Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Дүрбітөбе
91
оқылды

Бүркеншік аты: Б.Жансүгір

 

Дүрбітөбе

(Очерк)

 

Бұл – самырсыны самсаған, қарағайы сыңсыған Марқакөлдің маңында  өмір бойы желдің өтінде, елдің шетінде, шекараның шебінде ғұмыр кешкен Асқар ақсақалдың басынан өткен өзгеше кейіптегі баян. Былайғы өмірде көпке қадірлі, әрлі-берлі өткен ел ат басын бұрып, арнайы сәлем бере кететін қазыналы қарияның жұрт білмейтін бір қыры, ол – өкімет сеніп тапсырған құпия қызметі еді. Дәлірегі – штаттан тыс шекара барлаушысы. Жұрт үшін ел шетін қорғап жүретін «халық шекарашысы». Алайда ол белгілі бір мекеменің сенімді «көз-құлағы» болған адам-тұғын. Әрине, ол кісі қазір бұл өмірде жоқ соң оның маңызы жоғалды деп барлық құпиясын түгел жайып сала алмаймыз, тіпті солай еттік деген күннің өзінде, әрбір детальды, құжаттық деректі түгел ақтарып, ашу мүмкін емес. Бұл біздің мақсатымыз да емес. Тек ол кісінің басынан өткен екі түрлі оқиға ғана.

 

Үш қазақ

Жаздың жаймашуақ бір күні Асқар қария таң қылаң бере ала атына мініп, Алтайдың ақбас тауын бөктерлеп жотаға өрлейді. Қария тау басына жетпей, үйреншікті бір жықпылға ала атының ауыздығын шығарады да, тұсауын салып, өзі жаяулап Дүрбітөбеге жетеді. Төңіректі барлай-шолып (дүрбімен) отырған қарияның қырағы көзіне үш адам түседі. Киім киісі бөтен, іс-әрекеті күдікті көрінген соң, күні бойы олардың әр қимылын қақпақылдап жата береді. Ымырт үйірілгенде әлгі үш бейтаныс бір қолатқа келіп, қос тігіп ас қамына кіріскен сәтте ақсақал үстерінен түседі. Маузердің үңірейген ұңғысы олардың зәре-құтын ұшырады. Асқар қария өзі де өте сұсты адам-тұғын. Әсіресе, түксиген бүркіт қабағы, өткір көзі, қаулай біткен қаба сақалы – оны даланың жыртқыш тағысына ұқсататын. Қапияда басып қалған «сақалды жауға» қайран қылып, құтылмасын білген үшеу шарасыз беріледі. Үлкендеу біреуі күбірлеп тіл қатпақ болып еді, қария зекіп тастаған. Сонымен үшеуінің қолын артына байлап, алдына салып айдап, үйіне алып келеді.

Асекеңнің үлкен ақбоз үйінің қасында бес қанат қосалқы үйі бар еді,  әлгі үшеуді сонда енгізеді. Қолдарын шешіп, жайғастырады. Қонақтарда үн жоқ, өң-түстен жұрдай. Қосалқы үйге бөтен ешкім кірмейді, тек кемпірі алғаш кіріп келгенде бөтен адамдарды көріп, тіксініп қалған. Көзінің қырымен қарай жүріп, дастарқан жайып, сырлы тегенеден сапырып зерен толы қымыз ұсынған. Бір заматта Асқар қария тоқты жетектеп үйге кіреді, қол жайып бата сұраған. Төр жақта отырған мосқалдау біреуі қысқа ғана бата мәзіретін жасайды. Бірақ аң-таң. Тұтқынға түсіп отыр. Әйтесе де, жүзінде биттей жылауы жоқ әлгі шал бұларға малға бата істетті. Бейтаныс қонақтар күні бойы кенезесі кеуіп шөлдеп келсе де, көмейлеріне тас тығылып қалғандай, сұғынып сусын да іше алмайды.

 «Мына шал тамаққа әбден тойғызып алып көретін болды» деп түйген ортада отырған қырық жас шамасындағы біреуі. Ал Асекең нағыз қасапшының өзі, әп-сәтте тоқтыны бұтарлып, етті қазанға түгел салғызған. Үй ішінде ләм деген үн жоқ. Бұл үнсіздік үшеудің үрейін онан бетер үдете түседі.

Асекең өзі де бел шешіп, малдасын құрып жайғасқан сәтте ғана гүр етіп тіл қатады:

– Қымыз алыңдар, түге, – деген күн қақты кепесін шешіп жатып.

Бұлар тілін жұтып қойғандай. Болар болмас «рақмет, іштік» дегендей болады.

– Ал, жігіттер, жол болын! Байқаймын, бұл жақтың адамы емессіңдер. Қайдан, не шайтан қуып келген адамсыңдар, – деп, қария «тергеуін» бастады.

Жөн сұрасады. Үлкені – Әден, інісі – Бәден, ал үшіншісі Әденнің баласы – Қарқын деген екен. Руы – найман – жарболды. Десе де бұлар қоян бұлтаққа салып, «адасып кетіппіз», «байқамай шекарадан бері өтіп кетіппіз», «жоқ іздеп жүр едік» дегендей құйдай өтіріктеріне қария қатты қаһарланады.

– Ау, исі мұсылман емессің бе, өзің бірге туған Жарболды екенсің, неге сөздің расын айтпай, рабайсыз қылық танытып отырсыңдар? Мен сендердің нені өтірік көкіп отырғандарыңды жақсы білем! Мына белді ассаң, иек астында әскери пост тұр. Ұстатып жіберсем... – дей бергені сол екен, олар жалбарынып қоя берді.

– Исі бір қазақпыз, шыбын жанымызды қиыңыз. Егер олай істесеңіз, олар бізді Қытайға тапсырады. Ал Қытайдың законында адамшылық, аяушылық деген жоқ, екі сөздің біріне келмей атады да тастайды, – дейді мосқалы кемсеңдеп. Алайда Асқар қарияның жүзіннен де биттей аяушылық байқалмайды. Тек кемпірі ғана шалына бір, жалбарынып отырғандарға бір жаутаңдап қарап қойғаны болмаса. Жас тоқтының еті бір бұрқ етіп, дастарқанға келеді.

– Ал әуелі, ас ішіп, әлденіп алайық. «Аш адамнан ақыл сұрама» деген, сондан соң пешенелеріңе жазғанын көресіңдер, – дейді қария.

Ет жеп, сорпа ішіп болған соң, Асқар қария көп ойланып отырған жоқ:

– Жігіттер, сендер күні бойы біздің жерден мия тамырын қаздыңдар, асыл-жаһұт тас тердіңдер, бәрін-көріп біліп отырмын. Өтірігіңді айтсаң да, өлердегі сөзіңді айтың, жетті. Қаны бір қазақсың ғой! Бір жолға кешу болсын! Қазір мен сендерді, шекара тұсына жеткізіп тастайын. Бұдан кейін көзіме түссеңдер, айтпады демеңдер!

Тұтқындар бұл сөздің шыны қайсы, өтірігі қайсы сенбей, бір-біріне үрпиіп-үдірие қараған. Тек жетер жерге жеткенде ғана шалдың аяғына жығылып, үшеуі бар білген алғысын жаудыра берген.

– Мен сендерді, сендер мені көрмедіңдер, ағайын. Ал қош-аман болыңдар! – деп, қария қара түнге сіңеді.

Бұл – Асқар қарияның қызметінде бір рет істеген «қылмысы» екен.

 

Жеті дүнген

Масатыдай құлпырған Марқакөл маңындағы «жеті дүнген оқиғасы» көпке дейін аңыз болып айтылып жүріпті. «Тауы да алтын Алтайдың, тасы да алтын, ескен желі Сауырдың қоңыр салқын» деген сөз бекер айтылмаған-ды. Салқын әрі алтынды үйек. Кезінде атақты Әбілпейіз сұлтанның  ұрпағы Әжі төре таудан ағатын бұлаққа қойдың жүнін тастап қояды екен де (таспен бастырып) күзде су тартылған кезде жүнді жинап алып, кептіріп арасынан ұсақ алтынды екшеп алыпты деген дерек бар, бұрынғылардан жеткен. Мұны бір кезде белгілі жазушы Таласбек Әсемқұлов ағамыз да тәптіштеп тұрып жазып еді.

Ертеректе сол маңда Алтыннауа деген жерден (Қазақия жері) жеті дүнген алтын сүзіп жатқан жерінен қолға түсіпті. Бұларды қолға түсірген сол маңдағы шекарашылар екен. Екі сержант, алты шерік. Олардың ішінде тек екеуі ғана қазақ (қатардағы әскер) көрінеді, қалғаны орыс-орман әртүрлі. Сонымен бұлар жеті дүнгеннің алтауын көгендеп байлап тастайды. Тек біреуі 8-9 жас шамасындағы маңқасы аққан бала екен, оны «не қылар дейсің» деп қол-аяғын бос қойыпты. Бір емес, жеті шекара бұзушыны қолға түсірген әскерилер есі шығып қуанады. Екі сержант қанжығасындағы шишаларын шығарып, бұл жеңісін тойлауды бастап кетеді. Екі әскерді постқа жібереді, заставадан арнаулы мамандар мен бастықтарға жедел хабарлама беріп, оқиға орнына келтіру үшін.

Ал бұлардың бүкіл әрекетін сыртынан бақылап жүрген Асқар қария жақынырақ келіп, тың-тыңдапты. Екі сержант, екі әскерге бір, тұтқындарға бір ән салғызып отырған көрінеді. Сөйтіп бұлар алма-кезек ән айтып, ырғын-жырғын болып жата береді. Асекең тұтқынның әнін біраз тыңдайды да дереу үйіне қайтып кетеді...

Түннің бір уағы болады. Алтай таулары жаз болса да салқан. «Ескен желі Сауырдың қоңыр салқын» деп айттық қой. Бәрі бір-біріне тығылып, бұйығып ұйқыға кетеді, тек екі әскер қана кезекпен күзетте тұрады. Түн ауа күзеттегі әскердің 5 минут көзі ілініп кетеді, кенет дүр еткен дауыс шығады, көзін ашса, қарауылдап тұрған тұтқындардың бірі де жоқ, мұндай желаяқ болар ма, айқалайлап жанындағыларды оятқанша олар тоғайға кіріп, ізім-ғайып жоқ болып кетеді. Сөйтіп, алты әскери тұтқындардың жұртын сипап қалады. Артынан қуғанымен ұстау қиын, одан әрі жүрсе Қытай шекарасы тұр, басқа емес әскерилер қаруымен бөтен елдің шекарасына баса көктеп кіре алмайды, онда тіпті іс насырға шабуы мүмкін. Сөйтіп аңырып тұрғанда шығыстың таңы атып, орталықтан шақыртқан бір топ адам жетеді. Тұтқын түгіл түгі жоқ, сопа бастары салбырап бұлар тұр... Орден-медаль алып, шен-шекпеніміз өседі деп тұрғанда ұйқы дұшпан орға жықты. Бұлар өстіп тұра берсін, ендігі сөзді Асқар ақсақалдан тыңдаңыздар.

Бір-екі ән тыңдап, дереу үйіне қайтып кеткен қария қасына барымта-сырымтаның талайын көрген, екі жырынды жігітті ертіп, бір жықпылға ертерек жетіп, қару-жарағын сайлап, жата береді. Таң сыз бере жеті дүнген дәл сол жерге үздік-создық жетіп, ентігін басып тұрғанда үшеуі үш жағынан қару кезеніп шыға келеді. Қашқындар аң-таң болып, тұрып қалады. Дереу қол-аяғын қайыс арқанмен байлап, постқа алып жүреді. Келсе әскери посттың маңы у-шу, орталықтан келген оқалы киім киген шенділер жазалайтынын жазалап, шенін алатынын шенін алыпты. Екі сержант істі болып, олар кеткен. Ал жеті дүнгенді алдына салып айдап әкелген Асқар қарияны орталықтан келген оқалы генерал арқасынан қағып, бірден (жанына ерген екі серігімен қоса) марапаттап, жарқыратып кеудесіне орден тағады. Бір әредік генерал қарияны жеке қабылдап, бір қауым уақыт сөйлесіпті. Ол жерде не айтылғанын ешкім білмейді... Тек қария тұтқындарды қалай ұстап алғанын ғана сұрағандарға былай баяндап беріпті.

Жеті дүнгеннің ішіндегі үлкен біреуі ән айтып отырғанда, олардың түнде қашатынын ұғады. Өйткені қария жас кезінде арнаулы оқу-жаттығудан өткен, қытайшадан аз-кем хабары бар болып шығады. Тұтқындардың үлкені жанындағыларға қытайша ән айтқан болып, кеңес беріп, жоспар құрады. Жанындағы балаға айтыпты: «сен жаныңдағы адамның қолын шешесің, ол жанындағының қолын шешіп жатқанда сен оның аяғындағы жіпті шешесің, сөйтіп жалғастыра бересіңдер, қарауылдағы шерік сәл көз ілген кезде мен белгі беремін, сол сәтте тоғайға қарай бытырып-тарап қашамыз, сол күйі Қытай шекарасына қарай баруға болмайды, тоғайдан өткен соң солға жүрсеңдер қаға беріс тұмсықта үлкен жартас бар, соның түбіне жиналамыз, одан ары жоспар құрып, елге қашамыз» дейді. Қария олардың осы «кілтін» тауып қойған.

Бұл – Асқар қарияның басынан өткен көп шытырман оқиғасының бірі ғана...

 

***

1995 жылы, күндердің бірінде қария аудан орталығана барса, бір жас жігіт жүгіріп келіп сәлем береді:

– Ақсақал, мені таныдыңыз ба, – депті тісі ақсия күліп.

Қария қапелімде жыға тани қоймаса да шырамытады, бір көрген бала.

– Осыдан біраз жыл бұрын, үйлеріңізде құдайы қонақ болып, бір тоқты жеп кетіп едік. Жарболды Әденнің баласымын, – дейді.

Ақсақал шыт жаңа амандасып, Әден мен Бәденнің аман-саулығын сұрып:

– Айтпақшы сен мұнда қайдан жүрсің? –  дейді.

Сөйтсе, Қарқының Қытайдан елге көшіп келіп жатқан беті екен. Әкесі Әден қайтыс болыпты, ал Бәденді қытайлар түрмеге қамаған көрінеді. Содан Қарқынды Асқар ақсақал ауылына шақырып, ерулігін беріп, еншісіне бір ұрғашы тайыншасын атап, қамқорлығын аямапты, тіпті бір отауындай болып кетіпті. Мен бұл оқиғаны Қарқын ағаның өз аузынан естідім, қазір елуді еңсеріп қалған ел ағасы болып отыр екен. Ал Асқар қария бертінге дейін өмір сүріпті, 94 жас жасап шөбере-шөпшегінің алқауында өмірден озыпты. Өлеріндегі жалғыз өсиеті: «сүйегімді Дүрбітөбеге жерлеңдер, өлсем де елімнің шетін күзетіп жатайын» депті. Дүрбітөбенің басындағы жалғыз бейіт сол қарияның мәңгілік дамыл тапқан жері екен, оған да аялдап бет сипаудың реті келді.

Осылайда үн-түнсіз жүріп, ел шетін қорғаған, жақынына жанашыр, жауына қатал Асқар ақсақалдың туған немересі Айбат Асқаров та бүгінде ата жолын жалғап ҰҚК шекара қызметінде айбыройлы қызмет атқарып жүр.