Сотта күйеуі арызданудан бас тартып, әйелді босатуды өтінген.
Оралда әйел бұрынғы күйеуін өлтіру үшін 2 миллион теңгеге  адам жалдаған
Фото: видеодан алынды
606
оқылды

Оралда 40 жастағы әйел өзінің бұрынғы күйеуін өлтіру үшін 2 миллион теңге беріп адам жалдаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Астана арнасына сілтеме жасап.

Полицейлер қылмыстың алдын алды. Алайда сотта оның күйеуі арызданудан бас тартып, әйелді босатуды өтінген.

Іс Орал қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қастандық жасау әрекеті бойынша қаралды. 

40 жастағы Эльвира Еркебаева күйеуі Ербол Еркебаевты өлтіргісі келген. Кейін өзінің 33 жастағы танысы Максим Кузнецовтан қару қолданып, кісі өлтіре алатын адам тауып беруін өтінген. Ол бұл қызметке 2 миллион теңге ұсынған. 

Ал Кузнецов бұрын сотталған досы Галиевке осы ұсынысты айтқан. Ол келіскенімен барлығын полицияға айтып отырған. 

"Кісі өлтіру" Ақсайдағы "Бейбарыс" спорт кешенінің аумағында жоспарланады. Кузнецов Галиевке 1,3 миллион теңге, терезе жақтауын бұзуға арналған бұрағыш, қолғап, медициналық бетперде мен көзілдірік береді. Ал 26 ақпанда Галиев Ербол Еркебаевты өлтіргендей жалған әрекет жасайды. Содан кейін полицейлер Эльвира Еркебаева мен Кузнецовты ұстайды.

Алайда сотта әйелдің күйеуі өзін жәбірленуші деп санамайтынын мәлімдеді және бұрынғы әйелін жіберуді өтінді. Тіпті, оған өтініш жазбағанын да айтады.

“Мен жәбірленуші емеспін. Әйеліме ешқандай шағымым жоқ. Жалпы, сот оларды дәл қазір босатсын. Ажырасу – бұл жай ғана қағаз. Мен үшін бұл ештеңе білдірмейді. Эльвира менің әйелім және солай болып қалады”,  деді Еркебаев.

Еркебаев Эльвирамен арасында мүлікке талас сияқты шағымдардың болмағанына сендірді. Сондай-ақ ол бір жылдан бері бұрынғы жарын көрмегенін мәлімдеді. 

“Ол таблетка ішіп, өз-өзіне қол жұмсағысы келді. Жедел жәрдем оны аман алып қалды. Бірақ ол үйге оралмады”,  деді жәбірленуші.

Бұдан кейін сотталушы жылады. Эльвираның анасы да көз жасын тыя алмады. Ол бұрынғы күйеу баласының қызын жиі ұрып-соғатынын, бірақ қызының мұны туыстарынан жасырғанын жеткізді.

“Біз бір подъезде тұрамыз. Тек олар үстіңгі қабатта. Мен олардың пәтерінен қатты шуды естіп, не болып жатқанын білу үшін үйлеріне бардым. Эльвира есікті ашты, бәрі жақсы екенін айтты, күйеуі бір таныстарына ұрысып жатқанын айтты. Бірақ қатты шу тағы қайталанған соң бір күні учаскелік полицейді шақырдым. Өйткені мен қызым мен немерелерім үшін қатты қорқып кеттім. Олар келді, бірақ көмектесе алмады. Тек сөйлесіп, кетіп қалды. Ол мүгедек болса да, (екі аяғы жоқ) өте күшті. Өйткені ол спортпен айналысады”, деді Эльвираның анасы.

Сотталушының әпкесі де Эльвираның күйеуінің бұрын қылмыспен байланысы болғанын хабарлады. Ол өте қатыгез және ашулы адам.

“Соңғы рет өз-өзіне қол жұмсаған, әпкем аман қалды,  ауруханадан шыққан соң көліктің дөңгелектерінің астына жүгірді. Оны уақытында тоқтатты”,  деді Эльвираның әпкесі.

Сот жалғасады. Сотталушылар 99-баптың 2-бөлігінің 7-тармағы  ("Адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы жасаған “кісі өлтіру") бойынша айыпталады. Олар 20 жылға немесе тіпті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.