Әлемдік хабар таратушылар цифрлық кеңістіктегі телевизия жұмысын жетілдіргісі келеді. Телевизия ақпарат таратушы емес, ағартушы, тәрбие құралы екенін ешкімге дәлелдеудің қажеті жоқ. Қоғамдық хабар таратуда қандай кемшілік бар?
Ұлттық телевизиядағы парықсыз күлкі, шалағай ән мен әдепсіз комедия ой-санасы шайылған, тәрбиесіз тобырды өсіреді
Ойланбайтын тобырды баланы алдағандай басқару оңай. Фото matrony.ru сайтынан алынды
1,949
оқылды

Aikyn.kz бүгін (4 қараша) Financial Times басылымында жарияланған мақалаға сүйеніп, BBC қоғамдық хабар тарату компаниясының болашағына байланысты алаңдаудың себебін талдайды.

Самир Шах: «Ескі реттеу режимін бұзу керек». Фото theguardian.com сайтынан алынды. Авторлығы: PA / House of Commons

BBC төрағасы Самир Шахтың айтуынша, Ұлыбританияның қоғамдық хабар тарату ережелері британдық бағдарламаларға АҚШ-тың ағындық алпауыттарымен аудитория үшін бәсекелесу қиындаған. Ол ережелерді өзгерту қажеттігін айтады.

Самир Шах: «Бізге қоғамдық хабар таратушылардың болашағын қамтамасыз ету үшін қазір әрекет ету керек, әйтпесе біздің британдық мақтаулы дәстүріміз жалғаспай өткен тарихта қалып қояды».

Наурызда BBC төрағасы болып тағайындалған Самир Шах бүгінгі жойқын бәсекеде қоғамдық хабар таратушыларға «үлкен икемділік, ептілік және жылдамдық» керек, «ескі реттеу режимі» бұған кедергі келтіретінін мәлімдеді. Мысалы, BBC басшылары жаңа цифрлық радиостансаларды мақұлдауға ұзақ уақыт кететініне көңілі толмайтындарын, ал олардың коммерциялық бәсекелестері жаңа стансаларды қысқа мерзімде іске қоса алатынын айтады.

Ұлыбританияның ең ірі медиа құрылымдары кішігірім коммерциялық бәсекелестеріне қарағанда көбірек бақылауға алынады. Өйткені олардың ықпал ету ауқымы мен аудиториясының көлемі елдің медиа нарығының бұрмалануына алып келуі мүмкін.

BBC-ге АҚШ-тың ағындық алпауыттарымен аудитория үшін бәсекелесу қиын. Фото Financial Times сайтынан алынды. Авторлығы: Ewan White

BBC, Channel 4, ITV және Channel 5 сияқты британдық қоғамдық хабар таратушылар Netflix және Amazon сияқты стримингтік қызметтермен жаһандық телевизия нарығында көшбасшы болу үшін күресуде. Технологиялық компаниялардың үлкен бюджеті мен үлкен жаһандық аудиториясы бар, ал BBC соңғы екі жылда бағдарламалар дайындауға жұмсалатын лицензиялық алымды тоқтатқаннан кейін қаржылық шектеулерге тап болған.

Жарнама арқылы қаржыландырылатын ITV және Channel 4 болса, жарнама нарығындағы құлдыраудан зардап шекті. Қазір барлық хабар таратушылар аудиториясын онлайн кеңістіктен тарту мақсатында цифрлық платформаларға инвестиция салуға мәжбүр болуда. Ал оған жеткілікті қаржы жоқ.

Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер өткен айда оның лейбористік үкіметі «инвестицияларды қажетсіз тежейтін ережелерден [құтылады]» деп мәлімдеген еді.

Британдық қоғамдық хабар таратушылар смарт теледидарлар мен ағындық тіркемелер сияқты құралдардың көмегімен онлайн кеңістікте жетекші орынға ие болғысы келеді. Бұған жазда қабылданған медиа туралы заңнама да көмектесуі мүмкін. Отандық хабар таратушыларға цифрлық платформаларда басымдық беруді қамтамасыз ету үшін үкімет пен Ofcom осы заңдарды жылдам орындауы керек екенін британдық телевизия басшылары да жиі ескертуде. Олардың ойынша, халықаралық стримингтік компаниялардан Ұлыбританияның шығармашылық саласына инвестиция құюды талап ету керек. 

Парықсыз күлкі, шалағай ән мен әдепсіз комедия ойсыз, санасыз жастар тобырын өсіреді. Сурет fishki.net сайтынан алынды

Ал біздегі жағдай қалай?

Міне, отандық телевизия нарығын қолдау үшін британдық хабар таратушылар нарықтық емес тетіктерді қолдануға шақырады. Олар көрерменін ойлауға үйреткісі келеді. Қоғам, жекелеген адам ойланбайтын болса, оларды басқару оңай екенін жақсы түсінеді. 

Біздің ұлттық телевизия нарығы патерналистік саясаттың көмегімен ғана жұмыс істейді. Бірақ  мемлекеттік қаржыға ғана сүйенген хабарлар шығаратын компаниялар рейтингтің құрбаны болып, жеңіл контентке басымдық беруде. 

Жеңіл хабарлар ойлауды, сыни көзқарасты, жеке пікір айтуды жоятыны белгілі ғой. Сондықтан мемлекеттік телеарналар көңіл көтеретін арзан контентке емес, ағартушылық, тәрбиелік мазмұндағы мағыналы контентке басымдық бергені дұрыс деп ойлаймыз. Бұл, Президент айтқандай, интеллектуалды ұрпақ тәрбиесі үшін қажет. Ал парықсыз күлкі, шалағай ән мен әдепсіз комедия ойы жоқ, санасы шайылған, тәрбиесіз жастар буынын өсіреді. Британдық мәдениет үшін күресіп жатқан BBC сияқты бізге де ойлану керек!

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.