Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз» деп атап өткен болатын.
Тұрғындар баспана мәселесі бойынша көмек беруді өтінді
697
оқылды

Қазір Әділетті Қазақстанның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қалай іске асып жатыр? Президент айтқандай жергілікті билік, әкімдік халық үніне құлап асып жатыр ма? Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұл­пыхар Жолдасов «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау алаңында тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдады.

Зұлпыхар Сансызбайұлы Түркістан облысындағы Сәулет және құрылыс, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, Жұ­мылдыру даярлығы, Аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау бақылау басқармаларына қатысты мәсе­лелерге жетекшілік етеді. «AMANAT» партиясы Түркістан об­лыстық филиалы Атқарушы хатшы­сының орынбасары Қалыйма Жан­төре­ева партиямыздың өңірлік фи­л­иалына аталған салалар бойынша тұр­ғындар тарапынан жиі өтініштер түсетінін айтып өтті. Қабылдауға аталған салаларға жауапты басқарма басшылары және алдын ала жазылған азаматтардың мәселелері бойынша Бәйдібек, Сарыағаш аудандарының тиісті сала басшылары онлайн қатысып отырды. 

Қабылдауға жазылған тұрғындардың дені баспана мәселесі бойынша көмек беруді сұрады. Бірі тұрғын үй кезегін жылдамдатуды өтінсе, енді бірі тұрып жатқан пәтерінің сапасыз құрылысына күйінеді. Енді біреуі баспанасының шатыры құлағалы тұрғанын айтып,  демеушілер тарапынан қаржылай көмек беруге ықпал етуін өтінді. 

Сарыағаштық Жанар Бархатқа былтырғы жылдары облыс әкімінің ықпал етуімен  тұрғын үй салуға жер берілген. Ол аталған жерді сатып, үстіне несие алып, қаржы қосып үй сатып алады. Алайда атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың кейбір талаптарына сай Жанар Жәдігерқызы алып отырған жәрдемақысынан айырылып қалады. Денсаулығы дімкәс баланы тәрбиелеп отырған, несиені атаулы әлеуметтік көмекке сеніп алған ол енді банкке ай сайын құятын 80 мың теңгені қайдан алатынын білмей, Зұлпыхар Жолдас­овтың қабылдауына жазылған. Ананың жанайқайына құлақ түрген аудандық әкімдіктегілер келер жылдың ақпан айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек та­ғайындауға көмек беретінін жеткізді. Ал облыстық Энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбаев оған дейінгі 4 ай бойғы несиені жауып беруге көмектесетінін айтып, мәселе шешімін тапты. Бәйдібек ауданынан келген Асылзат Есбанова үйінің шатыры жарамсыз болып қалуына байланысты ауыстырып беруді өтінді.  Зұлпыхар Жолдасов бұл мәселенің оң шешімін табуына көмектесетінін жет­кізді.

Сонымен қатар қабылдауға жазылған Кентау қаласы Қарнақ ауылының бір топ тұрғыны облыстық маңызы бар жол бойына орналасқан Үркер мектебі алдына жасанды жол кедергісін салып, белгі қойып беруіне ықпал етуін сұранды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты бөлім басшылығына таяу күн­дері жасанды жол кедергісін орнатып беруді тапсырды. Қабылдауға жазыл­ғандардың қатарында полиция қызмет­керлерінің заңсыз әрекеттеріне және тұр­ғын үй құрлысының сапасыздығына наразылық білдіріп, шағым жасағандар да болды. Әрбір азаматтың шағымы мен өтініштерін мұқият тыңдаған Зұл­пыхар Жолдасов барлығына да заң ая­сындағы талаптарды түсіндіріп, тиісті органдарға шағымдану құқықтарының бар екенін жеткізді.

Зұлпыхар Сансызбайұлының қабыл­дауына келушілердің қарасы көп болды. Тұрғындар тарапынан әрбір мәселенің нақты шешімін табуына барынша назар аударған облыс әкімінің бірінші орын­басарына, билік пен бұқараның байла­нысын үйлестіріп отырған партияның өңірлік филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесіне де алғыс білдіріліп жатты. 

Назгүл НАЗАРБЕК