Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты ахуал күрделенген кезеңде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызы зор.
Қазақстан Франция мен Еуропа өнеркәсібіне сенімді шикізат жеткізушіге айнала алады – Қасым-Жомарт Тоқаев
238
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция бизнес капитандарының алдында сөйлеген сөзінде экономикалық ынтымақтастықты қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің басты факторы ретінде атады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

– Біз Францияның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі болғанымызға қуаныштымыз. Францияның аталған аймақпен сауда-саттығының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Биыл екіжақты сауда айналымы 45 пайызға ұлғайды. Біз бұл үдерістің сақталғанын қалаймыз. Сондай-ақ Франциядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 15 пайызға артып, 900 миллион долларға жуықтады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазіргі кезде Қазақстан нарығында 200-ден астам француз кәсіпорны, соның ішінде Total, Alstom, Orano, Danone, Vicat, Airbus секілді танымал компаниялар жұмыс істейді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономиканы трансформациялау жөнінде өршіл міндет қойғанын айтты. Бұл мақсатқа жету үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) халықаралық стандарттары мен қағидаттарына сәйкес ауқымды саяси-экономикалық реформалар жүргізіліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық байланыстарды кеңейтудің перспективті бағыттарына тоқталды.

– Энергетика әрқашан өзара ықпалдастықтың негізгі бағыты саналған. Еуропа Одағына мұнай және уран жеткізуші ел ретінде Францияның энергетикалық дербестігін одан әрі қолдауға дайынбыз. Біз Қазақстанда француз өнеркәсібінің өкілдері көбірек болғанын қалаймыз. Өйткені олар отандық өндіріске озық технологиялар әкеледі. Еліміз әлемдегі ең ірі уран өндіруші саналады. Ал Францияның атом өнеркәсібінде тәжірибесі мол. Сондықтан біз атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану ісінде ынтымақтаса аламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Париж келісімін ратификациялап, 2060 жылға қарай ауаға таралатын зиянды заттар мөлшерін нөлдік деңгейге жеткізу жөнінде міндеттеме алған Орталық Азиядағы алғашқы ел екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, елімізде жел, күн және су энергиясы бағыттарында ауқымды жобаларды жүзеге асырғысы келетін ірі халықаралық компаниялардың қатары көбейді. Мәселен, Total Energies компаниясы 1,1 миллиард доллар құйып, қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр.

Президент су ресурстарын және жылумен қамту ісін тиімді басқаруды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Климат өзгеріске ұшырап жатқан кезеңде аталған салалардың Қазақстан үшін маңызы орасан зор. Бұл ретте Suez және Veolia компанияларымен ынтымақтастық су инфрақұрылымын жаңғыртуға оң ықпал етпек.

– 2040 жылға қарай дүние жүзінде аса маңызды шикізатқа сұраныс төрт есе артады. Демек Қазақстан Франция мен Еуропа өнеркәсібіне сенімді шикізат жеткізушіге айнала алады. Қазіргі кезде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін өте маңызды 34 шикізат түрінің 19-ын өндіреміз. Бұл санатқа титан, мыс, магний және скандий секілді элементтер кіреді. Болжамға сәйкес, Қазақстанның жер қойнауында жоғары технологиялық және экологиялық өндірістердің барлығында дерлік сұранысқа ие литий, берилий және тантал сияқты сирек кездесетін үш минералдың мол қоры бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңа геосаяси жағдайда көлік-логистика секторының рөлі күшейіп келе жатқанын атап өтіп, бұл ретте Қазақстанның Еуразия құрлығында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанына назар аударды. Мемлекет басшысы көлік бағыттарын жаңғырту бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында айтып, француз бизнесмендерін осы секторға баса мән беруге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты ахуал күрделенген кезеңде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызы зор.

Қазақстан астық экспорттаушылардың ірі ондығына кіреді. Сыртқы нарыққа 8 миллион тоннадан астам бидай мен 2 миллион тонна ұн шығарады. Өнімдері әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. Биыл егіннің бітік шығуы нәтижесінде еліміздің астық экспорттау әлеуеті 12 миллион тоннаға дейін артты. Осы ретте Президент француз серіктестерді мал шаруашылығы мен дәнді дақылдар селекциясы саласында инвестициялық және технологиялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға үндеді.

– Цифрлық трансформация қазірдің өзінде еліміздің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін еселеуге мүмкіндік берді. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT-хабқа айналу. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы еліміз электрондық үкімет бағытында цифрлық технологияларды енгізу бойынша әлемде 24-орын, ал онлайн қызметтер көрсету бойынша 10-орын алды. Аталған рейтингтер Қазақстанның цифрлық трансформацияны табысты жүргізгенін айқындайды. Яғни, біз цифрлық инфрақұрылымға қомақты қаржы құйып, жасанды интеллект, блокчейн сияқты озық технологияларды енгізуге ерекше мән беріп отырмыз. Біз француз IT-компанияларымен ынтымақтастыққа ашықпыз. Олар, әсіресе, Индустрия 4.0, жасанды интеллект және «ақылды қалалар» салаларында инновациялық шешімдерді әзірлеуге үлес қоса алады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін қорытындылай келе, бүгінгі кездесу Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ дөңгелек үстел қатысушыларына елімізде өз бизнесін өркендету үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев дөңгелек үстел қатысушыларына Франция Президенті Эмманюэль Макронды келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы француз кәсіпкерлеріне 2025 жылдың мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуды ұсынды.

Жиында Vicat компаниясының президенті Ги Сидос, Total Energies компаниясының президенті Патрик Пуянне, Orano S.A. компаниясының президенті Николя Мас, Alstom компаниясының бас директоры Анри-Пупар Лафарж, Air Liquide компаниясының бас директоры Франсуа Жаков, EDF компаниясының президенті Люк Ремон, Airbus International компаниясының президенті Вутер Ван Верш, Imerys компаниясының президенті Алессандро Дазза, Synetics компаниясының президенті Жан-Ив Дро, Limagrain Field Seeds компаниясының бас директоры Режис Фурнье, CMA CGM компаниясының аға вице-президенті Людовик Рену, Danone компаниясының бас хатшысы Лоран Сакки, SUEZ Group компаниясының вице-президенті Пьер Полиак, Veolia компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша вице-президенті Филипп Гиттар, AFD француз даму агенттігі бас директорының орынбасары Мари-Елен Луазон сөз сөйледі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.