма, үлкен сеніммен жауап­ты міндеттерді сеніп тапсырған сол кездегі Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевқа, үзеңгілес болған әріптестерім мен шәкірт­теріме  алғысым шексіз. 

Ал еске алу мәселесіне кел­сек, қызмет етіп жүрген кездер­дің әр күні тарих болды десем, ар­тық айтқандық болмас. Өйт­кені ол жас мемлекетіміздің енді ғана аяқ­қа тұрып, Тәуелсіз, Азат, Бостан мемлекет ретінде әлем картасына еніп, дүниежүзінің назарына іліне бастаған кезі еді. Менің замандас­тарымның әр­қай­сысы қайтсек Тәуелсіздікті тұғырлы етеміз, еңсемізді кө­те­ре­міз, іргелі елге айналамыз деп өз міндеттерін атқарып жүрген кезең еді.

– 1993-1995-жылдары ҰҚК қызмет еткен тұсыңызда Сталин­дік репрессия құрбандарын ақ­тауға еңбек еттіңіз. Манаш Қозы­баев­ты қауіпсіздік қызметінің архивінде жұмыс істеуге де мүм­кіндік жасадыңыз. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы қалай басталды? Ресей архивіне (КГБ) кіруге мүмкіндік болды ма?

– Республика Ұлттық қауіп­сіз­дік комитетінің төрағасы  бол­ып отырған кезімде біршама ғал­ым­дармен бірге тарихтағы ақтаңдақтар (репрессия) ақиқа­ты­ның астарын ашу үшін бір­шама еңбектендік. Еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейінгі алды­мыздағы мақсат – КСРО кезіндегі 1929-1930, 1935-1936, 1937-1938 одан  кейінгі  жылдарға  ұласқан сталиндік зұлматтың қанды  қыл­ышына ұшырап, оққа  бай­ланып  опат болып  кеткен аяу­лы  азаматтарымызды архив  дерек­тері­нен іздеп табу болды. Мем­ле­кет­тік қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан олардың іс-қағаз­дар­ын көтеру, жазықсыз жапа шеккен, сотталған, атылған  кісі­л­ердің атын қайтадан жарық­қа шығарып ақтап алу науқаны  басталды.  Бұл науқанға өз басым белсене араластым. Сол кезде елі­мізде жалаға ұшыраған аза­мат­тарды ақтап алатын «Әділет» қоғамы құрылды. «Әділет» қоға­мы­­ның жетекшісі Тарих және этнология институтының дир­ек­торы, академик Манаш  Қозы­баев  болды.  

Облыстық Мемлекеттік қау­іп­сіздік комитетінің  басқарма­сын­­да қызметте жүрген  уақытта  1980-жылдардың аяғында «По  реа­билитации  жертв  сталинской  реп­рессии» деген комиссия құ­р­ы­л­­ған болатын, соның төрағасы болдым. Ондағы мақсат – жоғар­ы­­­да айтып өткендей, 1937,1950- жыл­­дары жазаланған азамат­тар­дың құжаттарын зерттеп, бас­­аяғын жинақтап, ақтап шығу еді. Сол іске тездетіп кірісуді көздедік.  

Екінші жағынан: олар қай жер­де атылды соны білу керек  бол­ды. Халқымыздың бұрынғы ел бас­қарған, бетке ұстар азаматтары   жазықсыз мың-мыңдап атылып кет­кен. Міне, солар қай жерге жер­ленді, қандай себеппен ауыр жазаға кесілді, яғни не үшін жапа шекті. Осындай толып жатқан  түр­лі сұраққа жауап іздей баста­дық.  Архивте бұл сұрақтарға тол­ық жауап беретін құжаттар  табыл­ған жоқ. Жойып жіберген сың­ай­лы. Кім атты, қай жерде атыл­ды, қай жерге жерленді деген сұр­ақ­тар жауапсыз қалатын түрі бар. Мұндай құжаттар  болмаған­нан кейін мен бірнеше топ  құрдым.  

Бір топ 1936,1937,1938-жыл­дары кадрларда, басқа да маңызды орындарда жұмыс істеген адамды іздеуі керек. Қызмет орны арқылы  анықтау тапсырмасы берілді ол топқа. Содан кейін «мынаны  есті­дім... солай  екен... болған екен...» деген қауесеттен тұратын  мағұл­матты тексеретін тағы бір  топ  құрдым. Газет-журнал  бетіне  шық­қан ақпаратты  егжей-тег­жейлі зерттейтін  тағы бір  топ  құр­­­дым. Тікелей архив  материал­дарын  тексеретін  өз  алдына  жеке  бір топ болды. Осындай жұмыс күні-түні  жүргізілді. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Біраз  мәселенің беті ашыла бастады.  

Біздің небір марқасқа азамат­тарымыз осындай азапты жыл­дардың  құрбандары  болып  кетті  емес пе... Мәселен, Сәкен  Сей­фул­лин  ісі Мәскеуде  болды.  

Мәскеуге хатты жазудай-ақ  жаз­дық.  Бірақ бізге құжаттардың  түрін  көрсетпеді. Іздестіріп  жүріп сол кезде азаматтарды атқан адамның ізіне түстік. Деректер бойынша мекенжайын анықтап, тауып өзімен кездестік. Жай  ғана  білімі жоқ, кезінде НКВД-да  жұ­мыс істеген адам екен. Бірақ кез­­інде кімді атып жатқанын біл­меген  көрінеді. Дзержинский мен Виноградов көшесінің бойында  подвал болған. Еліміздің талай  боздақтарын сол жерде, әр күні  түнде  атып  отырған.  

– 1937-1938 жылғы ақтаң­дақ­тарды ғана емес, ашаршылық зұл­матын да зерттеуге мүмкіндік туды ма? «Азалы кітап» қай жыл­дары шық­ты?

– Төраға болып жүргенімде  ака­­демик Манаш Қабашұлы Қозы­­­­баевты, Жовтисті, тағы  бас­қа «Мемориал» қоғамының мүше­лерін Ұлттық қауіпсіздік комите­тінің архивіне Мемлекет бас­­­­шы­сы­ның рұқсатымен кіргіздім.  Олар он күндей сол архивте  жұ­мыс істеді. Біраз деректер  жиған сияқты. Көп ұзамай құжаттар ізімен жақсы бір кітап шығарды. Қай­тыс болған адамдардың тізімін  жазды. Сол кітаптың алғысөзінде Манаш Қабашұлы менің атыма  алғысын  айтыпты.

«Азалы кітап» деп аталатын  ұлы жинақтың  бірінші томы  1996  жылы жарық көрді. Кітаптың бар­лық шығынын «Әділет» қоғамы  көтерді.  

Менен кейін  Ұлттық  қауіп­сіз­дік комитетіне келген басшы  мен­ің аты-жөнімді кітаптан сызып  тастағысы  келіп  біраз  әуреленіпті.  Әйтсе де әділет бар емес пе. Ман­аш Қозыбаев ағамыз: «Бұрынғы төраға Сәт Бесімбайұлының еңбегі ұшан-теңіз, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің 60 жыл бой­ы­на жабулы келген мұра­ға­тына кір­гізіп, қыруар құпия құ­жат­тарды көрсетіп, танысып шы­ғуымызға жол ашты, мүмкіндік  берді» деп қаса­рысып отырып ал­ып­ты. Сон­ың арқасында әлгі «Азалы кітап­қа» редакциялық ұжымның аты­нан шағын ғана  ал­ғыс жазылыпты.    

– Қазақ үшін 1986 жылғы оқиға да үлкен қасірет. Сол жылдары қауіп­сіздік қызметінде болдыңыз. Сол оқиғаның беймәлім тұстары туралы зерттеп-зерделенді ме? Көпшілік біле бермейтін құпиялар бар деп ойлайсыз ба?

– Жоқ. Бұлай деп ойламаймын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жөнінде талай мақалалар  жазыл­ды, біршама кітаптар жарық көрді, естеліктер айтылды, көркем, дер­ек­ті фильмдер түсірілді. Жастар алаңға шығып, наразылықтарын білдіріп жатқан кезде мен алаңда болған жоқпын. Кеңседе, күндіз-түні қарбалас жұмыста болдым. 

1986 жылдың 17 желтоқсан­ын­да кеңсеге кірдім, содан тек 2  қаң­­тарда  үйге аз  уақытқа  барып  қайттым. 17 желтоқсанда «Жастар алаңға бара жатыр» деген қауесет  естідім. Ести салысымен 20 мин­ут­­тай уақыт өткенде алаңда бол­дым. Бара жатып кей жастардың алаңнан қайтып келе жатқанын бай­қап қалдым. Сол екі арада бас­тық мені кеңсеге  шақыртып, амал жоқ дереу кері кетуге мәжбүр бол­дым. Сондықтан да көп нәрсеге куә болдым деп айта алмаймын. Тек бірер күн өте жұмыс бабымен болған оқиға барысындағы істерді тексерумен айналыстым. 

Желтоқсан оқиғасы кезінде Қа­зақ КСР Мемлекеттік қауіп­сіздік комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы басқармасы  басты­ғы­ның орынбасары  қызмет­інде болдым. Қызмет  жауапты  әрі  ауыр. «Ауыр» дейтін себебім  –  сол  кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік коми­теті империялық жүйенің  құры­ғының  астында жұмыс істей­тін. КСРО-ның ең сенімді, әрі дүн­ие­ні шайқа­ған құдіретті құры­лымы осы – Мем­лекеттік қауіпсіз­дік комитеті  бола­тын. Бұл  комит­ет барлық өзге министр­ліктерден жоғары тұрды, әрі үстем  сөйледі, дегені жүріп тұрды. Басқа­рушы сатыда болды. 

1986 жылғы 17-19 желтоқсан  күні Алматы көшелері алай-түлей са­пырылысқа толды. Жастар  қол­дар­ына сананы жігерлендірер пат­риоттық жазулар жазылған үлкен плакаттар, лозунгтар, Лен­ин­нің суреттерін ұстап, ұран­датып көше­ге шықты. Республика алаң­ы­на жиналып митингі  өт­кіз­ді.  Бір дүрлігістің бастауы еді бұл.  

Дәл қай күні екені есімде жоқ, қате­леспесем 21-23 желтоқсан  күн­­дері болар. Жағдай өте  шие­ле­н­ісіп тұрған. Таңертеңгісін –  теле­фон  безектеп қоя берді. Телефон  шалған Қазақстан мемлекеттік  қау­іп­сіздік  комитетінің төрағасы генерал-лейтенант В.Мирошник екен. Сөзі  зілдей ауыр,  сұп-суық. 

– Сіз  не  білесіз?  –  деп бірден дүрсе  қоя  берді.  Қала және облыс бойынша өт­іп жатқан елеулі оқиғалар тура­лы баян­­дай бастаған едім, сөзімді  кілт  үзді.  

– Кеше Алматы Медицина инс­титутында үлкен жиналыс өтіпті. Оқытушы профессорлар  сөз сөйлепті. Сол мәжілісте  Камал  Ормантаев деген профессор алаңға шыққан жастарды жақтапты, бәріміз ұйымдасқан түрде алаңға  шығуымыз керек депті. Бұл не  деген  сорақылық

– Ондай  қауесетті  естімеппін,  – деп шынымды айттым.  

– Сонда  қалай!  Мені қауесет  жинайтын журналист деп  отыр­сың ­ба! Шұғыл түрде мәселені қарап тексеріп, нақты ұсыныс түсі­ріңіз. Ұсынысты жазбаша түрде алып келіңіз! – деп тықсыра сөйлеп телефон тұтқасын  ашумен тастап  жіберді.

Бір қызметкерімді шақырып алдым. Институтта болған әлгі  жағдайдың анық-қанығын  біліп  келуді тапсырдым.  

Қызметкерім түстен кейін болған оқиғаны  салақұлаш  етіп  жазып келіпті. Тура бір роман оқ­ып шыққандай болдым. Осын­ша­ма ұзақтан қайырып, қағаз бен қаламды аямай  түкпірлеп  жазып  келеді  деп  күтпеген едім. Инсти­ту­ттың үш оқытушысымен  сөйле­сіпті. Біреуі – ғылым докторы, екеуі – ғылым кандидаты. Әлгі  ғылым жолында жан алып, жан беріп жүрген сабаздарың, неге екенін қайдам,  профессор  Камал Ормантаевты жерден алып, жерге салыпты. «Нағыз ұлтшыл,  жастар­дың құлағын көтерді, Республи­каны қазақ ұлтының өкілі  басқар­уы керек» деп төгілдіргенде бар  ғой кісі жаны түршігіп, «не деген  қаскөйлік десеңші!» деп ойлайсың.   

Тағы да тексерейін дедім. Бұл істің бетін ақырын уақытша жауып қойдым да, екінші қызметкерді кабинетіме шақырттым.

– Институтқа барып,  жағдай­ды қайта анықтап келіңіз. Әркім­нің айтқан сөзін тізіп жаза бермей, Ормантаевтың жиналыста сөйле­ген сөзінің хаттамасын алып кел­ің­із,  –  деп  пәрмен  жасадым.  

Кешкі  сағат  тоғыз  шамасында  жұм­сап жіберген екінші қызметкер қайтып оралды. Жағдайды түгел баяндады. Төрт адаммен сөйлесіп,  пікірін сұраған. Оның екеуі Камал  Ормантаевты көптен бері біледі  екен. «Алып бара жатқан дәнеме жоқ. Камал ағамыз жастардың келе­шегі туралы тебіреніп  сөйле­гені рас. Бірақ билікке қарсы  көтер­ілейік, көшеге шығайық  деген сөзін естігеніміз жоқ», – депті. Олар­дың  пікірінше, профессор  өз ісіне мығым, жоғарғы  деңгейдегі ма­ман, тәжірибелі ұстаз,  халық­тың жағдайын жақсы біледі. Ел іші­нің жағдайына шынымен жаны  аши­тын, адамгершілігі мол, өмір­лік тәжірибесі жастарға үлгі болар­лықтай тұлға.  

Бұл аз дегендей әлгі жиналыс­тың хаттамасын әкеліпті. Түпнұс­қа­сын алдыма қойды. Хаттамаға көз жүгірттім. Тұжырып айтқан­да – профессор төмендегіше  сөй­лепті:

«Медицина институтына түсе­тін қазақ жастарының біразы  ауыл­дың балалары. Олар орыс  тіліне шорқақ. Орыс тілін жетік  біл­­мейді. Сол себепті лекцияны  (дәрісті) толық түсінбейді. Алғаш­қы уақытта сабақты терең ұға ал­май ақсап жүреді. Біраз студент бір­інші семестрдің аяғында өз  ойын жеткізіп айта  алмай, төмен баға алып,  оқудан  шығып  кетеді. Сон­дықтан ауылдан келген сту­дент­терді бір жыл қосымша дай­ын­даған жөн. Орыс тілін жақсы  меңгерген жастар көкірек көзі ерте  ашылады».

Профессордың жиналыстағы сөзі­нің ұзын-ырғасы  осы. Сая­сат­қа қарсы ештемесі жоқ. Елді дүр­­лік­тіріп, бүйректен сирақ шы­ғарып, атой­лаған дәнемесі  көрін­бейді.  

Сол арада профессордың сөз­ін, оған қосымша өз атымнан «К.Ормантаев – білікті ұстаз,  от­ан­ымыздың патриоты, беделді  аз­амат, зиялы қауым өкілі» деген пікірдегі бөлекше құжат жазып, екеуін бір папкіге салып, Төраға­ның  қолына  апарып  бердім.

Төраға құжатты мұқият оқып  шықты. Оқыған сайын қанын  ішіне тартып сұрлана түсті. Зығыр­даны қайнап, зәрлене ысқырып, басын шайқады. Қолындағы құ­жат­­тарға  көңілі  толмағаны  сезіліп  тұрды.  

– Әй, қазақтар-ай бір-біріңе шық жуытпайсыңдар ғой. Бара  беріңіз, – деп салқын қабақпен  шығарып салды.  

Бұл мәселе жайында Төраға  мені­­мен  екінші қайталап  сөйлес­кен жоқ. Камал Ормантаевпен  Мемлекеттік қауіпсіздік комите­тінің кісілері арнайы шақырып  сөй­лесті ме, әлде жазып берген  құжатты  қанағат  тұтып,  мәселені жылы жауып қойды ма ол жағы маған белгісіз. К.Ормантаевпен өзім таныс емеспін. Осы уақытқа дейін ол кісімен ұшырасып сөй­лес­кенім жоқ. 

1986 жылғы желтоқсан және  1987 жылғы қаңтар айларында Ал­маты қаласы және Алматы облыс­тық басқармасына 1 мыңнан ас­там сигнал келіп түсті. Осының  бәрін қалт жібермей қадалып отырып, тексеріп шықтық. Әр­бірінде көр­сетілген деректі мұқият тексеріп, ақ-қарасына көз жет­кізіп, ақиқа­тын ашу кезінде бір­де-бір кісінің обалына қалған жайымыз жоқ. Менің тарапымнан еш адамның  үстінен қылмыстық  іс қозғалмады.  

Бір жылда осындай 1056 сиг­налды тексеріппіз. Барлығына да  ұлтшылдық жоқ деген қорытынды шығардым. Ұлтшыл болу үшін бір адамға зиян келтіретіндей әрекет жасалуы керек. Соны анықтаймыз,  өмірбаянын түгел бастан-аяқ  қа­рап шығамыз. Түсіндіре кетейін,  мәсе­лен бір адамды ұлтшыл деп  айыптау үшін оның басқа ұлтқа, не сол ұлт­тың өкілдеріне қарсы істеген қыл­мысы анықталуы ке­рек. Ең алдымен халыққа зияны бар бүлік шығаратын кісі ме, соны тексеріп қараймын. Бәрін дәлел­деп болған соң шұғыл шара тер­геушілері қорытынды жазады. Сол қорытындыларды мен бекіте­тін­мін. Шамам жеткенше тек әділдік жолында жұмыс істедім. Таза жүр­дім. Жоғарыдағы тексерістер оны дәлелдеді.  

Желтоқсан оқиғасының маң­ыз­ын, қасіретін, тарихын,  бағыт-бағдары мен көксеген мақсатын  тарих таразыға салып бағалады. Бұл оқиға Тәуелсіздікке қол жет­кізуді аңсаған, еркіндік пен бос­тандық­тың ақ таңын күткен қазақ жас­тарының кеудесін кер­не­ген кек пен ашу-ызаны, ар-на­мысты, жаңа дәуірге аяқ басу мен ұлттық рухты арқалап, азаттықтың туын көтеруге жасалған алғашқы  қада­мы  еді.  

Тәуелсіздіктің туын желбіре­туге себеп болған бұл күн ұлт тари­хында ерекше маңызды күн  бол­ғаны  шындық еді.

– Тәуелсіздік алған жылдарға қайта оралсақ: күштік құры­лым­дардың қалыптасуына ерекше еңбек еттіңіздер. Тәуелсіздікті жаңа ал­ған, қадамын тәй-тәй басқан мем­ле­кет үшін бұл әрі жауапты, әрі қиын кез­ең еді. Сол бір тұста қандай жұ­мыс­­тар атқардыңыздар?

– Тарихта алғаш рет комму­нистік жүйе ыдырап, демокра­тия­лық Тәуелсіз мемлекет құры­л­ды және осы мемлекеттің ар­­нау­лы құ­қық­тық органы - Ұлт­тық  қауіп­сіз­­дік комитетіне көп ұзамай Пре­зиденттің арнайы Жарлығымен  төрағасы болып тағайындалдым.  

Кадр мәселесі қиын еді. Көп  қыз­меткерлер бұрынғы тарихи  отаны Ресейге кетіп қалды. Өзі­міздің мамандар әлі ысылып, қал­ып­қа түскен  жоқ.  

Еңсемізді көтеріп, егемен­ді­гімізді жариялаған күннен тура үш ай өткенде, яғни 1992 жылғы 16 наурызда Президент Жарлығымен  Республикалық Ұлан  әскери жас­ағы құрылды. Ерекше назар аудар­тарлық жайт – Ұлттық Гвардиямыз жеке ұсыныспен және ТМД ел­дерінде бірінші болып Қазақстанда құрылды. Бұрын Одақта, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы  елдерінде ереже болған емес. Гвардияның  ережесін жаңадан жазып, заң  қабылдаттық.

Гвардиялық құрылымның  әл­іп­­песі саналатын жалпы ереже­сін өзім жаздым. Ережені жазу бар­ы­сында төзімім мен біліміме арқа сүйеюіме тура келді. Осы әл­іп­пені жазу барысында бәрі мен ойлаған­дай  болмады. Әр тарауын, тармақ­ша­сын, тіпті әр абзацына ер­ек­ше назар аудара отырып  жаз­дым.  

Ұлттық Гвардия да  бізде  бұрын  болмаған  құрылым.  Құрылымның  ережесін жазып, офицер  әріптес­термен талқылап, қайта  редакция­лап,  оны кітапша етіп шығардық. Одан  кейінгі  қолға  алған  істердің  бірі – тіл  мәселесі болды.  Әйтпесе,  іс-қағаздарының бәрі орысша  болатын. Оның үстіне, ең басты мәселе – іс-қағаздарын түгелдей  дерлік мемлекеттік тілге көшірдік. 

Әуекүшінің  98  пайызы  жұмыс  істемейді. Мына Қарулы  Күштер­дің көбі жаяу әскерлер екі  жылға  шақырылады. Бір рет те мылтық атпайды екен, керек десеңіз ең  сорақысы киімдері де  жаңа  емес, әйтеуір тамақ ішеді. Екі жыл бол­ады да кетеді. Құдды кезекті дем­алыста жүрген қызметкерлер  сек­іл­ді. Еш жаттығу, оқу, тоқу деген жоқ. Ұйқы, тамақ, ұйқы та­мақ. Бұл не сонда, Қарулы  Күш­тер ме?! Әрине жоқ. Бұл сар­баз­дар әскер деңгейін көркей­тердей еш білім  ал­май­ды.  

Танктердің барлығы тоқтап  тұр. Артиллерия да сондай жағ­дайда. Әрбір сала 98-99 пайызға  дейін жұмыс істемейді. Осыған  сүйеніп мен Қазақстанда Қарулы Күштер жоқ деп айтамын.  Жала­қы мүлде  төмен. Қазіргі  нар­ыққа сай емес, – деп өзімді  әб­ден мазалаған мәселелердің барлығын  Прези­денттің алдын­да жайып салдым.    

Қорғаныс саласын  реформа­лау мәселесі күн тәртібінен түс­педі. Себебі әскерлер Солтүстік Шы­ғыста ғана орналасқан. Ал  басқа  өңірлер  бос. Сондықтан да басқа өңірлерді әскер құра­мымен толықтырып, төрт  округ  құрдық. Оңтүстік округінің орта­лығы – Жамбыл облысында,  Ба­тыс округ – Ақтөбеде. Семей­де бұрынғы корпус болатын. Шығыс округі Семейде орна­ласты. Орталық округ Қараған­дыдан орын тепті.  

Міне, осындай істер атқардық.

– Қазір алғашқыдай емес, күштік құрылымдар қалыптасып, орнықты деуге болады. Дегенмен  30 жылдан астам уақыт ішінде біз мықты Армия қалыптастыра алдық па?  

– Әрине, әрдайым жетілдіріп отырғаннан кейін мықты Армия қалыптасады ғой. Мен зейнетке шыққалы жиырма жыл уақыт болды. Армияның ішкі құпия­сын білмеймін, араласпаймын. Ал сырт қарағанда ТМД көле­мінде Отанын қорғай алатын Армиямыз бар деп санаймын. 

– Соңғы жылдары әскерде әлім­жеттік, буллинг, суицид мәсе­лесі жиілеп кетті. Осы біз әскері­мізді әлсіретіп алған жоқпыз ба

– Олай деп ойламаймын.Дегенмен олқылықтар да аз емес екені рас. Президент те әскердегі кемшіліктерді біледі. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақындағы Жолдауында «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – ай­рықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы боры­шын өтеуге барады. Жас сар­баздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алды­мен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы Күштер мен басқа да күш­тік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тап­сырады. Сондықтан сарбаз­дардың ден­­саулығы мен қауіп­сіз­дігіне, ең алдымен, армия бас­шылығы және құқық қорғау мекеме­лерінің басшылары жау­апты» деп нақты тапсырма берді Қор­ға­­ныс министріне. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы қатаң орындалуға тиіс!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС,

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

 

ҚЫСҚА ДА НҰСҚА:

 

– Сізді қуантатын нәрсе не?

–  Отанымның тыныштығы, ел бірлігі. Әлем алдындағы абыройы.

– Өткеніңізге өкінетін кездер бола ма?

– Мен өмірімді ел қатарлы өткіздім. Үлкен өкінішім болған емес.

– Саладағы қатаң тәртіпті отбасында қолданданған дұрыс па?

– Жоқ, әрине.

– Сіз үшін сөздің серті неде?

– Уәдеде тұру. Екі сөйлемеу.

– Ең маңызды құндылық қандай?

– Отанды сүю. Мемлекетшілдік.

– Әскери адамның бойында болуы керек қасиет?

– Әділеттілік.