Бүркеншік аты: Ақынбай Жамбылов
ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
(баллада)
Бердібек Соқпақбаевтың рухына
Өлгендер қайтып келеді
Жазып та көрдім мен де өлең,
Жазып та көрдім, қара сөз.
Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,
Өлмейді тек дана сөз!
Бердібек Соқпақбаев
Тағдыр дейтұғын маңдайға жазған тылсым бар,
Көзімнің алды мұнатрып тұрған мұң-шыңдар.
Бұл ғапыл жалған жұбата алмас жүректі,
Әрбір жазмыш жанымда жылап тұрсыңдар.
Өлгендер рас өмірге қайтып келмейді,
Өмір бар кезде өлгенге ешкім сенбейді.
Жаныңды мәңгі шуаққа бөлеп тұратын,
Құдірет жаққан бір шырақ қана сөнбейді.
Өмірде бірақ өлгендер аз ба мың рет,
Ал өлім бірақ шындығы анық сүгірет.
Өзегі күйіп, жанары жылап тұрса да,
Бір өле білу қайталанбайтын құдірет.
Меніңше кейде өлгендер қайтып келеді,
Тұрлауы кеткен біздің тірлікті көреді.
Өмір дегенің өлмеуге берген мүмкіндік,
Өмір іздесең, өле алмау керек себебі.
Жазмыш деген адамның жанған шырағы,
Ауыр да болар, жеңіл де болар сынағы.
Мәңгі өлген адам есіңе қайта түспейді,
Мәңгі өлмес адам жұлдыз боп жанып тұрады.
Дүние деген дүрмегі басым шырғалаң,
Дүр сілкінеді ой менен сөзден бұл ғалам.
Құдіретімен Құдайдың түсіп сәулесі,
Тағдырлар жайлы жаза бастады бір қалам...
Қаламға серт. Адам жанына араша
«Жетім» деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал, бірақ әлгідей деп тілдеме. Аяңдар!»
Бердібек Соқпақбаев, «Балалық шаққа саяхат»
Шын қалам ғой бұл, ақиқат жайлы толғайды,
Шынайы талант ешкімге ұқсас болмайды.
Бес күн тірлікте баянсыз халге шырмалып,
Ұлылықты адам бағалай алмай сорлайды.
Ұлы адамдарды түсіне алмайды пенделер,
Шуағын оның көргісі келмей сенделер.
Тәңірдің өзі таныған ұлы таланттың
Жалғыз сөзінен жүрегі барлар емделер.
Құдай жаратқан қаламды сүйіп серт берген,
Ой менен сөзден ауырып жаны дерт көрген.
Маңдайға жазған тағдыр жазуы өшпейді,
Аман шығады алапат тасқын, өрттерден.
Тағдырға тәубе, қаламға серт деп тазарған,
Дүние мейлі бетін бермесін сазарған.
Жанында жанған шырақты талант өшірмес,
Жылап қайтса да жалған дейтұғын базардан.
Түсіне алсақ, өмір дейтұғын бес күнді,
Жанына тиіп, жетім деп айтпа ешкімді.
Адамдар бар ма төрт құбыласы сай болған,
Таланттар аз ба көре алмай кеткен хош күнді.
Қоғамға керек өмірдей анық өтімді ой,
Айтарын айтқан, жалғаннан өтер өкінбей.
Жалпы жұрт мақтап, төбесіне хан тұтса да,
Ақиқат сөзде адамның бәрі жетім ғой.
Тағдырда мынау теперіш көрген жан аз ба,
Жүрегін беріп, қайғысын төккен қағазға.
Соры көпке де айта алмағандайсың ештеңе,
Тағы не дейсің бағалай білмес бағы азға.
Жарға құлатар бос жел сөз бенен желік құр,
Жалғанды басып жүресің кімге сеніп бір.
Адам жанына тағы да араша түсуге,
Көркем ой болып Бердібек рухы келіп тұр...
Қожалар керек қоғамға
Тұңғиық уақыт, тереңге нені жасырдың,
Аруақты ердің алапасын да асырдың.
Есіме түссе елегізіп сала беремін
Қожасы болуы керегі әрбір ғасырдың.
Арман да керек, басқа да керек адамға,
Әрқилы жан бар әйгілі мына заманда.
Жантастар келіп жағадан алып жатса да,
Қайсар рухты Қожалар керек қоғамға.
Арманшыл Қожа арманын айтсын елінің,
Ақтасын көптің үміті менен сенімін.
Жалғанда мына жоғалтып алмаса болғаны,
Адалдық пенен аңғалдық деген серігін.
Мақтаншақ Қожа мақтансын ұлы халқымен,
Елінің мәңгі аласармайтын даңқымен.
Сотқар болса да, басқа болса да несі бар,
Сүйеді қазақ Қожаны Қожа қалпымен.
Туады Қожа ғасырда ғана бір рет,
Құдайдың өзі қаламмен құйған құдірет.
Ұмытылмайтын ұлылық дейтін бар мұнда,
Болашаққа да көрсетер қазақ ұлы деп.
Меніңше кейде өлгендер қайтып келеді,
Халық та оның келетініне сенеді.
Қазақтың мәңгі есінде тірі тұратын,
Соқпақбаев боп жаралу керек, себебі...