Таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары білім беру мәселелеріне арналған QS Higher Education: Asia Pacific 2024 пре-саммиті өтті. Білім беру сапасын жақсартуға бағытталған негізгі стратегияларды анықтауға мүмкіндік беретін халықаралық жиын QS Азия-Тынық мұхиты саммитінің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.
QS: жаңа мүмкіндіктер алаңы
1,387
оқылды

Іс-шараға QS Quacquarelli Symonds сараптама агенттігінің коммерциялық бас директоры Джейсон Ньюман,  Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат  Досаев, ЕАЭО елдеріндегі клиенттермен серіктестік жөніндегі және QS Жаһандық үкіметіндегі аймақтық директоры Сергей Христолюбов, сондай-ақ әлемнің 150 мемлекетінен, соның ішінде Қытай, Жапония, Индонезия, Үндістан, Малайзия және тағы басқа елдерден келген 350-ге жуық ЖОО ректорлары, халықаралық сарапшылар және қазақстандық жоғары білім басшылары қатысты. 

30 мыңға жуық шетелдік студент келді

QS – әлемдегі университеттердің көрсеткіші мен нәтижесін көрсететін беделді халықаралық рей­тинг­тердің бірі. Бүгінде QS әлемдік рейтингіне қазақстан­дық 21 жоғары оқу орны қатысады. Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық университеттердің жоғары білім мен ғылым саласын дамыту бағытында жүргізіп отырған жұмыс­тары туралы баяндама жасады. Министр өз сөзінде QS рейтингіне  қатысатын қазақстандық жоғары оқу орындарының жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр­ғанын негізге алды. 

 – Қазір Қазақстан ЖОО-лары әлемдік универ­ситеттермен серіктестікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Біз өзгерістерге жақын болуымыз тиіс. Бұл университеттердің беделін арт­тыруға мол мүмкіндік береді. Биылғы оқу жылында Қазақстанға 30 мыңға жуық шетелдік студент оқуға келді. Соңғы екі жылмен салыстырсақ, 10 мың студентке көп. Әлемде ауқымды үш рейтинг бар. Ең маңыздысы – QS халықаралық рейтингі. Бұл рейтингке Қазақстанның 21 университеті қатысады. Соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ отандық университеттер арасында көш бастап, 163-орында тұр. Биыл министрлік тұңғыш рет отандық ұлттық университеттердің рейтингін жасап шығарды. Бұл әлемдік рейтингтердің сарапшыларымен бірлесіп әзірленді. Ұлттық рейтингте көрсеткіші өскен ЖОО-лардың QS жаһандық рейтингіндегі орны да жоғары­лайды. Ұлттық рейтинг елімізде алғаш рет қолға алынды, – деді Саясат Нұрбек. 

Әріптестік қарым-қатынас орнауда

Пре-саммитте білім беру саласындағы жаңа идеяларды ортаға салу үшін Ирландиядан арнайы келген Лимерик университетінің жаһандық қаты­настар жөніндегі Вице-президенті, профессор Найджел Хили редакциямызға берген сұхбатында жиында талқыға салынған мәселелер мен оны шешу жолындағы стратегиялар туралы баяндады. 

– Жиында университет жұмысының тиімділігін арттыруда қазақстандық жоғары оқу орындарының шетелдік университеттер мен ұйымдармен әріптес­тік қарым-қатынасты қалай пайдаланатыны туралы талқыладық. Біз алдағы уақытта бұл мәселені зерт­тейміз. Егер сіз шетелдік университеттерді өз еліңіз­ге кампус құруға немесе студенттерге сабақ беруге ша­қырсаңыз, олар білім беру бағдарламаларын ұсы­нады. Біз өзара тиімді халықаралық ынтымақ­тастық үшін бірлескен зерттеу мекемелері мен жобаларды дамыту жолымен жүргіміз келеді, – деді ол.

Онымен қоса, Найджел Хили шетелдік универ­ситеттердің қазақстандық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатуға ниет танытып отыр­ғанын, ал бұл білім беру саласында жоғары көрсет­кішке қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. 

– Біз мұнда университеттердің студенттері мен ғалымдарын біріктіре отырып білім беру орталығын құру үшін Қазақстанның Батыс, Шығыс, Солтүстік және Оңтүстікпен байланысын қалай пайдалананып отырғанын зерттеу мақсатында жиналдық. Бұл расында біз үшін өте қызық. Қазірдің өзінде 43 шетелдік университет қазақстандық жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатуда. Бұл жоғары білім беру секторының ғылыми зерттеу және академиялық көрсеткіштерін арттырудың тиімді тәсілі. Халықаралық іс-шараға әлемнің түк­пір-түкпірінен Қазақстандағы өзгерістер қызық­тырған университет өкілдері қатысып отыр, – деп сөзін түйіндеді Найджел Хили.

Дамуға  серпін берді

QS Quacquarelli Symonds сараптама агенттігінің коммерциялық бас директоры Джейсон Ньюман  халықаралық жиынның Қазақстандағы көшбасшы университет – ҚазҰУ-да өтуінің өзіндік маңызы бар екенін алға тартты. Сондай-ақ ол шетелдік жоғары оқу орындары өкілдерін бір арнаға тоғыстырған пре-саммит озық тәжірибелер мен идеялармен алмасу алаңына айналатынын айтты. 

 – QS пре-саммитін Қазақстанда, соның ішінде көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтіп жатқанына қуа­ныш­­тымын. Жаһандық мәселелерді жалғыз шеше алмаймыз. Бұл тұста барлығымыз бірлесе жұмыс істеуіміз маңызды. Бүгінгі іс-шара әлемдегі универ­ситет ректорларының басын қосып, жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық деңгейдегі мәселелерді шешуге мұрындық болып отыр.  QS рейтингі барлық ЖОО-ның бір-бірімен тығыз жұмыс істеу, академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамыту, ғалымдардың тәжірибе алмасу, әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарын жандандыруға серпін берді, – деді Джейсон Ньюман.

Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жоғары білім беру мәселелері бойынша QS саммиті 5-7 қараша күндері Макао қаласында жалғасады. QS пре-саммитінің қорытынды жиынын 8 қараша күні Гонконг қаласында өткізу жоспарланған. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы