Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Бейтаныс
104
оқылды

 

Бүркеншік аты: Ерсейіт НАР

 

Бейтаныс

(романнан үзінді)

 

Бірінші тарау

Қармақ

 

Қатардағы журналист боп жұмыс істеп жүргенде де, былайғы шығармашылық ізденіс кезінде де жазуға татитын жаңа, тың материалдарды тіміскілеп іздеп жүретінім жасырын жай емес. Сондай сапарлардың бірінде Петропавл қаласына жолым түсті. Бұрын-соңды аяқ басып көрмеген, солтүстіктегі орыстанып кеткен өңірлердің бірі ретінде онша назарым түсе де қоймайтын алыс түкпір. Сондықтан да өзім ынталанып барған жоқпын, жұмыс орнымның жұмсауымен, тілшілік қылып бардым.

Бұл қаланы алғаш көргенімде Қазақстандағы басқа қалалардан айырмашылығы жоқтай көрінген. Оған себеп Совет кезеңінен қалған бес, тоғыз қабатты ескі үйлердің көптігі болса керек. Бұл үйлерді Хрущевтің шешімімен салынғандықтан “Хрущевка” деп атайтынын білетінмін. Балкондары шіріп, қисайып, айғыз-айғыз боп тұратын үйдің сыртын көргеннен-ақ, тозған, күңгірт кіреберістері көз алдыма елестеп, есікті аша қалғаннан қолқаңды қабатын ит-мысықтың шуашының иісі мұрныма келеді. Тар, қолайсыз бөлмелері, еңсеңді басатын аласа төбесі, күңгірт терезесі, ескі жиһаздары (өйткені жаңа жиһаздар сыймайды не сәйкес келмейді) — бәрі бұл үйдің сыйқын онан әрмен қашырып тұрады. Кезінде әр совет отбасында бірден үй болуы керек және бұл үйлер бірінен бірі артық болмауы тиіс деген ұранмен бүкіл Совет одағында “Хрущевкалар” бой көтерген деседі. Үйге сән қосатын, тың тыныс беретін артық әлем-жәлемнің бәрін алғызып, архитекторлық шешім атаулыдан жұрдай, яғни жеке болмысты барынша құрықтайтын, осындай сұп-сұры сұрқай түстегі үйлер пайда болыпты. Беті-қолды жууға 50 сантиметр, душқа түсуге жетпіс, дәретке отыруға алпыс — әр милиметріне дейін өлшеніп, орталықтан бектілген біртұтас жоба. Біреу артық, біреу кем болмауы керек, өйткені совет адамының бәрі тең, бірдей. Газет беттерінде бұл үлкен жетістік ретінде жарнамаланып, әр отбасының орындалған арманына айналған. Ал қазіргі күйі мынау.

Әрине, қалаға ішкерлей кіріп, көшелерді аралап жақсы таныса бастағанда байқайсыз, бұл қала тек “Хрущевкалардан” ғана тұрмайтынын. XVIII ғасырдың орта тұсында Ресей қазақ жерін жағалай салған бекіністерін әрі қарай жылжытып, далаға ендеп кіре бастайды. Сол кезде осындағы Қызылжар деген қоныстың маңынан Петропавл бекінісін салған. Бұнымен қатар Кіпитан, Мамлют, Дубровное секілді басқа да бекініс, қамалдарды салып, тұрақты атты казактарды орналастырады. Бұлар түгел ащы көлдердің жағасынан салынған бекініс болған соң бұл бекініс сызығы “Горькая линия” деп аталады. Ол кезде Абылайдың тірі кезі, шаңды жорықтың заманы, солтүстік шекараға назар салуға мұрсат жоқ. Орыс үкіметі бұл әрекеттерін жоңғарлардан қорғану мақсатында жасап жатырмыз деп жасырып-жабады. Шын мәнінде бұл Жоңғардың әбден әлсіреп тоз-тозы шыққан кезі болатын. Осы бекіністердің бойымен пошта, әскерлердің азық-түлігі, қару-жарағы жүретін болған. Ал қазір тура осы сызықпен үлкен күре жолдар түскен, анау бекіністер үлкен-үлкен орыс ауылдарына, кейін аудан орталықтарына айналды. Қазақтар осы бекіністердің маңына жақын келіп сауда-саттық жасаған. Петропавлды үлкен орталыққа айналдырған да осы сауда-саттықтың арқасы болса керек, мұнда татар, орыс көпестері көптеп келіп, қызыл кірпіштен, ағаштан үйлер соғып, бірте-бірте қалаға айналыпты. Ал сол ескі үйлердің көпшілігі әлі күнге тұр. Тіпті қаланың отыз пайызы осы көпестер салған ескі үйлерден тұрады. Бұл үйлердің ең ескісі екі жүз жылға жуық уақыт бұрын салынған. Соңы өткен ғасырдың жиырманшы жылдарына келіп тіреледі. Бұл кезеңде, әрине, қазақ байларының да үлесі бар.

Қала Қазақстанға тиесілі екенін көшедегі жазулардан, көше атауларынан, тулар мен таңбалардан, мәдени орталықтардан аңғаруға болады. Болмаса көшедегі жүргіншінің көбі орыс, аз қазақтың да біршамасы тек орыс тілді. Бұл қалада “қазақша неге білмейсің, неге қазақша сөйлемейсің?” деп ешкімді ұялта алмайсыз. Олай десеңіз өзіңіз ұялып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан қалай бар, солай қабылдап жұмысымызды жүргізе бердік.

Бұл қалаға алғаш жұмыс жайымен келген едім. “Хрущевкалардың” бірінен пәтер жалдап жаттым. Қаладағы музейлер мен өзге де тарихи жерлерді аралап, сұхбат алып, қаламен біршама таныстым. Ол кезде жаңа үйленген кезім, бір жағы бал айы сынды саяхат болсын деп әйелімді де ерте келгемін. Командировканың ісінен бос уақытымда бірге қаланы қыдырып, кафелерге барып, дүкендерді араладық. Былайынша кісіге жайлы, шағын қала, негізгі мәдени орындар түгел дерлік орталық тұсында орналасқаны бізге үлкен жеңілдік болды. “Қазақстан конституциясы” деп аталатын ұзын көше басынан аяғына дейін жаяу жүргіншілерге арналған тратуар. Көшенің екі шеті жағалай ағаш, ортасында гүлдер отырғызылған, бұндағы үйлер де тек көпестер салған ескі ғимараттар. Соған қарағанда қаланың ең алғашқы көшелерінің бірі болуы керек. Орталық алаң да, кітапхана, музей, әкімшілік ғимараттары да осы көшенің бойында орналасқан. Осы көше арқылы орталық баққа кіруге болады. Бақ қалың қарағайдан тұрады, ішкерлей кірсеңіз түңкелі орман секілді көрінеді. Осы бақ ішінде Мағжанның әкесі Бекеннің және басқа да көп қазақтың сүйегі жатыр деседі. Бірақ қай жерде жатқанын ешкім нақты білмейді. Бекен Жұмабайұлы осында жатыр деп бір тұсына белгі орнатып қойған. Менің бір білетінім, бұл бақта Әлихан Бөкейханның досы болған, алаш қамқоршысы, Қарқаралы өңірінің атақты байы Ақайдың Хасенінің де сүйегі жатыр. Алайда, бүгінгі таңда бұл әруақтардың сүйегі нақты қайда жатқанын табу мүмкін емес. Қала туралы сол кезде алғашқы білгенім осы ғана болды.

Сол күндердің бірінде, пәтерден жалғыз шығып, іргеде тұрған дүкенге кіріп-шыққаным бар. Сол жолы ойда-жоқта бір адамды көшеден кездестірдім. Көше бойындағы бір түп теректің арасынан шығып, аспаннан түскендей кенет пайда бола кетті. Бұл өзі бір қарағанда әлдебір таныс, таныс болғанда да жақын адамымдай көрінген, ал келесі сәтте мүлде бейтаныс адам екенін аңғардым. Ол да маған әуелгіде жақын адамша қарап келе жатты да, кенет кілт тоқтады. Әдетте біреуді біреуге ұқсатып, шалыс танып қалатын жай бәрімізде болады, бірақ екі адам бірдей бірін бірі жақын адамдай көруі — кездесе бермейтін құбылыс болса керек. Әлгі кісі үстіне жолағы бар су жаңа қара костюм киген, қолына былғары сумка ұстапты. Шамасы кәсіпкер не шенеунік болуы керек. Кілт тоқтады да, бетіме үңіле қарап біраз тұрды.

— Извините, мы знакомы?— деді сосын.

— Кажется нет,— дедім орыс тілді танысым болуы мүмкін еместігі бірден есіме түсіп.

— Но, все таки мне кажется, у нас есть много общего…

— Мы оба азияты и… еще казахи, — дедім басқа ортақ ештеңе таппай. Орысшаны тілімді бұрап зорға сөйлеп тұрған соң болар қысылып та тұрмын. “Неге қазақша жауап бермедім?” деп қоямын іштей. Бірақ бір сыйқыр әдейілеп тілімді күрмеп тұрғандай. Бейтаныс бетіме тағы кішкене қарап тұрды да қалтасынан визиткасын алып шықты.

— На, держи, у нас есть что поговорить, — деді. Сөйтті де жөніне кетті. Дал боп мен қалдым. Сасып қалғаным сонша “неге?” деп сұрауға да шамам келмеді. Бар болғаны қолымдағы визиткаға қарап тұрып қалппын. Визитканың бір жақ шетінде әлгі бейтаныстың батпиған басының суреті тұр. Бір жағында аты-жөні жазылыпты: “Василий Ергалиевич Нурмагамедов”.

“Оһ, сорлы” деп ойладым ең әуелі, “Батпиған табақтай бетіңнен басқа қазаққа қатысты ештеңең қалмапты ғой”. Бейтанысты бірден ұнатпай қалдым. Әуелі визитканы лақтыра салғым келді, сосын жыртып-жыртып лақтырғым келді, ақыры қалтама сүңгіте салдым. Жалдаған пәтерімізге қайта келгенде бейтаныс туралы ұмытып та кеткен секілді едім, әйеліме селқос қана болған оқиғаны айтып, визитканы қолына ұстаттым.

— Василий? Қазақ па сонда? Аты неге орысша?

— Кім білсін, сорлы неме…

Кенет қайтадан қаным қайнам, ашу қыса қалды. Сол аралықта әйелім әлгінің фотосына телміріп қарап қалыпты.

— Мынау бір таныс адамға ұқсайды ғой?

— Шынымен бе?

— Иә, бір жақын адамым секілді…

— Ғажап…

— Бірақ танымайды екем, әйтеу біреуге ұқсайтын секілді…

Осы диалогтан соң бейтаныс туралы ой тағы біраз уақыт санамда жүрді. Бірақ оған хабарласуға, өзі айтқандай біраз әңгімелесуге зауқым болмады. “Біріншіден орысшам онша емес, не сұрап қарық қыламын, екіншіден иттің етінен арман жеккөріп отырып қалай сөйлесем” деген ой келді. Сөйтіп бейтаныс туралы ойым осымен тәмәм болғандай болды. Екі күннен кейін Петропавлдан үйге қайтып кеттік.

Арада үш жыл өткенде, бұл қалаға тағы да жолым түсті. Бұл жолы жалғызбын. Мақсатым жазуға татитын бір тың материал тауып қайту. Ең қызығы жолға жиналып жатқанда әлгі бейтаныстың визиткасын тауып алдым. “Василий Ергалиевич Нурмагамедов”. Оқыдым да баяғы жиіркеніш сезімім қайта ояна қалғандай болды. Дегенмен осыған бір қабарласып көрейін деген ынта пайда бола қалды. Жолға шығар алдында пойыз күтіп отырып телефон соқтым.

— Алоо..

— Алоо, я … вы…

— Алоо? Что вы хотите?

— Вы дали мне свою визитку…

— Когда?

Осы сәтте-ақ бекер хабарласып тұрған жоқпын ба деген күмән ойымды билей бастады. Күмілжи бердім.

— Три года назад…

— Где?

— В Петропавле… вы говорили что … у нас есть что поговорить…

— И?

— И все…

— А вы только сейчас звоните да?

— Ну извините, если нет необходимость…

— Не, не, есть еще желание. Где вы?

Мен әрі қарай жөнімді айттым, келе жатқанымды білдірдім. Алдағы бір аптада Петропавлда болатынымды айтқан соң, Василий кездесетін күнді белгілеп, уәдесін берді.

Осылай менің бейтаныспен әңгімем басталды. Бұл оқиға ешкімнің өңі түгіл түсіне де кірмейтін, біреу айтса нанғысыз дүние болды. Петропавлға келіп екі күн жатқаннан кейін, дүйсенбі күні бейтаныспен, яғни Василиймен кездестім. Екеуіміз бақтың жанындағы шағын дәмханада кездестік. Орыс тіліне шорқақтығымды ойлап, қандай сұрақ қоямын, былай десе не деймін деп өзімше бар білетін орысшамды жұптап, дайындық көре бастадым.

— Мен немного выучил қазақша,— деді Василийім аман-сәлемнен кейін. Қуанып қалдым.

— Онда қазақша түсіне бересіз ғой?

— Только аз-аз…

— Оған да шүкір. Сонымен маған не айтпақ болып едіңіз?

— Ааа, ммм… мне кажется… мен сізді білемін, жоқ, сіз мені білесіз… ну как сказать… мы знакомый очень давно деп ойлаймын.

— Қызық екен. Қалайша?

— Недавно мен бір способ нашел, для нашего разговора.

— Қандай?

— Жүріңіз, мен сізді ертіп апарайын.

Ол орнынан тұрды. Мен соңынан ердім. Көлігіне отырғызды да бірнеше көшеден өтіп, қаланың шетіне қарай шықты. “Бескөл” деген жазуы бар тақтаның тұсынан орман ішіне қарай бұрылып, қалың ағаш арасына сүңги бердік. Орман барған сайын қоюланып, арбиған бұтақтар мен қалың жапырақ жолдың төбесін жауып, аспан көзге көрінбей бара жатты. Көңілімді сәл алаң билеп, қорқа бастадым. Мынау әрең екінші рет кездесіп тұрған адаммен қалай еріп кеттім деп өзімді кінәладым. Тағы біраз жүргенде орман мүлдем қараңғылыққа батып кеткендей болды. Жолың екі жағына қарасам қалың орман қымтаған тастай қараңғылықты ғана көрдім. Василий көлігінің фарын жағып алды. Мен оған бажырая қарадым, енді шын қорқыныш басты. Ол жымиып күліп:

— Не бойтесь, қорықпаңыз, аз қалды… кеп қалдық, — деді. Дауысы жұмсақ, ішінен шынайы қамқорлық аңғарылғандай болды да, менің де көңілім орнына түсе бастады. Бір жағынан қандай жағдай болса да сырымды алдырмайын дедім.

— Я не боюсь, — деп қойдым өзімше қоқиланып.

Шынымен келіп қалған екеміз, Василий бір екі қабатты әйнек ғимараттың жанына келіп тоқтады.

— Келдік, пойдемте,— деп өзі көліктен түсіп мені ғимаратқа қарай бастады. Еңсесі биік, үлкен кіреберісте бірнеше күретші тұр екен. Екеуіміздің де үсті-басымызды тексеріп, телефон мен макбугімді, диктафонды, кілт секілді темір заттарымызды түгел сыпырып алып қалды. Бұл заттардан айырылған соң көңілімегі күмән арта түскендей болды. Әсіресе телефоннан айырылу қорғансыз қалғандай сезімге бөледі. Ойыма неше түрлі күдік келіп, шын саса бастадым. “Мүмкін бұлар менің әлде бір ұлтшылдығымды білді ме екен? Жоқ, адамдарды ұрлап Ресейге соғысқа алып кетеді екен деуші еді, мен де солай кетіп қалар ма екем?..” Үй-ішімді, кішкентай қызымды ойлап, өкіне бастадым. Дегенмен, соншалық алаңдайтындай жағдай әлі бола қойған жоқ еді. Бұл ойларымды дәлелдейтіндей әлі ешнәрсе болған жоқ, ендеше сабыр дедім тағы да өзіме өзім. Василийім “пойдем, пойдемнің” астынан алып түкпір жақтағы лифтке қарай бастады. Өзі екі-ақ қабат үйге лифт салғаны қалай деген ой мазалады енді. Лифтке кірген сәтте білдім, бұл лифт төмен қарай түседі екен.  “-5” тен “2” ге дейін жеті батырма тұр. “-3” деген батырманы басып, біз төмен қарай жылжыдық. Мен аузымды ашып бірдеңе деуге бата алмадым да, сырымды бермей үнсіз ере бердім. Лифттен шыққан жерде кең, әрі биік бөлмеге тап болдық. Алдымыздан дәрігерлер киетін ақ халат киген қара сақалды орта жастардағы қазақ қарсы алды. Бұны көргенде тіпті саса бастадым, дәуде болса ішкі органдарымды алмақ болар деген бір жаман ой билей жөнелді.

— Охоо, Қожеке, қош келдің! Әлде Василий деп атайын ба? Ахаха,— деп қарқылдай күлді.

Менің бір қызық мінезім, ішімде қаншама қорқынышты ойлар жатса да, сол ойлар шынайы айқындала бастамайынша еш әрекет жасамайтыным болатын. Василиймен құшақтаса амандасқан Қарасақал енді маған назар салды. Жүзінде ілтипат болғанмен, көзі өткір, өңі сұсты адам екен.

— Ассалаумағалейкум!— дедім сәл ғана сасқалақтап.

— Уағалейкумассалам!— Қарасақал сәлемімді алып, иіле келіп қос қолын ұсынды. Күтпеген бұл ілтипаттан жаным жайлана бастады, — бұл кісі сонда?..— деп Василийге сұраулы жүзбен қарады. Шын мәнінде бұнда не үшін келгенімді өзім де анық білмейтін мен амалсыз Василийдің таныстыруын күттім.

— Тот самый человек. Писатель, журналист,— деді Василий қысқа ғана.

— Өзім де солай ойлап едім. Жақсы, есіміңіз кім болады?

— Айбек Бұлғынбай.

— Менің аты-жөнім Нығымет Ермекбаев. Нейропсихолгияны зерттеген адаммын. Оның ішінде, әсіресе мый қызметін тереңірек зерттеумен айналыстым. Ұзақ жылдық тәжірибенің арқасында жұрт біле бермейтін бір ғажайыпты аштым. Бірақ бұл жаңалығым көптеген адамдарға жақпады, бір жағынан маған мүлде сенбеді. “Сандырақ” деп қаншама мекемелер есігінен қаратпай қойды… жүріңіз, сіз не үшін мұнда кеп қалғаныңызды да білмейтін шығарсыз, мұнда шай іше отырып әңгімелесейік,— Нығымет сөйлей жүріп мені бір жақ шетте тұрған заманауи әйнек үстелдің жанына ертіп әкелді, — Отырыңыз, шай ішесіз бе, кофе ме?

— Шай бере беріңіз…

— Сонымен, сөйтіп жаңалығымды дәлелдей алмай қиналып жүргенде,— деп шайын құя жүріп әңгімесін жалғай берді Нығымет,— Василийге кездесіп қалдым. Мен іздеген адам да осы еді, алғашқы бірнеше ауыз диалогтан кейін-ақ соны аңғардым да, өз жағдайымды айттым, маған тәжірибе жасауға көмектесесің бе дедім. Бұл мақұл болды. Василий осы өлкеде аса үлкен шаруашылықпен айналысады, қаржы жағынан тарлық көрмейді. Сөйтіп осы кісінің көмегімен мынау үлкен ғимаратты жұрттан жасырып, орман арасынан салып, керекті аппараттарды жасап, тәжірибені бастап кеттім. Он жылдай айналысып, ең алдымен осы Василийдің өзін зерттеп ақыры жер-әлемді таң қалдырарлық нәтижеге қол жеткіздім.

Cонда, мен не үшін керекпін мұнда?

— Орынды сұрақ. Мен сізге не зерттегенімді әлі айтқан жоқпын. Соны айтсам сіз түсінесіз… Жас кезімде мен жалпы өзімнің ата-тегім туралы, тарихым туралы қатты білгім келетін еді…

— Онда сізге тарих факультетіне түсу керек еді ғой…

— Әуелде өзім де солай деп ойлап, тарихты көп оқыдым. Көп оқығанда да беріліп, бір кітапты аяқтасам екіншісін тауып оқып, бір дерек көзінен екінші дерек көзіне өтіп, кәдімгі кәсіби тарихшыдай-ақ айналыстым. Бірақ уақыт өте келе көңілім қалды. Неге деп ойлайсыз ғой, иә неге? Себебі, тарихты бәрі өтірік жазады екен. Нақты дерек дегендерінің өзі түгел ойдан шығарылған өтіріктер екен. Біздің ғалым деп жүргендеріміз осы құрша өтірікті жинап алады екен де, жалған қисынға сүйеніп тағы бір өтірікті шығарады, оны келесі біреу одан әрі жалғай түседі. Тарих деген өстіп жасалады. Осыны түсінген күні мен басқа жол табу керек деп шештім.

Нығымет әңгімесін осы жерден үзіп бетіме қарады.

— Сонымен?

— Сонымен таптым. Өз жолымды таптым.

— Ол қандай жол болды сонымен?

— Сіздің естуіңіз бар ма? Реинкарнация дегенді. Яғни өмірге қайта келу, жаңалай өмір сүру дегенді.

— Ахаха, ол енді қиял ғой. Қалай адам қайтадан өмірге келмек?

— Міне, мәселе қайда жатыр? Ең жаманы да осы, біз оған сенбейміз. Сенбегенді қойып, сол қайтадан өмір сүрген адамның өзі өмірге нешінші рет келіп тұрғанын білмейді. “Сен өмірге қайта келген адамсың” десеңіз сенбейді. Біздің арамызда ондай адамдар өте көп. Мен және оны бірден тани кетемін. Сіз туралы да айта аламын, егер білгіңіз келсе…

— Ахаха, жоқ, маған осы өмірім ұнайды. Басқа өмірді қайтейін…

— Мейлі, оны өзіңіз білерсіз. Мен әңгімемді әрі қарай жалғайын. Сөйтіп мен психологияны, кейін нейробиологияны зерттедім. Ақыры тарихты шынайы танудың жолын таптым. Әсіресе біз секілді ұсақ халықтарға, жазба мұралар аз сақталған халықтарға бұл үлкен көмек. Сізге оңай жолмен былай түсіндірейін. Адам көп жағдайда бұрын да өмір сүргенін білмейді. Бірақ оны бір сәтте біледі, ол өлім сәті. Өлім сәті болғанда да ең соңғы жаны бойынан толық шыққан кезде ғана аңғарады. Сол кезде өткен өмірінен есінде қалған барлық ақпарат бір жарық етіп есіне оралады. Біз адамдардың сол сәтін жазып қала алсақ, міне тұтас тарихты оп-оңай біле алатын едік.

— Ол үшін адамды өлтіру керек бола ма сонда?

— Ахаха, жоқ, олай емес, бірақ әуелде мен де осы ойға келгемін. Алайда кісі өлтіру қылмыс, сондықтан қайталай өмірге келген адамды тауып, оның өлімін күтуіңіз керек. Ең алдымен қайталай өмірге келген адамды табудың өзі бір қиямет, оны тапқан соң қашан өлер екен деп күту одан өткен қиямет. Ал өлген адамның соңғы сәтіндегі бір жарық еткен естелігін жазып алу тіпті мүмкін емес. Егер арғы дүниемен байланысыңыз бар адам болмасаңыз бұны жасай алмайсыз да…

— Сонымен, бақсы іздедіңіз бе, әлде періштелермен тілдесудің жолын таптыңыз ба?

— Ахаха, жо, жоқ. Мен ең әуелі мыйдың өлер алдындағы соңғы сәтін жазып алатын аппарат ойлап таптым. Одан кейін миды уақытша өлім халіне әкеліп, қайтадан тірілтіп алатын жолды ойлап таптым. Мұның барлығы теорея жүзінде жобаланып, әрбір ұсақ деталіне дейін миымда сайрап тұрды. Сөйтіп жүргенде Василийге кездестім. Оған жоспарымның бәрін жайып салдым. Василий өзінің үнемі бір түрлі түстер көретінін, тым ерте уақытта өмір сүрген секілді сезінетінін айтты. Бұл жақсы құбылыс. Өйткені өмірге қайта келген адамның бәрі бұлай сезіне бермейді. Ал бұл сезіп тұр. Ондай адаммен жасалған тәжірибе сәтті шығатыны сөзсіз.

— Сонымен Василийді сөйлеттіңіз бе?

— Жо, жоқ, атай көрмеңіз. Мен адам өмірін бірден қатерге тігетін ақымақ емеспін ғой. Бұл тәжірибені ұзақ жыл жануарларға жасадық. Ең бастысы миды өлтіріп қайта тірілту. Қазір бұл жағынан жүз пайыз сенімдіміз. Осы отырған сіздің де миыңызды әп-сәтте өлтіріп, қайта тірілтіп ала саламыз…

— Мүмкін болса, мені мысалға келтіре бермесеңіз жақсы еді…

— Эхехехе, жоқ, рас айтамын, түк қиындығы жоқ.

— Онда мен кете бергенім жөн шығар…

— Жақсы, жақсы. Айтқаныңыз болсын, сізге тиіспейін. Енді сіздің не үшін осында келгеніңізді айтайын. Сіздің мұнда келу себебіңіз, осының бәріне куә болу. Василийдің естелігін жазып алу, тұтас әлемді таңқалдырарлық жаңалықты жариялау… Неге мен таңдалдым деп отырсыз ғой, біріншіден, Василий сіздің тарихшылардан сұхбат алып жүргеніңізді көріпті; екіншіден, өз интуициясына сүйеніп сізді осы ақпаратты тарата алады деп шешіпті. Неге, қалай… оны мен білмеймін.

Мен Василийге қарадым. Ол жымиып күлді де төмен қарады. Сонда ғана түсіндім. Василийдің өзі әйелім екеуімізді қатар тұзаққа түсірген екен. Ол бізге аңғартпай бірнеше жерден жанап жанымыздан өте шыққан, біз әрине көз тоқтатып қарамағамыз. Бірнеше күн бойы солай жүрген соң, түпсанамызға әлдебір таныс адам секілді орнығып қалған. Осыдан барып келесі сәтте көз тоқтатып қарағанда бейнебір таныс адамдай көрінген. Осыны ойлап жеткенде ашуланып орнымнан тұрып кеттім.

— Сонда сіз мені алдап соғып осында алып келіп отырсыз ба?

Василий де сасып қалды.

— Кешіріңіз! Извините, Айбек мырза! Вы меня очень нужен. Я незнаю журналистов кроме вас… по этому…

— Журналыист деген қаптап жүр ғой, қалай білмейсіз?

— Извините, пожалуйста, сердце на вас указал, жүрегім сезді как бы…

Василий орысша, қазақшасын араластыра сөйлеп өзінше түсіндірген болды. Абайсыз қақпанға түскенімді білсем де, әрі қарай бұлар не көрсетпекші екен деген құмарлық билеп, ашуым қайтып, сабама түсе бастадым. Өзімді сабырға шақырып біраз үнсіз отырдым. Василий де жалына қарап үнсіз қалды. Нығымет маған бәрібір деген кісіше шайын сораптап қойып бейжай отыра берді.

— Жақсы. Сонымен дәл қазір не істемексіздер?— дедім сәлден кейін. Нығыметтің де күтіп отырғаны осы екен. Әңгімені әрі қарай жалғады.

— Ендеше, қазір біз Василийді анау тұрған аппаратқа жатқызамыз да, миына баратын оттегі жолдарын үземіз. Сонда оның миы өлім алдына келеді. Миға баратын оттегіні үзу деген миға баратын қан тамырларды тосу деген сөз. Ми әбден өлім сәтіне жетті-ау дегенде қан тамырларды біртіндеп қана босатып миды қайта іске қоса бастаймыз, яғни тірілте бастаймыз. Осы аралықта оның миындағы барлық ақпарат мынау компютерге жазу боп түсед. Сіз сол ақпаратты алып, жарыққа шығара бересіз. Бар болғаны осы ғана.

Нығымет адымдай жүріп үлкен аппараттар мен кең экранды стансанарлы компиютерді көрсетті. Өзгеше бір хикметке толы аппараттарды түсінбесем де, ақпарат жазу боп түседі деген экраны жалғыз ұғынған дүнием болды.

— Қауіпті емес пе?

— Кімге?

— Василийге. Егер қайта тірілмей қалса ше?

— Олай болмайды. Алаң болмаңыз.

— Осыны істемей-ақ қойсақ қалай болады?— дедім жалынғандай боп. Шын мәнінде аса қауіпті қылмыстық іске араласып жатқандай сезіндім. Егер шынымен Василий оянбай қалса не болмақ? Бұл жерден қалай шықпақпын? Менің де көзімді құртар… мынау қалың орман арасынан кім тауып келеді содан кейін? Қап, босқа ұрынғаным-ай… ойымдағы қауіп-қатер күшейе түсті. Алайда амалым жоқ еді. Ақыры келістім. Осы алаңдаушылықтың бәрі Василийдің миындағы ақпараттар жыпырлап жазуға айналып, экран бетіне түсе бастаған сәтте айғып кетті. Өйткені бұл хикая менің бұл кішкентай қорқынышымнан әлдеқайда қызықты, әлдеқайда мазмұнды болып шықты.

Сонымен Нығымет әрі қарай өз жұмысына кірісіп кетті. Василийдің қан қысымын, жүрек соғысын өлшеп, әлдебір дәрі ішкізіп, укол қойды. Сосын бір топ медбикелер кіріп келіп, Василийді алып, Нығымет мынау аппарат деп көрсеткен үлкен есіктің ішіне қарай алып кетті.

— Кішкене күте тұрыңыз. Қаласаңыз, демалып алыңыз, бұл ұзақ жасалатын операция,— деп Нығымет маған алыстау тұрған диванды нұсқады. Диванға барып отырғаным болмаса демалып, сәл мызғып алуға жүйкем жібермеді. Ұйықтап кетсем бір шатақ шығатындай көрініп, қақиып отырып екі сағат күттім. Екі сағаттан кейін Нығымет мені шақырып, экран алдына отырғызды.

— Бәрі дайын. Қазір сәл күтсеңіз экраннан жазулар шыға бастауға тиіс.

Арада санаулы ғана минуттар өткеннен кейін алғашқы жазу пайда болды.

“Оһ, тағы да өліп барамын…”

Алғашқы сөз, әрине селік еткізді. Қопаң етіп орнымнан тұра бердім, Нығымет келіп иығымнан басты:

— Дым саспаңыз, Василийде бәрі жақсы. Тек оқи беріңіз.

Қорқа-қорқа экранға назар салдым. Енді экрандағы жазу жылдам жазылып, әп-сәтте тұтас экранды алып кетті. Мен басына көз жүгіртіп оқи бастадым. Нығымет тез-тез сөйлеп түсіндіріп жатыр.

— Мұнда жазылған ақпараттардың бәрі Василийдің түпсанасында сақталған ақпараттар. Мына компютерде барлық ақпаратты жүйелеп беретін арнаулы генератор бар, сол арқылы мұндағы текс әңгіме секілді, түсінікті болып жазылып түседі. Онсыз мидағы қалың қоймалжыңды түсіну мүмкін емес.

— Түсіндім, сонда бұл Василийдің өз сөздері емес пе?

— Қалай десек болады, Chat GPT дегенді білесіз ғой?

— Әрине…

Chat GPT әдетте интернеттен жүктелген ақпараттар арқылы өз сөзімен жауап береді. Мұнда да сол секілді, Василийдің миын үлкен интернет ресурсы деп ұқсаңыз, компютердегі генератор соны реттеп, түсінікті сөйлем етіп сізге ұсынып жатыр.

— Түсінікті.

— Ендеше оқи беріңіз!

Сонымен Василийдің түпсанасынан алынған жазбалар бір қызықты ертегі секілді көркем сөздермен жазылып түсе бастады. Қадірлі оқырман, енді сіздерге осы әңгімелерді өз қалпынша баяндап берейін.

 

Екінші тарау

Алғашқы өмір

 

Мен ұзақ өмір сүрдім. Жоқ, дұрысы көп өмір сүрдім. Жоқ, одан да дұрысы бірнеше өмір сүрдім. Бірнеше болғанда да тым көп. Ең қызығы менің есімде көбінесе көңілімді толқытқан өзгеше бір оқиғалар, өзімнің әулетіме қатысты ақпараттар, өлген сәттерім мен өлу себептерім сақталған. Туғаннан қалай өскенім, қандай қызықты сәттерді басымнан кешкенім үзік-үзік болмаса, онша есімде жоқ. Ең қызығы, әр туғанда өз әулетімнің әлдебір адамы болып өмірге келіп отырдым. Сондықтан баяғыдан білетін адамдарым да аз болған жоқ. Бірақ қайта туғанда тап-таза санамен туатындықтан, ол адамдардың бұрынғы өмірімде болған адамдар екенін білген жоқпын. Алдыңғы өмірімде балам болған адам, келесі өмірімде ағам болады, одан кейін тіпті нағашым болады да, қайта өмірге келгенде түп атам боп шығады. Енді дәл қазір, барлық өмірімдегі естеліктер бір жерге келіп жиналғанда, осының бәрін біріне бірін шатыстырып, ретін таба алмай қиналып та қалып отырмын. Кей нәрсені қайсы өмірімде болғанын білмей біріне бірін қосып алуым да ғажап емес.

Ұзақ өмір сүрген, бірнеше рет өліп, қайта тіріліп, қайтадан сол мәнсіз өмірді сүре берген адамның қандай болатынын сіз әрине білмейсіз. Өмір сұлу, өмір тәтті екені рас. Бірақ өмірдің машақаты тіпті де ауыр. Алайда бір ғажабы, менің әр өмірім жаңадан басталғандықтан, әуелде бұрын өмір сүріп кеткенімді білген де жоқпын. Бұрынғы өмірім тек кезекті рет өліп жатқанда ғана есіме түседі, бірақ оны ешкімге айта алмаймын, өйткені сол беті өліп кетемін. Енді міне осы жолы мен барлық өмірімді есіме алып, миыма жалғанған осы аппарат арқылы ұзақ әрі әлде неше рет қайталанған өмірім туралы барлық шындықты сізге жайып салмақ ниеттемін. Ендеше тыңдаңыз.

Алғашқы рет өлу себебім қазақтың соңғы ханы Кенесары жорығына қатысы бар. Кенесарыдан да бұрын, мен өзім тыныш жүрген адам емес едім. Мынау Қорған, Омбы дейтін бекіністер салынып, орыстар одан да бері өтіп, қазақ жеріне сұғынып кіре бастаған кездерде, қазақтар көп қарсылық көрсетті. Бекіністерді өртеп, орыстың солдаттарын қырып-жойып, керуенін тонап, көп кедергі келтірді. Сондайдың бірі Шақшақ пен Марал ишан бастаған жорықтар болатын. Мен ол кезде әрең он жеті жаста едім. Әкем марқұм өзінің жанына ертіп жүріп сонда орыспен соғысқа салды. Әуелде хат-хабар таситын атқосшы боп, кейін бір кісідей жасақ ішіне кіріп мен де соғыс салдым. Үлкен ерлік көрсетпесем де соғыстан аман қайтып жүрдім. Кейін Шақшақ орыстар жағына шығып, шен-шекпен алды да, Марал ишан бағынбай Қоқан, Хиуа жаққа кетті. Сол уақытта біз де қару тастадық. Қару тастағанмен аттан түспедік. Ел ішіндегі барымта-сырымтадан құр қалмай, өрлі-қырлы талай малды айдадық. Орыстың керуенін де тонадық. Сондай сәттердің бірінен кейін Кенесары қолына барып қосылдым. Енді дәл сол әңгімені толықтай сипаттап берейін.

Қай жылы екені есімде жоқ, бір жылы Ұлытауда атақты Бағаналы Сандыбайдың Ердені дейтін болыс сауын айтып ас берді. Аққұсақтан керейдің старшыны Есеней бай бір топ болып, біз уақ Қожық бастаған бір бөлек топ ас-суымызды алып, айтқан жеріне үйімізді тіктік. Ел-жұрттан естісек Есенейді Ерден өзі келіп қарсы алып, асты-үстіне түсіп күтіпті. Мұны біліп Қожық та Ерден маған амандаса келер деп күтті. Бірақ Ерден келмеді. Бірінші күні де, екінші күні де келмеді, үшінші күні келмеген соң Қожық ашуланды. Қожық өте шешімтал, батыр мінезді адам болатын. Ере келген өз адамдарын алдына шақырды. Қожықтың алты қанат ақ үйіне кіріп келсек, жүзі түтеп, көзі қанталаңқырап сұрланып алыпты.

— Жігіттер,— деді үй ішіне тола қалған кісілерді бір шолып өтіп,— Мынау Ерден мені адам құрлы көрмеді, керейдің Есенейі адам екен де, уақтың Қожығы есік көзіндегі құлы құрлы жоқ екен. Есенейді төреше күтіп қарсы алғанда, маған тіпті назарын да салған жоқ. Енді түсіндім, бұл бай-батшалардың ортасы емес екен менің орыным. Арғымақ мініп, найза ұстап жауға тию маған жарасар деймін. Бекіндім, бұған дейін алакөңіл боп жүр едім. Ханның әскеріне барып қосыламын. Маған ерем дегендерің атқа қоныңдар, ермеймін дегендерің өз еріктерің, ешкімді ықтиярсыз әкете алмаймын.

Қожықтың тұтқиыл шешіміне жұрт біраз қопақтап қалды. Ыңырана көбірлесіп бір-біріне қарасты.

— Бұнысы не дегені?

— Ел ішінен кетпек пе?

— Біз иесіз қаламыз ба?

— Жоқ, қалуға болмас…

— Не көрсек те Қожықпен бірге көрейік…

— Қатын-баланы қаңғытып енді қайда тозбақпыз?

— Артта қалған елді қайтеміз?

— Елің Есенейдікі емес пе?

— Соны айтам, қалай болар екен?…

Бұл дабырды қайтадан Қожық өзі басты.

— Әй, жігіттер, білем, аттың жалы, түйенің қомында сөз бер демеймін, ойланып-толғанып барып жауаптарыңды айтарсыңдар. Кешке дейін мұрсат берем. Қазірше мына жұртқа сыр бермей ішіп-жеп мәжіліс құра беріңдер.

Жұрт үнсіз отырып қалды. Өз басым Қожықпен бірге кетуге іштей бір жола бекініп үлгердім. Онымның да бір мәні бар болатын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Есеней “орысқа жер беретін болдық, орыс мына Нұралының жерін сұрап отыр” деп, біздің елді Қорған, Омбыдан бергі кең қонысымыздан аудара көшіріп, Көкшедегі Қатаркөл, Жүкей маңындағы тар жерге әкеп тықты. Сонда Тоқсан би барып сауға сұрап, “орысқа берем десең өзге жер де бар ғой, осы Нұралыға тиіспесең қайтер екен” дегенде, “Іс бітіп кетті” деп Есеней Тоқсанның сөзін керек етпепті. Сонда Тоқсан би Есенейдің ошағының басын қамшымен бір тартып, “Аттым, бердім теріс батамды” деп ашуланып кетіп қалыпты. Тоқсан би кете салысымен Есенейдің кішкентай екі ұлы бірдей шетінеп кетіпті деседі. Содан бері Есенейде ұл жоқ. Мен өзім Нұралы ішіндегі Есалы деген аз атадан тараймын. Есалы жаны да, малы да шағын кіші ру болғанымен батыр мол шыққан, ат үстінен түспеген ел. Менің өзім де қаражаяу емеспін, атқа мінсем, қолыма Есілдің қайыңынан кептіріп жасалған бос мойын қара шоқпарды алсам бес кісілік шамам бар. Түн ішінде жортуылға шығудың қас шеберімін. Жылқышыға білдірмей, талай қос-қос жылқыны үйірімен айдап кеткеміз. Жасым енді он жетіден асқанда Марал Ишан мен Шақшақтың орысқа қарсы жорықтарына қатысып, жасымнан жау көріп құныққан жайым тағы бар. Сондай бір нартәуекелдің адамы едім. Сонан болар, Есеней біздің елді аударғанда жұртпен бірге жапырыла кетпей, әуелі қарсылық қылмақты ниет еттім.

Қанша батыр болсаң да ер серіксіз болмайды, жалғыз дәрменсіздігімді біліп, жаныма жолдас іздедім. Сөйтіп інім Жәпекті ерте жүріп осы Қожықтың ауылынан келіп пана тапқанмын. Қожық өзі уақ. Туып-өскен жері Кіші жүз беріш руының жері. Бұның сибан ішіне көшіп келуі де бір хикая. Баяғыда Абылайдың түсында, уақтың Сары деген батыры болыпты. Оның Баян, Қыстаубай деген екі батыр ұлы бар екен. Жоңғарға жасаған жорықтарының бірінде Сары батыр бір қалмақ қызын барымталап келіпті. Уақ батырларының ішінде қалмақтан қыз алмаймыз, өзге уаққа да алғызбаймыз деген серттері болған көрінеді, сөйтіп қалмақтың қызын әлде ханға, әлде сұлтанға тарту етермін деп жобалап ұстап отырса керек. Сонда Сарының қолында тұтқында жатқан қызға кіші ұлы Қыстаубайдың көзі түсіп, сөз байласып, әкесі Сары мен ағасы Баян жоқта алып қашып, қыздың айтуымен Жоңғарды паналамақ боп солай тартыпты. Мұны білген Сары қатты ашуланып, қаһарын төгіп, Баянға “анау бүлінген екі шайтанды қандап кел!” деп жұмсапты. Онысы өлтіріп кел дегені болса керек. Баян Аралағаш деген жердегі Алуа дейтін көлдің жағасына келгенде інісі Қыстаубай мен қалмақ қызын қуып жетіпті дейді. Таң бозарып ата бергенде жетсе керек, қыз бен жігіт көлдің жағасына үш ағаштың басын буып қос тігіп, сонда ұйықтап жатыр екен. Баян да батыр ғой, жатқан жерінен шауып тастамай, әуелі оятып алыпты да, інісіне: “әкем сені өлтіріп кел деді, қапыда қалып жүрме, жекпе-жекке шығайық” депті. Қыстаубай “мақұл” депті де, екеуі атқа мініп найзаласа кеткен көрінеді. Сонда осы маңнан көшебе керейдің бір топ қолы өтіп бара жатыпты. Ат үстінде найзаласып жүрген екі адамды көріп жандарына келіп, тоқтатып, жөн сұрапты. Бұлар болған істі баян етіпті. Жаңағы қолды бастап жүрген Қожаберген батырдың ұлы Асхат батыр екен, “Бұларың болмас, екеуің де батырсың, әрі бір атаның ұлысың,” деп екеуін тоқтатып, шешім айтыпты. Қыстаубайдың көйлегін шешіп алып, бір қойды бауыздап, соның қанына матырыпты да, Баянға ұстатып: “Қыстаубайды өлтірдім деп мына көйлегін әкеңе апарып бер” депті. Ал Қыстаубайдың өзін Кіші Жүз беріш руына қарай аттандырыпты. Оның себебі, беріштер бұларға нағашы болады екен. Сөйтіп Қыстаубай сол қалмақ қызын алып, нағашыларының ішіне барып тұрып қалыпты. Ел ішіндегі тағы бір аңызда, кейінгі жорықтардың бірінде сексенге келіп қол бастап жүрген Сары батыр, топ ішінен ұлы Қыстаубайды көріп қалыпты, сонда: “Әй, сен бар екенсің ғой!” депті дейді. Әке мен бала одан кейін басқа ештеңе айтпаған, кездеспеген деседі. Ал Қыстаубай мен қалмақ қызынан тараған ұрпақ үлкен бір ауылға айналыпты. Кейін, сибан Барлыбай қажының ұлы Тәбей Аманқарағай дуанының кеңесшісі боп жүргенде Кіші жүз ішінде өсіп-өнген бір ауыл уақты көріп қалып, Есенейге айтып қайтадан көшіріп алыпты. Қожық сонда келген Қыстаубайдың ұрқы.

Қазір Қожықтың ауылында тек уақтар ғана отырмайды, сибан да, көшебе де, балта мен нұралы, атығай, қарауылы да бар, өңкей жортуылшы, батыр жігіттерді өз жанына тартып, үнемі дайын жасауыл болып отырады. Асқан байлық бітпесе де, батырлық молынан біткен. Есеней байлығымен, атақ-мәртебесімен бүкіл керейді, атығай мен қарауылды ауызына қаратып, билеп-төстейді. Қожықты ұры, қарақшы деп жақтырмай сөгетіні бар екен, оны Қожық та біледі, содан болса керек Есенеймен арасы суық. Менің де Қожықты паналауыма осы жай себеп болды. Есенейден кек қайтармақ ойым болып еді, бірақ соның ыңғайын әлі таба алмай жүргенмін. Бүгінгі Қожықтың Хан әскеріне қосыламыз дегені бірден ұнаған себебі содан. Оның сыртында Хан Кенеге қосылсам деген ой бұрыннан өз ішімде де жүрген-тұғын.

Бұл күнді Қожық әкеліп тіккен он екі қанат ақ ордада күні бойы мәжіліспен өткіздік. Қожық тек уақты ғана емес, әр рудың пана іздеген кісін бауырна баса беретін болған соң, әредік жаңадан біреу келіп қосылып, қатарымыз толығып отыратын. Бүгін де төр алдында сирек мұртты, сақалы сарғыш тартқан жігіт ағасы жасындағы кісіні тани алмай отырдым. Аз сөйлеп, көп тыңдап, арасында Қожықпен ғана шағын кеңес құрып отырды. Әркім өз бетінше дабырлап, бірі сұлу қызды, бірі жүйрік жылқыны, енді бірі Ерденнің салтанатын айтысты. Бір кезде Қожық дауысын көтере үй ішіне қарап:

— Ау, ағайын, сендер Ерденді айтасыңдар, Есенейді айтасыңдар, баяғы Абылайдың салтанаты қалай болғанын ешқайсың білмейсің ғой…

Жұрт жапырылып төрге қарады. Қожық сөзін әрі қарай жалғады.

— Енді босқа отырып, көз алдағының әңгімесін айтқанша, көкейде қалған ескінің әңгімесін тыңдалық!

— Әй, бәрекелді!

— Айтар ауыз болса, тыңдар құлақ бармыз ғой…

— Тыңдасақ тыңдалық!

— Жә, оны кім айтайын деп отыр?

— Әй, Қожық, өзіңнің ондай өнерің бар екенін білмеуші едік қой?

Жұрт бір күліп алды. Әңгіме ауаны әзілге ауып бара жатқанын аңғарды ма, Қожық жаңағы әзілдесе бастаған өзіне ру жағынан жезде боп келетін Нұрке дейтін сымпыс мұрт сары кісіге көз қиығымен бір қарап алды. Бірақ қайтарып жауап айтпады.

— Ол әңгімені мынау ортаңда отырған атығай баласы айтады. Жасағаны көп болмаса да, көргені мен естігені көп, тілінің тиегі бар жігіт екен. Ныпсысы Қарашұнақ. Бақанайдың Қарашұнағы деген осы кісі.

— Еее, Қарашұнақ деген шешен бар деуші еді…

— Қарашұнақ осы болды ғой…

— Бәрекелді!

— Құлағымыз өзіңде…

— Иә, ағайын, сол Қарашұнақтарыңыз алдарыңызда отыр,— деп бір нығызданып алды Қарашұнақ,— ел аралап босқа жортып жүргенім жоқ, есті құлақ болса елдіктің сөзін сөйлейін, бірде болмаса біреу ұғынар деймін…

— Е жөн ғой, жөн…

— Айта ғой, ұғынарлық болса ұғынармыз…

— Мынауың тегі бала оқытқан молдаша сарнайды ғой…

— Оқытса оқытқан да…

— Білген соң сөйлейді ғой, қағытпай тыныш отыршы, тыңдайық…

— Ел болу оңай деймісің, шырағым, — деп Қарашұнақ айналасына бір қарап алды. Нығызданып, жұрттың назарын өзіне бұрып алып, сонан соң ғана сөйлейтін әдеті болса керек. Жұрттың біразы өз бетінше айтып отырған сөздерін доғарып сол жаққа қарай қарады.

— Жә, оны қой, Қарашұнақты тыңдайық, кәне…

— Ел болу оңай деймісің,— Қарашұнақ бағанағы сөзін тағы бір қайталап алды, бұл жолы сәл бәсең дауыспен, ойлы пішінмен, әлденені есіне түсіруге тырысқан адамша көзін төмен салып, қамшысының бүлдіргесін шұқылай отырып ұзақ кеңесін бастап кетті. Сөйлеген сайын қызынып, арасында санын соғып қалып, не қамшымен жерді тарс еткізіп салып қалып, сөзінің бояуы жетіңкіремей қалған тұсында дауысын көтеріп жіберіп, кей сөзін нығарлай қайта айтып, бір өзгеше өнер көрсетіп бақты.

— Баяғыда, қой үстіне боз торғай жұмыртқалап, тыныш өмірден қазақтың байы тасып, батыры жасып жатқанда, күн шығыстан жоңғар тиіп, ел босып, ақтабан-шұбырынды болды. Сол уақытта Орта жүз босып Жайыққа дейін кетті, Ор, Қорғанға паналады. Әз Тәуке өліп, сұлтандар хандыққа таласып, ел алауыз болды. Балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, әркім қара басының қамын ойлап, жауырнды жаба тоқып, өз іргесін ғана бүтіндеп әуре болды. Осы кезді дәл аңғарған алыс-жақын көршінің бәрі бізге ауыз салды. Етектен Хиуа шапты, өрден естек шапты, күн шығыстан жоңғар, батыстан қалмақ ентеледі. Ел басына күн туды, ер етігмен су кешті… ойхойй!— деп дауысын озандай бір созып алды. Сосын кенет даусын көтеріп,— Сонда!— деп үй ішіне жағалай қарады,— Сонда, Арқадан атығай мен қарауылды ұйтқы қып, керей, уақ, қыпшақ, арғын, найман елінен әскер жинап, Абылай жиырма мың қолмен Жетісуға жетті. Жетісуға жетсе,— деп санын салып қалып айғай салды,— Жетісуға жетсе, Ұлы жүздің биі Төле би Жоңғарға бас иіп уәзірі боп отыр екен дейді, Абылайды көріп, “қазақтан да мұндай ұл туыпты-ау” деп қуанғанда екі етегі жасқа толыпты. Өлгені тіріліп, өшкені жанғандай бопты. Өстіп Абылай қалың қолмен мына жақтан келгенде, арғы жақтан Райымбек батыр әскер бастап келіп қосылыпты. Абылайдың айбыны асып, жоңғарды түре қуып, елін ту-талақай етіп, еркегінің басын шауып, әйелін олжалап, Манас дейтін өзеннің жағасына дейін жетіпті,— деп бір екпіндеп тоқтады.

— Манасы қай жақ?

— Атын естімеген жерім екен…

— Дәуде болса алыс жер болар…

— Манас деген сондағы Жоңғар елінің арғы шүршіт жақ шекарасы екен дейді. Абылай жоңғарыңды таусылғанша шапқан ғой! Сөйтіп, әлгі өзеннің жағасына барса, алдынан мыңғырған жасақ шығыпты. Батырлар жауды жеңіп, аруағы асып тұрған соң тура келген алың жауды елең қылмай қарсы шауыпты. Қолдың молдығы сонша батырлар шетінен қырып жатса таусылып бітпейді, қосылған үстіне қосыла береді дейді, сөйтсе бұл Қытайдың Боғды ханының әскері екен. Абылай бұны аңғарған сәттен әскерін тоқтатып, Қытай ханына елші жіберіпті, “Аңғармай қалдық, айыптымыз, жауласу ойымыз жоқ, бұдан әрі бармаймыз, кері қайтамыз, сауда-саттық жасасып, дос болайық” депті. Қытай ханы да Абылай қолының кереметін көрген соң, кек қайтарып соңынан қууға батпай, айтқан шартына көніп елдесіпті деседі. Осыдан кейін Абылай Хиуаның бетін қайтарып, Ташкенге дейін алып, Ташкенге басшы сайлап, сосын мына іргедегі естекті түре қуып, орысқа елші жіберіп, үлкен қауіптің алдын алады. Сөйтіп қазақтың төрт төңірегін түгел бүтіндепті. Жау біткен Абылай тірі тұрғанда қазаққа әліміз жетпейді деп қорғанып өтіпті. Абылайдың данышпандығы міне осындай болып еді ғой.

— Әй, еңіреген ерім-ай!

— Бүйтпесе Абылай бола ма?

— Бұдан кейінгі Абылайдың арманы Құлындының даласын қосып алу екен деседі. Құлындының даласында жылына жүз мың бие құлындайды екен. Бие құлындағанда қасқыр малға шаппай, құр биенің шуын жеп тояттап қалады екен. Сондай молшылық жайлаған бай жер дейді. Енді соны өзімізге қаратсақ қазақты жау алмас, жамандық келмес деп ойлапты Абылай.

— Сөйтіп, қаратып па екен?— деп топ ішінен бір шыдамсыз айғай салды.

— Өй ноған, қаратса сол жерде отырмайсың ба қазір?— деп жанында отырған көкшіл шегір көзді, дөңгелек бет жігіт түртіп қалды оны. Жұрт ду күлді.

— Абылай сөйтіп Құлындының даласын өзіне қаратам деп бүкіл алашқа сауын айтып, кісі шаптырып қол жинапты. Енді бүгін соғысамыз деп бекіп, ертең соғысқа кіріп кете алмайсың ғой, алдымен ат-көлікті топтап, азық-түлік бағатын, әскерді қамдайтын елді көшіріп, кем дегенде жылға жуық дайындық көресің.

— Иә, деймін-ау…

— Соғыс деген оңай іс пе?

— Сөйтіп, Кіші жүздің адайы мен Орта жүздің қыпшағынан біршама ел Есілдің оң жағындағы Жасшілік, Жекетөбе жаққа келіп отырыпты. Әскерге деп ат баптап, жер-жерден келген өзге қолды күтіп алып, орналастырып дайындық көріп жатыпты.

— Иә сәт!

— Содан?

— Содан тұтқиылдан Абылай қайтыс боп кетті де іс аяқсыз қалды,— деп Қарашұнақ сөзінің аяғын сылқ еткізіп тастай салды да, бір кесе қымызды қолына алды. Жұрт сандарын соғып, аһілеп-үһілесіп кетті.

— Қап-ай ә!

— Әуһ, арманда кеткен екен ғой…

— Құлындының даласын алып қалғанда ғой…

— Оған несін налисың? Бар жеріңнен айырлып отырып, жоқ жерді көксеуін!

— Соны айтам, мықты болсаң осы барыңды аман сақташы…

— Өй қарғам-ай, жер ашуы — ер ашуы болатын заман кеткелі қашааан? Бірің ойға, бірің қырға тартып жүрген жоқсың ба?

— Абылайдан кейін ондай ер тумай-ақ кетті ғой…

— Сөйтті, сөйтті… Хан баласы айбынынан айырылды…

— Неге тумасын? Хан Кене соның жалғасы емес пе?

— Соны айтам-ау!

— Кенесарыдай арысқа тізгінін ұстатса қазақ азбас еді ғой…

Жұрт біраз дуылдасты. Бірақ Хан Кене жайлы әңгімеге келгенде ішінара үнсіз күрсінгендер де байқалып қалды.

— Әй, несіне күмілжисіңдер?— деп Қожық гүж ете қалды, — бағанадан бергі сөздің ауанын ұғып отырсың. Мынау орыстың шен-шекпеніне семірген ұлық-билер бәріңді сатып жатқан жоқ па?

— Рас, рас!

— Оның жөн!

— Ендеше тарттық Ханның қарамағына. Несін тосыламыз?

— Мен дайын!

— Мен де!

— Хан Кененің жолына жаным садаға!

— Кенесары көтерген тудың астында өлсем арманым болмас!

— Баста, Қожық!

Жұрт желпініп, екпіндей сөйлеп, қамшыларын білеп-білеп бірі қопақтап, бірі бір тізерлей ұмсынып, босағаға таман отырғандары дүр етіп түрегелді. Осы кезде бағанадан үнсіз қалған Қарашұнақ қайта сөзге араласты.

— Әй, халайық! Кішкене сабыр қылыңдар. Жақсы, ниеттерің түзу, айтқандарың жөн. Бірақ Ханның алдына қай бетімізбен барамыз? Бірлі-жарым болмаса, жауға мінер жарамды түгіміз жоқ, қосарымыз да, асарымыз да жоқ, сопиған соқа басымыз бен қатын-баланы алып, Ханға не қыл деп барамыз? Ханға әрине қол керек, сонымен бірге мінер ат, ішер ас та керек. Оны не істейміз?

Дуылдап кеткен жұрт ойланып бір біріне қарасты. Осы сәтті күткен болса керек, Қожық тамағын кернеп, бір жөткірініп алды да Қарашұнаққа қарап сөйледі:

— Осы сөзді дұрыс бастадың, Қарашұнақ. Оны мен де ойлағам. Ойлаған жерден жауабын да тапқаным бар. Мынау Ерден осы асқа арнап, сойысқа деп бес жүз қысырақты қамап отыр. Сұрастырсам, сол бес жүз жылқыны үш-ақ адам бағып жатқан көрінеді. Өзі асқа тіккен үйлерден алыс, оңаша жерде,— деп Қожық үй ішіндегілерге шола қарады, әңгіменің ауаны қалай бұрылып бара жатқанын аңғарған жұрт өзара күбірлесе қалды, — Мен өзіме бес жігітті ғана ертіп, бүгін түнде соны айдап шығамын. Өзгелерің қараңғы түсе үйлеріңді жығып, Қоскөл, Аққошқарды бетке алып тарта беріңдер, таң ата қуып жетерміз. Егер сол бес жүз қысырақты аман-есен алдыға салып айдап барсақ, Ханға бізден жағымды адам болмайды.

Қожықтың мына сөзін естіп жаным жадырай қалды. Бүйтіп түнде жортып жылқы алмағалы біраз болған. Түн қараңғылығында жағалай үркітіп, дымын білдірмей сырғыта айдап келіп, алыстай бере қиқулап тұра қуатын сәт қалай есімнен кетсін. Енді соны тағы да қайталаудың реті келіп тұр емес пе, жадырамай қайтейін. Қарсы келген жылқышыны не тізеден қағып құлатып, қорқақтау болса бопсамен-ақ алдап соғып кете беретін едік. Бұл түнгі жортуыл деген нағыз ер сыналар жер ғой, шіркін. Арқамның құрысы қанбай, өне-бойым дел-сал боп жүргені осындай бір әрекеттің жоқтығынан ғой. Жоқ, бұл ұрлыққа құмарлық емес, қате түсінбеңіз. Бұндай істі жүрегі жеткен адам ғана істейді, бұл ерлікке құмарлық.

— Сізбен бірге мен барайын, Қожеке!— өзімді ұстай алмай айғайлап жіберіппін.

— Мені де ертіңіз,— деп атып тұрды Ордабай деген жігіт. Ол да өзімдей тісқаққан шебер жігіт еді, Қожықтың рулас інісі, уақ. Екеуіміз белсеніп бірінші шыққан соң өзгелер де еліріп кетті. Жан-жақтан “мені ертіңіз, мен барайын” десіп шулады.

— Жарайды, жігіттер. Ынталарыңа ризамын. Бірақ жаңа айттым, тек бес жігіт қана ертемін деп. Бәрің-ақ барғың келеді екен, онда өзім таңдап ертейін. Өзгелерің көшке ие боларсыңдар.

Бұл сөзге үй ішіндегінің бәрі тоқтады. Қожық мені, Ордабайды, тағы өзінің сенімді үш адамын алып, өзімен алтау болып жортуылға шығуға келістік. Бұл уақытта күн еңкейіп, көлеңке ұзарған шақ еді. Қожық жұртты түгел тарқатып, түнделете көшудің қамын жасауға жіберді. Бізді де ат-көліктерің мен сауыт-саймандарыңды сайлап келіңдер деп босатты.

Ас пен тойға байлар болмаса, біз секілді қара шаруаның адамдары көбінде жалғыз-жарым келетін. Қожықтың ауылында ұстап отырған малымыз жоқ, анда-мұнда жортуыл жасағанымыз болмаса, қолымыз бос еді. Қожық Ерденнің асына жиналғанда, мен бала-шағамды қоса бірге алып шықтым. Өзге жолдастарым “қатынжандысын қарайгөр” деп әзілдеген болды, оған қарамадым. Өйткені әуелде осылай аттанғанда-ақ Кенесары әскеріне жақын баратынымызды ойлап, іштей бір бекім қылғанмын. Енді міне Қожықтың ниеті де осы екенін білгенде қуанбасам, өкінген жоқпын. Қазір жасым отыздың бесеуінде, екі ұл, бір қызым бар. Қатыным уақ ішінде осы Қожыққа жақын аталас кісінің қызы. Ол жағынан да Қожық “күйеу бала” деп көп жұмсайтыны бар. Алыс жолға шыққан соң үлкен үй алмай, шағын қосымызды екі түйеге артып келгеміз. Қатын-баланы жайғап, қосты жығып, артып бердім де, “көптен қалмаңдар, таң сыз бере қайтып келіп қосыламын” деп, екі ұлды екі түйенің үстіне шығарып, қатынымды Жирен байталға мінгізіп, қызымды алдына мінгестірдім. Өзім жортуылға деп үнемі бабында ұстап жүрген Күрең қасқа атыма мініп аттанып кеттім.

Межелі уақытта межелі жерге келіп, алты салт атты бас қостық. Күн әлдеқашан батып кеткен, айдың құлағы шығыстан енді қылтиып келе жатыр, әредік үп ете қалып тынған аз ғана самал жел бар. Алтауымыз бас қоса қалғанда атымыз осқырынып, олар да өздерінше аман-сәлем жасасып жатқандай болды.

— Маған лесіңдер,— деді тұрқы биік, мойыны жуан қаракөк атқа мінген Қожық. Бұл өзі онша жүйрік те ат емес, бірақ ұзақ жүріске шыдамды, белі мықты аударыспақ пен көкпардың аты болатын, — ық жағынан барайық.

Қожық бастаған жаққа қарай шұбыра жөнелдік. Бір қолатты айналып, көлденең жатқан кезеңнің үстіне қопаң етіп шыға келгенде, сайдан шоғыр-шоғыр боп ұйлыға жусап тұрған қалың жылқының қарасы көрінді. Ара-тұра жылқының жеңіл ғана пысқырған дауысы құлаққа шалынады, сол жақ табанда айға шағылысып кішкене көл жатыр. Жел арғы жақтан, көл шетінің камысы бәсең сылдырлайды, құр бақаның дауысы мен шегіртке шырылы да анық естіліп тұр. Басқа мыңқ еткен дыбыс жоқ.

— Бәріміз шұбырып жылғыға кірмейік, сездіріп алармыз. Жылқышының қосы анау көлдің өр жақ тұсында болуы керек. Ерсейіт, Жанжігіт, сен екеуің солай бар, дымыңды білдірмей жылқыны бері қарай қапталдат. Күзетші байқап қалса дыбысын шығармай жайға. Біз оң жақтағы сайда күтеміз, жылқыны осы кезеңнен асырсаңдар, арғы жағы оңай.

Жанжігіт екеуіміз аттың бір жақ бауырына қапталдай жатып алып жай жүріспен көлге қарай аяңдадық. Аттарымыз да анда-санда болымсыз пысқырынып қойып, күдік тудырмастай жайыла ілбіп көлдің шетіне жеттік. Көл шеті жусаған жылқының өр жағы. Жылқы ішіне араласа кіргенде білінді, өңкей семіз байтал жіптей сызылған имек айдың нұрына малынып, төңкеріле дөңгеленген жалпақ жаялары жалт-жұлт ете қалады. Шынымен-ақ, көлдің өр жағына қарай бес-алты уықты байлап тіге салған қос тұр. Үш жігіт бірдей қостың ішінде жатпайтыны белгілі, үшеуі бірдей сыймайды да, бір жігіт не жылқының келесі жағында, не осы маңда қарауылда болуға тиіс. Осы маңда болса жақын барып сездірмей жайғау керек, арғы жағында болса, үйірді біртіндеп үркітіп жақындап келіп байқастармыз. Онда сезіп қалуы да ғажап емес. Сезсе, әрине, айғайлап хабар береді. Өйтсе жағдай қиын. Жанжігіттің мінер жағына сүйкеніп жақын келдім де, құлағына сыбырладым.

— Сен тура осылай ақырын жыбырлап жылқының сай жақ басына шық, қарауыл сонда болса амалын тауып талдыр. Не шоқпармен тізеден қақ та, “үніңді шығарсаң, желкеңді үзем” де, жан керек болса тыныш отырар, жанды жеріне тиме, кісі өлтіріп құныкер болмайық,— дедім. Жанжігіт “мақұл” деп сыбырлады да, жылқы жатқан сайдың ірге жағын кенерелеп кетті. Мен ат жалына қапталдай жабысқан беті қостың өр жағына қарай шықтым. Жылқының тұсына келгенде бір семіз баран байтал оқыранып, екі құлағын қайшылап пысқыра берді. Оған ілесіп тағы екі байтал пысқырып, едіреңдей қалды. “Қап, мыналар шұрқырай жөнелер ме екен?” деп қорқа бастадым, құдай дес бергенде, жаңағылар бір мекіреніп алды да, болымсыз ғана үріккен боп үдірейе қарап тұрып қалды. Одан өткенде түн қараңғылығында беткейде ұзыннан түсіп жатқан біреудің қарасы көрінді. Бір тоқтап, бір жүріп сыр білдірмей жанына келсем, күзетші екен, басына ертоқымын жастап қорылдап ұйықтап жатыр. Аттан секіріп түстім де ауызын баса қойдым. Ол мен аттан секіріп түскенде селк етіп оянды да, шапшаң ауызын басқанда бұлқынып қарсыласа кетті. Өзі қарулы жігіт екен, тыпырлап босанып кететін түрі бар, екінші қолыммен шап беріп тамақтан сығымдай қысып, құлағына сыбырлап:

— Маған сенің жаның керек емес, жылқы керек! Тірі қалам десең тырп етпе! — дедім. Сонда да бұлқынып қояр емес, тамақтан ұстаған білегімді мытып шыдатпай барады,— әй, тыныштал енді, жан керек пе саған?— десем де ұғар емес, ақыры талдырып кеткеннен басқа амал қалмады. Сол қолыммен тамақтан қысып тұрып, оң қолыммен иектен салып жібердім. Сылқ етіп босай берді де қор ете түсті. Енді қостағы екі адам сезіп қалмай тұрғанда жылқыны қозғап үлгеру керек. Жылқы жарықтық бір үріксе дүр ете қалатын, жылдам жүретін әдеті емес пе, атыма қарғып міндім де, шекпенімді далпылдатып, “шу-шулеп” айдай жөнелдім. Жылқының қос жағы қозғалғанын байқаса керек, Жанжігіт те жылдам иіріп арғы басын ыңғайлай бастады. Осы кезде қоста жатқан жігіттер де оянды білем:

— Жылқы… жылқыны әкетті! Ойбай, ұры! — деген айқай естілді. Дауысты ести сала мен де қиқулай жөнелдім, өңкей семіз қысырақ құйрық-жалы сусылдап дүр етіп тұра шапты. Шұрқырай кісінеген дауысы түнгі аспанды жарып жібере жаздады. Қостағы жігттер атқа мініп, қаруларын қолға алып шығып болғанша жылқының арты кезеңнен асып үлгерді. Арғы жақта күтіп жатқан Қожық бастаған үш жігіт те бұл кезде қосылып үлгерген. Қожық менің жаныма келіп:

— Сен тоқта, екеуіміз ана қуғыншының бетін қайтарып тастайық!— деді.

— Қожеке, сіз бара беріңіз, өзім-ақ жайғайын,— дедім де кері қарай шаба жөнелдім. Қарсы шапқанымды көріп екі қуғыншының бірі торы атқа мінгені сәл тосыла берді, екінші қаракөк атқа мінгені ұмсына тебініп қомдана түсті. Оң қолында ағараңдап келе жатқан ұзын сапты жуан қайың шоқпар екені байқалып тұр. Өзі де ірі адам екен, ана шоқпар тисе оңбайтыным тағы анық. Тура шауып қарсы ұмтылдым. Мен еңістей шауып, ол өрге шауып келеді. Өрге шапқан атқа жалт бұрылу да, шорт тоқтау да оңай, бұл жекпе-жекте қарсы жағымның орайы мол. Қожықты тоқтатып жалғыз шапқаныма өкіне бастадым, не болса қаруды алдымен соның сілтегенін күттім, егер тіземді нысанаға алса тигізбей қоймас, басымды көздесе сытылып кетіп, тізесін қағып өтермін дедім. Екеуі де болмады, анау құлашын жаза тура кеуде тұсыма қарай сермеді. Өз шоқпарымды оның шоқпарына қарсы көлденең тостым. Екі шоқпар қағысып “сақ” ете қалған қатты дыбыс шықты. Қарымды-ақ неме екен, шоқпарым кері тепшіп, сол жақ бүйрімді солқ еткізді. Айқасып өте шықтық. Аттың басын тартып, кері бұрылсам, анау алдымен бұрылып үлгеріп енді екпіндей төмен шауып келеді екен. “Әп, бәрекелді!” дедім іштей. Жортуылда жүріп талай әрекетіме әбден үйренген Күрең қасқа жауға оқ бойы жерге дейін тура шауып барды да, шылбырды бір сілкіп белгі бергенімнен-ақ ұғынып, солға қарай жалт беріп жанасалай берді. Бұл кезде анау тағы да сол қапталдан тиер деп келе жатқан болса керек, оң қапталына жалт бергенде сасып қалды, шоқпарын ыңғайлап та үлгерген жоқ, биік көтеріп басыма қарай сілтей берді. Ат бауырына құлай беріп, тізеден бір қағып қана өте шықтым. Мойынымды бұрып қарасам, аттан домалап түсіп ыңыранып жатыр екен. Енді екінші жігітке қарадым, ол атының басын кері бұрды да шаба жөнелді. Хабар жеткізбек. Мен де ештеңеге қарағам жоқ, дөңдегі Қожыққа қарай тарттым. Қожық бағанадан үн-түнсіз кезең үстінде бақылап тұрған:

— Е, күйеу, кімді жыққаныңды білесің бе өзі?

— Қараңғыда кімді түстеп боласың?

— Ерденнің Төке деген жортуылшысы бар дейтін, сол боп қалар…

— Ол бола қоймас, қарымды болғанымен көпті көрмеген осалдығы бар екен…

— Һім, өзің амансың ба? Алғаш қақтығысқанда аттан түсіп қалар ма екен деп қорқып едім…

— Бүйірімді езіп кете жаздады. Енді кішкене қиыс тигенде жоқ едім.

Осыны айтып Қожық екеміз кеткен жылқының соңынан шаба жөнелдік. Бес жүз қысырақтың сұлу сымбаты таң ағарып ата бергенде білінді. Құйрық-жалы таранған, жалының түбі шоқпардай жұмырылып, жүні жылтыраған өңкей семіз байтал дөңгеленген жаясы енді шыққан күннің нұрына шағылысып күмістей жалтылдайды. Дүрікірете қуғанда бараны тұтас бір жазықты алып, тұяғымен жер қазып, шұрқырай кісінеп аппақ шаңды аспанға көтеріп келеді. Түнімен ұйқысыз жортқанымызды ұмытып, мына көрініске қараған сайын көзді арбап, көңіл марқайып шаттанып-ақ келеміз.

— Паһ, Ерденнің іші удай ашып жатқан шығар-ақ!..

— Ашымай қайтсын? Ішегі қуырылып түсіп қалған шығар ендігі!

— Ахаха!

— Мына құрша сұлулықты қолдан бере салу оңай ма? Қуғыншы салса оңдырмас!

— Оның рас! Сақ болыңдар! Ерден оңай жау емес!

— Өзіміз де жауласпас адамды жау етіп алғанымыз-ай…

— Әй, жарайды енді, істеріңді істеп алып өкінгеннен пайда жоқ!

Жігіттер бірді айтып, бірге кетіп, артымызға елеңдей қарап жүре бердік. Бірақ бір өызығы түндегі үш күзетшіден басқа қуғыншы түскен жоқ, таң ағара көшті қуып жеттік. Жылқыны көштің алдына өткізіп жіберіп, Ордабай, Жанжігіт үшеуіміз көштің артында қалдық. Арттан қуғыншы келсе аты жүйрік Жанжігітті Қожыққа жұмсап, Ордабай екеуіміз қарсы шабармыз дедік. Сәске мезгіл болғанда артқы жақтан аспанға қарай шұбала тік ұшқан жалғыз шаң көрінді.

— Бұл не?

— Қуғыншы ма?

— Қуғыншы жалғыз болушы ма еді?

— Дәуде болса жүрек жұтқан біреу шығар…

— Артында қалың қолы жасырын келе жатпасын…

— Қожыққа хабар берейік!

— Жоқ, тұра тұр, кім екенін білейік,—дедім Жанжігітті тоқтатып.

Қарайған жалғыз атты жақындап келеді. Құйрық-жалы төгілген қара қасқа атқа мінген Ерденнің өзі екен. Қара қасқа тайпалған жорға екен, тарпи басқан табанынан шаң ұшып, жер бетінде қайық жүзгендей сырғиды. Қатты жүрістен бе, ашу қысқаннан ба Ерденнің жүзі түтігіп кетіпті. Кең иықты, орта бойлы, жасы отыздың ары жақ, бері жағындағы адам екен. Аман-сәлем жоқ, айғай салды.

— Қожық қайда?

— Оны қайтесің?

— Шақыр!

Ерденге қарсы сөз таба алмадық. Жанжігітті Қожыққа жұмсадым. Жанжігіт шаба жөнелді. Ерден атының басын бұрып қыбылаға қарады да, бізге назар салмастан қақиып тұра берді. Бізді керексінбей, сөз ұғатын адамды күтіп тұрғаны болса керек. Жасынан қол бастап Қоқан, Хиуаға қарсы шапқанын да, батыр аты бар екенін де естігеміз. Болыс болған соң тоқтамаса, бұның да түнгі жортуылдан құралақан адам емес. Бізді адам құрлы көрмей тұрған соң, не жанына барудың, не бір нәрсе айтудың жөнін таба алмай біз де үнсіз тұрып қалдық. Әлден уақытта Қожық тек жаңағы Жанжігітті ғана ертіп өзі келді.

— Ассалаумағалейкум! Ерден болыс! Аманбысыз?

— Уағалейкумассалам! Асқа қарамай, дәмге қарамай асығып қайда барасың?

— Асқа шақырылған адамды ас иесі қарсы алатын еді, мені ешкім қарсы алмаған соң, қате кеп қалған болдым деп қайтып барамын!

— Айыптымын, Қожық. Айыбыңды аларсың, бірақ жылқыны тастап кет!

— Бұл жылқының әмірі менде емес, атап қойған жерім бар еді…

— Атап қойған жерім деуін… Менің де атап қойған жерімнен алып кетіп отырған жоқсың ба?— Ерден кекете күлді.

— Сенің атағаның мен менің атағанымның жөні бөлек.

— Айтшы қане, біз де білейік.

— Айтсам, қазақтың ханы Кенесарыға алып бара жатырмын. Сен бұл жылқыны орыстың шен-шекпенін жеп семірген өңкей бай-бағланға атап отырсың, елің тыныш, жайлауың кең, бұдан айырылсаң, тағы бес жүз жылқың дайын тұр. Ал Ханға мал да, жан да керек. Жан баспаған, құлан ғана ойнаған қу медиенде көшіп жүр. Қазақтың басын қайта қосамын деп жүр. Жөні бөлек пе екен?

Ерден Қожықтың бетіне сынай қарап үнсіз біраз тұрды да мырс етіп күлді.

— Ханды қашаннан бері қарақшы асырайтын болған?

— Жақсы дегені жаттың асыранды иті боп шыққаннан бері Ханның күні ұрыға қарап қалды ғой,— деп Қожық та мысқылдай күлді.

Ерден Қожыққа алая бір қарады. Сосын алыс көкжиекке қарап ауыр күрсінді.

— Еее, Қожық, жолың болсын! Ханға менен сәлем айт.

Осыны айтты да аттың сауырына қамшымен бір тартып кері қайтты. Қара қасқа ат тайпала жөнелді. Не болғанын түсінбей біз қалдық.

— Енді бұл жылқы біздің тартуымыз емес, Ерденнің сәлемдемесі,— деді Қожық та атының басын бұра беріп.

— Бұл қалай боп кетті, Қожеке? Мәнін түсіндіріңізші,— дедім мен.

— Ерденнің сырты орысқа пейілді көрінгенімен, іші Кенесарымен тілеулес екен. Бұл үкіметке жылқыны Кенесары ұрлап кетті дей салады, екінші жағынан Кенеге бізден арнайылап сәлем жолдап отыр, онысын жасырып қалуға менің де дәтім шыдамайды. Ерден өстіп екі жақты бірдей ұтып отыр…

— Паһ!

— Көзі қиып қалай қиды мына құрша байлықты?

— Тартып алам десе қолында тұр едік қой…

Үшінші тарау

Хан дидары

 

Ерденмен қоштасқан соң көш жайымен жылжып отырып, арада бір қонып Кенесары ханның еліне келіп қосылдық. Алдымыздан басқақтарының бірі қарсы алып, біздің көшті хан ауылынан алыстау бір жерге әкеліп тоқтатты. Өзен жағасы, қалың шілік, малға жайлы жер екен. Бұл жерді біз Шілікті деп атап кеттік. Қожық елді жайлап болған соң, бір күн ерулеп, ертесі атқа мінер білекті де, білікті азаматтарды түгел жинап, Хан алдына баруға ниет етті. Бәріміз атқа қонғанда жүздікке жетпей, елуліктен артық болатынымыз анықталды. Қожықтың бастауымен дуылдаса жүріп Хан ауылына қарай тарттық. Қожық Жанжігітті алдын ала хабаршыға жіберді. Өңгеміз бунақ-бунақ бірқанша топ болып, жайымен аяңдап жүріп отырдық. Алдыңғы топтағы біраз адамдар тағы да Қарашұнақтың ауызына қарадық.

— Сендер Кенесарының қалай хан болғанын білесіңдер ме?— деп өзі сұрақ қойған Қарашұнақ “Мен білем” деген бейнемен айналасына паңдана бір қарады. Ел ішінде үнемі айтылып жүретін әңгіменің бірі болса да, жол қысқарсын дедік пе, Қарашұнақты бәріміз тыңдағымыз келді.

— Еміс-еміс болмаса қатты біле қоймаймыз,— деді Ордабай.

— Сенің айтуың қалай болар екен, соны естиік.

— Құлағымыз сенде, Қарашұнақ, айта бер, жол қысқарсын…

Жан-жағынан осылай қаумалап дабырлап кеткенді мәртебе көрген Қарашұнақ дауысын шығарып, арнайылап тұрып тамағын қырнап алып, ән айтатын, не ұзақ жырға кіріскен адамша бастады сөзін.

— Баяғы жарықтық Абылай өлген соң Уәли хан тағына отырды ғой. Би мен бекке сыйымды, біртоға кісі болса керек, әр рудың атқамінері осы Уәлиді таңдапты. Ол заманда орыстың ықпалы да бүгінгідей емес еді ғой, атасы Абылайдан қалған келісім бар, ептеп-септеп ел басқарып келді. Уәлидің жуастығын пайдаланып басынып, бөлініп орысқа қосыламыз дегендер де болды ғой. Соның бәрінен жарықтық арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей алып шығып еді. Бұ қазақта ес бар ма? Ханды шабамыз деп малын айдап кетіп, әбден қадірін кетірді. Уәли өлген соң Орта жүздің қазағы орнына Ғұбайдолланы хан сайлады. Ғұбайдолла орыс патшасына хат жазып, өзін Орта жүздің ханы деп мойындауын сұрапты. Орыс патшасы ұзақ күттіріп, ақыры мойындамай қойды да, “енді ешкім хан болмайды, елді дуанға бөліп, Аға сұлтан деген билейді, сені Көкшетау дуанының аға сұлтаны етіп сайлаймыз” дейді. Тек Айғанымды ғана ханшайым ретінде мойындап, арнайы қағаз жіберіпті. Оған Ғұбайдолла көнсін бе? Орысқа мойынсұнбаймын деп, енді Қытайға елші жұмсапты. Бұны біліп қалған орыс патшасы әскер жіберіп, Ғұбайдолланы ұстап, Сібірге айдап жіберді. Оның орнына заседәтелі боп отырған Байтоқаның Жылғарасын аға сұлтан сайлады. Жылғара билікті қабыл алып, орыстың шен-шекпенін алды, гарамата деген қағазын да алды. Сөйтіп мынау атығай, қарауыл, керей, уақ, қанжығалы мен бағаналы, күрлеуіт елдері осы дуанға қарап қалды біраз уақыт. Жә, оны айтармыз, сонымен Ғұбайдолла ұсталып кеткеннен кейін-ақ Қасым төренің ұлы Саржан сұлтан қол бастап әркез орысқа тиісіп, шауып кетіп жүрді де, өзі кейін Қоқан ханынның қолынан өлді. Кейін сол Қоқанның қолынан Кенесарының әкесі Қасым да өлді. Кененің өзі де Қоқанның қолына түсіп, біраз жыл зынданда жатып шығыпты деседі. Зынданнан босай салып Қоқанның жүз әскерін басшысымен қоса өлтіріп, әкесі мен ағаларының кегін алыпты. Содан Арқаға қайтып келді де, үш жүздің жақсыларын жинап хан тағына отырды.

— Паһ, Кенекемнің да көрмегені жоқ екен ғой…

— Абылай бабасына тартқан қайсар адам екен ғой…

— Сонда бүкіл қазақтың жақсысы жиналды ма?

— Иә, соны айтшы!

— Жиналды ғой. Ішінде кешегі Ерденің де, Есенейің де болды.

— Соның бәрі хан деп мойындады ма? Кенесарыға не деп сөз берді?

— Е, ол бөлек әңгіме ғой…

— Айтсаңшы енді!

— Айт, тыңдайық!

— Осы Торғайдың бойында үш жүздің қазағының игі-жақсысы түгел жиналып Кенесарыны ақ киізге отырғызып хан сайлады. Бірақ “саған еріп, соғысып жүреміз” деп сөз берген жоқ. Бұлар айтты, орыс күшті, әскері де мол, от қаруы тағы бар. Сізге еріп көшіп жүруге елдің халі келмейді, тоздырып аламыз деді. Сіз күш жинап, тыңайып алғанша біз орысқа бағынған боп отыра тұрайық, зекет пен ұшырыңызды жасырын жинап беріп тұрамыз депті. Хан бұған мақұл болып келісімін берген. Кешегі Ерденнің жылқымды бер демегені осы уәдесін орындағаны да…

— Пах, Ердендікі де ерлік екен!

— Баяғыда, мен осы Ерденнің бір жерден төрт жүз жылқы айдап кеткенін естіп едім…

— Бұл да құржаяу емес боп тұр ғой…

Ел енді дуылдасып Ерденнің ерліктерін айтуға ауысып кетті. Менің бар ойым хан Кенеде болды. Алдына қалай барамыз, кім, қалай қабылдайды? Ханның өзін бәріміз көре аламыз ба, жоқ па? Оны көру маған бір үлкен оқиға болатынын сезем. Әр кезеңнен өтіп, хан ауылына жақындаған сайын жүрегім қатты соғып, тынышым кете бастағандай.

Ауылға таяғанда алдымыздан бір топ атты шықты да, бізді бөліп, бөлек үйлерге алып кетті. Хан өзі шақырғанда ғана алдына барады екенбіз. Қожық бас болған, Қарашұнақ бар, Ордабай, Жанжігіт — бір үйге кеп түстік. Сонда отырып Ханның шақыруын күттік. Үй артында кісі бар дегендей, бұл жерде жайлау-қыстаудың жайын айтып, көр-жерді әңгіме етісіп отырдық.

Бір кезде сырттан біреу кірді.

— Хан шақырып жатыр. Басты кісілері ғана келсін деді.

Қожық төртеуімізді де ертіп алды. Бірақ хан ордасына барғанда ішке тек Қарашұнақ екеуі ғана кіріп кетті. Басқамызды күзетшілер кіргізбеді. Хан ордасы үлкен-үлкен оны екі қанат екі ақ үйді ауыз үй, төргі үй етіп қосақтап тігіпті. Ордадан бері қарай жүз қадамдай жерде бөлек бір үй бар екен, өзгемізді сонда кіргізді. Алдымызға қымыз құйды. Бір егделеу кісі келіп жөн сұрасты. Әрқайсымыз қайдан келіп, қайдан тұрғанымызды, руымызды айтып бердік. Өзі жөнін айтқан жоқ. Бұл үйде ұзақ күтіп сабырым сарқылды. Бар ойым ханның дидарын бір көру. Бұл өзі ұрын келген күйеудің қалың ойнар сәтті күткеніндей тым ұзақ болды.

Бір кезде Қожық пен Қарашұнақ қайтып келді. Сөздеріне қарағанда хан риза. Ерденмен арада болған барлық оқиғаны жіпке тізіп баяндап берген, Кенесары ашылып ризашылық білдіріпті, Ерденді де мақтаған көрінеді. Енді Қожық бастап келген адамдарды өз көзімен көріп сәлемдеспек. Сол үшін біздің барлық жігітті сапқа тізіп Орданың алдындағы жазыққа алып келді. Орда маңында атпен жүруге болмайды, жігіттердің кейбірі саптама етіктерімен дарпылдай басып найқалып зорға жетті. Жуан қардылау бірнешеуі тіпті ентігіп, арсылдап-күрсілдеп қалды. Орданың маңы шөбі тапталмаған жап-жасыл шалғын, жақындау жерде ағып жатқан бұлақ бар, оның айналасы сәл саздауыт екен. Саздың жоғары жағында ағаштан салынған демалып отыратын самалдық орын тұр. Бізді саздың бергі жағына, ордадан үш-төрт жүз қадамдай жерге топтады. Жұрт дабырласып, әркім әрнені айтып жатыр. Бірнешеуі:

— Бүгінгі күннің тамашасын-ай…

— Жарықтық, маужырап-ақ тұр…,— десе, бір тобы:

— Хан ордасында ма екен?

— Жанында кімдер бар екен?

— Атақты батырларын көре алар ма екеміз?

— Әне шықты?

— Қане?

— Ә, жоқ, атқосшылардың бірі екен…,— десіп бар назарларын Хан ордасына аударған.

Өстіп тұрғанда қолында он екі таспалы шашақты сарала қамшысы бар, бойы ортадан жоғары, мығым денелі біреу жақындап кеп қалды.

— Әй, жарандар! Хан Кене алдарыңа келіп аман-сәлем жасаспақ! Оң қолды кеудеге қойып, оң тізені бүгіп сәлем жасайсыңдар! Ханға сәлем берудің жоралғысы солай,— деді дауысын көтеріп.

— Мақұл!

— Е, білеміз ғой, оның несін айтатыны бар?

— Келіндерше сәлем салатын болдық па,— деп бір жігіт жыртыңдамақ болып еді:

— Қағынбай, тыныш тұршы,— деп жанындағы Ордабай қағып тастады.

— Бұнысы кім болды?— деді тағы біреу.

— Бұл Ханның жақын серігі, шұбыртпалы Ағыбай батыр,— деді егделеу бір кісі. Бұны естіген соң біразымыз сарыала қамшылы кісінің келбетіне қарап, дене тұрқын қызықтап, іштей тамсанысып қалдық. Биік қабақты, такаппар жүзді, кесек мұрынды, қалың ерінді кісі екен. Көзінен бір маңғаз бейғамдық білініп тұр.

— Хан келеді, хан…

— Шықты ордадан…

Жұрт күбір-сыбыр бола қалғанда топ арасынан мойын созып Орда жаққа қарадым. Шынымен бір топ адам Хан ордасынан шығып осылай қарай беталыпты. Ортадағы айырқалпақты Кенесары хан екені алыстан аңғарылып тұр. Өзара бір нәрселерді сөз қылып асықпай аяңдап жақындап келеді. Елу қадамдай жерге келгенде жаңағы сарыала қамшылы кісі “Енді сәлем беріңдер!” деп бұйрық берді. Біз жапырыла қимылдап бір тізерлеп отыра кеттік.

— Армысыз, мәртебелім!

— Ассалаумағалейкум, хан ием!

— Сәлем бердік, Хан Кене!

Қимылымыз қандай бейберекет болса, сәлемдескен дауысымыз да сонша шашыраңқы естілді. Хан қолын кеудесіне қойып сәлем алған ишара жасап, оншақты қадамдай жерге келіп тоқтады. Әуелі ханның сыртқы бейнесіне көз салдым. Жағасы кестеленген ақ жейденің сыртында жұқа барқыт кеудеше, оның да өңірі кестеленген. Оның сыртында екі өңірі шымқай әдемі өрнектермен әшекейлеген шолақ жеңді ұзын жібек шапан. Бұтында қара барқыт шалбар, аяғында жеңіл кебіс. Сары-қоңыр барқыттан тігіп, жақұт қадап әсемдеген айырқалпақ. Киімі соншалық әсемделіп, малынып тұрмаса да, өзге жұрттың бәрінен бөлек, айрықша екен.

— Уа, қадірлі жұртым, елдікке деп тіккен туымның астына жиналып жатқаныңа ризамын! Барша қазақтың басын қоссам, баяғы Абылай бабамның тұсындағыдай толықсып ел болсақ деп армандағалы не бір күнді көрдік. Бүгін досыңмын деп, ертесі сырт айналған екіжүздіні де, кеше жанарын шел басып жаулық қылып, бүгін көзі ашылып елдік танытқандар да аз емес. Абылай бабам өткеннен кейін-ақ қазақтың басынан бақ тайды, жан-жақтан анталаған жау жеріңе көз алартып, ұлыңды құл, қызыңды күң етсем деп аңдып отыр. Дінің мен тіліңнен айырмақ. Менің мақсатым — қазақтың сол тайған бағын қайта әкелу! Төрт қыбыласы тең, басың аман, бауырың бүтін заман орнату! Осындай қысылтаяң сәтте қара қазақтың қамын хан басыммен мен, ер басыңмен сен ойламасаң кім ойлайды? Барша қазақтың игі-жақсысы кеше күні мына мені хан көтергенде уәде берген, “қолыңнан тартпаймыз, тарықтырмаймыз, қатарыңа қосылам деген кісі болса жолын тоспаймыз” деген. Мынау өздеріңнің келіп, ортамызды толтырып жатқандарың да сол уәденің орындалғанының айғағы. Бұған аса ризамын. Бірақ, кеше сөз беріп, бүгін сырт айналған, жонымнан найза тақаған ағайынға да айтарым бар! Біз сатқындықты кешіре алмаймыз! Күндердің күні болғанда аяушылық күтпесін! Ордасын ойран етеміз! Досымыз бірлік, әділет болсын! Жауымыз берекесіздік болсын!

Кенесары дауысын көтере сөйлеп аяқтады. Биік қабақты, қоюлау қара-қоңыр қасты, мұрыны сүйірден көрі сәл қоңқақтау, кесек, шықшыты шығып тұратын, бет терісі жұқалтаң, езуі қырма мұртымен тұтасқан қоюлау шоқша сақалды кісі екен. Қабағы қанша қатулы көрінсе де, көзінде ашудан көрі ой басым, әрі терең, әрі өткір. Әркімге байыппен көз тоқтата қарап, бірден көкейіне тоқып алатындай көрінеді. Сөйлегенде дауысы байыпты, нық естіледі де, қос жанары сенімділік беріп оттай жанып тұрады. Өзгесінен көрі көз жанарын ұзақ бақыладым. Қарасы мен ағы анық, не суланып, не құрғап тұрмайтындай, кірпігін сирек қағып, жанарын тік қадайды. Алда-жалда өңіне тіке қарап тұрғанда көзімен көзіңіз түйісіп қалса қатулы, өткір көздің жарқылына шыдамай жылдам жүзіңізді төмен саласыз. Сырттай бір қарағанда онша аңғарылмайтын бір салмақты мыс басып тұрады.

— Жөн айтасыз, Ханеке!

— Бәрекелді!

— Жанымыз өзіңмен бірге!,— десіп ханның сөзін қошаметтеген көп шулап қоя берді. Кенесары баршамызға шола қарады да жанындағы батырларымен бірге бағанағы самалдыққа қарай аяңдады. Осы кезде жұрттың назары Ханның жанында тұрған адамдарға да ауа бастады. Арықша келген орта бойлы, сақал-мұрты бурыл тартқан, қиғаш қабақ ойлы жүзді кісіні біреу “мынау Нысанбай жырау екен” деп жатты. Ұзын бойлы, дөңгелек жүзді кісіні “Иман батыр осы екен” десті. Тағы бірнеше ақ сақал, қарасақалдар болды. Өңі қазаққа келмейтін, орыс үлгісінде жинақы киінген сары шоқша сақалды бір адам болды,

— Ханның жанында орыстар да бар деуші еді, сол рас болды,— десті біреулер.

— Көзі тұздай боп бұлардың да жүрмейтін жері қалмай барады…

— Патшаға күнәлі болып, Кенекемді паналап жүрген көрінеді…

Бұл шынымен хан кеңесшілерінің бірі екен. Содан кейін ұзын бойлы, қалың қауға сақалды, жастау кісіні тани алмай күбірлесті.

— Мынау барқыт шапан киген ұзын бойлы кім?

— Сақалы қауғадай екен өзі…

— Бұл атақты Шорманның Мұсасы, — деді Қарашұнақ артына бұрылып күбірлескен жұртқа.

— Әй бұны орыспен жақсы деп жүретін еді ғой?

— Бұл да Кенекем жағына шыққан ғой.

— Наурызбай батыр қайсы екен?

— Иә, ханның батыр інісі қайда екен?

— Ол мұнда жоқ. Жол жүріп кетіпті.

— Ә, бәсе тегі…

Біз Наурызбайды кейін көрдік. Ұзын бойлы, кең иықты, шымыр сом денелі, көзі оттай жайнаған адам екен. Жүзінде жан қаратпас қаһарлы айбар бар. Айғай салғанда арыстанның арылын естігендей бір дір ете қаласыз. Түр-тұлғасына көз тойып болмайды, әр қимылы, сөйлеген кездегі айбыны назарыңды басқаға бұрғызбайды. Өмірімде бұндай бөлек адамды көрмеппін. Наурызбайды маңғаз деп айтуға келмейді, бірақ оны сабырсыз деп тағы да айта алмайсыз. Ашуының да, сабырының да өз орыны бар. Әдетте бір күйден өзгермейтін мінезі, бір сәтте босаңсымас тұрқына қарап адам бейнелі қамал дерсіз. Көзіндегі жалынның бір сәт бәсеңдегенін көрмедім. Өзгелерден тағы бір айрықша жері — қою әрі ұзын шашы болатын. Дулығасын шешіп жібергенде, сұлу қыздың шашындай судырап иығына төгілгенін көріп таңқалғаным бар. Сақал-мұрты да сондай қою қара, қайратты. Оны да тарап, артық-ауысын қырып, әсемдеп қоятыны да өзге жұртта жоқ бөлек әдет. Әрең жиырмадан енді асса да, айбыны мен атағы өзгелердің бәрінен зор, үлкен-кіші түгел құлақ салып, сөзін тыңдайды екен.

Ханмен бұл кездесуден кейін, өзге де көшіп келіп хан әскеріне қосылып жатқан жұртпен бірге жаттығып, тұтас қолға қосылып сіңіп кеттік.

Жалғасы бар.