Бүркеншік аты: Aq_qyz
Хого сорпасы
Ыдыс жуып тұр. Жылап тұр. «Төрт адамдық хого сорпасы, бірі ащы, бірі ақ; бір адамдық жартылай ащы хого сорпасы жеті адамға; екі адамдық хого сорпасы дайын; қарын салаты әзір, даяшылар алып кетеміз» деген дауыстар басыңды айналдырады. Қазандағы мол майға қуырылған балық иісі мен майдың жалыны қосылып келгенде қолқаңды қабады. Тыныс жолдарыңды қырып өтіп, ішкі құрылысыңды бір айналып шығады. Сорпаның босаған аяқтарын жууды айтсаңшы!
Қолының терісі жырым-жырым болса да, белі үзіле жаздап, бүйрегіне күш түссе де шыдап тұр. Шыдауы керек. Осы күйге түскеніне өзі кінәлі. «Жақсылық көрсе өзінен, жамандық көрсе өзінен» екенін баяғыда ұғынған, бірақ осыншалықты жанын қинайтын ар азабына түсем деп ойламған-ды. Басындағы мәселелердің де шиеленісе бергеніне қайран. Соңғы алты айда қашан алаңсыз ұйықтағаны есінде жоқ.
Ар азабына түсуіне ыдыс жуғанының қатысы болмаған. Адал еңбек еткеніне қуанбаса, қымсынған емес. Жанын жеген сол баяғы қарыз. Үкіметтен несие алып бір қарызданса, оны жабам деп жора-жолдас, туған-туыснан ақша сұрап тағы қауғаланған. Айлығы екі жүз мың, берешегі екі миллион және де өте шұғыл. Оған займдардан алғанын қосып есептесе, шақшадай басы шарадай болады.
Не істеймін? Күнде өзіне қояр сұрағы осы. Таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін телефонына тыным жоқ. Банктен хабарласып, несиені төлеу мерзімінің өтіп кеткенін ескертеді, шағын несие берушілер қоңырау шалып туысқандарыңа айтамыз деп қыспаққа алады, оған қоса әне-міне берем деген жақындарынан алғаны бар. Банк картасы да бұғаттаулы. Бұл күйге қалай түсті? Не істемек керек?
Ол түнді ұнатады. Миы сәл де болса тынық. Таңмен ерте оянады да, жұмысына жиналады. Ұйықтарда ойлайтыны «қалай құтылам?» болса, оянғанда да сол сұрақ. Армандаудың өзінен қорқа бастаған, қиялына шектеу қоя бастаған. Ойындағы шырмауықтарының кесірінен айналасын аңғаруды, тіпті түзу жүруді ұмытып қалған секілді. Еңсесі түскен, еңсесімен бірге иығы да салбыраңқы тартады. Әйтпегенде, жүрісі, болмыс-бітімі қаққан қазықтай еді. Аққудай нәзік, мақтадай ақ, талдырмаш қыздың өң-әлпетінде де өзгеріс бар секілді. Көзінің айналасына ұсақ сызықтар пайда болып, әжімге жол салғандай еді. Бірақ кеудесіндегі бір үміті, құдайға деген сенімі сөнген емес. Жатса, тұрса тілейтіні абыройлы жол, ата-анам біліп қоймаса екен деген үрейлі үміт.
Біліп қойса не болмақ? Оңай деймісің, мектепті үздік оқып, колледж бен университетті қызыл дипломға бітірген, педагогика ғылымдарының магистрі деген аты тағы бар. Үнемі алда жүретін, тәрбие мен танымы үйлескен, өз ортасына сыйлы, жайдары мінезді арудың мұндай шарасыз күйге түсуі тіпті оғаш көрінеді екен. (Тіпті, бір кездері сыпайы да шынайы жымиысы үшін жұмысқа алынып еді-ау.) Көп қателесіпті. Олар қыздарына сеніп отыр ғой. Сенім... ең жылы, ең күшті, ең жауапты нәрсе. Селкеу түспесе дейді, сертінен таймасам дейді.
Бұл бойжеткеннің басындағы ғана мәселе емес, қоғам дертіне айналған түйін. Айлықтан айлыққа жете алмай қарыз сұраған ел. Аяқ бассаң жұмыс шыға келетін дамыған заманда қарызбын деу бір есептен ұят, бір ойдан кешіріміді. Әркім өн бойынан өткен нәрседен ғана сабақ алады екен. Студенттер де күнімен оқып, түнімен еңбектенеді. Содан да көбінің не сабағы тәуір емес, не табысы мол емес, екі ортада сенделіп жүр.
Қарызды алғанда бере алмай қалам деп ойламаған. Жағдай солай болды делік мұндайда. Әкесі үнемі «қарызды беруге асығу керек» деп айтып отырады, ал бұл болса... Хадисте үш нәрсеге: біріншісі – намаз уақыты келсе, оқып тастауға; екіншісі – қыз бала бойжетсе тұрмысқа беруге; үшінішісі адам қайтыс болса мәйітті жерлуге асығыңдар дейді ғой. Төртінішсі қарыздан құтылу, шамасы.
- Көңіл-күйіңіз жоқ қой, біреумен ұрсысып келдіңіз бе? – деген дауыстан есін жиды. Қараса, бойы ортадан жоғары, ойнақы көзді, қара торы бала екен. Әлгі, атақты хого сорпасын дайындаушы осы. Аты Өркен, Қытайдан, Алтайдан келген қазақ.
- Жоқ, жұмыстан шыққам, – деді сылбыр ғана. Подработкаға келгем.
- Ол не деген сөз сонда? – деді Өркен. Өзі ойындағысын ашық айта салатын, аузы бір тынбай сөйлеп жүретін жігіт.
- Қосымша жұмыс қой. Негізі мұғаліммін, – деп ақталуда. Бастапқыда сұрасын, сұрамасын елдің бәріне солай айтатын. Өзінше өзгелер төмен қарамасын деген ой. Кейіннен ол ойынан өзі жиіркенді. Сұрамағандарға сөз жұмсамайды.
Мұнда бәрі қарапайым болып шықты. Басшылары да, аспаздары да, басқалары да жылы қарсы алды. Қытай тағамдарын дайындайтын мейрамхана екен. Келген тамақтанушылар үстел басында отырып, электронды пеште өз тағамдарын өздері пісіріп ішеді. Сонысымен қызық та, сонысымен ерекше.
Ауыр-ауыр шыны, тәрелкелерді, теміс тостағандарды бірінші қабаттан келетін лифтен тасумен уақыттың қалай тез өткенін аңғармай қалады. Жылдамдық маңызды рөл атқарады. Бұл болса баяу қозғалатын, ептілікке де еті үйренді. Аяқтан тік тұратын жұмыс күнінен кейін үйіне кіре сала жуынып, мұрттай ұшады.
Мұғалім екені рас. Астанаға осы жылы тамызда көшіп келді. Қыркүйекте институтқа жұмысқа орналасты. Қаржылай қиындықтары болған соң, қосымша жұмыс қарастырып жүрген. Істей қояйын десе, уақыты сәйкес келмей дал болған. Бірде үй маңындағы жаңадан ашылған мейрамхананың жанынан өтіп бара жатып, «даяшылар мен ыдыс жуушыларды жұмысқа шақырамыз» деген жазуды көзі шалып қалып, кіре салған. Олар да қазір орын жоқ, босаса айтамыз деп қайтарған. Жақсысы, кешкі бестен түнгі он бірге дейін істеуге болатын көрінеді және жалақысы да жаман емес. Бір күні институтта жүргенінде хабарласып, кешке келіңіз деп шақырды. Қуанғанын-ай! Шын қуанды!
Кешкі жұмысқа бірде үлгерсе, бірде кешігеді. Кей күндері сабағы жай бітсе, бара алмай қалады. Ара-тұра болса да табылғанына риза. Мұнда еңбек ақысы күнделікті төленеді екен. Бастапқы күндері сіңлісінің есепшотына аудартып жүрді, кейін өзінікі де бұғаудан босады-ау...
Мейрамхана ыдысын жуып-шаятын кісіге ас бөлмесінің еденін де тазарту міндеттелген. Көнді. Сол баяғы көп сөйлемейтін бұйығы қалпы бәрін істеп-ақ жүр. Десе де, қыз баласы үшін ауыр жұмыс. Алғашқы екі күнде екі түрлі әйел адаммен ыдысты бірге жуды. Адамдар хого сорпасы секілді екі түрге бөлінеді. Бірінші күні істеген әйел мейрамхана тамақтарын, жұмысшылар мен меңгерушілерді, қала берді бастықтарын мақтап әлек болды. «Жұмыстары өрге бассын, жақсы адамдарға құдай береді» деп тілеуін тіледі. Екінші күні ол ксіге мүлде кереғар, бәрін жамандаушы әйелмен істеді. Шынында, адамның сөзі мен көзі, іс-әрекеті оның жан дүниесінің айнасы болса керек.
* * *
Ол көп жылады. Бір Аллаға жалбарынды. Ешкімге сыр білдірмеуге тырысты. Талай рет өзін тастап жібере жаздап, қайта күш жинады. Мұндай қиын сәтте өзіне өзі ғана көмектесе алатынын түсініп, соны сұрай берді. Қаншама рет өзін жерден алып, жерге салды. Бірақ одан мәселе шешілмеді. Көзі бар мүмкіндіктерді көрмеді. Санасы белгісіздік әлеміне, тығырық әлеміне ене бастады. Жүрегінің қалай сыздағаны, жанының қалай ауырғаны тек оған аян. Жан сырын ешкімге айта алмады. Ұялды, қысылды.
Йогамен айналысқанды жаны сүйетін, мойыны жар бермеді, ерте тұрғанды ұнататын, оянғысы келмеді, саяхатты жақсы көретін, жылжығысы келмеді. Серуенді ғана тастамады.
Құзар шыңның басында жалғыз қалып қойғандай. Көз ұшында бұлдыраған сағым көлеңке тартып, күңгірттене түскенде жарық сәуле болған жалғыз шырақ – үміт еді. Келер күнге деген, болашаққа деген сәуле.
Қоныс аударуға себеп болған кенже сіңлісінің оқуға түсуімен байланысты болды. Мемлекеттік гранттың дәмі тартпаған соң, ақылы оқытуға бекінген. Солай болуына ортаншы сіңлісі көбірек әсер етті. Ол өзі ұнатпаған мамандықта оқыған соң, дәл солай қайталанғанын қаламады. Жұрттан қалмасын деді. Отбасында үнемі жаңашылдыққа жетелеп, тәуекелге жиі бел буатыны да сол. Бір үйдің үш қызы, ата-анасының үш гүлі осылай алыс та болса жақын, жақын да болса алыс өмір мектебіне аттанды.
Өмір де хого сорпасына ұқсайды. Сиыр етінен дайындалатын ащы сорпа қым-қуыт тіршіліктің қышқыл тұстары, қиындығы мен қаталдығы сияқты. Теңіз өнімдерінен дайындалатын ақ сорпасы тағдырыдың оң беткейін, қуанышы мен шаттығын бейнелейтіндей. Екі түрлі сорпаға да қосылатын дәмдеуіш, тұздықтары, бок-чой, картоп, саңырауқұлақтары әр күнімізге мән бітіріп тұратын көмекші іс-әрекеттер іспетті. Сорпаны қайнатқандай біз де осынау алып ғаламда арпалысып күн кешіп, біте-қайнасып жатамыз. Тек біздің өміріміздің хого сорпасының дәмі қандай болатынын алпыс екі тамырымызда ойнап тұрған ыстық қанымыз суығанда ғана білеміз. Тіршілік оты сөніп, сорпаның буындай жанымыз көкке ұшқанда ғана бізге «ол осындай болған» деп баға бере алады. Адам баласы оған дейін мың құбылып, жүз өзереді. Өмір сорпасына түрлі қоспаларды қоса береді, қоса берді. Қазақ мұндайда «Ержігіт бір терінің ішінде неше арып, неше семіреді» дейді.
Көп күттірген оқытушылық жұмыстан айлық жалақысын да алды ақыры. Шаруасы реттеліп келе жатқандай. Жаны қысылғанда ломбардқа апасы сыйлаған жалғыз алтыны мен нан табары – ноутбугын да өткізген.
2016 жылы алған ескі ноутбуктың құны жиырма мыңға ғана бағаланса да, бойжеткен үшін баға жетпес қазына еді. Оның да қандай қиындықпен келгенін біледі ғой. Айлығы түсісімен бірден ноутбугын қайтарып алды. Сақинасы әзірге сонда, оны да алар. Ең бастысы өмірді қайтадан сүйе бастады. Ақшалы болғаны үшін емес, аспаны ашық болғаны үшін; ең соңғы үміті үзіле жаздағанда құдайдың жаңа бір тосынсый дайындап, жақсылыққа жол ашатыны үшін; айналасы толы жақсы адам болғаны үшін сүйе бастады. Небір қорқыныш пен үрейдің тек өз ішінде күресіп жатқанын, жүрек тынышығын қалайтынын, оны орнатуға сабырдың керектігін түсіне бастады. Жаратушы мейірімінің шексіздігін сезіне бастады.
Жаңбыр жауады, аспанды бұлт торлайды, бірақ артынан жадырап күн шыққанда бәрі де ұмытылады. Қиындықтар адамның басында мәңгі қалмайды, бақытты сәттер де үздіксіз емес. Алма-кезек аусып отырады. Түймедақтың күлтесіндей желге бетін тосып, ауа райы салқындаса да, ыстық болса да күндіз көктегі жарық сары алтынға, түнде төбедегі күміс табаққа сыр шертіп мықты қалпын сақтап қалу – адамдық борыш. Неге болса да төзім керек. Хого сорпасының дайындалуын да ыждаһаттылықпен күте білу керек.
Сіздің хого сорпаңыздың дәмі қандай болды?