Трамптың сайлау науқанына 130 миллион доллар жұмсаған Tesla бас директоры Илон Маск көреген, нағыз іскер екенін дәлелдеді. Ол қазірдің өзінде компаниясын 127 млрд долларға өсірді.
Дональд Трампты қолдаған миллиардердің компаниясы сайлау нәтижесі жарияланғаннан кейін бір күнде 127 миллиард долларға өсті
Трампты қолдауға 130 миллион доллар жұмсаған Илон Маск көреген, нағыз іскер екен. Фото cnbc.com сайтынан алынды
1,437
оқылды

CNBC телеарнасының сайтында жариялаған материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz АҚШ-тың 47-ші президенті болып сайланған Дональд Джон Трамп пен әлемнің ең бай адамы миллиардер Илон Рив Маск екеуінің «одағының» саяси-қаржылық дивидендтерін талдайды.

Трамп президенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін сәрсенбіде (6 қараша) Tesla-ның нарықтық құны бір күнде 127 млрд долларға өсіп, 930 млрд долларға жетті. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Chip Somodevilla

Трамп президенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін сәрсенбіде (6 қараша) Tesla акциялары 15%-ға қымбаттады. 4-5 қарашада $254 болған Tesla акциялары сайлау нәтижелері белгілі болғаннан кейін $296 дейін көтерілді. Бір күнде 127 млрд долларға өскен компанияның нарықтық капитализациясы 930 млрд долларға жетті.

Мұны Илонның Трамптың сайлау науқанын салған 130 млн доллардың алғашқы қайтарымы деп санауға болады: 1 долларға 1 000 доллар пайда көру, өте керемет бизнес!

Дональд Трамп сәрсенбі күні (6 қараша) таңертең президенттік сайлаудағы жеңісін тойлап жатқанда, Илон Маск оның қасында болды.

«Жұлдыз туды. Ол – Илон», – деп жар салды Трамп өзінің Мар-а-Лаго резиденциясында жақтастарымен болған митингіде. 

Жаңадан сайланған президент Пенсильванияда екі апта сайлау науқанын өткізгені үшін әлемдегі ең бай адамға алғысын білдірді.

Соңғы айларда Трампты қолдау науқанына Маск толығымен бірнеше апта арнады. Миллиардер кімге дауыс беретіні белгісіз өзгермелі штаттарда сайлаушыларды тіркеу шараларын қаржыландырды, Трампты үнемі жарнамалау үшін өзінің X әлеуметтік медиа платформасын барынша қолданды.

Трампқа салған инвестициясы Масктің өзіне ғана 15 млрд доллар табыс әкелді. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторлығы: Anna Moneymaker 

Масктың Трампқа салған инвестициясы қазірдің өзінде ақталуда. Трамп 20 қаңтарға дейін қызметіне кіріспесе де Маск табысы миллиардтаған долларға өсуде. Тек Масктің өзіне тиесілі Tesla акциялары оның бас директорына 15 млрд доллар табыс әкелді.

Сонымен бірге Трамп америкалық электр көліктеріне тұсау болып келген ережелерді қайта қарауға да Илонға уәде берген, Уолл-стрит өкілдері болса Tesla бұдан ұтатынын мәлімдеуде.

Масктың Трампты қолдаудан алатын артықшылықтары бір Tesla-мен шектелмейді. Жеңістен кейінгі сөзінде Трамп Масктың SpaceX компаниясын да жоғары бағалаған және Маскқа Starlink Wi-Fi терминалдарын АҚШ-тың дауылдан зардап шеккен аудандарына жеткізгені үшін алғысын білдірген. Мұның бәрі Трамптың Ақ үйде жасақтайтын екінші әкімшілігі Маск пен оның бизнес империясына жақсы дивидендтер төлейтінінің алғашқы белгілері деп түсіну керек.

Илон Маскты америкалық қаржылық қауымдастық «АҚШ тарихындағы ең ұлы капиталист» деп атауда.

Маск үкіметтің тиімділігін қадағалайтын департамент құруды ұсынған және АҚШ федералды бюджетін қысқарту қажеттігін жиі айтады. Ол бюджетті «кем дегенде 2 триллион долларға» қысқартуға болатынына да сенеді.

Шілдеде Трампқа жасалған алғашқы қастандықтан кейін Маск оны ашық қолдай бастады, АҚШ-тың саясатына қатысуға ниетті екенін жариялады. Маск АҚШ үкіметінің қызметінің тиімділігін бағалау үшін арнайы Комиссияға төраға болуға да келісті. Бұл туралы жаңадан сайланған АҚШ-тың 47-ші президенті Дональд Трамп Нью-Йорк экономикалық клубында сөйлеген сөзінде мәлімдеген еді:

«Илон Масктың ұсынысы бойынша мен бүкіл федералды үкіметті тексеру және ауқымды реформалар бойынша ұсыныстар әзірлейтін тиімділік жөніндегі комиссиясын құрамын. Илон оны басқаруға келісті».

Саясат пен бизнес осылай жасалады, осылай бірігеді! Саяси билік пен қаржылық топтардың, миллиардерлердің ортақ мүдде мен көзқарас бойынша бірігуі жиі кездеседі. Батыс елдерінде бұндай одақтасу қоғамның қатаң бақылауымен жүреді, қоғамнан жасырын жүргізілген кезде саясатқа сенім азаяды.

Мына видеодағы Трамп пен Хиллари Клинтонның биін дипфейк дейміз:

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.