Жасанды интеллект алгоритмімен жұмыс істейтін роботтарға бүгінде ешкім таңғалмайды. Ол студенттерді қалай бағалар екен?
Дәріс оқып, сұрақтарға жауап беретін робот студентке баға қоя ма?
Android клонының ең үлкен ерекшелігі – ол адаммен сөйлесе алады. Фото bgr.com сайтынан алынды. Авторлығы: Adobe / Phonlamai photo
1,793
оқылды

Aikyn.kz технологиялық серпілістің жоғары деңгейіне жеткен құралдар туралы жиі жазады. Бүгінгі материалда bgr.com сайтына сүйеніп, гуманоид роботтарды қолданудың тағы бір саласын талдаймыз.

Осака университетінің профессоры Хироши Исигуро өзінің алғашқы роботын 35 жыл бұрын жасаса, соңғы 18 жыл ішінде өзіне ұқсайтын алты түрлі робот-клондар жасады. Geminoid деп аталатын бұл клондар негізінен оның өз бейнесінде модельденген андроид клондар. Geminoid HI-6 деп аталатын соңғы Android клоны бүгінгі күнге дейін ең шынайы болып саналады, робот тіпті сұрақтарға жауап беріп, студенттерге дәріс оқи алады.

Исигуро есі кіргелі бері жаңа нәрселер ойлап табумен айналысады. Ол роботтарды өмірін жеңілдету үшін жасайтынын, профессордың қолы тимейтін кездері роботтар кейбір тапсырмаларды орындайтынын айтады.

Соңғы Android клонының ең үлкен ерекшеліктерінің бірі – оның адаммен сөйлесе алатыны. Бұл үшін Исигуро мен оның инженерлер тобы роботты үлкен тіл үлгісімен біріктірді, содан кейін профессор өзінің медиаға берген барлық сұхбаттарын және он кітабын модельге енгізді. Роботтың мүмкіндіктерін төмендегі видеодан көруге болады. 

Бұл робот өз жұмысы туралы сұрақтарға жауап бере алатындай тиімді нәтиже көрсеткен. Исигуроның айтуынша, алғашында ол роботты уақыты болмай қалғанда дәріс оқу үшін ғана пайдаланған. Дегенмен қазір қосымша ақпараттар мен үлкен тіл үлгісіне қолдану арқылы Geminoid HI-6 аудиторияны қызықтыратын сұрақтарына нақты жауап бере алады.

Видеодағы Андроид клонына қарап, оның адам емес екенін аңғару қиын емес. Бірақ егер оны алыстан көрген болсаңыз, роботты профессормен шатастырып алуға болады. Оны қорқынышты көрсететін – роботтың қимылдары, бет-әлпетінің эмоционалды өзгеруі. Робот Исигуроның бет әлпетін, көңіл-күйін көрсете алады – сіз алғаш көргенде ол аздап қорқынышты болып көрінеді.

Профессор Исигуро мен оның роботы. Фото 3dpt.ru сайтынан алынды 

Бұл Geminoid роботтар басқа үлгілер сияқты жүруді үйренгенге дейін біраз уақыт керек. Исигуро олар әлі жүре алмайтынын айтады. Бірақ «жақын болашақта» оған екі аяқты механизм сыйлауды ойластыруда. Исигуро сияқты өнертапқыштар осындай клондарды жасаумен айналысса, қытайлық әскерилер мен басқа зерттеу орталықтары мылтықтары бар, тіпті от шашатын роботтар да жасауда. Олар адамға қарсы қолданылмайтын болады деп үміттенейік.

Ал Исигуроның бейбіт жұмыспен айналысатын роботтары студенттерді бағалауға дайын еместігі де қуантады. Өйткені шынайы профессор ғана студенттің білімін оның жазған жұмыстары арқылы ғана емес, сөйлеген сөзі, эмоциялары арқылы объективті бағалай алатын шығар.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.