Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Адасқан сәби
121
оқылды

Бүркеншік аты: Жоғалған дәуір өкілі

 

Адасқан сәби

 

Гүжілдеген ұшақ қалақшаларының айналған дыбысы маза бермеген соң, құлағын құлаққаппен бүркемелесе де, жүрегінің қобалжыған дүмпуін тоқтата алмады. Жүрегі атқақтай тулаған асау жылқыдай тулап бергенде, бейне бір сахара, Тұран даласының құрық көрмеген жадағай жүріп, жабайылана бас-таған сәйгүліктері секілденіп еді. Бұл жүректің иесі археолог Джон Уолкер болатын. Оның жастайынан аңсары ауған қызғылықты бірсарын ермегі жерді шұқылап қазба іздеу емес, бұған дейінгі жер бетінің жойылып кеткен өрке-ниетінің сарқытын тауып, жердегілерге үлестірмек. Содан ғаламат атққа тап келмек. Бірақ әзірге жұмыр жер бұған жомарттығын көрсетер емес. 1922 жылғы Картердің тапқан әлемдік жаңалығы Тутанхамон қабірі кейін оның өзіне зор абырой мен атақ әкелген еді. Бұл да бір сондай желікті оймен осы жолға түскен. Әйтсе де археологияның жай желіктен емес, ерен ерліктен туатындығын ол қазір ғана жиырма жетіден асқан шағында шынайы жан дүниесімен сезінген. Ол Америка құрлығындағы атағы айға жеткен Бостон ғылыми университетінің түлегі екендігін аса бір мақтанышпен айта бермей-тін.

Бірде осы оқу орнының жанынан құрылған ғылыми ұйымның басшысы Артур мырза бұны арнайы шақыртып, кабинетіне алдырған. Бұл есіктен кіріп амандасқанымен, бұған мән бермеген қалпы, өзі үнемі қарап отыратын, қанатын кең ашқан қыран мүсінін алғаш көргендей көз ала алмай отыр екен. Джон жай басып былғары креслоға теңселе отырды.

Әлден уақытта Артур мырза:

- Осы Гитлер өлмеді деген қауесет шығып еді ғой, сен тарихшы ретінде бұған көзқарасың қалай? - деп сұрады. Күтпеген сұрақтан тосылып қалған Джон не дерін білмей:

- Ыы, Гитлердің егізі бар дегенді дәлелдей алсаңыз келісе алар едім, -деп жымиған болды. Бұл сөзден кейін тақтай бет, тарамыс жүзді Артур бұған шегір көзін тіктей қарап еді. Қай жағынан қарасаңызда көрер көзге ерсі біткен құлақты байқар едіңіз.

- Мен сенемін мистер Джон, -деп мұртын қиқаң еткізді де, құшағы кең орындығына сүңгіп кетті.

-Айтпақшы сізді шақырған себебім, сол Гитлерді тоқтатқан қаһарман жұрт-тан, дәлірек айтсақ, Қазақстан Республикасынан ұсыныс келіпті.

- Білікті консервация маманы керек. Бірлесіп қазба жұмыстарын жасайық, - депті. – Соған сізді жібергелі отырмын. Ағылшынға тән емес, қоңырқай жүзіңіз олардың жүрегін жылытар, - дегенде Джон тіксініп қалып еді. Бірақ бұл бірінші рет естіп тұрған кекесін еместігін білдіріп, күлімсіреді. Десе де, ішінде ызаға тұншыққан айқай жатырған-ды. Білдірмеді.

Солай ол осы ұшаққа билет алып, бұрын көрмеген, ауасын жұтпаған жат жерге қарай қалғып барады. Бұл оның тұңғыш рет Азияға сапары, содан болар көкейінде әлдебір қуаныш, әлдебір қорқыныш осы екі сезім ойран асыр төбелесіп, жеңіс туын тікпекке асығады. Бір кезде әуе серік қыз:

- Атлант мұхитының үстінен ұшып барамыз,- деп хабарлады. Бұл терезеден көз салды. Қанша биіктен қараса да, шексіз көкпеңбек өмір әлемі алдында жайнап жатыр. Джонның көз алдында бала өмірі көлбең ете қалды. Бұл он үшке толғанда, анасы Марта мен Джек үшеуі Атлант мұхитын жағалай келген. Сонда мұхиттың ақшағыл құмдары мен мазасыз шалдай жағалауға жарыса шапқан алып толқындарын алғаш көрген, қайран қалған. Сол күні Миссури штатынан келген Нетвис мырза мен Элиза ханым жақсы бір көңілді кештің себепкері болып, әңгіме-дүкен құрып отырып еді-ау. Ұшақ іші суықтап кеткен екен, денесінің тоңази бастағанын болмашы дірілі бетіне басып тұр. Бұл жамылғысына тығыла түсіп, мұхитты еркін кезген Ноути-лиусты, сол кеменің капитаны қасқайып тұрған капитан Немоны есіне алды. Бұрын оқығын кітабы-тын. Оқып болып Жюль Вернның көрегендігіне таң-қалған. Кейде өзі де осындай бір мәңгілік теңіз сапарына шығуды қалаған кездері де аз емес.. Күйбең тірліктен, бітпейтін алыс-жұлыс, аузыңдағыны тартып алатын сұмырай заманнан бір мызғып демалатын жердегі тамаша игіліктің бірі осы мұхит үстіндегі сапар деп танитын. Тағдыр оны жел айдаған қаңбақтай, өзінің бұралаң жолына салып, шықпыртып қуып келеді. Осы сапары да тағдырдың еншісі емес пе?! Ол осынау шет-қиыры көрінбейтін ойлардан қажыды ма көзін жұмып, құлаққабынан шығып жатқан әуенге көңілін бұрып жата берді.

Қанша өткені белгісіз әлден уақытта ұшақ қонуға бес минут қалды деп сампылдаған дауыстан оянып кеткен.Ұшақтан түскен бойда қара нөпер көп болғанға таңданысын жасыра алмай қалып еді сөйтсе, Әлкей Марғұлан атын-дағы археология институтының ғылыми қызметкерлері келіп, қызыл кілем жайып күтіп алып жатыр. Бұл өзінің атын сан қайталап, неше түрлі адаммен қол алысуда, бұның да қолын жерден табылған алтындай қазақтар хәл-қадірінше қаттырақ қысып, қонақжайлығын білдіріп: - «уелком» айтысып, қара көлікке салып әкетті.  

Жол бойы аудармашылары өздеріне үйретілген ақпаратты айтып, қазақтың осы уақытқа дейінгі жеткен жетістігін айтуда. Расымен таңғаларлықтай дүние. Бұл жастайынан сүйсініп оқыған тарих ғылымының атасы саналатын Герадоттың өзі Орталық Азияға ерекше бір ықыласпен назар аударған. Өйткені, бұл сайын далада күллі әлемді уысында ұстаған Макендонскийдің өзі жер қайысқан қолмен келіп, қылышы тасқа соғылғандай, күйреп қайтқан. Жаһанды табанына салып таптаймын деген парсылық Кир патша да басын қан толы меске тастап кеткені, сол заманғы скифтердің тегін еместігін дәлелдейді. Ал бұл аудармашы көзінде ойнақылығы бар, сығыр көзді, қоңыр жүзді қазақ жігіті де осынау кең даланы өз төсімен қорғап қалғандай сайрап отыр. Бажайлап қараған адам қуыс құмыраны байқауы да мүмкін-ау. Бірақ ол оған мән бермеді.

- Екі алтын адамымыз бар дейсіздер ме? – деген сұрақты әдейі қойды. Алтын деген кеселдің кесірінен Америкадағы үндістер қынадай қырылды-ау! Ал бұлар үстіне жамылып жатыпты деген ой келді бұған. Перғауындар да сол сасық темірді көзі қиып жан баласына бермей, көріне тығып әкеткеннен пайда көрді ме екен сірә? Кім білсін.

- Иә, иә екі алтын адамымыз бар. Біреуі Сарматтық алтын адам, енді бірі сақ дәуіріне тиесілі деп көтеріліп қалды. – Қазір мұражайдан көре аласыз.

Содан бұлар музейді аралап болып, қонақ үйге жайғасты. Ертең жол жүріп, зерттеу орны болып жатқан жерге бармақ.

***

Күн шаңқай түс болғанда ақ нива көлігімен саудыратып белгісіз бір көлік тұрағына тоқтады. Сөйтсе, бұл зертхана екен. Бұл көліктен түсіп шағындау, ақ балшығы түсе бастаған ескілеу ғимаратты көрді.

-Жүріңіз, Жүріңіз Джон мырза деп, жетелеп ғимараттың ішіне кіргізді.Бұлар-дың алдынан осы ғимараттың ғылыми қызметкерлері, археолог тағы да басқа түрлі қызметкерлер қарсы алды. Бұл жұмыс кабинетіне қарай екінші қабатқа көтеріліп, бір шағындау бөлмеге кірді. Бөлмеде, үстел үстінде түрлі сонау ғасырлық бұйымдар самсап жатыр. Ол қолына жүзі әлдеқашан майрылып, топыраққа айналғалы тұрған жуандау пышақты алып, олай-бұлай көрген соң қоя салды..Қасына ере кірген қазақтан:

- Сонда сіздер Кейінгі темір дәуіріне тиесілі тұрақ таптыңыздар ма? Бұл қару шойыннан жасалған сияқты.

- Иә кейінгі темір дәуіріне тиесілі тұрақ табылды. Олай болжауымыздың се-бебі қанжарлардың, қылыш садақтардың жасалуы темірден болған. Бірақ сонда да бізге белгісіз болып тұрғаны сізге дейінгі қызметкерлер бұл қару- ларды қалпына келтіруде қолайсыздық танытып, бүлдіріп алып жатты. Сон-дықтан сіздің сенімді қолыңызға табыстаймыз.

- Әрине қолдан келгеннің барлығын жасаймыз, - деді де, әлгі қазақты шығарып салды. Кейін өзі ілгіштегі ақ халатын киіп, шамды жағып, микроскоппен жаңағы шашылып жатқан мол дүниенің ішінен сынық тесенің бірін қолына алып, қарап жатты. Әлден уақытта кішірейткіш әйнектен көзін алып уқалап жатып: - Электрохимиялық тазалаудан өткізіп көрейн, - деп өз-өзіне ақыл айтты. Тот басып, даттанған көне жәдігер сықылдыларды су толы ыдысқа салып енді электрдің күшімен тазалады. Осылай жұмыс істеп жатқанда, ол өзінің арт жағынан бір әйелдің сұлбасын байқап, шоши жалт бұрылды. Жасы егде тартқан, ақ халатын жамылған көзілдірікті бір әйел бұған таңырқай қарады. Жасы алпысқа таяса да, бұрын көрікті болғаны байқалады. Беті жұқалтаң, әрі мыжылған қағаздай, өмір деген қатал қасапшының салған таңбасындай бетінен солғындық білінеді. Бір сәт бұны қайдан көрдім деп есіне түсіре алмаған адамша, әлі оты тая қоймаған көзін сықситып бұны сынай қарады. Бұл жақындап қолын созып, бар білген орысшасымен Америкадан келген маман екенін жеткізіп бақты.

Әйел қатқан қазықтай тапжыла алмай қалды. Жел қозғаған теректейін теңселе басып, бөлмеден шығып кетті. Джон аң-таң. Адам шошитындай түрі де кескінсіз емес еді. Не болғанын айыра алмай, аңтарып қалды. Бұған қарап, «неғып мелшие қалдың?» - деп сұрап тұрғандай өзінің бейнесін айна-қатесіз көшіріп алған, айнаға қарай жақындады. Майлап, әдемілеп оң жағына қайыра тарап қойған бұйра, қайратты шаш, маңдайы кең, ашық аққұба өңді жігітті көрді. Айқабағымен жапонға ұқсаған сығыр көзі күлімдесе, ерекше бір от шашып тұр. Бірақ асқан бір мейрімділікті білдіретін де осы көздері. Оны бүтін құрлықтан бөліп ерекшелейтін. Қыр мұрынды, қырма сақал, кең иықты, бойшаң жігіт өзін-өзі жаңа көргендей қадалды. Ойында  мазасыз бір сұрақ. Жаңағы әйелді шошытқан не болды екен? Неге сонша таңырқады? Сұрақ көп, бірақ жауап беретін адам көрінбейді. Ақыры ойын жиыстырып, жұмысына қайта үңілді.

Ол қызу жұмысқа әбден кіріскендіктен күннің батып қалғанында сезбеген. Аспанның көкжиегін орап алған, алып шоқтың қызғылт арайы терезені қимай аймалағандай, үшкір сәулелерін қадап, бөлме ішіне ерекше бір бояу реңін енгізді. Джон шаруасын тәмамадаған. Құралдарын жиыстырып, терзеге қарай аяңдады. Әбден өңі кетіп, шеті сөгіле бастаған терзенің алжапқышын ысыра, екінші қабаттағы қылтиманың есігін ашып, сыртқа шықты. Күні бойғы жұмыстың әсерінен өне бойы сүлесоқ, басы мең-зең күйде. Өзінің таңдап алған осынау кәсібіне еш өкпесі де жоқ сияқты. Жай шұқшиып ескі металдардың құрлымына қарап, сүртіп, тазалап отыра беруді қашанғы дағдысына айналдырды. Даланың танаудан кіріп, тәніңді жіпсітетін таза ауасы, самал желіне өңін тосып, көзін жұмып, біраз тұрып қалған. Есік алдындағы күзетшілердің әлдене деп күбірлескені естіледі. Артынша гүбірмен ілесіп, қолқаны қапқан темекі түтіні де сезілді. Адам өзін өлтіретінін білсе де, неге осы бір түтікке сонша құмар болады екен,- деген ой келді де, ішке кіріп кетті. Ол да киініп кетуге ыңғайланды. Қанша тырысқанымен ескі тұрақтан табылған көне жәдігерлердің құрамы бұған беймәлім бұрын кездеспеген. Темір атаулының осыншама борпылдақ, үгітілгіш күйін алғаш көруі. Тіпті мыңдаған градустық отта балқытып, қалыпқа келтіріп суға салғанымен де, сынғаш қалпында қала берді. Ешнәрсе қайран қыла алмаған соң, көңілсіз жатар орнына қайтып бара жатқан-ды.

Осылай бірнеше апта бойы қайталап ісінен ешқандай нәтиеже болмады. Амалы әбден таусылды.  Тағы бірде осындай іске алғысыз шаруадан шаршаған Джонның дәл жанынан:

- Қалай қалпына келтіруді білмей тұрмысың балам,- деген қырылдаған қартаң кемпірдің даусы естілді. Бұл шошынғаннан қолындағы затын тастай сап, қарай қалды. Жүрегінің соғысы жиілеп, ауызынан атып шықпаққа ұмтылып жатыр. Қараса алдында жолыққан бейтаныс әйелдің дәл өзі екен. Бұның жауабы кешіккен соң қайта сұрады:

- Қалай қалпына келтіруді білмей тұрмысың? – деп айна-қатесіз қайталады. Бұл жолы қырыл даусы ашылып, сөзі анық шықты.

- Қанша тырыссам да болар емес деп тісі ауырған адамдай, түрін кіржитті.

- Иә, оны қалпына келтіру оңай емес. Бұның арнайы әдісі бар,- деді бәрін білетін көнекөз қарт секілденген осынау бейтаныс әйел.

- Әдісін білсеңіз айтып... деді ар жағын айта алмай дағдарып қалды. Бір сәт өзінің Америкадан сол үшін арнайы келген маман екенін есіне алды.

- Жалпы өзің консервант маман болсаң, білетін шығарсың, кейде металдарды балқытқаннан кейін, оны суға салып алады. Сонда металдың жақсы деңгейде қатаюына септігі тиеді. Бар мәселе осында жатыр балам, - деп бар мейрімін төге жымия қарады. Адам көзі көңілдің айнасы деуші еді. Джон дәл мұндай мейірім төккен жанарды бұрын-соңды көрген емес.

- Ал бұл әйел бұны қайдан біледі? - деп ойлап тұрған шығарсың? – деп дауыс шығара күлді. Менің марқұм күйеуім де сен сықылды консервант маман бол-

ған.

- Иманды болсын! Біз білмеген жаңалық ашқан ба деймін.

- Обалы не керек, жаңалық ашуын ашты. Мына Қарағанды маңынан ежелгі сақтарға тиесілі қорымнан алтын теңгелерді тауып, қалпына келтірген де еді жарықтық! Бірақ ол байғұстың еңбегін еш кетіріп, қасындағы экспедиция басшысы атын атамая қояйын, қазір де бір дөкей боп отыр да, сол күйеуімнің еңбегін өз атына жаздырып алған. Содан тым жақсы жасап жүрген сүйікті ісінен безініп кетті ғой ол қайтейін. Артынша ішкілікке салынды, содан өмірі құрдымға құлдилады. Ой, құдай-ай қартайған кемпір не демейді, - деп қалтасынан шүберек алып, мөлдір тамшыларын білдіртпей сығып алды.

- Біреудің еңбегін қалайша өз атына жазады?

- Ай балам ау, атаққұмарлық дегенде жебір құрт сияқты адамның тұла бойын жалмап, жүрегін жеп қоятын секілді ғой. Жүрексіз адам - бос қуыс дене. Оны арқалағаннан да қайран жоқ, бірақ оны көпшілік білмейді.     

- Байғұс-ау мен әңгіме айтып отырып ұмытып кетіппін-ау, саған арнайы әкелген дәмім бар еді. Суып қалмай тұрғанда жеп ал, кел деп, әп сәтте бұның жұмыс үстелін тамаққа толтырып тастады.

- Сонда жаңа суға салады деп қалдыңыз ғой, сол жағын анық түсінбедім, - деді.

- А ол былай, кезінде Алтайдың арғы шеті мен Қара теңізге дейінгі иен даланы көк түркілер басқарған. Солардың ата мекені. Сол түркілер өмір сүрген дәуірді неге темір дәуірі деп атаймыз, оның да себебі бар. Көне түркілер темірді, металды ең алғаш болып қана емес, ең шебер деңгейде меңгерген халық болып табылады. Мысал ретінде Тайқазанды алсақ та, жеті түрлі металдың қоспасынан жасалған. Әр металдың балқу температурысы әртүрлі. Мәселен, темірдің балқу температурасында жез тіпті қайнап буланып жатады. Осындай ерекшеліктердің басын қоса алған ежелгі бабалар- дың өз әдіс-тәсілдері болғаны анық.  

Ал менің күйеуімнің өзінің бір жасаған тұжырымы бар еді. Оның ойынша, түркілер темірден түрлі бұйым жасарда, арнайы жер астынан атып шыққан минералды суларды пайдаланады екен. Әлгі табылған тұрақ маңынан минералды бұлақ көзі болуы мүмкін соны іздеп тауып, қызған темірді батырсаң, мүмкін беріктігі артады. Ол өзінің еңбегін қолжазба ретінде қал-дырған, ертең соны әкеп берейін, - деп сөзін бір-ақ аяқтады.

   Түн баласы қайырсыз болып, Джон дөңбекшіп көз іле алмады. Таңға асықты. Қолдан келсе, жұлдыздарды қолмен ысырып сап, күнді орнатпақ. Бірақ әзірше қолынан келер емес. Бөлме сағатының әр шырқыра қаққан тықылы бұған бір түнді сонша ұзақ етіп қойғандай. Таң атысымен тұрақ қасында бұлақ орны бар ма соны анықтамақ.

***

Күн сәске түс. Арқаның ызғырық желі қою бұлттың тартқан сыбағасындай көйлекшең жүрген ғалымдар тобының киімдерін желкілдете соғады. Таң қылаң бере Нива көліктерін міне шыққанымен, ол көлік таудың жолсыз жотасына тіреліп, топ әрі қарай жаяу жүріске көшкен. Бұл Арқаның оңтүстік

бөлігінде орналасқан жаңа табылған ежелгі қорымға сегіз кісі археолог келе

жатыр. Жолай жусан, басы күрдиген қызыл изен түрлі шөптесінді, кең алқап-ты кешіп, бір қырқаның басына шықты. Құмнан аршылған ескі қала орны, сыздықтаған жалғыз аяқ жол. Тұраққа жақындай берді. Ал еріп келген топ бұнымен бірге тұрақтың айналасын,тау-тасты зерттеп шықты. Ештеңе табыл- мады.

Байқаса, осы тұрақтан 4-5 шақырым қашықтықта бір белгісіз қазақ ауыл бар екен. Енді солай қарай беттеді. Ауыл шағын. Көшелерімен жүріп келе жатып, көше дейміз-ау, көше сықылды, бір соқпақ, асфальтсіз, қара жолмен шаңын бұрқыратып, келе жатырған көлік. Тірі жан баласы көрінер емес. Осылай келе жатырғанда, қос сиырын өріске айдап бара жатырған он үштер шамасындағы балаға кезікті. Көлікті заулатып әкеп, осы баланың жанына тоқтай қалды. Шаң бұрқ ете қалып, тіпті баланы сұлбасы да көрінбей кетті. Көлік ішіндегілердің ішінен жасы бел ортадан асқан археолог көліктен басын шығарып:

- Балам ау аманбысың, - деп қолын ұсынды. Әлгі бала шаң жұққан үстін қаққылап жатып:

-Ассалаумағалейкум аға, деп қос қолын созды. Көліктегілермен жеке-жеке амандасып шықты. Өзге өркениеттің иесі Джон бұл жайтқа шынымен таң қалды. Егер бұл жағдай Америкада орын алса, жас бала бірден жөнге келмес-тен айқайға басар еді. Бәлкім, шағымданып айыппұл төлетер ме еді? Бұл жақ-та бәрі өзгеше.   

- Айып етпе балам, сұрайын деп жүрген бір сұрағым бар еді. Ешкім көзге түспей қойды.

- Иә айта беріңіз, білсем жөн сілтейін.

- Осы ауылдың маңында бұлақ бар ма еді, білмейсің бе?

- Бұлақ деймісіз аға. Біз малды өзен суымен суарамыз. Өзіміз де сол судан ішеміз. Бұлақтың бар-жоғын білмедім . Анығын бір білсе, ақсақалдар білер, - деді.

- Онда сол ақсақалдарыңа қарай бағыт сілтеп жібер. Жас баланың айтуымен бір үйге келіп түсті. Үйде сексеннің сеңгірінен асқан бір қария тұрады екен. Бұл топты бастап келген бас археолог үйге ене, дауыстап: «-Ассалаумағалейкүүм»,- деп қоңыр даусын соза амандасты.

- Әлей болсын! Құс жастықты шынтақтап жатырған қарт енді бұларға бұрылды.

- Ақсақал құдайы қонақпыз.

- Ие, онда қазан көтертейін, - деп орынан екі ұмтылып әзер тұрды.

- Керек емес ақсақал, пейіліңізге тойдық. Ақсақал сізден бір жайды сұрай келдік,- деп бірден әңгіменің төркініне көшті. Айтқандай, біз осы маңайдан түркілерге тиесілі ескі  тұрақ тапқан археологтармыз. Ауыл айналасында ескі бұлақ көзі жоқ па екен, білмейсіз бе?

- Бұлақ дейсіңдер ме? деп мүкіс тартқан құлақтың сырын аша салды. Бұлақ бар. Болған. Қазір сарқылуға айналған, ізін әзер табарсыз. Жер астынан көкке шапшитын артизан іспетті бұлақ бар еді. Соны іздеп жүрсіздер-ау шамасы дегенде, Джонның көңіліне әлдебір қуаныш сезімі лыпып кіріп алған. Бұлақ басына қарттың баласы ертіп әкелгенше, алагеуім уақыт болып, қараңғылық біліне бастаған. Бірақ бұлақты жазбай тапты. Джон да басқалар да суға қанып

алды. Джон бұлақтан қажетінше су алып тұрағына қарай тартты. Ертесіне жұмыс үстеліне тұрған кітапқа көзі түсіп, жай басып, қасына келді. Мұқаба-сында «консервация жайында зерттеулер» авторын оқиын дегенде, бұрынырақта жазылған қолжазба болған соң, сиясы өше бастапты. Ежіктеп отырып, Асқар... деген сөзді ғана оқып, кітаптың алғашқы парақтарын сапырды. Кітапта: «қазақ жерінде орналасқан жер астынан шығатын кейбір қайнар сулардың құрамында сульфаттық тұздар кездесетіндігін жазыпты. Яғни сол тұздар темірмен әрекеттескен жағдайда, кристалды түйіршіктер пайда болады екен. Ондай кристалдың балқу температурасы да өте аз градуста балқып кетеді екен. Сол түйіршіктерді темірдің қызған сәтінде қосса, темірдің беріктігі арытатын көрінеді. Содан болат қаруларды түркілер солай жасайды,» - деген тұжырым айтыпты. Яғни сонау өткен заманда еуропада ғылым мен білімнің исі білінбеген уақытта түркі халқының осыншама деңгейде зерттеп тастағанына қайран қалғаннан Джон тіпті есін жия алмай қалды. Сөйтіп күні бойы кітаптың нұсқаулығымен түрлі экспери-мент жасады. Бәрін жасап болған соң, темірдің қатаюын бір тәулік күтуге қалдырды.

Бұрын көрмеген отанға келіп, олжалы оралғалы тұрған Джон Уолкердің жемісіне жұрт риза. Ал оның өзі Қазақ жерінде ашқан жаңалығын докторлық дисертацияға айналдырып әлек.

***

- Көздері таныс, тура бұрын кезіккен адамдай, - деді әйел. Даусында діріл бар. Бұның әңгімесіне қаныққан сіңілісі Ләззат не дерін білмеді. Тіпті жал-ғандағы жалғыз апатайын жұбанта алмай тағы қиналды.

- Үмітсіз шайтан демес пе, не қылса да тәуекел етсем дегенге бекініп отыр-мын. Осы жасқа жеткенше көрген қиянатым аз емес еді. Енді құдайдың  

сыйын да көрмекке қақымыз бар шығар. Ал Ляззат болса басын төмен салып, тұнжырап, тұңғиық ой тұманында адасып жүргендей мелшиіп отыр.

- Енді не істемек ойың бар?

- Амалын табармын, - деді де, шұғыл киініп, айнаға бір қарап, әжім торлаған бетін сәл әрлеп алды да, жұмысына қарай шаба жөнелді. Келсе, Әлкей Марғұлан атындағы ғылыми орталықтың қызметкерлері тегіс жиналған, үл- кен жиын өтіп жатыр. Бұл басында түк түсінбей сұрастыра келгендегі естіге-ні мынау Джонның ашқан ғылыми жаңалығы жазылып, ғылыми ортада оң бағасын алыпты. Әлден уақытта әйелдің кабинетінің есігін бірқалыпты то-қылдатқан үн естіліп, артынша сол жас жұлдыздың өзі де кіріп келді.

- Сізге сәлем берейін деп келдім, апа! – деді саңқылдаған қоңыр дауыс.

- Ә, аман ба шырағым? Жемісің құтты болсын! – деп жылы шырай байқатты.

- Сол үшін де сізге алғыс айтамын. Сіз болмасаңыз бұл жұмбақты шешпек

түгіл маңына жолай алмас едім деді.

- Ие шырағым біздікі бұлақтың көзін ашу ғой, ары қарай ол бұлақ өзен боп арқырай ма, жоқ әлде құмға сіңіп жоқ бола ма, ол да адамның өз еркіндегі нәрсе. Шын мәнінде адам білімсіз болып яки тумысынан қабілетсіз болмайды, адам өзін жігерлеп, өз-өзін билегенде ғана жетістікке жетеді. Менің ойым марқұм шалымның еңбегі еш кетпесін деп саған бергенмін, баяны бар ұл екенсің! Жерде қалдырдмадың, шаңға тоздырмадың.

- Кел бері,- деп жанындағы үстелді нұсқады. Екеуі отырып, біраз сыр алысты.

- Ғалым болу оңай, оның жүгін көтеріп жүру қиын балам. Сен енді кетемісің?

Миссияңды орындап аяқтадың ғой?

- Бұйырса, екі күннен соң кетемін. Кетер алдында қасиетті бұлаққа бір барып қайтпақпын. Қазақ жері құпияға толы, таңғажайып жер екен. Кеудемде алабөтен қимастық сезіледі. Неге екенін өзімде дөп басып біле алмай жүрмін.  

- Әке-шешең бар ма еді? – деді әйел дүдәмал көңілдің тетігін басып, көңілін орнытпақ оймен.

- Бар. Екеуі де бар. Өзіңіздің де балаларыңыз бар шығар, алды нешеде? – деп тосын сұрақ қойды.

- Болған, туғаннан соң, бірден шетінеп кетті.

- Джон өзін ыңғайсыз сезініп, қос қабағын тарс бекітіп, әйелден кешірім сұрады.

- Оқасы жоқ шырағым, өмірдің басқа салғаны болғасын амалсыз көнесің де, басқа дәрмен бар ма, - деп ауыр күрсініп қойды. Оны уайымдап шал кетті. Жазылмаған жараны тарнадым ба деп, Джон енді әңгіме ағысын басқа жаққа бұрмақ болып еді, ойына жөнді ешнәрсе ілікпеді. Әйел терезеге қарап қадалған қос жанарын алмастан ауыр ойға шомылып кеткен. Бұл жай Джон-ды одан әрмен сарсаңға түсірді. Сәлден соң:

- Балам, - деді әлгі әйел. Даусында неге болса да тас түйін бекінгендік пе, әлде ұзын-сонар ақтарылатын ішкі тебіреністің әсері ме, ой ағынын әлденеге бастағалы тұрған сенімді үн, иесінен ұзап шығып, Джонның сана шеңберінде қалықтай берді.

- Жаңа айттым ғой енді ғана ана атанғанда жас сәбиім шетінеп кеткен. Тым болмаса сәбидің исін құшырланып иіскей де алмадым. Содан бері жүрегім тасқа айналған. Бала көрсем іштей елжірегеніммен сыртқа сыр білдірмейтінмін. Сөйтіп қаншама ай, жыл өтті. Не керек бұл күйге де үйреністік. Сені алғаш көргеннен көздерің таныс көрінген. Сонау жылдан бері қарда қатқандай, сезімсіз қалған жүрегіме кішкене болсын көктем орнап, қарғын жүргендей болды. Сол үшін де саған алғыс айтамын. Екі күннен кейін кетеді екенсің, - деді де ар жағын айта алмай қызарақтап, тілін тістеп қалғанын Джон байқап:

- Қазір ақпарат заманы ғой байланысып тұрармыз, - деп жылы жауып қойды. Әйел оны естімегендей: - алғашқы рет және соңғы рет сені балам ретінде құшақтасам бола ма? – деп қойып қалды. Бұны естігенде Джон қапелімде не дерін білмей абдырап қалып еді. Өзі келістігін білдіргендей қос қолын ербеңдете екі жаққа жайғастыра еріксіз құшағын ашты. Әйел бұны құшақтап: - Анаң бар болса қадіріне жет оның балам, - деп құлағына сыбырлады. Дауысында діріл бар, көмейге өксік тығылғанда алқымнан атыла шыққандай жайсыз естілді. Әйел бұны шашынан сипап жатты. Бұл сол сәт өзінің алыста қалған анасын есіне алды. Ол осынау алыс Азия сапарына аттанғалы анасына қоңырау шалмағанына, тым құрыса есіне алмағанына ұялды. Бірақ бұл жасынан ондай кісіге үйірсек, біреуге кіріптар көңілшек болған емес-ті. Анасының жылы құшағын сонау жоғары мектебін аяқтап, Бостонға оқуға кетерде бір көрген, сонан бері ол байғұс шешесін құшақтамапты.  Әйелдің айтқан сөздері жүрегіне шандудай қадалып, зіл батпан ауыртпалық тастай салды. Сол ісі үшін әйел алдында да, алыстағы ана алдында да жазықты сияқты.

Әйел құшағын босатып, Джонға жолының сәтті болуын тілеп, кабинеттен шығарып саллды. Джон кабинеттен шыққан күйі, мелшиіп қатып қалды, ішінде өзі-өзімен күрес жүргізіп, ойы аласапыран төңкеріліп жүре берді. Не істеп жүр, қайда бара жатыр әзірге беймәлім.

Джонды көзімен шығарып салған әйел аяғын сүйрете басып, терезеге қарай ұмтылды. Тысқа қарап тұрып, өзінің бір бағалы сыйлығын жоғалтып алған зергер сияқты тұман арасына сіңгендей қапалы. Жігіттің шашын сипаған қолына қарап еді, екі тал шаш жабысып қалыпты. Сәл ойланып тұрды да, жедел басып бір қағазға екі шашты салып алды. Сөмкесін алып апыл-ғұпыл кете барды. Жұмыс бөлмесінің есігін кілтеуді де ұмытты.

Әйел диагностикалық орталыққа келді. Алдынан жас мейірбике қыз күтіп алды да өздерінің міндетті сұрағын қоя бастады:

- Сәлеметсіз бе, сізге қандай көмек керек?

- Аналықты анықтайтын ДНҚ сараптамасын жасатпақшы едім.

- Өзіңізбен бірге баланың шашын, тырнағын  немесе қандық анализдерін әкеліп пе едіңіз?

- Иә, әкелдім.

- Жақсы ендеше тура жүріп, оңға бұрыласыз да, он үшінші есікке кіріңіз, - деп сыпайы шығарып салды. Әйел мейірбике нұсқаған жаққа қарай жылжып барады.Әр қадамын әзер басып, ақыры он үшінші есікті тоқылдатты.Ішке кіріп, еш қиындықсыз тест тапсырып өтті. Шешімі екі күннен кейін шығады.

***

- Не болса да сабыр етіңіздер! Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық бірақ баланы құтқара алмадық.

- Асқар, Асқар қайдасың? - деген дауыс палата жақтан шығып жатты.

- Осындамын Жанат осындамын. Әйел көзін ашқаннан тұруға ұмтылып еді. Сізге тұруға болмайды. Жатыңыз! Қазір ғана күрделі отадан шықтыңыз, - деп акушер қыз бен Асқар араласып әзер жатқызды.

- Балам қайда? Балам? Көрсем бола ма? Маған әкеліп беріңізші? – өтінген дауысы жыламсырай шықты. Асқарға қарап еді, ұнжырғасы түсіп, басын төмен салып, көзі жасаурап тұр екен.

-Асқар, неге жылайсың? Баламыз қайда? Біздің баламыз?

Жаным ау, сабыр ет! Құдайдың әміріне қарсы келіп бола ма? Баламыз бізге шапағатшы болуға кетті.

- Ана мен баланы айыратындай жаратқанға қандай жаманыдық жасап едік? – деп өксіп-өксіп алды.

- Айтшы, Асқар-ау, айтшы? Асқар әйелін аяп кетті.

Қой енді асылық сөйлемейік, - бір қайыры болар. Әлі жаспыз ғой тағы берер!

Қанша жұбатпақ болса да, өзінің іші жалындай қайнап жатқанда, қалай жөні түзу сөз таба қойсын. Содан бері міне жиырма жеті жыл өткенде сол бір қаралы күнді неге есіне алғанына таң қалды.

Алматының жасыл алқапты, екі жағын ағаш қаптаған тас жолы. Тас жолда күре тамырдан шапшып аққан қан сияқты жүйіткіп жатқан көліктер. Тас жолдың жанында жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жүріп келе жатыр. Қасынан өткен сансыз адамдардың бірі де бұның жан-дүниесіндегі әлем-жәлем болып жатқан арпалысты сезбейді. Сезуге мұрша да жоқ. «Тірі адам тіршілігін жасайды» мен жүріп, көп адам роботқа айналғандарын өздері де сезбейді. Жанат болса ойлы қалыпта үйіне қарай қайтып келеді. Бар ойы екі күннен кейінгі шығатын шешім. Олай ойлайтын себебі Джонның көздері тура Асқардан аумайтын. Алғаш көргенде де ол марқұм болған күйеуін көргендей абдырап, аңырап тұрып қалуының мәнісі де осы еді. Адам деген үмітпен өмір сүреді. Бүкіл болашағын да, бүкіл арманын да сол үміт деген қылдай жіңішке сезімге әкеп байлап қояды. Тііпті өлерде де «ертең жазылар-мын» деп үміттеніп, сол үмітпен өледі. Бір жағынан қарасаң сондай бір аянышты хәл. Бірақ өмірдің мәні де, мазмұны да сол үмітте сияқты. Мың мәрте қылмыс жасаған баланың анасы баласының жақсы болуынан күдерін үзбейді. Сол себепті де ол баласын мың бір мәрте кешіре алады. Бұл – ана жүрегі. Ең асыл нәрсе.

Екінші күн де келіп жеткен таңнан бұрын тұрған Жанат терезе жапқыштарын итере салып, бөлме ішін тазалап, ерте тірлікпен айналысып кеткен. Онысы әдеттегі дағдысынан емес, ұйқысы қашқан адамның қыбырлауы екендігі білінеді. Терезені ашып, күннің өзін оятпақ ниеті болып еді. Тезірек күн шығып, жұмыс уақыты басталса екен деп тілеп отыр. Себебі бүгін қорытынды шығатын күн. Жанат жақсылап тұрып таңғы асын ішіп, асықпай жуынып- шайынып болған соң, киім сөресінен өзіне ең ұнайтын қызғылт костюмшесі мен алдында бүрмеленген гүлді ақ жейдесін киіп, шашын асықпай тарап, сыланғаны өзіне де таңсық. Бірақ жағып барады. Өміріндегі жарық бір сәуле жарқ етіп қайта оянғандай, өзін жеңіл сезінді. Өмір соққысы оны әбден есеңгіретіп, әбіржігеннен ерте қартайып кеткені болмаса, өзі қатарлы әйелдер жарқырап жүргнін талай көрген. Үйден шығып, таксимен өзі барған диагностикалық клиниканың қалың терезелі ауыр есігін тартқылап екінші мәрте ашып, ішке кірді. Бұл жолы оған кезекші қыздан ешқандай көмек керек болмады. Өзі аяңдай басып он үшінші кабинетін тауып алып кірді.

- Сәлеметсіз бе мен сіздерге аналық сараптама жасатқан едім. Енді соның қорытындысын алуға келіп едім, - деп бірдеңеден кешігіп бара жатқандай асыға сөйледі. Сары шашты бойы орташа, сығыр көзді, қызыл райлы дәрігер қыз бұған күлімдей қарап:

- Иә, иә апа аты-жөніңізді айта қойыңыз, - деп сұраулы пішінмен қарады.

- Искакова Жанат

- Қазір бір минут, - деп үстел үстінде үйіліп жатқан қағаздарды сұқ саусағы-мен сапырып жатыр. Жанаттың жүрек соғысы жиілеген үстіне жиілеп барады.

- А міне таптым.

- Анализ тапсырушы Искакова Жанат пен тексерілуші Джон Уолкердің анализ қорытындылары тоқсан тоғыз бүтін жүзден тоқсан сегіз пайыз ұқсастық анықталды. Тест сараптамасы оң нәтиеже берді. Құттықтаймын!

Бұны естігенде әйел көзінен ытқып шыққан жасқа әлі келмей қалды. Мейір- бикені құшақтап алды. Күлді біресе жылады. Осыдан жиырма жеті жыл бұрын шетінеп кетті деген бала араға уақыт салып тірі оралған. Бұған қалайша жыламайды. Ойына Джонның кескіні көлбең ете қалды. Бейне бір  осы әлемде ең соңғы ең жалғыз әдемі тіршілік қалды десе сол Джон сияқтанды.

- Жарайды апа, мен кете берейін деп есіктен шыға берді.  

- Айтпақшы ол да кетеді екен ғой. Бүгін кетеді. Тұла бойынан тоқ өткендей дірілдеп кетті. Зарығып күткен, тағдыр айдап, алдына әкелген жалғызы кетеді. Жанатта қос өкпесін қолына алып ғимараттан жүгіре шығып, такси тоқтатып, тартып барады. Бар ойы:  «үлгерсем екен! Үлгерсем екен!»  Көлік-те айтқан жеріне жетіп тоқтады. Тарс еткізіп есікті жұлқи жауып, Жанат асығыс Джонның бөлмесіне кірді. Кешігіп қалыпты. Бөлме жылан жалағандай тап-таза жиналған. Джонның ізі әлдеқашан суыған. Не істерін білмеді. Айқайлағысы келді. Жарым дүниені қиратқысы келді. Бірақ жанға оның бірі де шипа бола алмайды. Жанаттың бөлмеге кіргенін байқаған басқа қызметкер: Джон мырза екі сағат бұрын әуежайға ұшып кеткен. Сізге мына хатты беруімді өтінді деп қолына бір жапырақ қағаз ұстатып кетті. Жанаттың қолы инсульт алған адамша қалтырай берді. Қағазды ашып көргенімен көзіне толған жастан жазу бұлыңғырланып, түк көрінбеді.

Хат

Амансыз ба, Жанат апа? Мен Джон сізге кетер алдында хат жазуды жөн көр-дім. Мен азғантай уақытқа қазақ жеріне келіп, қазақ арасында көп болмасам да, бұл халық маған ерекше ұнады. Жомарттық, адалдық, тазалық бәрі осы жерде екен! Апа сізге алғысым шексіз. Сіздің ақылыңыз болмаса, мен бұл құпияны таппас та едім. Аман жүріңіз алдағы уақытта келуге тырысамын.

«Балаңыз, Джон У»

«Балаңыз Джон У» деген жерін оқығанда Жанаттың сай-сүйегі сырқырап, жүрегі езіліп кете жаздады. «Келдім ғой балам», «Адасып қалған құлынша-ғым» , «Қарашығым» - деп бар білген жылы сөзімен айналып, толғанып жатты. Бірақ оны ұшақ ішінде джаз әуенін тыңдап бара жатқан Джон естімеді.

Жиыпма жеті жыл бойы мұз болып қатқан шер бір мезетте көктем келгендей еріп, көзден пар-парлап жас болып ағып жатты. Тоқтай алмады байғс ана!

Талай бейкүнә сәбидің тағдырын ойран етіп, шетелге асырып жіберген тас-жүректер де, оларды бауырына басып, мейірім нұрына шомылдыра алатын-дар да бір анадан тарайды. Ақша үшін сәбидің көз жасын садақа еткендер қалай жер басып жүреді екен...