Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Василек
93
оқылды

Бүркеншік аты: Қыр баласы

Василек

Тамыздың тамылжып тұрған шағы. Қырдың көгі азайып, селеуі едірейе бастаса да, қойға жетерлік шөп бар. Аяғымен  оттайтын  жануарлар да кейбіреуі топтана жайылып, көбі тыңқия тойып  күйсеп жатыр. Әйтеуір, жел қуалап кетпесе болды деп, Теңіз де отардың шет жағында шөптің собығын тістелеп жатқан еді. Шалқасынан түскен қалпы қос қолын желкесіне қойып алып, тас төбеге шыққан күннен көзін кепкасымен қалқалап,   өз  қиялына шомып кеткен.  Алдыңғы аяғына тұсамыс салынған қарагер ат шөпті бырт-бырт үзіп, ара тұра пысқырынып тамағын күйттеуге кіріскен. Соналап басын шұлғыған сайын ауыздықтың сыңғыры, қанжығаға байланған термостағы судың бүлкіліне дейін құлағына жетіп тұр.

Теңіз сегізжылдық мектепті бітіргесін аудандағы СПТУ-ға барғысы келмеді. Аттестатты алған күннің ертеңіне   аға чабан болып істейтін әкесіне  көмекші болып қосқа аттанды. Қойшының қара жұмысына біраз көндіккесін, ауыл бетін көруден қалды. Тіпті, бұл тірлігі өзіне ұнайтын. Бала күнінен бұйығы еді.  Мұғалімдер де  тұрғызғанда    тез жауап қатпайтын болғасын, ара-тұра ырымға ғана сұрақ қойғанситын. Соған өздері де көндігіп Теңізді көп мазалай бермейтін. Ілуде біреуі болмаса, мұны тұрғызып тақтаға шығару, мәтіннің мазмұнын айтқызу деген дәстүр қалыптаспаған еді. Әйтеуір, үй тапсырмасын орындап келеді. Ол жағын,  екі әпкесі есебін шығарып беріп, жауабын көшіртіп, дәптерінің бос болмағанын қадағалап отырушы еді. Ал, бұл болса кітап, телевизор атаулыға мүлдем қызықпайтын. Бар ойы да, арманы да жылқы. Жылқы болғанда да көрікті, мінезді, жүрісті  аттарға қызығатын. Әкесінің жуас қарагері  қойшының нағыз салпаңқұлақ мәстегінің өзі еді. Месқарын жануар салт мінгенге де, арба жеккенге де ыңғайлы, шөп, отын  тасығанда шамасы жеткенше жер бауырлап сүйрей беретін көнбіс. Қамшы тигенде шоқырақтап желетін әдеті бар, бірақ ішті түйетін жүрісі бозбаланың көңілінен шықпайды. Ондайда басқарма мінген қарагер, бригадирдің ақтанауы, обьезщиктің ұшқыр торы қасқасына  қызыға қараушы еді. Әкесі болса қойшыға бұдан артық ат жоқ деп, мақтап отыратын. Тіпті, кейбір шопандар мініп жүрген Ақсирақ, Сүлікқара, Орлик секілді аламан бәйгеге түспесе де, малшылар тойында жүлде алып жүрген аттарға да қызықпаушы еді. Тәйірі, қойшыға жүйріктің қажеті қанша, қой қайырғанға да бәйге бере ме деп жалғыз ұлдың меселін қайтарып тастайтын. Басқа балалар секілді тай мініп жарқырап жүрген жоқ, жылда құлындайтын торы биенің төлі жылда  соғымға байланады.

Екі жылы өтті қой соңында. Осы екі жылда әкесі бар  жұмысты Теңіздің мойнына артып қойып,  өзі көбіне той-томалақта, жиында жүретін. Әскерге да алмады. Бойы бір тұтам, шыр бітпейтін арық. Мейлі, өзі де құштар емес. Қойшының салпаң жұмысына, қарагердің митың аяңына көндігіп, еті өліп кетті. Ауылдағы кештерге де, теңділестерін әскерге шығарып салуға да барған жоқ. Барса да көңіл көтеріп, серпілмейтінін өзі де біледі. Сергу дегеннің не екенін түсінген де емес. Ән салу, билеу деген де бұған жат. Кейде жайлауда қойды еркін жібере салып, екі қолын жастық қылып жатып ыңылдататыны бар. Кейде дауысы қатты шығып кетсе өзінен-өзі ұялып, біреу-міреу естіп қалмады деп қысылатыны бар еді, кейінгі кезде оны да ұмытты. Қыста баздың ішінде шөп салып жүріп, айырды қыз құсатып, өзінше билеп те көрген. Мақта шалбар мен күпәйке, пимасы ырқына жібермеді. Әйтеуір, өзін солай ақтады. Әйтпесе, кейбіреулерден кем ырғалмайтын секілді. Өзін солай жұбатты. Қалай болған күнде де бұған биле деп те, ән айт деп те ешкім қыстамақ түгіл қолқса салып көрген жоқ. Ауылдастарына сыры белгілі ғой, сөйлеп жарытпайтын адамның, ән айтып қарық қылмасы бесенеден белгілі емес пе. Оның үстіне қыз-қырқын көрсе тіл-ауыздан айырылатыны да бар. Оны құрдастары да біледі. Бір-екі рет қағытып та көріп  еді, бірақ, жауап болмағасын, бұны қажау жартасқа айқайлаумен бірдей, деп онысын да қойған. Қазір әйтеуір, ара-тұра бір кездескенде амандық-саулық сұрасудан арыға бармайды.

Жазда ауылдағы қорықшы жұмыстан босапты дегенді естіді. Естіген де қойған. Бар ойы: «Василек кімге бұйырар екен» болды. Василек осы ауылдағы ең бір көрікті жылқының бірі. Жүйрік болмаса да көз тартар сұлу ат. Басын кекжитіп,  билеп жүреді. Төрт аяғы бірдей ақ, маңдайдан танауына дейін созылған қасқа.  Биыл бесті шыққан.   Таскөт Серік мінетін. Арақ ішіп кетіп, ауылдың малы егінге түсіпті. Осыған дейін де қарамай, «потрава» тартқанын естіген. Ақыры басқарма боқтап-боқтап қуып шығыпты.

Қойды Қараобаның  ылдиына  құлатып, қарап тұрған. Ұзынағаш жақтан шаң көрінді. Водовоздың келетін уақыты болған жоқ, ауыл жаққа баратын біреу-міреу болса, тұз ала келсін деп айтайын деп жолға қарай жүрді. Жақындағанда таныды. Басқарма еке н. Қоңыр «газписятбторой» арқырап келіп тоқтады. Есікті ашты да, түспестен бір түкірді.

– Әкеңнің, мына шаңға тұншығатын болдық қой. Амансың ба!? Сен келгелі әкең жұмысты қойды ғой осы...

Басқарма   әкесімен құрдас, әрі ата жағынан жиен болып келетіндіктен, көңіл-күйі жақсы кезде қалжыңдасатаны бар.

– Сен бала обиезшик болуға қалайсың?

Теңіз сасып қалды. Қапелімде аузына сөз де түспеді.

Әкеңе көмекші тауып берем. Ол шал әйтпесе жұмысты ұмытты. Кешке Василекті ал Сәрсенбайдан. Ертең таңертең конторға кел, - деді де, есікті сарт еткізе жауып, ызғыта жөнелді.

Түс ауа әкесі водовозбен жетті.  Түрі өрт сөндіргендей. Қарагерді ертең жеткізіп бер деді, де қойға кетті. Митың жүріспен ауылға жеткенше ымырт үйірілді. Шешесі сүт салып отыр екен, басқарманың келгенін, мұны басқа жұмысқа қойғанын, әкесіне бір апта ішінде басқа көмекші тауып беретінін, оған дейін өзі жалғыз бағатынын айтыпты. Қарысласпақ болған екен, жалғыз ұлды не оқытпай, не үйлендірмей қолбала қылып алған қараулығын бетіне басып кетіпті. Шешесі де сөзуар емес еді, қысқа ғана жеткізді.

Теңіз жүгенін алып Сәрсенбай үйіне бет алды. Барса, ауылдың мініс жылқысын жаюға кеіпті, Василек те сол үйірде екен.  Көз байланып қалғандықтан, түн ішінде қайдан іздеймін деп, үйіне қайтты. Әттең, Василекті мінемін деген арманы орындалмай қалды. Тіпті қостан жол бойы желік бітіп келіп еді. Ондай сезімді алғаш рет басынан өткеруі. Алдыңғы жылдары бір құрдасының қызға ғашық болғанын айтқанда, жүректің дүрсілі қандай болады деп ойлаушы еді, шамасы осындай бірдеңе ғой деп топшылады. Түні бойы ұйықтаған жоқ, таң қылаң бере ғана көзі ілініп кеткен екен, Василекке ер салып жатыр екен дейді түсінде. Шап айылды бауырынан ала бергенде тарпып қалыпты. Оянып кетті. Шешесі төніп тұр екен. Беті-қолын мұздай сумен шая сала конторға жүгірді.

Бұл жүгіре басып конторға жеткенде  механизаторлар «хозяйкаға» мініп, қырманға  енді жүргелі тұр екен. Ұйпа-тұйпа болып, далақтап жүгірген бұған қарап күлгендері де бар. Әсіресе, құрдастары Берік пен Жомарт көре сала ыржыңдасып, бір-біріне айғайлай сөйлеп өздері де, жанындағыларды күлдіріп жатты. Көшенің шаңын будақтата көтерген «газписятвторой» да ауылдан ұзай берді. Басқармаға  кіре алмай есік алдында біраз тұрып қалды. Іштегі қатты-қатты шыққан дауыстан секемденіп те  тұр. Кешіккен мұны айтып жатыр ма деп, құлағын тоса қалып еді,  кигізбен қапталған ауыр есік шекесіне сарт етті. Есікпен гүрс еткізген «старший конюх» Құттыбай екен. Қарулы деуші еді, есікті ашуы мынандай болса, ұрғаны қандай болар екен деп ойлап та үлгерді. Жалпы, Теңіз көп ойлайтын. Ойлағанда да, аузы бір жабылмайтын «петнә Сәкен»  секілді елдің, әлемнің мәселелерін  емес, тіпті совхоздар арасындағы жарыс та емес, Ақтанау мен Кербаспақты жарыстырса қайсысы озар екен, тасқарын Жұма  мен Құттыбай төбелессе қайсысы жеңер екен, деген секілді балаң ойлар жүретін. Ондайды   елестетіп те көретін. Тіпті болмаса, екі қошқар сүзісе қалса бірін Жұма, екіншісін Құттыбай деп, екеуінің айдалада шарт-шұрт майдандасқанына қарап, рахаттанушы еді. Ондай да   басқаның бәрін ұмытып, жеңіліп бара жатқан қошқарға болыса кететіні де бар. Қошқармен қошқар болып жүргенде отары да лағып кеткен, қарагермен далбақтап жүріп, әзер жинап алптвн кездері де болған.

-Әй, сен бе, обиезшик болғысы кеп жүрген?

Құттыбай әдетіне басып айғайлай сөйлеп тұр. Әйтпесе, ауылдағы ешкімнен асып бара жатқан ақылы да, өнері де жоқ. Әскерден келгесін бұл да қой бағып, барып кел-шауып келдегі көп көмекшінің бірі болған. Жарты жылдай  бұның әкесінің жанында жүріп, отын-шөп түсіріп жүретін қолбаласы сияқты еді, кейін өзі де отар алып, бөлек шыққан. Тек, бұл баққан қойдың түсігі көп болып, жылқыға ауыстырған. Астына жақсы ат тигесін, қазір жал бітіп, жардай болып семіріп алған.  Жылқышы атанғасын тілі мен бірге қамшысы да ұзарып, әрі басшылықтың соғымын сайлап беріп отырғасын, бүгінде активте болмаса да, сол маңайды төңіректеп жүрген шолақ белсенділердің қатарына енген.

-Әй, шалшық, бүгін жаяу жүре тұр, кешке жылқы келгесін Орликті ұстап беремін, сол да жарайды саған.

«Сол да жарайды саған» дегенді ызбарлана айтты. Әрі атын атамай, шалшық деп кекетіп тұр. Аузына сөз түспей қалды. Түссе де айта алмас еді. Жүрегі су ете түскендей болды. Орликтің мінезін біледі.  Былтыр ауылдың малын баққан бақташы мінген. Орлик деген атын кім қойғанын құдай біледі, бірақ сол аттан садаға кеткірдің нағыз өзі. Не шауып, не желіп жарытпайды. Сонысына қарамай жан жуытпайтын арамы. Айылды тартам деген талайды қыршып қан қақсатқан, арындап талай жетекті сындырып, орта жолда қалдырып бірнешеуін зар илеткен сұрқияның өзі. Оны міндің не, сиыр міндің не, айырмасы жоқ секілді. 

Салы суға кетіп, сүйретіліп үйге келді. Өзінің ынжықтығына бірінші рет налыды.  Василекті бер деп айта алмағанына, тым болмаса, басқармаға кіріп жөні түзу ат сұрамағанына ренжіді. Ең бастысы қойдан құтылдым, бір жөні болар деп, өзін жұбату басына кіріп те шыққан жоқ. Үйге келе сала, шешесі берген шайды сораптап ішіп, қораға кірді. Інісі Марат бұған қарағанда еті тірі, бала күнінен қолды аяққа тұрмайтын, аш-тоқтығына қарамайды, қонуға болмаса, күні бойы үй бетін көрмеуге бейіл қыдырымпаздың нақ өзі. Қора жаққа аттап баспайды, басса да шала-пұла істейді. Қойдан босағанда соның соңынан қораны тазалап, отын-шөпті қамдау Теңіздің мойнына қамыт болып киілген. Бүгін де ашуын айырдан алып, құлшына кірісті. Қойдың асты тізеге жетіп көтеріліп қалыпты. Шашып жейтін әдеті қойдың. Қырқынды мен құмалағын нығыздап езіп, балталамаса күрек батпайтын қиға айналыпты. Төртбұрыштап шауып, кірпіш қалағандай қылып арбаға үйе берді. Қорадан түс ауғасын ғана шықты. Ашу дейтіндей ызаланатын да, кіжінетін де әдеті жоқ. Тек, іштей тырысып, бар кегін жұмыстан алатын бұйығы еді. Бұл жолы да, кегін қайтарғандай масайрамаса да, Василектен күдер үзіп үлгерді. Шешесі құйған асты алдына алып, енді кіріскенде сырттан дауыс шықты.

-Әй, Теңіз, барсың ба, егінге жылқы түсті, жүгір бар...

Күркіреген дауыс Құттыбайдікі. Қырсығу қанында жоқ бұл атып шықты.  Есік пен төрдей жирен қасқаның үстінде Құттыба0й отыр. Өзі ірі адам, екі иығына екі адам мінгескендей жауырынды, қарны ердің алдыңғы қасын жауып тастаған.   Қазір, деді де шарбаққа іле салған қайыс жүгенді алып, сусылдаған жиреннің артынан емпеңдей жөнелді.

-Жүгеніңді ал да,  түс алдыма.

Ауылға ең жақын алқап бес жүз қадамдай ғана жерде. Жыл сайын дақыл ауыстырып арпа мен бидай, жүгеріні кезек егетін. Биылғы кезек арпада. Әжептәуір дән байланып қалған масақты сүйсіне опырып, күрт-күрт шайнап тұрған үйірдің ішіндегі Василек көзіне оттай басылды. Торының әдемісі. Тұрысы да еліктей,   мойнын созып шұлғып-шұлғып қояды. Бестіден шықса да тұрқы құнандай ғана. Сирақтары сидам, сыриған ұзын, төрт аяғы  шашадан ақ. Құйрық-жалы жылтыр  қара, қою да емес, сұйық та емес, Маңдайынан танауына дейін созылған қасқа, құлағын қайшылап тұратын  бұзаубас.  Бұларға үрке қарағанымен қашпады.

Он шақты жылқының ішінде өзінің де тұрысы бөлек,   қараған жанның назарын өзіне бұратын көрікті жануар. Өзінің әдемілігін білетін   сияқты,   кербездігін көрсетейін дегендей билеп қояды.

-Не ғып тұрсың қақиып, ұста!

Теңіз Құттыбайдың көзіне тік қарауға жасқанып, Орликке қарай жүрді. Жүген ұстаған сол қолын артына тығып, оң қолын соза «құрау-құраулап» жақындағанда, «Василекті ұста» деді. Сасып қалды. Қалжыңы ма, тексергені ме, әйтеуір адам түсінбейтін, түсінсін деп ұмтылмайтын, әкім-қара болмаса, алдына келгенді тұқыртып, қойдай өргізуге бейім жан. Билігі бар адамнан жасқанып, жақсам деп жалбағайлап тұратын жылпос.

-Орликті таскөтке беретін болдым, қойға жіберіп жатыр екен, әкеңе көмекші қылып...

Құттыбай мен Серік құрдас, соны пайдаланып батыра сөйлейді. Серіктің ішетіні болмаса, тірі жанға қиянаты жоқ.  Құттыбай   жұрт алдында келемеждеп,  жер-жебіріне жететін боғауыз. Құрдастары ғана емес, бұны көрсе үлкен-кішінің бәрі  қашқақтап, әңгімелесе қалса тартынып тұрады. Өз әйелінен ғана ығады, ол бар жерде ауызды тиып, сөзден де, арақтан да тартынып отырады. Ол жоқ жерде аттың басын жібереді. Құрдастарының, «Құттыбай ат жегеді, Құттыбайды Мәрияш жегеді», дейтіні де содан шыққан. Қайбір жылы,  жидекке барған жерінен аты қашып кетіп, Мәрияшты арбаға отырғызып өзі сүйреп келгені бар.  Бұл жолы да, бәлені  арақтан тауып жүрген құрдасын тұқыртпақ.

Айнып қалмаса екен деп, торы қасқаға    беттеді.  Жатырқағаны ма, жақтырмағаны ма,   жалт бұрылып,  тебетін сыңай танытты. Қос құлағын бірдей жымып, пысқырып тұр. Теңіз сасып, шап беруге жүрегі дауаламады.

-Өй, ноқай неме, ат та ұстай алмайды бұлар. Тұр былай, деді де,  жанаса бері жиреннің үстінен еңкейіп барып, Василектің мойнынан құшақтап алды.

-Сал жүгенді, - деп ақырды.

Оқыста қолға түсіп қалған Василек қанша жұлқынса да қарулы қолдан құтыла алмасын сезгесін, қос аяғымен кезек тарпып, осқырып тұр. Жүгенге сіңген бөтен иісті сезгесін көзі аларып, жұлқынуы да күшейді. Құттыбайдан бір, аттың тебуінен  екі қорқып, қолы дірілдеп жүріп жүгенді әрең кигізді. Сағалдырығын тартқасын ғана жуасыған секілді болғанымен, ауыздықтарда басын ала қашып тағы әуреге салды. Онда да Құттыбай араласып, құлағынан басқасын ғана ырқына көнді. Енді міну ғана қалды. Жалынан ұстап, қарғып мінбекші еді,   аяғы жетпей қалды. Тағы да Құттыбай көмектесті.  «Боскөт, ноқай, орыс» секілді небір сөзді босатты. Тұздықтап, жеті атасын да сыбап шықты. Әупірімдеп жүріп әзер мінді. Жаз бойы семірген қойшының атындай емес, Василек сидаң, омыртқасы шодырайып жамбасқа батады. Қопаңдап қойып, тізгінді тартып қалып еді, енді жүре берген ат  басын көтеріп қалғанда  еңкейіп отырған бұның қақ маңдайынан сарт еткізді.  Басы айналып, тізгінді  қоя берді. Басы босағасын әбден тойып, шиыршық атып тұрған жылқы ытырына жөнелгенде Теңіз ауып қалды. Бүк түсіп жатқан мұны көрген Құттыбай екіленіп кетті.

-Жарымес, ат міну сенің не теңің, жаяу  жүре бермейсің бе, мына түріңмен ертең арандап қалсаң, мен жауап беремін бе?

Басы айналып әкетіп барады, маңдайын ұстап еді, дуылдатып аши жөнелді.  Жүгеннің желкелігіндегі шығырмақ  жырып кеткен секілді. Қайта тұрып, Құттыбай алға тартқан  Василектің жалына тағы жармасты. Бұл жолы ашудан ба, ұялғанынан ба, бір ырғып мінді.

-Тізгінді қатты тартпа, басын кегжите береді бұл, тақымыңды қысып отыр, бұлт-бұлт еткенде қалай сыпырылып түскеніңді өзің де білмей қаласың. 

Құттыбай бұл жолы зекіген жоқ, аяғаны ма, әлде асығып тұр ма, жылқыны  ойға айда деді де,  жиренді  сипай қамшылап жүріп кетті. Василек тақымды қысқан сайын ытырынады. Еркін отырайын десе, бұлғаң етіп сусылдата желе жөнелгенде қопаңдап ауып қала жаздайды. Амалсыздан оң қолымен жалынан тас қылып ұстап алды. Тізгінді де    бос жіберген, тартса болды басын жұлқа көтергенде жүрегі шайлығып қалғандықтан шалқалай қалады. Амалсыздан тізгінмен емес мойнынан сипай қақпақылдап бұрып келеді. Жылқыны шығарып, ойға түсірді де, үйіне қарай аяңдады. Шошаладан ескі ерді алып, салмақ болып  еді, терсіңді тоқымнан бөтен иісті сезіп, тыпыршып біраз әуреге салды. Теңіздің де шапшаңдығы шамалы, әрі манағы құлағанынан кейін беті қайтып қалыпты, тыр-тырлап жүріп әрең ерттеді. Сықырлақ солдат ер жалпиып сұлу торы аттың сиқын қашырып-ақ тұр. Мұндай келісті атқа  қазақы  ер жарасар еді, қайдан, ел ішінде ер шабатын да адам қалмады ғой, тіпті ықшам казак ері болса деп армандап қойды іштей.

Василекке мінгелі Теңіздің өмірі өзгеріп сала берді. Әйтеуір өзіне солай көрінетін. Үркек ат екі-үш рет жалт  еткенде ауып қалғаны да бар,   үзеңгіден аяғын шығарып үлгеріп, аман қалды. Есесіне бұрынғыдай бүкжимей, денесін тіктеп, тіпті шалқалап отыратын болды. Ұзын талдың басына брезент байлап, егінге кірген малды шықпыртып ұрғанда, жауында кеткен кегін алғандай рахаттанады. Тіпті, ауыл маңында бейсауат жайылып жүрген мал көрсе де  тырқыратып қуғанына тілінің тікені бар кейбір әйелдер , мынаған билік тимей жүр екен ғой деп, «поленің деректірі» деген  айдар тағып, ат қойып алған.    

Ат мініп шалқып, көңілі жайланғасын  Теңіздің бойына тәтті қиялдар жайылатын болды. Жұрттан бойын аулақ салып, көбіне жалқы жүрсе, енді топты адамды  жағалайтындай болып қалған. Еліріп ортаға түспесе де, көпшілік жиылған жерден қашқақтамай, шетін ала тұра қалатын. Әсіресе өзі құралпы жігіттердің қыз-қырқын туралы әңгімелері майдай жағады. Бөтен емес, өз ауылының  қыздары туралы айтылса, елең ете қалушы еді. Күләй туралы айтып қалмай ма екен деп, құлағын түре түсетін. Иә, Күләйді ұнататын. Оған деген ынтық сезімі қашан пайда болғанын өз де білмейді. Әйтеуір оны  көрсе кеудесін ыстық кернеп, беті дуылдап шыға келеді. Ондайда бойын желік билеп, қамшыны басып-басып құйғытып шаба жөнелетін. Қыз-қырқын, жас жеңге көрсе қараптан қарап тұрып қысылатын әдет пайда болды. сонысын білдіргісі келмей ылғи желдіре –шауып жүретін. Онысын үлкендер жақтырмай- жаманат хабар жеткізердей, ауылға қарап шапқаны несі деп жазғырушы еді. Әйтеуір іші алай-дүлей болып жүретін Теңізді ешкім түсінбеуші еді. Түсіндіремін деп басын қатырған да емес, жұмысына тыңғылықты, таң атқаннан, ел жатқанша ат үстінен түспей егін қорыған жұмысшы басқармаға да жаққан. Қыста күзетін егіс жоқ, сондықтан    шөп-сабан үйілген  қойманы күзетуге жіберген. Бұл жердің жұмысы тіпті  сұмдық екен, көзін ала бере қағып кеткісі келетіндер көп. Әсіресе сүрлемнен дәметкендер көп. Қырға қар молынан түседі. Тебіндей алмайтын қой жарықтықты қамап ұстамаса, аштан қырылады. Әрі ауылдың маңы егістік алқап болғасын, талғажау қылар шөп те жоқ. Әйтеуір, қойшылар үшін жаз деген демалыстың кезеңі. Төрт-бес ай қырда еркін тыныстап, бой жазатын уақыты. Қазаннан мамырға дейін жем-шөпті шаналап тасып, әбден титықтайды. Сондықтан, жаз түссе арқаны кеңге салып, жадырап сала береді. Дегенмен, жылдың қай мезгілі болмасын қабағы бір ашылмай, салпақтап жүре беретіндер де бар. Ондайлардың жұмысы алға да баспай, артқа де кетпей, әйтеуір күнделікті жұмысын күйттеп жүретін еңбекторылар. Алдындағы малын шашау шығармай,   жұмсаған жеріне жүре беретін жаны сірі қойшылардың бірі  Жаңбырбай еді. Басқа шопандар шұрайлы, алыстағы жайлауға қонса,  бұныкі ауылдың маңы. Теңіз көп алысатындардың бірі де осы. Етке өткізуге бордақылау үшін қойылған ісектер болғасын жақын маңда ұстайды. Жайбасар Жаңбырбай қозғалғанша бойдақ мал  масағы енді  байланған  егінге андыздап құлайды. Ондайда Теңіз жанұшырып жетіп, малын сабап, кейде араздасып қалатындары да бар. Әйтеуір, екеуі де сөзшең емес, бір-бірімен көбіне көзбен атысып қана кетеді. Кейде, шылымы болмай қалса Жаңбырбайдың махоркасына ортақтасатыны бар. Қонышынан шығарған газеттің шетінен жыртып алып, бармақтай қылып орап шегеді. Кей-кейде Жаңбырбай бұрқ еткізгенде түтіні аузы-мұрнынан ғана емес, құлағынан шыққандай да болып көрінетіні бар. Мол қылып ораған самосадының түтіні   жайылып, шашы да бықсып жатқандай болады. Құлағынан шығаратындай  көрінеді дегені осы еді. 

Теңіздің көңілі кеткен Күләй осы  Жаңбырбайдың  қызы. Күләй да,  тете өскен інісі Шеге де  бесінші кластан кейін Арқандағы интернатта  оқыды. Екеуі  де оған дейін ауылдағы мектепке барып  жүрді де, мұғалімдер  күдер үзгесін, ауытқымасы бар балаларға арналған мектеп-интернатқа алынды.   Сырттай екеуін де «Жаңбырбайдың қос бәдігі», деп атап кеткен. Негізі шешесіне тартқан болуы керек, Мағрипа да жүріс-тұрысы ебедейсіз, сөзі түйеден түскендей дөрекі, қит етсе қарғап-сілеп шыға келетін керауыз. Бұл үй қанша салақ болса да, төсек-орны күнде жуылып, керілген жіптен жайма мен  шарбақтан матрас түспейтін. Соған қарағанда шыжың дейтіні рас болса керек.  Күләйдің әпенділігін де жыр ғып айтатын, кейде кемпірлермен де қалжыңдасып,  жуастары бетін жыртып, адуындылары айғайлап жататын кездері де болады.  Ал Шегенің шыжыңнан басқа да лақап аты жетерлік. Шикілсары, шегіртке, шитік, шиқылдақ секілді ш-дан басталатын жағымсыз аттардың бәрін тели салған. Және, бұлардың ешқайсысына да ренжімей, шақырғанына әу деп,  ыржалақтап жүре береді.

Өткен жазда бір күні  алқап аралап жүріп, Жаңбырбайдың отарына барған. Келсе  қой санап жатыр екен. Шопандардың  қой санауының өз тәсілі бар. Шашпаның қақпасын біреу ұстап тұрады да, сыртқа шыққандарын  елулеп санайды. Бұл жеткен кезде де Жаңбырбайдың даусы гүр-гүр етіп, -«елу біреу, елу екеу, елу үшеу»,- деп айғайлап тұр екен. Шашпадан шыққан семіз ісектер жөңкіле шауып, үлкен науға беттеді. Ыстықта солығы басылмай ентелеп жетіп, суға бас қойып жатыр. Теңіз аттан түсіп, шылбырды күрмеуге ерінді де, қазықбау шала салды. Аттың айылын босатты да, Жаңбырбайдың жанына барып, шылым тұтатты. Шашпаның ішіндегі қойды бұрып жүрген Шеге санақ біткесін  Василектің жанына барып, кекілін тарай бастады. Жаңбырбай да бұнымен амандасып, добалдай шылымын ерніне қыстырды. Жай тауып бір орында  тұра алмайтын Василек осқырынып, басын бұлғай бастады. Шыбындағаны ма деп бір қарап қойып еді, жұлқынып қалған кезде, бос байлай салған шылбыр ағытылып кетіп,   мөңкіп-мөңкіп шаба жөнелді. Ердің  қасына іле салған ұзын құрық, үркек атты одан сайын  бездіріп, желкілдеп барады.  Апырай, жай тұрған атқа не болды деп соңынан тұра жүгіріп еді, еліре шапқан ат заматта алыстап кетті. Жете алмайтынын білгесін қайтып келді. Ондағы ойы Жаңбырбайдың қарагерін алып қуып жету еді.  Шеге тырқылдай күліп, мазақтап тұр екен. Сонда ғана  түсінді. Теңіздің көзін ала беріп, Василектің мұрнына темекі тығып жіберіпті. Теңіздің бойын ашу кернеді. Бәлкім өзіне тиіссе, үндемей кетіп те қалар еді. Бірақ, Василегін қорлап тұр емес пе мына шірік. Ашуға булығып Шегені жақтан салып жібергенін өзі де аңдамай  қалды. Өмірі төбелесіп көрмеген адамның ұрғаны қандай болушы еді, шыбын шаққан құрлы да көрмеді. Интернатта өскен бала емес пе, Шеге бұны іштен бір түйгенде ыңқ етіп,  екі бүктетіліп түсті. Дем жетпей, ауа қармады да қалды. Онысымен қоймай, екі рет теуіп кетті. Жаңбырбай баласын тоқтатудың  орнына, мырс етті де қойды. Ес білгелі алғаш рет таяқ жеуі. Біраз жатқасын тұрып,  үсті -басын да қақпастан, сүйретіле басып атының соңынан кетті. Іші алай-түлей болып келеді. Алғаш рет қорлануы. Өксіп-өксіп жылап алды. Өмірінде бірінші рет адамды жек көрді. Қолында мылтық болса ойланбастан Шегені атып тастар еді. Салдарын да ойлаған жоқ. Ашу-ыза дегеннің не екенін алғаш рет сезінді.

Василек ауылдың шетінде жүр екен. Ері ауып, бауырына түсіпті. Манағыдай емес, жуасып қалыпты. Бұл жақындағанда басын көтеріп алды. Ойнақшып тұратын көзі жасаурап, бұған кінәлағандай да қарап тұр екен. Қасына келгенде қашқан жоқ, Атты ұстады да, ертоқымын дұрыстап, үйіне қарай жүрді.  Есік алдында құрт жайып жүрген шешесі Теңіздің шаң-шаң бетінедегі жастың айғыз-айғыз ізін көрді де, белін ұстап отыра қалды.

Сол жазда «одақ тарады, енді бәрі жекеменшікке өтеді»,  деген әңгіме желдей есті. Көп ұзамай-ақ қауесет емес, шындық екеніне көз жете бастады. Қойды жүздеп тиеп, жан-жаққа әкетіп жатқан. Күн сайын бірнеше камаз  келіп, ұсақ малды тірідей тиеп, келген іздерімен кетеді. Басшылық болса, жанар-майға төлеуге, жалақыға әкетіп жатыр дегеннен басқа  ештеңе айтпайды. Мардымды жауап болмағасын, ел ішін өсек кеулеп кетті.  Отарын өткізіп, заматта жұмыссыз қалған  шопандар, кешке жиналып алып, қарт ойнайды, арақ ішеді. Көбіне даурығып, қызылкеңірдек болып айтысып жатады. Көбі мініс аттарын өткізіп, жаяу қалған. Ендігі уайымдары отын-шөп жеткізу. Аузының салымы барлары азын-аулақ қой мен мініп жүрген атын жекешелеп алған.  Бұлардың қатарында Теңіздің әкесі де бар. Ара-тұра Василекті жегіп, шөп әкеледі. Оның өзінде молынан салса, ат арындап тартпай тұрып алады. Амалсыздан, аз-аздап қана тиейтін болған. Соның өзінде, мүлдем жүген ұстап қалған жоқпыз, аяқ артарымыз бар, деп тоқмейілсіп отыратын. Бірақ бұл қуаныштары ұзаққа бармады. Кешкілік, үйіне келе жатқанда Құттыбай тоқтатып, астындағы атынан аударып алды.

-Бұл енді менің меншігім, егінді  жаяу қарайсың ба, сиыр мінесің бе, шаруам жоқ, -  деді де, жүгені мен ер-тоқымын қолына ұстатып қоя берген.

Ыза мен қорлыққа жаны күйіп, үйіне келіп, бүк түсіп жатып алды. Екі-үш күндесін ғана далаға шығып еді, Василекті ойнақтатып келе жатқан Құттыбайдың баласы Мерекені көрді. Көшенің қақ ортасында торықасқаны билете басып келе жатыр еді, сарыала қанден шабаланып атық шыққанда, ат үркіп жалт бұрылғанда, үстіндегі бала тақырға жалп ете түсті. Василек бір мөңкіп алды да, Теңіздің жанына жетіп келді. Жер сабалап қалған бала шапшаң тұрып, жетті де қарғып мініп,  қамшымен аттың басынан бір салды. -  Өй, ұрма! деп үлгерген жоқ, елдіре шауып үйіне қарай кетті. Содан кейін атты да, Құттыбайды да көпке дейін көрген жоқ.  Қыс келгенде ауылда үкіметтікі деген қой қалған жоқ еді. Ебін тапқан төрт-бес үйдің шашпасында ғана ағараңдап меринос жүретін. Көбі, талай жыл мінген атына ие боп қалғандарына мәз. Теңіздің әкесі де, өзі мен баласының еңбекақысын салып, баяғы жуас қарагерін меншіктеп алған. Әйтеуір, жаяу қалмағанына шүкіршілік айтып отыр. Ауыл іші емес пе, тіршілік өз тізбегімен жүріп жатқан еді. Бұрынғыдай ас та-төк жоқ. Дүкеннің сөрелері де босап қалғалы едәуір болған. Аяғы жеткендер ауданға барып, тәтті-тоқашын әкеледі. Әсіресе соғым басталғалы қатынғанадар көбейіп, шеке мен қуырдақтың науқаны қызған шақ. Ауыл әдеті емес пе, кімнің байлаған малы семіз шықты деп, қауқылдасып мақтасып жатады. Әке-шешесі де бүгін мал жыққан Құттыбайдікіне кеткен.   Малды суарып, шөбін салып кіргені сол еді,  еттің исі бұрқырап екеуі де жетті. Жартылық банкідегі қуырдақтан салып берді.

-Осыншама  ұстағанына семіз шыға ма деп едім, пышақ сыртындай ғана болды ғой, -деді әкесі ықылық атып отырып. Шешесі де  қостай кетті.

- Ішек-қарнын жуған қатындар да сыпылдап, іш-майы жұқа, шұжыққа салатындай  да жоқ,- деп отыр.

Әлі суи қоймаған қуырдақтан асап-асап жіберіп:

-Қайсысын сойыпты?  - деп сұрады.

-Василекті сойды, екі ай байлады ғой...

Теңіздің көзі қарауытып кетті. Жүрегі айнып, құсып жібере жаздады.  Киімін алмастан далаға атып шықты. Көз алды сағымданып біраз тұрғасын, ішке кіріп киімін киді де  басы ауған жаққа жүре берді. Бір қараса ауылдың шетіндегі Беріктің үйінің жанында тұр екен. Ол да өзі сияқты жұмыссыз. Мұны көре салысымен сүйреп жүріп қораға кіргізді. Оттыққа тыққан орта бөтелке  арақ алып шықты да, қағаз тығынын тісімен жұлып алды. Шайқап –шайқап жіберіп, басына бір-ақ көтерді. У ішкендей тыжырынып алды да, жұдырығын иіскеді. Теңіз өзін –өзі танымастай кейіпте еді. Ұсынған шишаны алды да, көргенін істеп шайқап-шайқап жіберді. Шөлмекті аузына апарды да көзін жұмып іше бастады. Қылқ-қылқ, бірден көмейіне құйылып жатыр. Дәмін сезер емес. Төрт-бес жұтқасын арақ таусылды. Кермек дәмін енді ғана сезді. Жүрегі айнып, басы айналып сала берді. Буындары босап, аяғын баса алмай тұр. Тілі күрмеліп, былқ-сылқ етіп қалғанын өзі де сезе бастады. Қорадан шыққанда көзі жасаурап, айнала бұлдырап тұрғандай көрінді.

Беріктің үйіне қарсы бетте  Жаңбырбай тұрады. Кенет Күләйді  көргісі келді. Барып мұңын айтып, шағынғысы келді. Өмірінде алғаш рет. Тәлтіректей басып, жолдың арғы  бетіне өтті. Шеге есік алдында шанаға ат жегіп жатыр екен.  Доғаны салып, қамыттың супысын тартып жатқанын көрді. Тізесімен итеріп, жұлқа тартқанда ескі қайыс шорт үзіліп кетті.     Жанына жетіп бармақшы еді, аяғы тайып, етпетінен түсті. Басымен жер сүзе құлады. Малақайы бір жаққа ұшып кетті. Тұруға ұмтылған жоқ, аунап шалқасынан жатты да, қалтасынан шылымын алды. Қолы икемге келмей, бес-алты шырпыны рәсуа қылғасын темекіні түкіріп тастады. Үшінші реттен ғана аяғына тұрды.

-Шитік, Күләйді шақыршы.

Шитік дегеннің аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңдамай қалды. Қамыттың үзілген қайыс  тамақбауына капрон жіп байлап, мықшыңдап жатқан Шеге жалт бұрылды.

- Не дедің, чмо?

- Шеге, Күләйді шақырып жіберші.

- Жоқ, Шитік дедің ғой мені?

- Иә!

Шеге жақындап келді де, құлаштап тұрып қақ маңдайдан бір салды. Теңіз тік тұрған бойда артқа қарай ұзынынан құлады. Көзі жұмыла бере Василекке алғаш мінгені елестеді. Ат басын көтеріп қалғанда ең алғашқыдай маңдайына тиіп, дүние шыр көбелек айналып жүре берді. Василектің кісінеген даусын естігендей болады.

Содан кейін ештеңені көрген де, сезген  де жоқ.  Шегенің бұны бүйірінен бір тепкенін де, «Шыжыңды көрсетемін мен саған», дегенін де естіген жоқ. 

Тәлтіректеп Берік жеткенде, Шеге атын жегіп кетіп қалған еді.  Мұхиттың қолынан тартып тұрғызбақ болып еді, шамасы жетпеді. Жұлқып қалғанда ғана астындағы қанды көрді...