Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев боччадан ел кубогі жолындағы жарыстың жабылу рәсіміне қатысты. Сайыс 3-6 қараша күндері өтті. Оған еліміздің 14 өңірінен 86 пара-спортшы қатысты.
Боччадан финалға шыққан спортшыларды құттықтады
431
оқылды

Мәулен Әшімбаев спортшыларға ілтипат білдіріп, жыл өткен сайын боччадан өтетін жарыстарға дайындық деңгейі, оған қатысатын қатысушылар қатары және қолдау көрсететін жанкүйерлер саны артып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы инклюзивті қоғам құру, сапалы білім мен спорттың баршаға бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселелеріне Әділетті Қазақстанның ажырамас бөлшегі ретінде баса мән беріп отыр.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстан құру және тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптас­тыру басты міндет екенін үнемі айтып келеді. Осы ретте боччаны дамыту инклюзия мәдениетін қалыптастырудың, қоғамда ынтымақтастық, бірлік, өзара көмек сияқ­ты құндылықтарды орнықтырудың озық үлгісі екені сөзсіз. Қазіргі таңда елімізде боччаның қарқынды дамып, балалар мен ересектердің осы спорт түріне деген қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Тек соңғы жылдың өзінде бочча үйірмелеріне келушілер қатары 20 пайызға көбейді. Аталған спорттың ауқымы да әрдайым кеңейіп келеді. Бұл жолы жарысқа 14 өңірден келген спортшылар қатысты. Алдағы уақытта осындай сайыстарға еліміздің барлық өңірінен спортшылар келеді деп сенемін», – деді Қазақстан бочча федерациясының президенті.

Сонымен қатар ол бүгінде федерация тарапынан боччаны одан әрі дамыту үшін барлық бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Бұл ретте өңірлерде филиал ашу, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру сияқты істердің маңызы зор. Бекітілген ережелерге сәйкес, 19 жаттықтырушы мен 3 төреші аттестаттаудан өткізілді. Осындай іргелі жұмыстың арқасында қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.

«Парижде өткен Паралимпиада ойындарында отандық спортшылар маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Келесі Ойындарда боччадан Қазақстан құрамасы да жолдама алады деп сенеміз. Федерация осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Сіздер өздеріңіздің қажыр-қайраттарыңызбен өзгелерге үлгі болып, баршамызды қанаттандырып, мүмкін емес нәрсе жоқ екенін дәлелдеп келесіздер», – деп Мәулен Әшімбаев жарыстың өтуіне атсалысқан еріктілер – Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының студенттеріне, сондай-ақ үлес қосқан барша азаматқа алғыс білдірді.

Боччадан Қазақстан кубогі жолындағы сайыстың нәтижесінде ересектер мен жасөспірімдер арасында төрт дәреже бойынша жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Жалпыкомандалық есепте Астана қаласының командасы жеңіске жетті. Екінші орын Алматы қаласынан келген ұжымға бұйырса, үздік үштікті Павлодар облысының спортшылары түйіндеді.