Бүркеншік аты: Aikhanzadasy
БАСЫҚАРА ШЫҢЫ!
Сенің шыңың, менің шыңым! Сенесің бе, шыным!
Үлкен үйдің дәлізінде ұйықтап жатып, біресе қырғызша, біресе қазақша ыңылдап айтылған әннің дауысынан ояндым, тербеліп қоямын. Сөйтсем, атамының қолында тербелгелі күйі ұйықтап кетіппін.
Ол кездері Қарашаңырақта атам мен әжемнің қолында тұрушы едік. Қателеспесем жасым 2-3 шамасында еді, атамның келбеті сол кезден бастап жадыма енген екен. Атам – жылы жүзді, бидай өңді, қыр мұрын, сұңғақ бойлы арықша келген білімді азамат, ауылдың ардақты мұғалімі еді. Ал, әжем – орта бойлы, аққұба, өжет мінезді, еңбекқор кісі. Ол кісі орта мектепті ғана аяқтап, тұрмыс құрып бар ғұмырын отбасы мен бала-шағасына арнаған кісі. Өмірлік көргені көп болғаннан ба әжемді құдды бір энциклопедияға теңер едім. Өйткені қазақылықтың қайнар бұлағы әжемнің жүрегімен сусындап тұрғандай. Сондықтан да әжемнің жүзінен нағыз қазақ әйелінің келбетін көремін.
Есігіміздің алдында кішігірім жүзім бағы болатын, сол бақты атам мен әжем өздері егіп жыл сайын баптайтын. Жасымыз 3 жастан асқан соң сол жүзімдерімізді торғайлардан қорғау үшін су қалбырларына тас салып жүзімге келген құстарды қуушы едік. Өмірге деген құлшыныс, еңбекқорлыққа деген беталыс осы кездерден басталған секілді.
Атам өмірінің саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан еді, бастауыш мектептің мұғалімі болған. Зейнетке шыққанда да немерелерінің алдын мектепке дейін өзі оқытып, дайын қылып жіберетін. Мен де мектепте әріп танып, екі таңбалы сандармен амалдар орындай алатын деңгейде бірінші сыныпқа барғанмын.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген асыл сөзді ту еткен атам жұмыстан шаршап келсе де 2 сағат уақытын бізге оқу үйретумен өткізетін. Атам мен әжемнің ортақ 5 ұл, 2 қыз перзенттері болды. Менің әкем тұңғыш ұл болғандықтан мен бес жасқа толғанда отбасымызға енші беріп бөлек шығарған болатын. Қарашаңырақ пен біздің үйіміздің арасы қиылысқан екі көшенің бөліп тұр. Күн сайын атам белгілеген уақытта яғни, сағат 17:00 де ағам екеуміз дәптер-қаламымызды қойнымызға қысып, атамыздың үйіне келуші едік. Осылайша күндер өтіп жатты. Жаз бітіп күз келді. Оқу жылының басталып жатқан кезі, мен 1 ші сыныпқа барамын. Алғашқы қоңырау, алғашқы ұстаз. Мектепке келе сала бірден сіңісіп кеттім, сабақ үлгерімім де өте жақсы болды. Ауылымызда ауданаралық жарыстар жиі өтіп тұратын. Ең алғаш метебімізде өткен мәнерлеп оқу сайысына қатысып бірінші орын алғанда төбем көкке жеткендей болды. Атамның үйіне жүгіріп барып сүйіншілеген болатынмын. Қолымдағы мақтау қағазын қайта–қайта атама көрсетіп жүрегімді мақтаныш пен қуаныш кернеген болатын. Атам қатты қуанып, көзіне жас алып алғашқы марапатыңа «көрімдігім» болсын деп қолыма ақша ұстатқан болатын. Осы жетістігімнің жемісті болуы да атамынң еңбегінің арқасы еді. Атам мен әжемің алғашқы немерелері ағам Бексұлтан және мен едім. Ағам атасының баласы мен әжемнің баласы деп бөліп алатынбыз. Жасым 12 ге таяғанда бойыма дарын бітіп өлең шығаруға деген қызығушылық туындап, ақындық қабілет дари бастады. Бұл қабілет атамнан дарығанын кейінеректе білдім. Қатты қуанғанда немесе қатты көңілім түскенде ойыма өлең шумақтары келетін. Қателеспесем төртінші сыныпта оқып жүргенмін, аудандық жарыстан жүлделі орын алып келдім. Қуанышымда шек жоқ, атам мен әжемнен сүйінші сұрауға бара жатырмын. Ата-әжемнің үйіне барып қуанышыммен бөлісіп, батасын алдым.
- Әже сіз білесіз бе, мен қазір ақынмын. Өлең шығарып жүрмін.
- Қой, рас айтасың ба, балам?
- Иә! Өткен жолы апай үйге тапсырма берген, аналарыңа арнап өлең шығарып көріңдер – деп. Мен сол кезде үй тапсырмасынан ең үздік деген баға алып, анашым туралы шығарған өлеңімді үздік өлеңдер тақтасына іліп қойды.
- Жарайсың балам. Сонда сен анаңа өлең шығарасың да әжеңе шығармайсың ба? Мен ренжіп қаламынғой.....
- Жоқ, әже мен сізге де арнап өлең шығарамын. Қазір күте тұрыңыз, қағаз-қаламымды алып келейін.
Үйдің алдында екі өрік ағашы өсіп тұратын, оң қапталында қол жуатын кран мен баспа құдық болатын. Әжемнің сөзі қанаттандырды ма қағаз-қаламымды алып, баспа құдықтан су ішіп, өрік талдардың көлеңкесіне жайғасытым. Ойланып отырмын. Не жазсам екен? Әжем қандай жағдайда қуанады, қандай жағдайда ашуланады? Ойыма ештеңе келер емес! Содан, ойыма бұзықтықтық жасап үйді шашқан кезімізде әжемнің ұрысатындығы есіме түсіп кетті. Содан өлең шумақтарын жаза бастадым. Сондағы бар ойым әжеме ақындық қабілетімнің бар екенін дәлелдеу болатын.
- Апа, апа мен сізге өлең шығардым, айттым ғой шығара аламын деп!
- Қане құлыным ендеше оқып бере қойшы?
- Қазір....
Апашым менің апашым,
Үйді шашсақ қапасың.
Далаға шығып ойнасақ,
Қуанып бір қаласың!
- Ой бәрекелді балам, ақылыңдан айналдым. Әжесінің баласы ақын екенғой.... Бара ғой атаңа оқып берші?
- Жарайды, апа! (әжемізге апа дейтінбіз).
Үйге кіріп төр бөлмені қарасам атам айран ішіп отыр екен. Қолына газетті бар.Көзінде көзілдірігі бар. Менің келгенімді көріп, көзілдірігін төмен түсіріп көзінің қиығымен «Не болды?» дегендей ишара танытты.
- Балам не болып қалды, неге ентігіп тұрсың? Бәрі дұрыс па?
- Ата, ата сіз білесіз бе? Мен апама арнап өлең шығардым.Соны сізге оқып беруге келдім.
- Қане балам онда атаңа мәнерлеп тұрып оқып бере ғой!
- Қазір, ата!
Апашым менің апашым,
Үйді шашсақ қапасың.
Далаға шығып ойнасақ,
Қуанып бір қаласың!
Атам жымиып, «Айналайын балам, өркенің өссін. Өмір жасың ұзақ болсын!» - деп батасын беріп маңдайымнан сүйді.
- Балам, сабағың қалай, бәрі бес пе, үздіксің бе өзі? Биыл төртінші сыныпты аяқтайсың ба?
- Иә, ата. Биыл бастауыш сыныппен қоштасамын, оқуды үздік аяқтаймын.
- Жарайсың балам, атасына ұқсаған өзі!
- Айтпақшы ата, бастауышпен қоштасу кешінде мен жүргізуші боламын, ән айтамын. Сіз келесіз ғой иә, апай сізге келсін деп айтуымды сұраған.....
- Иә, Құдай қаласа барамын.
Атамның менің өнерімді, жетістігімді көргені мен үшін үлкен мәртебе еді. Бірнеше апта өткен соң, бастауыш сыныппен қоштасу кешім де өтті. Атам маған берген уәдесінде тұрып көрермен ретінде келіп қуантты. Сахнада «Анаға сәлем» атты әнді орындап шықтым. Іс-шара аяқталған соң атам:
- Балам, әнді өзің таңдадың ба?
- Иә, ата. Маған ұнайтын әннің бірі болған соң осы әнді айттым.
- Жарайсың! Анаға деген махаббат ең асыл сезім. Таңдауыңнан айналайын! Білесің бе, төр бөлмеде іліулі тұрған суреттегі кісі сенің әжең, менің анам! Қартайсам да әлі күнге дейін анамды сағынамын, ойлаймын. Ананы бар кезінде бағалау керек. Анаңа бүгін ән арнағаның бағалау мен жақсы көрудің алғашқы сатысы.
- Түсіндім ата, маған қолдау білдіріп келгеніңізге көп рақмет!
Күз келді. Жаңа оқу жылы да әне – міне дегенше басталып кетті. Бесінші сыныпқа аяқ бастым. Бұл жолы кішкене болса да есейгенмін, мектепке барып сынып жетекшіммен таныстым. Ер мұғалім екен. Жетекшіміз өзін таныстырып, тәрбие сағатын өткізіп алдағы күндерге сәттілік тіледі.
Атам мен әжем жер шаруашылығымен айналысатын, кішігірім кәсіп деуге де болады. Бірнеше шаршы жер телімі болатын, сонда жыл сайын мақта егетін. Оңтүстік аймақтың ауа райы ыстық болғандықтан ауыл-аймақ мақтаны көбірек егетін. Мектептен тыс демалыстарда атам мен әжеме көмекке мақта теруге баратынбыз. Таңертең сағат бесте оянып, әжемнің дайындап берген таба нанын, айранын алып дорбамызға салып алып егістік алқабына қарай жол тартатынбыз. Ол кездері комбайының аздығына байланысты болды ма мақтаны қол терім жасайтынбыз. Қолдарымыз күс-күс болғаша мақтаны теретінбіз. Атамның еңбекқорлығы сонша мақта егістігінің маңайына қауын-қарбыз, қияр, қызанақ егетін. Кейде сол қауын-қарбызды жеу үшін мақта алқабына баратынбыз. Осылайша, атам бізді оқу-жазумен қатар еңбекке де баулыды.
- Балам, бірінші орында тәрбие. Тәрбиелі болмасаң ешқандай ортаға симайсың! Содан соң білім ал, еңбек ет! Білімнің нәрі, еңбектің наны тәтті болады. Орта білім алып қана қоймай, жоғарғы оқу орнына түсуге ұмтылыңдар! Ел көріңдер, жер көріңдер, талаптаныңдар!
- Ата, айтқаныңызды ұқтым. Жоғарғы оқу орнына түсу үшін не істеуіміз керек, сабақты жақсы оқығанымыз жеткілікті ме?
- Балам, ең бірінші әке-шешеңнің айтқанын тыңдаудан баста! Баға үшін оқу дұрыс емес, түсініп, ұмытпайтындай оқысаң жоғарғы оқуға түсу мүмкіндігің де жоғары болады.
Осылайша күндер, күн артынан айлар, айларға жалғасып жылдар өтіп жатты. Мектепті бітіретін жасқа да жеттім. Соңғы қоңырау да соғылды. Жоғарғы оқу орнына түсу үшін емтихан тапсыратын да мезет жетті. Атам мен әжем бұл кезде де жанымнан табылып қолдауларын білдірді. Дегенмен бұл жылы оқуға түсу бұйырмады. Емтиханнан жақсы нәтиже көрсеткеніммен тағдыр өз дегенін жасады. Бір сәтте ашық аспады қою қара бұл басқандай болды. Осы кезден бастап әділдік деген ұғымға күмәнмен қарай бастадым. Өмірге деген көзқарасым қаталырақ, хәм қатыгездікке толы болды. Бала күнімнен мінезім тік, қызба мінез болды. Атам үнемі «Балам, қызбалыққа бой алдырма. Ашуланба. Ашуын жеңген адам ұлы адам» - деп отырушы еді.
Маған бұл жолғы сынақ қиындау болды. Себебі мектепті үздік аяқтап, ауыл мақтанышы болған мен үшін оқуға түсе алмау ұят деп ойладым. Анам мен ата-әжемнің қолдауы бойымды тіктеп күш жинауыма көмек беріп, келер жылы тағы емтихан тапсыруға бел будым. Емтихан тапсырдым! Жаз соңына қарай грант иелернің тізімі шығатын. Сол күнді асыға күтіп жүрдім, кеудемде қобалжу бар. Ойлаған сайын жүрегімнің қағысы жиілейді. Күткен күн де келіп жетті! Аудан орталығына барып, грант тізімдері ілінген тақтадан аты-жөнімді іздей бастадым. Толық қарап шықтым, тізімде аты-жөнім жоқ! Көзімдегі мөлтілдеген жас тоқтар емес. Сонда да тізімді қарап тұрмын, бір кезде аты-жөнім бұлдырап көрінгендей болды. Кілт тоқтап, көзімнің жасын сүртіп анықтап қарасам, Қазақстанның батыс өңіріне грантқа түсіппін. Қуанышымда шек жоқ! Ауылға бара сала отбасыма, ағайын – туысқа, ең бастысы ата-әжемнің үйне барып сүйіншілегім келді. Үйге кірер-кірместен әке-шешеме оқуға түскенімді хабарлап, атамның үйіне қарай жүгірдім, ентігіп ата-әжемнің алдына барып «Ата, әже мен оқуға түстім, гантқа түстім» - деп, жылап жібердім. Дәл бұлай эмоцияға берілген кезім болмапты. Ата-әжемнің қуанышында шек жоқ! Өзім де қуанғаннан бір күн бойы көз іле алмадым.
- Айттым ғой балам, асыққан шайтанның ісі. «Оқуға түсе алмадым» деп сонша қайғырып едің. Адамның дегені емес, Алланың дегені болады. Адамның басы, Алланың добы. Ер жігіттің басына нелер келіп не кетпейді. Басытысы сынып кетпей алға ұмтылу. Тағы да айтамын балам, ашуға бой алдырма, асығыстық жасама! Алла бағыңды ашсын. Сабағыңды жақсы оқып, мықты маман болып шық! Құдай қуанышыңды ұзағынан сүйіндірсін.
- Әумин! Ата айтқаныңыз келсін.
Әжем де қатты қуанып жатты, бір кезде «Балам, ұзақ жаққа кетеді екенсің ғой! Көз алдымызда жүргеніңе үйреніп те қалып едік. Келіп тұрасыңғой, дегенмен де жақын маңдағы қалаға оқуға түскеніңді жөн көріп едім»-деп, көзіне жас алып қалды.
- Мына қарт әжеңе қарама балам. Бұл қуаныш пен қимастықтың көз жасы ғой. Төрт жыл деген өтеді де кетеді. Атаң екеуміздің абыройымызды асқақтатып тастадыңғой, құлыным!Жолың ашық болсын!
- Әумин! Апа, айтқаныңыз келсін! (әжемізді апа дейміз)
Атамның Қырғыстан елінде оқығанын естіген едім. Дәл осы сәтте қызығушылық танытып атамнан сұрай бастадым.
- Ата, сіз Қырғыстанда оқығансыз ба, неге басқа елге барып оқыдыңыз?
- Балам, біздің заман аумалы-төкпелі заман болды, соғыстан кейінгі жылдар. Оқуға түсу де өте қиын болды. Институт оқу үшін бай-бағланның баласы болуың керек. Қарапайым отбасынан шыққандар үшін оқуға түсу арман болатын.
- Сонда сіз қалай оқуға түсіп жүрсіз?
- Асықпасаңшы балам, баяндап жатырмын ғой! Біз отбасымызда үш ағайынды болдық, әпкем, ағам және мен! Әпкем мен ағамның арасы бес жас, ағам туылған соң он жылдан соң мен дүниеге келіппін. Әпкем тұрмысқа шыққан соң жездем екеуі Қырғыстанға жұмыс бабымен көшіп барады. Менің бозбала кезеңім, мектепті аяқтауға сәл қалған. Ата-анам ақылдаса отырып Қырғыстанға жіберуге шешім қабылдады. Жездемнің көрегенділігінің арқасы деп білемін, өзінің қолына алып сол мемлекетте мұғалім мамандығына оқытты. Осылайша Қырғыстанда оқып, білім алдым.
- Ата, сонда Қазақстанға қай кезде келдіңіз?
- Балам-ау, біраз нәрсені қозғадың ғой. Диплом алған соң, Қырғыстанның бір орта мектебіне мұғалім болып орналастым! Қазақстанға барып тұрдым. Елде көшіп-қонып жүргенде әжеңді кездестірдім. Әжеңнің отбасы біздің үйден екі-үш үй ары тұрды. Анам әжеңді көріп, бақылап жүр екен. Маған айтушы еді «Көршінің қызы сұлу, еңбекқор екен, сол қызбен танысып көрсеңші» - деп, анамның сөзін жерге тастамай, әжеңмен танысып көңіл жарастырдық! Шаңырақ көтерген соң, менің жұмысыма байланысты Қырғыстанға көшіп кеттік. Қырғыстанда тұрғанымызда дүниеге сенің әкең мен әпкең дүниеге келді. Ол кездерде әпкем мен жездем Қазақстанға көшіп кеткен болатын.
Дәл осы сәтте әжем, атамның сөзін жалғастыра кетті.
- Балам, бір күні үйді жинап жатсам, есікті біреу қағады. Есікті ашсам жастары елуден асқан, егде тартқан үш ер адам келіп тұр. Атаңды сұрады. Ол кезде атаң жұмыста болатын. «Үйге кіріңіздер, кім болдыңыздар? – деп жөн сұрадым. Сол сәтте атаң да кіріп келді. Қонақтармен амандасып, жағдай сұрасып таныса кетті. Егде тартқан, ірі денелі, сөзшең кісі әңгімесін бастады.
- Біз сіздердің бір рудан тараған тусқандарыңбыз.Қырғыстанда бауырларымыздың бар екенін естіп келіп отырмыз. Өзі аз қазақ жан-жақта шашылып жүргеніміз жарамайды. Қазақстанға оралыңыздар! Елге көшіңіздер деп айтуға келдік. Бүгін – ертең елге оралсаңыздар үкіметтен үй беріліп жатыр. Ойланыңыздар. Біраз қазақ отбасын Отанымызға алып кетіп жатырмыз. Егер барамын десеңіздер көшке ілесіңіздер!
«Осылайша, өз бұйымтайларын айта келген тустарымызға, бұл жолы елге орала алмайтындығымызды жеткізіп шығарып салдық» - деді, әжем!
- Әже, неге алып кетеміз дегенде көше салмадыңыздар, Отан оттан да ыстық деуші едіңіздер ғой?
- Айтуға оңай ғой балам, ол кезде балаларымыз кішкентай еді, атаңның жұмысы да осында болғандықтан қоя тұрдық! Дегенмен де бір жылдан соң, барлығын тастап отанымызға оралдық. Үкіметтен үй берілді. Ескі үй болса да алып, жуып-тазалап кіріп алдық. Атаң ауылдағы мектепке мұғалім болып орналасты. Жағдайымыз түзеліп, еңбекке араласа бастадық. Атаң аудандық мектеп ұстаздарынан үздік шығып газет-журнал беттеріне шыға бастады. Осылайша білім мен еңбектің арқасында ауыл-аймаққа сіңісіп кеттік. Осындай үлкен жолдардан өтіп, осы күнге жеттік. Сондықтан балам, енді студент болдың. Бұл өмірдің алғашқы баспалдақтары. Қадамды нық басып, алға қарай ұмтыла бер!
- Апа, енді түсіндім. Алла қаласа сабағымды жақсы оқуға тырысамын!
Алғашқы курсқа баратын болған соң жатақхана алу керек. Сондықтан оқу орнымыз тамыз айының соңына қарай, оқу басталардан 1 апта бұрын ерте шақырды. Поездға билетімді алдым. Оралға кететін күн де келіп жетті. 27 тамыз, таңғы сағат 05:00! Киімдерімі жинақтап, чемоданымды дайындап қойдым. Ата-әжеммен қоштасуға, батасын алуға бара жатырмын. Қақпадан кіре сала қобалжи бастадым. Далағы кереуетте әжем ұйықтап жатыр екен, үйдің терезесінен қарасам атам төр бөлмеде ұйықтап жатыр екен.
- Апа, апа! Бұл мен ғой, ояныңызшы. Мен Оралға кетіп барам, бүгін поезға отырамын.
- Ой құлыным-ау, кетіп барамысың!
- Иә, апа! Кетіп барамын...
Әжем болса, қолымнан қысып алып қайта-қайта сүйіп жатыр. Көзі жасқа толған «Қалың киініп жүр, тамағыңды уақытында ішіп жүр, арықтаймын деп тамақ жемей қойып жүрме (өзім табиғатымнан ірі болған соң үнемі арықтаудың жолын іздеп жүруші едім)», - деп қайталап ескертіп жатты. Бір кезде орнынан тұрып, атам жатқан бөлмеге бардық. Атам да оянып, хәл-жағдайымды сұрап жатты.....
- Ата, мен бүгін Оралға жол жүремін.
- Кететін уақытың да болып қалды ма балам. Айналайын, жолың болсын! Өз-өзіңе ықтият бол, көп ашулана берме!Сабағыңды жақсы оқы, бақытты бол!
- Әумин, ата айтқаныңыз келсін!
Бір кезде әжем буулы беторамалын алып келіп, түйіндеп байланған орамалды шеше бастады.....
- Балам, бұл атаң екеуміздің пенсиямыздан саған деп жинаған кішігірім ақшамыз. Жолыңа керегіңді аларсың! Жақсылап сөмкеңе салып қой, жоғалып қалмасын!Алмаймын деп айтушы болма, сен үшін сақтап жүрміз!
- Ата, апа сіздерге көп рақмет! Денсаулықтарыңызды күтіңіздер, ауырмаңыздар! Хабарласып тұрамын ғой. Қысқы демалыста келіп кетемін.
- Балам, Оралға жете сала хабарыңды берерсің. Біз уайымдаймыз.
- Жақсы, ата-апа сау болыңыздар!
Бір-бірімізді қимай қоштастық. Отбасыммен қоштасып, жолға шықтым. Қалаға жетіп поездға отырдым. Ауылдан алғаш рет шығуым, алғаш рет поездға отырдым. Алда екі күндік жол. Ұзақ ойландым, қаланың аты қала. Өзімді қалай ұстауым керек, қалай жүруім керек? Біраз ой толғаныста болдым, толқыдым. Жүрдек поезд жүйіткуде. Көзім ілініп кетіпті, поездың дауысынан ояндым. Сөйтсем Оралға дп жетіп қалыппыз. Поезд тоқтады, у-шу адамдар, бөтен қала, бөтен адамдар. Бір кезде оқу орнымнан мұғалімдер келіп күтіп алып жатақханаға орналастырды. Оқу бастала салысымен бар күш-жігерімді жинап оқуға кірістім. Мамандығым техникалық мамандық болғанннан соң ғылыми жобалар әзірлеп байқауларға қатыса бастадым. Жігерімді жанып алға шығуға ұмтылдым. Ата-ананың үміті тек қана алға жетелей берді. Күз бітіп, қыс келді. Оқу мерзімінің аяқталар уақыты келді. Семестрді үздік аяқтап, поездға билет алдым. Бұл жолы ақыл тоқтата бастаған боз бала, кішкене де болса қала өмірін көрген жігіт ретінде туған жеріме қарай жол тарттым. Үйіме келе сала, отбасымыен қауышқан соң бірден ата-әжемнің үйіне барушы едім. Бұл мен үшін үрдіске айналған болатын. Үнемі ауылға барар алдын, келе жатқанымды алдын-ала айтпаушы едім. Тосын сый жасап барғанды ұнататынмын. Сыйлықтарымды алып, атамның үйінің қақпасының алдында тұрмын. Қақпадағы ойықтан атамның, құманын ұстап келе жатқанын көрдім. Есікті ашып, «ата» -деп, айқайлап едім, танымай кішкене кідіріп қалды. «Балам, бұл сенсің бе, қашан келдің? Келетініңді неге айтпадың?» - деп, құшақтап алды. Кеудесіне басып біраз құшақтап тұрды. Сағыныштың жылуы сырттағы салқындықты сездіртпеді.
- Тоңған шығарсың, жүр үйге кір. Апаң қуанатын болды ғой.
Үйге кірсем, әжем пеште нан жауып отыр екен. Пештің үстінде су толған шәугімдер сақырлап қайнап тұр! Нанның иісі мұрын жарады.
- Апаааааа!
- Ой, балам сенбісің? Қашан келіп қалғансың?
Әжемнің қуанышында шек жоқ, қысып алып жібермейді. Қайта-қайта маңдайымнан сүйіп, еміренуде. Бар тәттісін алдыма қойып, көптен бері жиналып қалған әңгімелерін атам екеуі кезек-кезек айтуда. Осылайша күндер өтіп жатты, алты ай сайын ауылға барып тұрдым. Студенттік алтын дәуірім мәресіне жетіп, оқуымды қызыл дипломға аяқтап, арман қуып Астанаға келдім. Жұмысқа орналасып еңбегімнің нанын жей бастадым. Жұмыс жасап жүріп арасында ауылға барып тұруды да ұмытпадым. Жыл өткен сайын ата-әжемнің самайына түскен ақ шаштар көбейе бастады, бұрынғыдай тың емес. Бұл жолы барғанымда атамынң құлағы естіңкіремей қалса, апамның көзінің көру қабілеті нашарлай бастағанын байқадым. Іштей мұңайып, өмір өз дегенін алады екенғой деген ой түйдім. Ата-әжеммен амандасып, дастархан басына жайғастық. Атам болса.....
- Балам, немен келдің?
- Поездбен келдім, ата!
- Ааа, Құдайдың жерімен жүрсейші, ұшаққа мінбе!
- Иә, ата ұшаққа мінбеймін ғой!
Оқудан, жұмыстан ауылға келген сайын атам осылай айтатын еді. Ұшақпен барсам да, поездбен келдім деп өтірік айтуға тура келетін.
Өз арманыма сатқындық жасамайыншы деп бала арманымның орындалуы үшін еңбек ете бастадым. Мамандығым бойынша техникалық кітаптардың аудармаларын жасау үшін баспаханаға жұмысқа тұрдым. Өзім шығармашылық адам болғаннан соң сахнаны аңсадым, бір жыл жұмыс жасаған соң өзім шын армандаған мамандыққа оқуға түстім. Атам айтушы еді «Қай жаста білім алсаңда қажетіңе жасара болғаны, білім алу жас талғамайды. Бастысы тоқтап қалма!» - деп. Өзімді дамытудан тоқтамай, оқып жүріп жұмысымды театрға ауыстырдым. Театрда жұмыс жасап жүріп, қосымша университетте оқып үлгеріп жүрдім. Ата - әжемнің әр айтқан ақылы, әр айтқан сөзі өмір жолыма азық болды, болып та келеді. Қарбалас жұмыспен арпалысып жүріп оқуымды да аяқтадым. Ресми түрде «Музыкалық білім» мамандығының иегері атандым. Бала кезден ән айтудан алдыма жан салмайтынмын, әнші болуды армандаған болатынмын. Көптеген ән байқауларында жүлделі орын алып келетінмін. Табиғаттан берілген дауыс ерекшелігім, атамнан бойыма дарыған деп ойлаймын. Себебі, атамның дауыс диапазоны кең, дыбыс ауқымы қатты еді. Тойларда ән айтқанда микрофонды керек етпейтін еді. Дауысының қаттылығы сонша жүз адам отырған жиында дауысы еркін естілуші еді.
Қазақта «Қарты бар үйдің, қазынасы бар» деп бекер айтпаған екен. Ата-әжемнің немерелері жан-жақта болса да, демалыста қарашаңыраққа барып жиналғанда берекенің ұйытқысы осы ата-әжемде екенін түсінуші едік. Әр айтқан сөздері өнеге, өсиет-қой шіркін!
Әдеттегідей жұмысқа келіп, өткізілген концерттер бойынша есеп дайындап отырғанымда анамнан қоңырау келіп түсті.
- Алло, балам қалайсың?
- Жақсы шүкір! Мама, өзіңіз қалайсыз?
- Жақсымыз Аллаға шүкір!
- Балам, атаң ауырыңқырып қалыпты.....
- Неге, не болып қалды? Ауруханаға барды ма? Дәрігерге қаралды ма?
- Уайымдама, кәрілікқой. Әлсіреп қалған секілді. Қазір ауруханада жатыр.
Телефон тұтқасы қойылды. Арада біраз күн өтіп, атам ауруханадан жазылып шықты. Сонда да жүріп-тұруы қиындау. Еңбек демалысына шыға сала ауылға ата-әжеме бардым. Атамның бойын қарттық дендеп алған секілді, әжем де жыл өткен сайын қартайып бүкірие бастаған секілді. Екеуі де жүдеу, арықтап кеткен. Атаммен амандасып, ас бөлмесіне барып әжеммен әңгімелесіп отырдым.
- Балам, бізде қартайдық. Атаңның денсаулығы да сыр беріп жүр. Тездетіп үйленіңдер.
- Үйленеміз ғой апа. Бірінші үй алып алайық (күліп қоямын).
- Әәәә, қазіргі қыздар үйің бар ма, мәшинең бар ма деп сұрайтынды шығарыпты ғой. Біздің кезде руын сұраппыз да, кете беріппіз ғой (күліп).
- Иә, апа! Заман ағымы осылай өзгеріп жатырғой қазір.
- Аман болыңдар әйтеуір, дендерің сау болсын. Қызды жақын жерден алыңдар, құда-құдағи араласып тұрған дұрыс, той-томалақ болса да жақын жерден келе салады.
- Алла қаласа, көремізғой апа!
- Балам, кетер кезіңде құрт алып кетуді ұмытпа. Жаз бойы сендерге құрт жинап кептірдім. Айран алып кет. Майды берейін десем поезда еріп кетеді ғой, әлде поезда мұздатқыш бар ма?
- Рақмет апа, алып кетемін әрине. Майды алып кете алмаймын, поезда мұздатқыш жоқ, еріп кетеді ғой......
- Жақсы балам...
Осылайша ата-әжеммен қоштасып Астанаға қарай жол жүрдім. Күндер өтіп жатты. Әдеттегідей жұмыстан үйге келіп тамақтанып отырған кезде анам хабарласты. Дауысы қобалжулы.
- Балам, уайымдап кетпеңдер!Жаман айтпай, жақсы жоқ! Аталарың ауырып жатыр. Соны айтып қояйын деп едім...
- Мама, рас айтыңызшы атам қатты ауырып жатыр ма?
- Аталарың әлсіз, ауылға бір келіп кетіңдер. Мүмкін сендерді көріп жазылып кететін шығар. Сендерді сағынып жүрген болар.
- Жақсы, мама. Ұшаққа билет аламыз!
Мамаммен ағам сөйлесіп жатты... Бір кезде көз алдыма белгісіз нүктелер көрініп, төбемнен мұздай су құйып жібергендей күй кештім. Ішім бір жамандықты сезетіндей.
Таңға жақын түс көріп едім, түсімде атамның қайтыс болғанын көрдім, әжем атамның аяғын ұстап жылап отыр екен деймін. Бір кезде үлкен бөлмеде әжемнің жоқтау айтып жылап отырғанын көрдім. Ояна сала жақсылыққа жорыдым.
Күні ертең ұшаққа отырып туған жерге қарай беттедік. Әуежайға қона сала атамның нашар хәлде жатқанын естідік. Ауылға қарай жүретін көлікке отыра сала жүрегіміз дүрсілдеп қайта-қайта туыстарға хабарласып атамның жағдайын біліп отырдық. 40 минуттық жол құдды бір 4 сағатқа созылғандай. Әдетте маусым айында бізде күн қақ төбеден төніп тұратын. Ыстыққа шыдау мүмкін болмайтын. Ауылға жақындаған сайын аспанды бұлт торлап, ақ жаңбыр сіркірей бастады. Жүрегіміз алқымымызға тығылып атамды көруге асығудамыз. Атама біздің келе жатқанымызды айтып шыдатқызуға тырысыпты. Жаны қиналып жатса да немерелерін уайымдап ауылға аман-есен келгенін күтіп жатыпты. Атама балалары:
- Әке, әке шыдаңызшы, немерелеріңіз аман-есен ауылға кіріпті.
Аман-есен келді дегенді ести сала, әкемнің қолында жатқан атам «Уф» депті де жан тапсырып кете барыпты. Атамның бұл фәниден бақиға аттанғанын көлікте отырып естідік. Осы сәтте нөсер жаңбыр тоқтаусыз жауып жатты. Атамды көруге 10 минут қана қалған еді, соңғы сәтте үлгермей қалу қандай қиын еді. Осындайда өкініш өзегіңді өртейді екен. Қарашаңыраққа кіріп келегенімізше атамның бір көзі ашық жатыпты, себебін имамдар «Біреуді қатты күтіп жатқаннан солай болады» - деген екен. Адам сенгісіз оқиға, үйге кіріп келгенімде атамның аяғын ұстап әжем жылап отыр, сәл уақыттан соң үлкен бөлмеде әжемнің жоқтау айтып жылап отырғанын көрдім. Сондағы түсімнің өңімде қайталанғаны таңғалдырды әрі таңырқатты.
Атамды соңғы рет көру үшін бөлмеге кірдім. Аққұбаланып кеткен, қастары қап-қара, құдды бір сарбаз секілді тік жатыр. Атамның соңғы сапардағы жүзін және балалары мен немерелері үшін жасаған жақсылығын, өнегесін ешқашан ұмытпақ емеспін. «Айналайын» деген сөзі құлағымда мәңгі қалып қоятындай, қайталана береді, қайталана береді...
Атамды түсімде жиі көремін. Жаны көкке ұшып әруаққа айналса да түсіме еніп жол сілтейтін кездері көп. Әлі де сол баяғыша ауылға барып тұрамын, атамның отырған орындығына отырып еске алып қайтамын. Әжем үнемі аузынан тастамай атамды айтып отырады. Қырық жыл ұстаздық етіп, ел игілігі үшін ұрпақ тәрбиелеген атамды мақтан тұтамын.
«Ататегі Торы Қыпшақ, Басықара деген би, датқа болған екен. Шешендігі бір төбе, ерлігі мен өрлігі бір төбе! Атаңның әкесі Басықара бидей болсын деп атаңның есімін Басықара қойған екен» - деп, әжем жиі айтып отырушы еді.
«Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі» демеуші ме еді?!
Атам, артынан ұлы жол қалдырды, сол жолмен жүріп келеміз...
Ата, сенің шыңың, менің шыңым! Сенесің бе? Шыным!