Кеңес отырысы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетовтің төрағалығымен өтті. Жиында түрлі пікір айтылып, жерді жалға берудің пайдасы да, зияны да сөз болды.
Ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мәселесі талқыланды
1,270
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтіп, сала мамандары ауыл шаруашылығы жерін жалға берудің шекті мөлшерін бекітуді талқыға салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кеңес отырысы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетовтің төрағалығымен өтті. Жиында түрлі пікір айтылып, жерді жалға берудің пайдасы да, зияны да сөз болды.

Бір тарап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшері бекітілуі керегін айтса, қарсы тарап салықты уақытылы төлейтін, заңды бұзбайтын бизнесмендерге жол беру керегін айтады.

Кеңес төрағасы Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, Үкіметтің 2023 жылғы 25 қаңтардағы қаулысымен Уақытша жер пайдалану құқығымен республиканың және бiр әкiмшiлiк ауданның, облыстың шегінде ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң шектi мөлшері бекітілді.

Атап айтқанда:

- уақытша жер пайдалану құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін болуы мүмкін республиканың және бiр әкiмшiлiк ауданның (қаланың), облыстың шегінде ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшері;

- уақытша жер пайдалану құқығымен шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасында және оның үлестес тұлғаларында ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін болуы мүмкін республиканың және бір әкімшілік ауданның (қаланың), облыстың шегінде ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшері бекітілді.

«Бекітілген жер учаскелерінің ауыл шаруашылығы жерін ұзартуға қатысты тауар өндірушілер бірқатар сұраққа тап болды. Бұл мәселе ел экономикасына да ықпал етеді. Алда салық, халықтың табысы мен жерді тиімді пайдалану мәселелері тұр. Сондықтан осы мәселені жан-жақты қарап, талқылауымыз қажет», – дейді Мәжіліс депутаты Н. Әшімбетов.  

Бұдан бөлек жиында сөз алған «Қазақстан астық одағының» атқарушы директоры Мұратбек Исабаев ауыл шаруашылығы жерін жалға берудің шекті мөлшері мәселесі қайта қаралатынына тоқталды.

«Ауыл шаруашылығы алқаптарының түрі бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерін бекіту туралы Үкіметтің 2023 жылғы 25 қаңтардағы № 42 қаулысы қабылданды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде бекітілген шекті мөлшерден асатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жалдау мерзімін ұзарту бөлігінде мәселелердің туындауына байланысты қазіргі уақытта депутаттық корпус осы мөлшерлерді қайта қарау мәселесін қозғап отыр», – дейді ол. 

Сарапшы аталған мәселені реттеудің екі түрлі шешімі барын меңзейді.

«Қазақстан астық одағы сіздерге өз ризашылығын білдіреді. Үкіметтің аталған қаулысына сілтеме жасай отырып, адал әрі тиімді жұмыс істейтін агро құрылымдардан жер алу қазірдің өзінде барлық жерде басталып жатқанын хабарлаймыз. Мемлекет басшысының жер пайдалануға қатысты ұстанымы да айқын. Осыған байланысты шұғыл түрде қаулыны тоқтату керек немесе қолданып жатқан жерді пайдалану туралы шартқа қолданылмайтыны туралы норманы енгізу керек. Осы екеуінің біреуін іске асыру қажет. Біз өз ұстанымызды осылай білдірдік. Мемлекет басшысының осы жылғы Жолдауындағы жер пайдалану мәселелерінің ұстанымы да айқын екенін көруге болады. «Егер жер пайдаланушы адал жұмыс істесе, инвестиция салса, қолданыстағы өндірісті бұзуға жол берілмеуге тиіс» деген еді. Мемлекет басшысының қолдауымен заңға өзгерту енгізіледі деп ойлаймыз», – дейді кеңес отырысында сөз алған М.Исабаев.

Максимал мөлшерден асатын жер учаскелері бар жер пайдаланушыларында туындайтын мәселелер жер пайдаланушылардың жалдау мерзімін ұзарту кезінде болған екен. Мұны жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов айтты.

«Қазіргі уақытта жер ресурстарын басқару комитеті жерді тиімді және ұтымды пайдалану қағидатын назарға ала отырып, мемлекеттік емес заңды тұлғада уақытша жер пайдалану құқығында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл мәселенің тарихы 2016 жылдан бастап жалғасып келеді. Жер реформасы жөніндегі комиссия жер заңнамасының нормасы бойынша ұсынымдарды кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді 2018 жылы қабылдаған еді. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен «Атамекен» ҰКП, фермерлер мен сарапшылар кіретін комиссия әр өңірмен талқылаулар жүргізді. Олардың қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірледі», – деді ол.