Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Соқыр сезім
94
оқылды

Бүркеншік аты: Сезім

СОҚЫР СЕЗІМ

(детектив)

– Айжанның денсаулығында ахаулар бар ма еді?

– Жоқ, ешқандай ауру белгілері жоқ етін қызымда... өзі жас кезінен спортпен шұғылданатын... теннисті  ерекше жақсы көретін. Қолы босай қалса, тенниске көп баратын.

– Соңғы уақыттарда Айжанның  мінез - құлқынан ешқандай өзгерістер байқамадыңыз ба?

– Жоқ. Ол өте мейірімді, ақкөңіл, ақылды қызым еді ғой.... бұл қалай болды? Сенер емеспін...

Нағима көз жасына ерік берді.       

Ішкі істер басқармасының аға тергеушісі, полиция капитаны Абзал Төремұратұлы еш хабарсыз жоғалып кеткен Айжан Көпжасарованың анасына қояр сұрақтары көп еді. Перзентінен айдың күннің аманында айырылып қалған ана жүрегі шыдатар емес... Көрген түстей күй кешуде...

***

Айжан көптен бері жоспарлап жүрген жұмыстарын толықтай аяқтағанына іштей риза. Бүгінгі күнін  құрбыларына арнамақ. Алыс оқудан келген, ауылға туыс-тумасын сағынып келген құрдастары Айжанды орталарына қайта-қайта шақырып жүргеніне біраз болды. Барғысы келді, алайда қаладағы жұмыс бабы бүгін ғана өз шешімін тапты.

Қаладағы жұмысы жүріп, табысты кәсіп иесі болып келе жатқаны Айжанның өзін де, анасын да қуантты. Бұрынғы қарыздарынан құтылып, бизнесі жаңа бір белеске аяқ басқалы қашан?! Сонда да «еңбек - бәрін жеңбек» деп, таңның атысы, кештің батысы шаршамай еңбек етті. Ерінбеді. Асқардың да іскерлігі оны тәнті етті. Ендігі күшін серіктестерімен бірлесіп құрған үлкен жаңа бизнесіне салмақшы.

Жастайынан зерек өскен Айжанға құрбылары да, ауылдастары да қызыға қарайтын. Көпке үлгілі болды. Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған жас қыздың өз кәсібін ашуы да сол іскерлігі мен ептілігінің арқасы еді. Сол жылы ауылдағы шаңырақта жалғызсырап қалған анасын үлкен қалаға көшіріп алды. Айжанның достары, ниеттес құрбылары әрдайым жанынан табылатын. Ақылы көркіне сай қазақтың қызына сырттай ғашық болған жігіттер өз көңілдерін білдіргенмен, оның таңдауы Асқар деген жігітке түсті. Асқар екеуі бірден тіл табысып кетті. Қаланың жігіті Айжанға бірден ұнады десек те болар. Үлкен кәсіпті бастауына да Асқардың көмегі көп тиді. Қыры мен сыры мол жаңа кәсіп екеуінің бұрынғыдан да жақын араласып, жақсы тануына ықпал етті. Жаңа бір ерекше тәтті сезім үлкен бір жалынға ұласқандай кезеңдерді бастан кешті. Бақытты күндер мен айлы түндер, естен кетпес кездесулер жалғасып жатты. Осы жазда  үйленеміз деп cөз байласты.

Серіктестермен жоспарланған кездесуді Асқар міндетті түрде өткізуді жөн санады. Екі апталық іссапарға кеткендіктен, сол күні ауылдағы кездесуге Айжан Асқарсыз барды. Мақпал құрбысының жиі соғылған қоңыраулары Айжанды көп ойланбай, жолға шығуына түрткі болды. Мақпал Айжанмен бір курста оқыған ауылдас құрбысы еді. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған Мақпалға жұмыс табу қиынға соқты. Ауылдағы ата-анасы шақырғанымен, жұмысқа тұру үшін қалада қалуды ұйғарды. Айжанның жеке кәсібінің дөңгеленіп жүріп жатқанын естіген Мақпал,  еңбек жолын сонда бастағысы келді. Ауылдас, курстас болған Айжан мен Мақпал енді әріптес ретіндегі достықтары жалғасын тапты.

***

Тергеудің тарам жолдарына қанық болған Абзал бүгін оқиға болған орынға оперативтік топпен тағы бір рет барып, айналасын мұқият қарап шығуды жөн көрді. Бәлкім, істі ашуға септігі тиетін дәнекер бірдеңе табылар деген ой мазалады. Машина ауыл шетіне шығып, тастақтау жолға түсті. Айжанның көлігі осы жолмен жүргені белгілі. Айналаны мұқият қарап шыққан тергеуші айғақты ештеңе таба алмады.

Түстен кейін Абзалдың алдындағы сұр телефон шырылдап қоя берді. Тұтқаны көтергенде облыстық басқарманың басшысы полковник Тұтқабаев Мұрат Кеңесбайұлының даусын естіп абдырап қалғаны бар. Көптен бері ауруханада ауырып жатқанын естіген еді. Бүгіннен жұмысқа шығыпты. Айжанның жоғалып кетуі туралы қылмысты істі ол  бір кісідей білетін.

– Айжан Көпжасарова бойынша іс қалай жүріп жатыр?

– Жұмыс жасап жатырмыз, жолдас полковник.

– Күдіктілердің барлығын сұрап шықтыңдар ма?

– Ия, тап солай.

Телефон тұтқасының ар жағындағы дауыс сәл кідірістен кейін:

– Меніңше, Абзал Төремұратұлы, күдіктілерден бөлек, Айжанның айдаған көлігін де тағы бір қарап шығу керек.

– Көлікті сол апат болған жерде талдау-сараптау бөлімінің қызметкерлері толық қарап шыққан еді.

– Тағы бір өзің қайтара қарап шыққаның жөн болар.

– Жақсы.

Абзал кабинетінен асығыс шығып кетті. 

Тергеу-іздестіру жұмысын бастапқыда жасағанда көліктен ешқандай күдік тудыратындай заттар табылмады деп анықтама берген сарапшылар, таңертең Айжанның көлігінен сырға тауып алғандығын хабарлады. Адамның көзі жете бермейтін артқы орындықтың астыңғы жағындағы қуысқа түсіп кеткен сырға бұл қылмыстық істің ашылуына көп көмегі тиді. Абзалды бұл сырғаның көлікте қалай қалып қойғаны ойландырды. Сырғаның иесін анықтау үшін  Айжанның құрбылары да, әріптес достары да, тіпті Асқар сұралды. Барлығы да бас шайқап, иесін білмейтіндігін айтты. Ендігі соңғы үміт Айжанның анасы еді...

***

Жұмысқа келіп-кетіп жүрген Мақпалдың көңіл-күйі мен жұмысқа деген талпынысы баяғыдай болмай жүргенін әріптестері байқап жүрді. Өңі қуарып, жүзі күннен күнге солып бара жатқандай болды. Жан құрбысынан айырылып өз-өзіне келе алмай жүрген шығар деп топшылады айналадағылар. Мақпал болса ешкімге ештеңе айтқысы келмеді. Тергеу барысындағы сұрақтарға «шынайы» жауап беруге тырысқанымен, ішкі ойы жегідей жеп, мазасын алғалы қашан... он күнге ауруханаға жатып шығуды ұйғарды.

***

Айжанның анасы Нағима апайдың жүрегі тарсылдап қоя берді. Үміті сөніп, перзентіне деген сағыныш сезіміне бой алдырып жүргелі де біршама уақыт өткенін байқамапты. Абзалдың алдында отырғанда ғана есін жиғандай болды. Хал жағдайын сұрастырып болған соң, Абзал бірден сұраққа көшті:

– Нағима апай, мына сырғаны бұрын көргенсіз бе?

– Көзім қарауытып , дұрыс көре алмай отырмын...

– Көзілдірігіңізді тастап кеткен жоқсыз ба?

– Ммм... жо жооқ... қазір...қалтамнан алайын...

Қолының саусақтары егде тартқан бетіне ақырын ғана көзілдірікті кигенде, Нағима апай «жоқ» деп, жәй ғана басын шайқағандай болып еді. Есіне көп нәрсені түсіргісі келгендей, терең ойға батқандай болды. Әйткенмен, бірден жауап айтуға қиналып отырғанын Абзал бірден сезді. Сәлден соң Нағима апай есіне бірдеңе түскендей:

– Менің ойым шашырап отырған сияқты... балам... Айжан алтын сырға мен сақиналарды жақсы көруші еді. Өзі де тағып, өзгені де қуантуды жаны сүйетін. Алтын білезік пен сырғаларды, алқаларды сыйға да тартатын. Бірақ бұл Айжанның сырғасы емес...

– Тағы да мұқият қараңызшы... мүмкін біреу сыйлады ма?

– Білмедім... мен қызымның алтын бұйымдарының бәрін жақсы білемін. Көзімнің қарашығындай сақтап келемін.

– Нағима апай, жауабыңызға рақмет. Алайда есіңізге тағы бір нәрселер түсіп жатса, хабар беруді ұмытпаңыз.

– Жарайды, балам... міндетті түрде хабарласамын...

Нағима апай үйге жеткенде түс ауып кеткен еді. Басы ауырғанын ыстық шәймен басқысы келді. Шай қайнағанша үйдегі алтын сырғалардың барлығын асықпай тағы бір қайтара қарап шықты. Қайдан көрдім ол сырғаны? Неге ойымнан кетпейді?..

Шай ішіп, теледидардан болып жатқан концертті көріп отырды.  Сәлден соң теледидардан сүйікті әншісінің «Досыма» әні шырқалды. Әннің әуезі Нағиманың есіне өткен күндерді түсірді. Осы әнді Айжан жақсы көруші еді.  Ия... ия... сол кез.... есіме түсті... есіме түсті! Ол сырғаны Айжан жан досына, құрбысына сыйлады ғой...! Сол кеште екеуі бірге барып еді ғой... ия, сол сырғаны Айжан сыйлағысы келді...

Есіне түскен ойдан өзі де қорыққандай... жоооқ, жооқ... мүмкін емес...

***

Абзалдың алдында отырған Мақпалдың жүзі сынық еді. Сұрақтарға жауап бергенде ойы шашырап, бойын үрей билегендей кейіпте болды. Сол түнгі сұмдықты есіне қайта түсіргісі келмей біраз үнсіз отырды.

– Алдыңыздағы сырға Айжанның көлігінен табылды. Сырға сіздікі ме?

– Жоқ!

– Жауабыңыздың бәрі жазылып жатыр. Протоколға қол қоятыныңызды ұмытпаңыз! Кінәні мойындау жазаны жеңілдетеді. Кейін кеш қаласыз.

– Сол кеште Айжанның көлігіне отырғаныңызды неге жасырдыңыз?

– Жоқ....жалған... мен емес....

– Мақпал Елемесқызы, құрбыңыздың денесін қайда тықтыңыз!

Мақпал Абзалдың бұл сөзін есіткенде есін бірден жиғандай болды. Екі көзіне жас үйіріліп, жанды жерін басып жібергендей күйге түсті... Ақыры ар шыдатпады. Сол күнен бері өзімен өзі алысып, түсіне кірген Айжанның бейнесі оған тыныштық бермеді. «Ойпырмай, шынымен де Айжанды өлтірдім бе? Қалай? Не үшін?!» деп, екі алақанымен бетін басып отырып қалды.

Аға тергеуші Абзал тағы да күдіктіні сұрақ астына алды:

– Сұраққа жауап беріңіз, Мақпал?

– Мен қылмыс жасаймын деп ойламадым, сенесіз бе?

– Қандай қылмыс жасадыңыз, нақты айтсаңыз?

– Сол күні мен Асқарды көремін деп ойлаған едім. Бірақ Айжан өзі келді. Олардың махаббатына мен куәмін. Айжанда ақша да, мансап та, махаббат та болды. Менде ше?! Кейде сол ойлардың жетегінде кетіп қаламын. Менің Асқарға деген сезімім ешкімді де қызықтырмады. Асқар мені елемейтін де... өзімді жек көрдім...

– Мына сырға сіздікі ме?

– Ия.. менікі. Маған бұл сырғаны Айжан Дубайдан әкелген.

Мақпал қатты жылап жіберді. Ерні дірілдеп, екі беті қызарып, ойын жинақтай алмай  күрсіне берді.

Бала кезден бірге өскен құрбысының жанында жүріп, жеткен жетістігіне қызығы да, қызғана да қарай бастаған кезең Асқарды көрген күннен басталған еді. Көзі қарая бастағаны өзіне де түсініксіз болды. Қорқынышты сезімді тұншықтырып жүрді. Іштей күресті. Жеңгендей болды. Бірақ Асқардың  Айжанға деген махаббатына күә болу Мақпал үшін ауыр болды. Асқар... оны алғаш көргенде өзіне бұрын бейтаныс бір ыстық сезім бойын билегендей болды. Жүрегі тарсылдап қоя берді. Асқардың әрбір сөзі мен әрекеті Мақпалға емес, Айжанға арналғанын көру күннен күнге қиын болып бара жатты.  

Өңі суып кеткен Мақпал тағы бір сол кешке ойша барып қайтуы Абзал үшін аса қажет болды. Мақпал кінасын толық  мойындады. Қарсыласуға мұршасы келмеді.

– Сол кеште Айжанның көлігінде болғаныңыз рас па?

– Ия

– Ол сол кештен шыққан уақытта, артынша мен де үйіме қайтатынымды айтып, жолға шықтым. Айжанға телефон соқтым. Ол жарты жолға жетіп қалыпты.  Мені ала кетті. Айжанның үнемі ішіп жүретін суы бар болатын. Сол  бөтелкесіне ұйықтататын дәрі қосып қойғанмын. Айжанның мазасы кетіп , көліктің руліне менің отыруымды өтінді.

– Айжанның денесі қайда?  - Абзал бұл сұрақты қоярда Мақпалдың демі таусылғандай біраз кідіріп отырып қалды. Мақпал үнсіз ұзақ отырды.

Біраз уақыттан кейін көлікте отырған Айжан ұйықтап қалғанын, өлі денесін тастақ жолдың бойындағы асау өзенге лақтырып жібергенін бірден мойындады. 

– Әр түні ұйықтауға қорқамын, сенесіз бе?! Тергеуге, жауап алуға шақырса екен деп тілейтін болдым. Кінамды мойындап, аздап тыныс алғандай болып отырмын...ауыр тастай батқан ойдан арылғандаймын... Қу пендешілік-ай!... Асқардың махаббаты берік болатынын білсем ғой... Асқар үшін еді осының бәрі... Сүйдім ессіз оны... бірақ ол Айжанды сүйді , сүйіп өтеді де.... оған көзім жетті....

– Айжанның денесін өзенге қалай тастадыңыз?

– Айжанның денесін орап, машинадан шығару қиынға соқты. Сол кезде сырғам түсіп қалғанын байқамадым. Сырғамның жоғалғанын ертесіне білдім... Міне, сырғаның біреуі. (Мақпал жоғалған сырғаның сыңарын көрсетті)

– Қылмыс жасағаныңызды мойындайсыз ба?

– Ия... мойындаймын....

Бұл қылмысты ашу оңай болмады. Полиция қызметкерлерінің жұмысы өте қиын екені айдан анық. Тек қылмысты ашу ғана емес, қылмыскер мойындайтындай бұлтартпайтын айғақты дәлел таба білу де керек. Айжанның денесін Сынық өзенінің бойынан шақырылған сүңгігіштер әрең тапты. Иірім түбінде бүгіліп жатқан өлі дене екінші күні ғана табылды...

Бір кездері құрбысы болған жас дененің қазіргі түрін көрген Мақпал есінен танды.

«Кешірші мені! Кешірші, сорлы құрбыңды!» аңырап шыққан ащы даусы көпке дейін құлақта қалып қойды. 

Ия, адамшылықтан пендешілікке бой алдыру бір пәсте. Өзгеге жасаған қиянаттың жүгі әрқашан ауыр екені анық. Достықты сатқындыққа, адалдықты арамдыққа айырбастау адам табиғатының шешілмеген жұмбақ сыры. Соқыр сезімге бой алдырған Мақпалдың әрекеті өзіне жегідей жанын жеген ауыр жүк болды. Айжанның бүгілген өлі денесін көрген Мақпал мұны кеш түсінді...