Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Менің атам – Қожа
318
оқылды

Бүркеншік аты: Тәуке

 Менің атам – Қожа

Алматының көп қабатты үйлерінің бірінде Рүстем өз бөлмесінде сабақ оқып отыр. Оқып отырған жоқ. Әдебиет кітабының мұқабасын тесіп жіберердей ежірейе қарап тақпақ жаттап отыр. Екі құлағын басып алып, басын екпіндете изеңдетіп айғайлай жаттайды:

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай

Тебінді терге шірімей …- ұмытып қалып тоқтаса да, тақпақтың екпінімен іхі-іхі-іхі-іхі- деп отырды да, – Төу, құдай – ай! –деп кітапты ашып қарады.

– Тірлігі майдай ерімей, Алты малта ас болмай … - деп оқыды да, кітапты шиырып жіберді.

– Махамбет батыр мына ел түсінбейтін сөзді қайдан алған? Еңку-еңку, тебінгі тері …- дей ме? – айғайлап жіберді, - қалай жаттаймын мен мына өлеңді?

Қалта телефонын алды да, далаға сытылып шықты. Дала қоңыр салқын. Кеудесі ашылып, кең тыныстады. Құжынаған адамы көп көшенің бойымен кете берді.

Үйренген аяқ өзі-ақ алып келді.  Компьютер клубы – мұның жылы ұясы сияқты, магнитше тартады да тұрады. Еті үйренген орындықтардың біріне отыра кетті. Осында отырғандардың бәрі мұның көз танысы. Бәрінің үйренген ордасы бір – осы компьютер клубы. Бірінің ұтқан қуанышына, бірінің ұтылған сәтсіз сәтіне куә бола отырып, бірін-бірі жақсы білетін жандар. Бұларды жақындастырған бойындағы өзгелер көрсе де, өзі мойындамаған ойынқұмарлық. Бұлардың көзі көреді, құлағы естиді, сабақтарына қатысады, бірақ көргені мен естігені санасына сіңбейді. Айналасына немқұрайлы қарайды. Ой-сананы ойын билеген. Кеше ұтылса, қалай қимылдауы керек еді, қай жерден мүлт кетті, енді алда нені ескеруі керек - соны ойлап мазасы кетеді. Ұтатын құрал, епті кейіпкер сатып алу үшін ақшаны кімнен алса болады. Қайда жүрсе де, аяқ астынан ақша тауып қалатындай басын төмен салып, жерге шұқшиып жүргені.

Бұл біраз ойнап, қайта ұтылып қала берді.  Қабағы түсіп жанындағы үстелде отырған Дәуреннің ойынына қарады. Дәуреннің қолында жарқылдаған отты қылыш қақ айырады-ау, қақ айырады. Жаңа ғана бұған әл бермеген «Пәле» қайта-қайта құлап әлсіреп барады. Көз алмай қарап рахаттанып отыр. Сол керек саған! Іші қылп ете қалды. Компьютердегі «Пәлені» өзі шауып жатқандай арқаланып кетті. «Пәле» әлі кетіп қиралаңдай бастағанын көріп, оған деген кек боп түйілген түйін босай берді.  Жауынгердің ерлігін бар денесімен сезіп өздігінен ақ тер, көк тер болды. Шіркін ай, шах-шұх! Айла! Әрекет! Бір кезде ойын аяқталды. «Пәле» омақаса құлады. Жеңіс!!! Жеңіс!!! – атып тұрды.  Дәуренге қарады. Жоқ, өзінің жеңісі емес екен. Дәуренннің жеңісі екен ғой. Дәуреннің жүзі бал-бұл жайнап кетті, бұған қалай екен дегендей масаттана қарайды, мақтанышпен қатар бір мысқыл сезіледі. Ееее, Дәурен екен ғой «Пәленің» басын шауып, «ерлік» жасаған. Желі шыққан доп құсап мысы басылып қалды.

  Осындай көреалмаушылықты қойсайшы, ішті тырнап шыға келетін. Шарасынан шыға жаздап тұрған көзі төмен қарап мөлиді де қалды. Ия, жеңген – Дәурен. Оны мойындай қолын созып құттықтады да, шығып кетті. Бұл да мұндай жеңістің талайын көрген. Өткенде эльфтің қылышын сатып алғанда қалай масаттанды десеңші. Тура жаңағы Дәурендей қайқайды ғой, шіркін. Жерден көзін алмастан ойланып келеді. Ақша, ақшаны қайдан алса екен… Біреу-міреу түсіріп алмады ма екен деп жер сүзіп келеді. Жоқ… Қайдағы… Жұрттың бәрі жақсы көретін ақшаны кім жоғалта қойсын. Тездетіп қалта телефонын ақтарды. Кімнен алса екен?.. Әкесіне анаған, мынаған деп айтар сылтауы да таусылған. Анасын талай алдап алған. Астанадағы Бауыржан, ауылдағы Сабыржан көкесінен небір сылтау айтып ақша алған. Кім бар? Кім бар?.. Тізімді шыр айналдырды. Жиен ағасынан, нағашы апайынан да алған… Телефоны жәрдем бере алмады. Алақанына ұрғылап, үйіне де жетті.

– Балам, қайда жүрсің? – анасы таңырқай қарап қарсы алды. – Доп ойнап жүр ме десем, достарың аулада жүр, ал сен жоқсың.

– Волейболға бардым.

– Ауыстыратын киіміңді алмап па едің? Сөмкең жоқ қой.

– Иә, мама, ұмытып кетіппін, осы киіммен ойнадым.

Кешкі асты әкесі, анасы, қарындасы төртеуі күні бойы көрген-білгенін айтып көңілді ішті. Негізі бұл әңгімеге қосылған жоқ. Санасында ойынның әуені ыңылдап тұрды. Алмас қылыш алу керек.

Асын ішіп болған соң теледидар қарап отырған әкесінің жанына барып отырды. Қайта-қайта қарағыштап отыр. Сонша ақшаны қалай сұрап алса екен?

– Осы… - деп әкесіне қарап іркіліп қалды.

– Иә, балам, айта бер.

Не деп сұрайды? Түк сылтау жоқ. Бажырайып әкесіне қарап қалды. Айта қоятын сөз таппады. Ақша сұрайтын сылтау да таусылды. Неменеге бұған елжірей қалды? Әлі бұған құлақ түре қарап отырғаны несі. Әлде бірдеңе байқап қойды ма? Өнсыз да шарасы таусылған адамды одан сайын тығырыққа тіреп бақырая қарап отырғаны несі екен? Ашу ма, ыза ма лып ете қалды.

– Жәй! – деді бұртиып.

– Айта берсеңші енді. Бірдеңе айтқың келді ғой.

– Ештеңе айтпаймын!

Сонша қадалғаны несі. Не айтады? Ашуға булыға берді – шарасыздық пен белгісіздіктен туған ашу. Осы халден құтылғысы келіп атып тұрды. Ашулы көзімен әкесіне бір қарады.

Әкесі аң – таң. Телефон шұқылап отырған мұның шешесіне қарады:

– Көрдің бе? Сен мынаның түрін, әкесіне қалай қарағанын көрдің бе?

– Ол… Білмеймін. Не болды?

– Ойпырым-ау, мына бала өзгерген. Мынау менің баламның көзі емес. Мені көзімен атқанда шошып кеттім. – Бақытжан басын шайқады. – Тура мені жеп қоятындай жек көріп қарады. Рүстемім емес қой мынау.

– Түшш! – Ғазиза ернін саусағымен басып жәй сөйледі. – Өтпелі кезең ғой. Не айтасың енді. Он үшке келді! Өтпелі кезең осылай болады дейді ғой. Мен де біраздан бері байқап жүрмін. Бала қатты өзгерді. Интернеттен ұл тәрбиесі жайлы көп нәрсе оқыдым. Оған көбірек көңіл бөліп, ойын жақсы жаққа бұрмасақ. Қазір ерлік жасағысы келетін, қыздарға қарай бастайтын кезі ғой.

– Өй, мен қызға бірінші сыныпта-ақ қарағанмын. Бірақ мұндай ашусыз-ақ тығылып қарадық қой.

– Кімге? Қай қызға ғашық болып едің 1-сыныпта?

– Қызғанып отырсың ба? – Осылайша әйелімен қалжыңдасқан Бақытжан жаңағы жайтты  ұмытып кетті.

Бақытжан Алматының таңғы кептелісінде тұр.  Шыдамсыздана алдыңғы көліктерге көз жүгіртеді. Мамық орындықта отырғаны болмаса көліктегілердің бәрінде бір мазасыздық бар.  Әлбетте, бұған әбден еті үйреніп кеткен. Қанша дегенмен, жетер жеріне зымырап жете қоймағаннан кейін көңіл, шіркін, жайлана ма?

Бақытжан рөліне алақанын ұрғылап әндетіп қояды:

– Амалым бар маааа? Амалым бар мааа? Амалыыым… Қаладағылардың таңдап алған өмірі ғой. Шіркін, ауылда рахат қой!

Қалта телефонын алып қоңырауға жауап берді:

– Иә, Қалеке, өткізе беріңіздер жиналысты. Ойпырым-ай… Менсіз өткізе беріңіздерші. Ауылдан інім келе жатыр екен, бауырым…күтіп алайын деген едім. Иә, өзім. Сағындық ауылды да әкені де, шешені де, бауырды да. Иә, үлгересіздер ғой. – Телефонды өшіріп қалтасына салды. – Ауылда, шіркін, бәрі бірін-бірі түсінеді ғой. Оп-оңай… Еһ, ауылым, ауылым!

Дегенмен Бақытжан інісінің пойызы келетін уақытқа әрең үлгерді. Екі бауыр құшақтасып, мәре – сәре болды. Жүктерін көлікке тиеп жатып Бақытжан басын шайқады.

– Апам ғой, иә мынаның бәрін толтырып жүрген?

– Ауылдың дәмін сағынған шығар деп,-толтырды ғой, әйтеуір.

– Ол рас енді. Сағындық. Імм, кешке апамның қазы-қартасын жейтін болдық.

Әңгімесін көлікте жалғастырып, елдің амандығын, кейінгі жаңалықтарды сұрасты.

– Аға, сізден сұрайын дегенім: Талғатымды қазақ күресіне баулып жүр едім ғой. Нәтижесі жаман емес. Соған спорт мектебін қарауға келдім. Қай жастан алады, қандай құжаттар керек дегендей. Жатар орны, жаттықтырушылары қандай дегендей.

– Сабыржан, сен өзің қазақ күресінің шеберісің ғой. Сенен артық жаттықтырушы бола қоймас қазақта. Бұл менің ойым, әрине.

– Өй, аға, қаталдау болмаса болмайды екен. Қаталдығым бір басыма жетеді. Бірақ көбіне үй тірлігіне айналып кете береміз.. Нағыз кәсіпқойлар баптасын деп отырмын.

– Жарайды, өзің білесің ғой. – Бақытжан бауырының шыныққан шымыр денесіне сүйсіне қарады. Бәрібір ауыл жақсы ширатады ғой. – деді іштей.

Рүстем үйге әкесі інісімен бірге дабырлай кіріп келе жатқанда қалта телефонынан әлгі қылышты қарап отыр еді. Қарғыс атқыр бағасы да аспандап тұр. 20 000 теңге. Орнынан тұрып Сабыржан ағасымен амандасты.

– О, Рүстем батыр! Бойың өсіп кетіпті ғой! Сабағың қалай?

– Жақсы. Талғат келмеді ме?

– Талғаттың сабағы бар ғой. Малды көбейтіп жатырмыз. Қора соғайын деп едім. Соған кірпіш құяды. Қазақ күресінен жаттығуы бар. Естіген шығарсың, облыс бойынша алда келе жатыр.

– Бұл бала волейбол таңдаған. Қазақ күресіне бар деп едім, маған көнбеді. Міне, ағаңды қарашы. Бақытжан інісінің бұлшық еті бұлтиып шығып тұрған қарынан қысып қойды. Рүстем де келіп қысып көрді. Сосын өзінікін қысып көріп еді, көңілі толмағаннан қолын түсіре қойды.

– Сабыр аға, сіз неше жыл жаттықтыңыз?

– Мен. Мен ес білгелі десем дұрыс шығар. Бауыржан ағам, Бақытжан ағам үшеумізді дала жаттықтыратын. Содан даланың  топырағына аунап өстік. Су кешіп шаңын шығара жүгіріп, тау мен тасқа арқардай секірдік. Үшеуміз де он жастан асқан соң қазақ күресімен айналыстық. Мен әлі сол салада жүрмін. Әкең ғылым қуып кетті. Бауыржан көкең әскери салада. Ол кісі де спорттан алыстаған жоқ. Иә, тек оны екі-үш жылда бір көреміз. Рүстем кірпік қақпай тыңдады. Тура кинодағыдай. Шетелдің киносындағы сенсэйлер осындай болушы еді ғой. Жаңағы әкесі мен ағаларының тау мен тасқа секіріп жүргеніндей.

Бақытжан да енді есіне түскендей «шіркін-ай, сол мен бе едім»? – дегендей қабырғаға қарап ойланып қалды.

– Сабыр, – деді сосын, – керемет кездер еді ғой, иә? Айтшы, әрқайсымыздың ат қойған жеке жартасымыз болушы еді ғой. Жардан суға секіруші едік. Еех, қазір ауылға тартып кетсем ғой…

Сабыржан өз шаруаларымен кетті. Бақытжан жұмысына кіре бергенде қалта телефоны шырылдады. Рүстем екен:

– Әке, ренжімейсіз бе? – деді.

– Не үшін ренжуім керек? Айта бер.

– Әке маған 20 000 теңге керек болып тұр.

– 20 000 ? Көп ақша ғой.

– Керек…

– Айтсаңшы неге керек екенін? Сен түгілі мен ондай ақша жаратпаймын.

– Керек болып тұр. Қазақша күреске барайын деп едім. Соған киім алуға керек. – деп қойып қалды. Аяқ астынан айласы асып кеткеніне қуанып та тұр.

– Рас па? Жарайды. Сабыржан ағаңның әңгімесіне қызықтың ғой. Солай ма? Дұрыс, дұрыс. Мен қазір телефоныңа салып жіберемін.

Рүстем компьютер клубында өзінің үйреншікті орнында отыр еді. Телефонынан тездетіп ойынға қылыш сатып алды. Көзі жайнап кетті. Ал енді Пәленің көзін жояды. Енді аямайды. Қылышты сермеп шыға келді кейіпкері… Қылыш жарқ-жұрқ етеді. Тінтуірге жабыса қалған саусақтары дір-дір етеді.

Таңертең дастархан басында Сабыржан тірлігі біткенін, алдағы күзде Талғатты спорт мектебіне беру үшін қандай құжаттар жинауы керегін әңгіме қылды.

– Рүстем батыр, сен қазақ күресіне баратын болыпсың ғой. Жарайсың! Біздің отбасымызға дарыған спорт қой. Қазақ күресі - өзіміздің ұлттық спорт. Қазақ мінезіне сай келеді. Дене мен қолдың күшін сынайтын спорт. Ата-бабамыздың мұрасы. – Рүстем көзі бақырайып қарап тұр. Күрес мұның бар уақытын алатынын сезіп тұр.

– Рүстемді қазақша күрес секциясына мен апарайыншы. Жұмыстарым бітті. Алматы үлкен қала. Жаттығу залын көрейін. Жаттықтырушысымен сөйлесейін. Өзім де бала жаттықтырамын, біраз тәжірибе бөлісейін.

– Сабыржан, мынауың тіпті жақсы болды ғой. Мен жұмыстан мүлдем шыға алмаймын. Қатып кетті. Осы бала жалғыз жүреді. Бір жерге ілестіріп апара алмаймын. Себебі уақыт жоқ. Мына қаланың қым-қуыт тірлігінен мұршам болмайды. Соңғы кезде бар ғой, ауылға кетіп қалғым келіп жүр. Малды жайып қойып кітап оқып жатқым келеді. Классиктерді қайта оқып шығу бір арман… Табиғатқа қарап отыру бір арман. Ех, шіркін осылай армандап жүре беремін бе? Рүстем, кеше алған күреске арналған киіміңді алып келші, ағаң бір көрсін. Ағаңмен бірге бар. Жақсы болды. Жамбасқа салып тарс, жамбасқа салып тарс!

Бақытжан орнынан тұрып баласын жамбасқа салып жәй ғана сұлатып көріп ойнады. Сөйтті де арқасынан қағып:

– Еһ, Рүстем, тынысың кеңейіп, денеңе қуат бітіп жігітше арпалысатын болдың ғой. Бол! Неғып тұрсың? Әкел киіміңді. – деді.

– Әке, мен киім алған жоқпын. – Рүстемнің даусы жердің астынан шыққандай тұншығып шықты.

– Онда жолда аламыз. Жүріңдер, шығайық. Менің кездесуім бар. Киім алып, сендерді спортзалға апарып тастайын.

– Әке, мен ақшаны жаратып тастадым.

– Қалайша? Сонша ақшаны қайда жараттың?

– Сол… Керек болды…

– Не үшін керек болды? Ол көп ақша ғой, балам.

Рүстемде үн жоқ.

– Балам, мен білуім керек. – Бақытжан ашулана бастады. – Өткенде де мен берген ақшаны қайда жаратқаныңды айта алмадың.

Сабыржан бұрылып орындықтың арқалығына қолын қойып ойланып қалды. «Айтсам ба екен, айтпасам ба екен? Жасыруға болмас».

- Аға, ренжіме, осыдан екі айдай бұрын Рүстем хабарласып менен де 15 000 теңге алған. Мен ойланбай салып жібердім волейболға доп аламын деген соң. Атасынан да сондай бір бұйымтаймен ақша алғанын естіп қалғанмын. Рүстем, доп алдың ба? Әлде көп ақша жарату әдет болған ба? – Енді ағасы шүйлікті.

– Мен неге білмеймін? Ғазиза, сен білесің бе? – Бақытжан таңырқай әйеліне қарады. Ғазиза иығын қиқаң еткізді.

– Рүстем! Саған доп әперетін әуелі – мен! Менің доп әперуге шамам болмаса ғана ауылдағы мына ағаңнан, болмаса атаңнан сұрайсың. Ұқтың ба? Кәне, 15 000 теңгеге алған добың, көрсет!

Рүстем үнсіз. Әңгімеге Ғазиза кірісті шыр-пыр болып:

– Ойпырым –ай, Рүстем, саған біреу күш көрсетіп жүр ме? Сенен бұзақылар ақша сұрап етіп жүр ме? Сен менен де көп ақша алып жүрсің ғой. Тауға шығамыз, Ағылшыннан жеке оқытқаны үшін беремін деп. Жағдайы жоқ балаға жинап жатырмыз дедің… Солар рас па? – Ғазизаның көзі шарасынан шыға жаздап тұр. Рүстемде үн жоқ.

– Рас! Рас болғаны! – деп анасы баж ете қалды. – мұны бұзақылар қорқытып ақша сұрап жүрген ғой. Дереу полицияға хабарласу керек. Кімдер екенін айтасың. Байғұс балам – ай! – Баласының алдына тізерлеп отыра қалып бетіне үңілді.

– Жоқ, апа!.. – деді Рүстем мұрнының астынан міңгірлеп. Бұл іс дәл осылай  ушығып кетеді деп ойламаған еді. Бәрінің қиюын келтіріп жүрген ойынының әшкере болатын түрі бар. Не болды сонша. Көп ақша емес қой. Полициясы несі. Даудырлап ақшасын қимай бара ма?

– Қойыңыздаршы көп ақша деп…Сіздер үшін түк те емес қой. Соған бола полиция шақырасыз ба? Сабыр аға, 15 000 теңгеге бола ішіңіз тарылып әкеме шағыстырдыңыз ғой.  Бармаймын күреске де, волейболға да. Ешкім маған күш көрсеткен жоқ. Өзім жараттым.

Бақытжан баласының жағынан салып қалды.

– Мынау не дейді ей! Мынау не деген дөкей ей! Сен үлкендермен қалай сөйлесіп тұрсың? Мынау кәпірленіп кетіпті ғой. Мынау …- Бақытжанның ашудан қолы селкілдеп кетті. Сен қазақ емессің. Сен менің балам емессің! Сабыржаннан ұят болды-ау! Қай қазақ үлкенге қарап сөйлеген? Сабыржан, кешір, мен бала тәрбиелеп жүрмін деп қателесіппін. Жұмыс, жұмыс деп жүріп. Енді сәл өссе екеумізді ұрып ақшамызды тартып алатын түрі бар екен мынаның.

– Өйтпеймін! Мен сіздерді ұрамын деген жоқпын ғой!

– Сен маған қарсы сөйлеп тұрсың ба? Қазірден ақша үшін отбасыңды алдадың ба? Онда үлкейгенде зорын көрсетесің ғой. – Қайда жараттың? Елді алдап алған ақшаны не істедің?

- Иә, қайда жаратып жүрсің, Рүстем?

–… Компьютер ойындарына салдым.

– … Қап! Мен қалай сезбедім? Қашаннан бері? Қалай? Бәсе!.. Сабыр, жаның ашыса мына баланы әкет ауылға. Сен тәрбиеле. Атамның тәрбиесін көрсін. Саған аманат. Менің жұмыстан қолым босамайды. Көп адам күтіп отырған бастамам бар. Ғазиза да жұмысбасты. Мұны қадағалап, мұндай жаман әдеттен арылта алатын ешкім жоқ бұл үйде. Компьютер ойыны дегеннен хабарың бар шығар. Одан шығу қиын. Мен кінәлімін. – Бақытжан басы салбырап отырған күйі, інісінің бетіне қарауға бата алмады.

Ертесіне Бақытжан буынып-түйінген інісі мен баласын пойызға шығарып салды.

– Кешіріңдер мені. Міндетімнен қашқаным емес. Бөтенім емессің ғой. Балам ауылдың өмірін көрсін. Әкем екеуің мұны дұрыс жолға сала алатындарыңды білемін. Қазір бұл өз кінәсін, жаман жолға түсе бастағанын толық ұқпай тұр. – деді бауырына.

– Ештеңе етпейді. Ата-бабасының туған жерінің қасиетті топырағы тез оңалтады мұны. Уайымдама! – деп інісі қоштасқалы қолын ұсынды.

Жол бойы екі туысқан ләм деспеді. Сабыржан кітап оқып, Рүстем терезеден далаға қарап телмірді де отырды. Халқы ығы-жығы болған шулы қала алыста сағым боп қала берді. Ауылдағы үйде бұларды ата-әжесі, Сабыржан ағасының бала-шағасы улап-шулап қарсы алды. Жақсы атпен келмегенін үй іші біле ме екен дегендей Рүстем сүлесоқ амандасты. Әлбетте, біледі – деп ойлады. Мені елді алдаған өтірікші, ақша ұрлаған ұры деп отырған шығар іштерінен. Өтірік қуанбай-ақ, айтпай ма: – Оо, ұры келді деп. Бұлар да өтірікші болғаны ғой сонда. Көзінің астымен жақтырмай қарады. Иәә… Мұны кім түсінер…

Бүкіл қазақ, қала берді бұрынғы КСРО балалық шағын кинодан көрген атасы – Қожа, яғни Қожаберген аса қартая қоймаған. Жасы жетпісте болғанымен жас көрінеді. Денесі ширақ. Мұны арқасынан қағып, маңдайынан иіскеді. Қожаберген ақсақал – ауылдағы ең сыйлы кісілердің бірі. Зейнетке шығып кетсе де оны өзі бұрын жұмыс істеген ауруханаға жиі шақырады. Осы ауданның білікті хирург дәрігері. Сүйегі тайып немесе шығып кеткен кісілер де үйге жиі келіп, сынық салдырып жатады.

 Әжесі - Айша, Рүстемді хан келгендей күтіп алып айналып толғанып жүрген әлемдегі ең мейірімді адам. Медбике, мұғалім болып осы үйде жұмыс істейді. Тамағы ауырғанның тамағын басып, содамен шайғызады. Қолы қалт еткеннің қолына кітап ұстата қояды. Үйге берген тапсырмаларды тексереді. Бұл үйде жаман оқуың мүмкін емес.

Жанар ше?  Жанар қайда дейсіздер ғой?  Жүрекке әмір жүрмейді екен. Жанар апай Жантас атаның кемпірі екенін анасынан естіген. Бұл үйдің бала – шағасы Айша әжесінен өзгесі керек емес.

Ауылға келмегеніне үш жылдай болып қалған Рүстем Талғаттың бөлмесіне кіріп аң – таң болды. Бір жақ қабырға түгел Талғаттың қазақ күресінен алған жетістіктеріне арналыпты. Сөрелерде неше түрлі кубоктар тұр. Ал алтын, күміс, қоласы аралас алқалар жеке – жеке құрметпен ілінген. Мақтау қағаздары да оңай келмегенін білдіріп тұратындай жеке жақтауларға салынған. Қабырғаның ортасында Қажымұқан палуанның суреті тұр. Мені көрдің бе дегендей жымиып қарайды. Ол суреттердің айналасында Сабыр ағасының да жарыстарда күресіп жатқан, жүлде алып тұрған екі үш суреті бар, қалғаны Талғаттың күрестегі жеңістерінің суреті екен. Бірінде төреші Талғаттың қолын жоғары көтеріп тұрса, енді бірінде қарсыластарын жер жастандырып жатыр. Рүстем өзімен жасты Талғаттың мынадай жетістіктері барына қызыға да, қызғана қарап тұрып қалды. Көп жаттығуым керек шығар-ау. Бұған мұндай болуға енді тым кеш шығар. Иәә… Мұндайлардың әлемі бөлек қой. Ерінбей жаттығу деген…

Сабыржан бөлмеге кіріп, Рүстемнің иығына қолын қойды.

– Иә, бауырыңның жетістігі қалай екен? Сен де осындай боласың ба? Жаттығайық, жарай ма? Ертең мектепке орналастырамын. Арғы күннен бастаймыз!

Ертесіне сынып жетекшісі Рүстемді сыныпқа таныстырды. Талғатпен бірге оқитын болды.

– Балалар, бізге Қожаберген Рүстем жаңадан келді. Қожаберген Талғаттың бауыры.

– Ооо! - деп ду ете қалды балалар. Менің атам Қожа екеу болды ғой, – деді біреуі шәңкілдеп.

Талғат орнынан тұрды.

– Иә, біздің атамыз Қожа. Ал сенің атаң ше?

– Оның атасы Орынбасар, – деді біреуі күліп, сосын ғой орынды басыыып отырғаны.

Сынып ду күлді. Оларға сәл еркіндік берсе болды, кез келген оқиғаны күлкіге айналдырып, өзіне көңіл аудартқанына разы болады.

– Рүстем, сен ана үшінші қатардағы бос орынға, Сұлтан Ақеркенің қасына отыр – деген апайының сөзіне балалар тағы ду күлді. Рүстем түк түсінбей, қабағын түйіп алған күйі ұзын бойлы қыздың жанына отырды.

– Не болды? Не шу? – апайы жұдырығымен үстелді тақылдатты.

– Апай, Қожаберген мен Сұлтан енді парталас болды. Екеуі сабақтан соң қой ауылға барып қойдың елтірісін ұрлайтын шығар?

Рүстем енді түсінді. Сонда жанындағы қыз атасын талай ұятқа қалдырған Сұлтанның немересі ме? Тегі Сұлтан деді ғой. Иә, иә, бойы ұзын, тегі Сұлтан… Солай болып тұр ғой. Атамды күлкіге қалдырған Сұлтанның немересісің бе? – дегендей оқырая қарады. Қыз мұның мына әбіржіген түріне қарап қасын керіп күліп қойды.

Мұғалім Сара апай үстелін тықылдатып тәртіпке шақырды.

– Балалар, тынышталыңдар! Қожаберген атай да, Сұлтан атай да ауылымыздың құрметті азаматтары. Қожаберген ата сендер де, өзгелер де ауырғанда баратын емхананың дәрігері болып істеген. Оны бәрің білесіңдер. Ал Сұлтан ата – жылқышы. Иә, ол кісілердің балалық шағын бүкіл қазақ біледі. Міне, сол кісілерден тараған балалар сендердің сыныптастарың. Бір-біріңді құрметтей біліңдер.

Соңғы сабақ бітіп, балалардың бәрі далаға шықты.

– Қожаберген, – деді бағана Рүстемнің алдындағы партада отырған Айдос деген бала. – Енді екеу болдыңдар ғой. Біреуің шөпке, біреуің қырықтыққа барсаңдаршы. Топ бала ду күлді.

Талғат та, Рүстем де тұра ұмтылды. Талғат жете бере желкесінен бүре ұстап жерге алып ұрды. Айдос та қазақ күресіне барып жаттығып жүрген баланың біреуі – күресе кетті. Басқа балалар топ болып қоршап тұр. Күж-күж етеді. Не істерін білмей тұрған Рүстемнің арқасынан біреуі итеріп жіберді. «Сенің күшіңді көрейік, қане, шығасың ба?» Рүстем тығыншықтай Жарас деген балаға ежірейе қарады. Ойынмен, дене еңбегімен өскен баланың күші басым екені сезіліп тұр. Бірақ қашқақтап күлкіге қалғысы келмей ұмтыла берді. Рүстем мен Жарастың алысы басталып кеткенде алғашқы алысып жүргендер үстерін қағып бұларға алаңдап кетті. Дәл осы кезде дене шынықтырудан сабақ беретін Сабыржан келді. Ортада алысып жүргендерге қарап тұр. Ажыратуға асықпай, інісі – ағасының баласының әрекетін байқамақ болып бөгелді. Рүстем – ұзын бойлы талдырмаш бала. Қатты арық та емес. Кейінгі кездері компьютер ойынына құмартып, айналасының тіршілігінен бейхабар бола бастағалы еңсесі түсіп жүретін. Дегенмен екі жыл қатарынан волейболға қатысқанынан болар, ширақ қимылдайды екен. Осы бала әлсіз-ау деген Сабыржанның күдігі расталмады. Қазақ күресінің қимылдарымен шалып құлатпақшы болған Жарастың айлаларынан серпіле құтылып үлгеріп жүр. Күрестің тәсілдерін білмесе де қорғануға ебі келіп-ақ тұр. Тығыншықтай Жарастың қолына бір іліксе оңбайтынын біліп жаңа тынысы ашылып кетсе керек. Дегенмен Жарас оңдырмай ұрып та, құлатып та үлгерді. Сабыржан салпыншағында тағулы тұрған ысқырықпен ысқырып тоқтатты. Балаларды ажыратып, айнала қоршап тұрғандарға қарады. Жарастың жұдырығы Рүстемнің қабағына оңбай тиіпті. Қанап, ісіңкіреп кетті.  Рүстем Сабыржан ағасы бұлармен төбелескен балаларды әке-шешесін шақыртып жазалар деп ойлаған. Келіп мұның қабағын сүртіп беретін шығар деп, ауырсынғандай отыра қалды. Сабыржан қабағын түйіп оқушы ұлдардың бәріне зеки сөйледі:

– Тез қайтыңдар үйлеріңе. Қазақ күресі – бірін-бірі ұрып жазалау арналған спорт түрі емес! Ол – спорт түрін! Сендермен жасты балалар  тек жаттығу залында, төрешінің көз алдында күш сынасады!  Жаттығуға келгенде көремін күштеріңді, – деді де кетіп қалды. Рүстем түсінбей қалды. Орнынан тұрып Талғатқа ере берді.

Сонау Алматыда масқара болғалы мұны бауырына басып, жанын түсініп жүрген Айша әжесі ғана. Ол байғұс зыр жүгіріп қабағына дәрі жағып әлек болды. Атасының да пейілі түсер, жаны ашып мұны кемсітіп ұрып жібергендерге сыртынан болса да бір ұрысып, немересіне жақтасар деген ойы орындалмады. Бұған не болғанын көрмеген адамша:

– Тамақ ішіп алған соң жер аударыңдар. Жер кеуіп барады. Тезірек қияр, қызанақ егіп алсын әжең мен шешең, – деп жөніне кете берді. Торы атына мінгенде атасы өр тұлғалы батырлардай көрінді.

Таңертең сағат алты болғанда Талғат пен Рүстемді Сабыржан оятты. Рүстем өмірі істемеген тірлігін істеп – жер аударып, тырмалап қарық жасап, сабағын оқып, сілесі құрып шаршап құлаған. Қабағындағы бұласыр жалбырап, аузынан суы ағып ұйықтап жатыр. Ояна қоймады. Ауырып қалған денесі рахаттана демалғанына балқып жата берді. Сабыржан ағасы атын атап, жұлқылап қояр емес.

– Қойыңызшы-ей! – деп мазасын алған ағасына ашуланып айғайлап қойып жата берді. Бір кезде ағасы бетіне салқын су шашып жібергенде шашалып атып тұрды.  Не деген басынғандық бұл. Әттең, барар жер, басар тауы жоқ. Алматыдағы өз үйі мұны жау көріп отырғанда бұлардан не күтсін. Үстін қаққылап алақтап қалды да, аузы бұртиып киіне берді.

Алда атасы, Сабыржан ағасы, артынан Талғат екеуі көшеден жеңіл жүгіріспен шығып ауыл сыртындағы жазықпен кетті. Таңғы салқын самал кеудесінің ыстығын басты. Денесі сергіп, құрысы жазылды. Жалаң аяқ тұрып дене жаттығуларын жасауға кірісті. Қара жер табанына майдай жағып тұр. Айнала жап-жасыл шөп басқан дала. Арасынан майдасы бар, ірісі бар гүлдер әр түрлі түспен рең беріп тұр. Қалың жасыл тоғай да ауылға тиіп тұр. Жан тыныштығы осында дегендей жапырақтары күнге жалтырап желмен тербеліп тұр. Құстардың сайрағаны естіледі. Оған сарқырай аққан өзеннің даусы қосылады. Дене жаттығуы небір ойдан, өкініш, реніш сияқты сезімдерден ауыр тартып тұрған денесінің құрысын жазды. Кең тыныстады. Таза ауаны құшырлана жұтып, бойына оттегі молынан тарап, екі бетіне қан жүгіре бастады. Үлкендердің  артынан үйге қарай жүгіріп бара жатып кешегідей төбелес қайталанар болса қайтпаспын, менде де күш бар ғой деп ойлап келеді.

Бұлар мектепке кіргенде қоңырау да соғылды.

–  Ақерке Сұлтан, – деді бір шашы тікірейген сары бала, – сен Қожаберген Рүстемді атаң құсап балық аулауға шақырсаң етті. Ата жолымен жүру керек қой.

Ақерке деген қызда түк намыс жоқ-ау, қосыла күліп сары баланы қостағандай болып отыр. Осы қыздың жанындағы орыннан басқа бос орын да жоқ екен. Атасын бүкіл Қазақстанға күлкі қылған Сұлтанның немересіне жолағысы жоқ. Тіпті жыны келеді. Жастай темекі шегіп, қойдың елтірісін ұрлаған адам емес пе еді. Қазақта, сірә, «Менің атым Қожа» кітабын оқымаған адам жоқ шығар. Қызға алара қарап орнына отырды. Орындығын тартып одан алысырақ отырды.

– Қазір бізге диктант болады, диктант дәптерімізді таратады, сен жаңа дәптер әкеліп пе едің?  – деді Ақерке.

Бұрылып та қарамады, жауап та бермеді. Қарашы, өзінің кім екенін білмейтін сияқты. Бұзық болған адамның немересі екенін, бүкіл елге күлкі болғанын біліп ұялып отырса қайтеді. Ақерке аңтарылып қалды да, алдына қарап отырды. – Қызық бала екен! – деді ішінен.

Сабақтан соң сыныптағы ұлдар дене шынықтыру залына келді. Бұл сыныптан сегіз бала қазақша күрестен жақында аудан бойынша жарысқа түспекші. Өзгелері қызықтап келді. Бес-алты қыз жарысты көруге келіп отыр. Арасында Ақерке де бар. Жаттықтырушы Сабыржан ағасы балаларды жеке-жеке шақырып, әр баламен күрестіріп көріп жатыр. Дұрыс әдіспен күреспесе ысқырып қолын көтеріп қайта күрестіреді. Рүстемді күресте жүрген балалардың еркіндігі, сенімділігі таң қалдырды. Дайындықта алысып жүріп құлағанның өзінде үнжырғасы түскен баланы байқамады. Орнынан тұрып келесі кезегін күтіп отырады. Ауылдың балалары қала балаларына қарағанда ширақ қимылдайтынын да байқап отыр. Кеше ғана бір-бірімен алысып төбелескен балалар бүгін бір-бірінің қолын қысып, жеңісімен құттықтап мәз болысып жүр.

– Ия, қарқын жаман емес. Жазғы демалыс та таяп қалды. Осы жарыстан соң күзге дейін жаттығу болмайды. Тек өздерің қалаған жерлеріңде жаттығасыңдар. Табиғат аясында, болмаса ауылдың стадионына барсаңдар болады. Ал, үйге қайтасыңдар ма? Әлде арамызда волейболға қатысқан Рүстем отыр, соның ойынын көреміз бе? Волейбол ойнаңдар!  Қыздар! Ақерке, келіңдер. Рүстем, біздің волейболшылар – Ақерке мен Жансая. Ойнап көресің бе? – Сабыржан ағасы ортаға доп тастап өзі шығып кетті.

Волейбол жақсы өтті. Сабыржан Рүстемді волейболға қатысқан деп қанша жарнамаласа да, асып бара жатқан ойын көрсете алмады. Ойынға ебі келмей қалған. Ойы шашыраңқы болғаннан шығар. Доптың ұшу жолына асыға секіре беріп мүлт кете берді. Қайта Ақерке керемет ойнады. Тура кәсіби волейболшы дерсің. Ұзын бойлы денесі епті-ақ. Асықпай допты тоса  қояды да, сарт ерткізіп соға салады.  Мұның тобына қайта-қайта доп салған сол. Доп соның қолына ғана ұшатын сияқты. Кәдімгі өзі жақсы көретін волейбол добы. Тек Ақеркені ғана сыйлайтындай, соның ғана айтқанын істеп жүр. Рүстем де намысқа тырысып бақты. Сонда да Ақеркенің тобынан екі ұпайға ұтылып қалды. Ақеркенің  тобы қызды ортаға алып құшақтасып бірін-бірі құттықтап жатыр. Қыздың жүзі бал-бұл жайнап тұр. Рүстемнің ішіне біреу шоқ тастағандай болды. Ақерке өз қуанышымен мұның жеңілісін мазақтағандай көріп тұр. Жаңа ғана Сабыржан  ағасы Рүстемнің ойынын көрейік деген еді. Олар күткендей ойын болған жоқ. Сыныптастары Ақеркенің ойынына тәнті болғандарын жасыра алмай гуілдесіп мақтап жатыр.

Мұны ешкім елемеді. Сын сағатта өзін көрсетіп қалмақ боп тырысқанынан ештеңе шықпады. Дәл осы сәтте алғаш рет волейболға бармай, компьютер ойнауға барғанына өкінді. Жарас қана бұған қарап:

– Иәәә… – деді, – дебют болмай қалды ма, інішек? Ренжіме, біздің Ақерке осындай.

Ашуы келді. Жарастың қолынан ұстап өзіне тартып қалды.

– Сенің не шаруаң бар менде? Жолың әне!

– Әрине, әрине… – Жарас мысқылдай күлді. – Мақтаған қыз тойда пух дейді.

– Волейбол ойнамағаныма көп болған еді. Шамалы қолым шығып қалған сияқты, – енді Рүстем түсіндіруге кірісті. Маңында үш-төрт бала тәжікелесіп тұрған бұларға қарап қалған екен.

– Сен ағаңа тартқан шығарсың.

– Не деп тұрсың?

– Сенің ағаң Қазақстан чемпионы болғанын білесің ғой.

– Иә.

– Неге әлем чемпионы бола алмай қалды, білесің бе? Білмейсің. Ол да мақтаған қыз тойда пух дейді болған. Қазақ күресінен чемпионат болыпты. Сонда сенің ағаң – Сабыржан ағай қорқып қалды. Аз қимылдады. Біз бәріміз ауыл болып ұйықтамай теледидар алдында күтіп отырдық. Ал ол кісі піппп, – деп мазақтап ернін шығарып Жарас кете берді.

Рүстем артына қарап ызадан жарылардай болып қалды. Қалайша? Сабыржан ағасының жеңістерін әкесі талай жыр қылып айтқан. Ешкімнен жеңіліп көрмеген деп еді ғой. Рүстем ағасына қадала қарап тұр. Асқардай таудай боп көрінетін ағасы демде аласарып кеткендей болды. Өзінің жақсы ойын көрсете алмағанына енді ағасын кінәлай бастады. Несі бар еді мені мақтап, мені елге күлкі қылды, – деп ызадан жарылардай болды.

   Түскі асты ешкімге қарамай басын салбыратып отырып ішті. Ағасы мен Талғат түк болмағандай алдағы жарыс қайда, қашан болатынын, көрші  ауылдан кімдер келетінін сөз қылып отырды.

Рүстем далаға шықты. Атасы торы  аттың жалын тарап жатыр. Жануар өте сұлу екен. Жанына келіп басынан сипады. Қап қара үлкен көзімен бұған қарады. Танысқысы келіп тұрғандай. Рүстемнің басын, жағын сипағаны ұнап тұрған сияқты.

– Көрдің бе, – деді атасы, – қандай сұлу ат.

– Иәәә. Ешкімді мазақтамайды. Ешкім мұны мазақтамайды. Өзінің күшті екенін біледі. Елдің бәрі мұны сыйлайды. Жалын тарайды. Не деген бақытты!

– Тоқта, бұл не деген сөз? Сені кім мазақтап жүр?

– Ешкім…

– Мазақтаса, әзілдеп ойнағысы келген шығар. Бұл ауылдың бәрі әзілқой. Мазақтағанды сен де мазақта. Соған үнжырғаң түсіп жүр ме? Мен әке-шешесін сағынып жүр ме десем.

– Оларды не деп мазақтаймын?

– Мазақтамасаң, әзілдес. О несі-ей! Адам соны да сонша уайымдай ма?

Міне, енді атасы сөйледі. Бәрі мұның жауы, бәрі мұны жек көреді. Бәрі өздерінше. Атасына не жоқ? Ойбу, балам-ай, күнім-ай, жаным-ай десе қайтеді екен басынан сипап. Бәрі шетінен қатыгез. Кетіп те қала алмайды. Әкесі мұны көргісі келмейтін шығар. Анасы да кетер кезде бұған «сен қандай баласың?» дегендей қараған. Мектепте де, үйде де құшақ жайған адам көрмеді. Жалғыздық деген оңай емес екен. Талғат бауыры әрі сыныптасы болса да екеуінің әңгімесі жараспайды. Бұл ойындардың кейіпкерлерін айта бастаса немесе бір компьютер бағдарламасын айта бастаса, селқос тыңдайды. Оған кімнің аты жүйрік екені, кіммен кім күресетіні ғана қызық. Сондықтан екеуі бірге көп уақыт өткізбейді.

– Торы аттың ерін әкел! – деді атасы. Атты ерттеп үйрен, сосын оған мініп шабуды үйретемін.

Рүстем аттың ерін әкеліп салды. Ердің бас жағы қайда екеніне қарамай аттың үстіне теріс сала салды.

– Не, атқа теріс мініп шабайын деп па едің? – атасы мысқылдап күлді.

Айнұр жеңгесі есік алдында Майратайды ойнатып отырған. Ол да күліп жіберді. Майратай түсінбесе де аузындағы төрт тісін көрсетіп күліп қояды. Осы кезде далаға Сабыржан да шыға қалды. Теріс салынған ерді көріп, ол да мырс етіп күлді. Рүстемнің ашуы келді. Жұрттың бәрі мұны мазақтайды. Мұны ешкім адам құрлы көрмейді. Майратайға дейін мұны кемсітіп отыр. Тас түйін болып тырысып ашуланып отырғанын да ешкім байқамады.

– Кел, Рүстем, атқа мін, – деп атасы ерді дұрыстап қойып жатып.

– Мінбеймін. Неге бәрің маған күлесіңдер? Бәрің мені жек көресіңдер. Ата, сен өзіңе қарап алмайсың ба? Сұлтанмен темекі шеккенсің. Қозының елтірісін ұрлаған Сұлтанмен дос болдың!

– Рүстемтай, не айтып кеттің? Сені ешкім де жек көрмейді, – деді Сабыржан.

– Сіз де жаңа мазақтадыңыз. Өзіңіз чемпионатта қарсыласыңыздан қорқып қалғансыз. Бәрің өздеріңді білмей жатып, мені мазақтай бересіңдер.

Рүстем ызадан жарыла жаздап тұр. Атасының қолынан аттың шылбырын алды да, атқа қалай секіріп мінгенін байқамай қалды. Қамшы ердің басында тұр еді қамшыны алып атты салып, салып жіберіп шаба жөнелді. Торы ат әбден мініске үйренген ғой, жатырқамай, тоңқымай шаба жөнелді.

Көзінің жасы ытқып кетті. Тоқтайтын емес. Бәрінен қашып келеді. Ешкім бетіне қарамаған, ешкім сенікі дұрыс емес деп айтпаған баланың ішіне реніш толып қалыпты. Қалада әке-шешесінің қуып жібергені, ауыл мектебіндегі балалардың мазағы, Сұлтанның қызынан жеңіліп қалғаны, Сабыржан ағасының волейболға қатысқан деп мақтап алып мұны жеңіліске итермелегені – бәрі жиылып қалған екен. Енді ашуын торы аттан алып оны қайта-қайта сабалап, өзі ебіл-дебілі шығып жылап барады.

Қайда бара жатқанын өзі білмейді. Бірінші рет атқа мініп тұрса да, қорқынышты іштегі ашу жуып кеткен бе, тоқырақтап шауып бара жатыр. Жасыл алқапты жарып жатқан қара жолдың шыңын бұрқыратып шауып барады. Ерге қонып отыра алмай қоқаң-қоқаң етеді.

Бір кезде аты тасты жерге жетіп, тұяқтары тайыңқырап жүрісін азайтқанда барып айналасына қарады. О, тоба, мынау қай жер? Мен қайдамын? Айнала тас. Таудың етегі. Анадай жерде өзен ағып жатыр. Бұл қай өзен екен? Таңда жүгіргенде көріп жүрген өзенге құсамайды. Бұл қайда бармақшы? Ат болдырған сияқты. Тепең жүріске салып өзенге қарай беттеді. Мейлі, шөлдеген шығар. Ауыздығын алу керек пе екен? Ауыздықпен қалай су ішер екен? Кәдімгі атқа күнде мініп жүрген адамдай, оңай мініп, оңай шапқанына өзі таң қалып келе жатыр. Сірә, атасына тартқан болар. Атасы есіне түскенде іші удай ашыды. Атам-ай, атаммен қалайша сөзге келіп қалдым? – деді ернін жымырып. Ат өңкеңдеп суға төніп барады.

– Қой, әй! Қоя тұр! Ауыздығыңды алып алайын.

Қалай алатынын да білмейді өзі. Қаланың баласы аттың ауыздықпен де су іше беретінінен бейхабар еді. Бұл қолын созып ауыздығын алмақ болып шетінен асығыс тартып қалды.Аттың басы қақшаң ете қалды. Темір ауыздық аттың езуін жыртып кете жаздады. Ат үркіп кетті. Үлкен көзі аларып, басын шайқап, шайқап жіберіп үркіп шаба жөнелді. Рүстем аударылып қала жаздады. Ат құйғытып келе жатыр. Рүстем ерге жабысып, ердің басынан тас қылып ұстап алған. Ат мұны ұнатпай қалған сияқты. Мұның ернін жыртып жібере жаздағанын жақтырмай мұны аударып түсіріп тастағысы келетін сияқты. Қайта-қайта алдыңғы екі аяғын көтеріп кісінейді. Біраз шапқан соң, мұның түсе қоймағанына көнбей артқы аяғымен әбден тоңқыды.  Рүстемнің зәре-құты қалмады. Жүрегі тарсылдап ерге жабыса түсті. Біттім! деп ойлады. Болды, мына ат мені аударып түсіріп, теуіп-теуіп өлтіретін шығар.

– Торы ат, Торы ат, мен атамның немересімін ғой! Торы ат, мен жаңа сенің жалыңды сипап едім ғой! – деп бақырды.

Ат баланың бақырған даусынан одан сайын шошыды. Құйғытып келеді. Қанша шапқаны есінде жоқ. Бір кезде арт жақтан аттың дүбірі естілгендей болды. Есі шыға қорқып отырған бұл мойын бұрып қарауға шамасы келмеді. Аттың дүбірі жақындай берді. Қатарласа шапқанда қараса, атта Ақерке отыр. Басына көк орамал тағып алған.

– Қанат, Қанат, – деп жәй ғана айғайлады ол Рүстемнің атына. – Тәк, тәк жануарым. Торы ат мойнын бұрып Ақеркеге қарады.

Танығанын білдіргендей кісінеп жіберді.

– Қанат, Қанатым, тәк, тәк! – дей берді қатарласып шауып келе жатқан Ақерке.– Рүстем, аттың басын тартсайшы. Шылбырды өзіңе қарай тарт! – деп айғайлады бұған.

  Торы ат шабысын бәсеңдете берді.Сосын екі ат қатар жай желіске түсті. Ақерке қатарласып келіп торы аттың жалынан сипағанда ат тұра қалды. Қыз атынан түсіп торы аттың мойнынан сипап тынышталған атты айналып-толғанып мақтай жөнелді. Ат Ақеркенің бетінен, шашынан сүйгендей ернімен тиіп өтті. Рүстем өң мен түстің арасында отырғандай.

Мына қыз қайдан шыға келді? Айдалада не істеп жүр? Мен өзім кинода жүрген жоқпын ба? Қанша жер шаптық? Мына айналаның өзі кинодағыдай. Таулар, етегіндегі жазық – жап-жасыл шөп пен түрлі-түсті гүлдер.

– Ертегіге келдік пе? – деді бұл аузына басқа сөз түспей.

Ақерке бұған таңдана қарап қалған. Сосын мұның сөзіне жымиып күлді.

– Ия ертегідегідей жер. Сен мұнда неғып жүрсің? Менің Қанатымды неге ашуландырдың?

– Сенің Қанатың ба? Бұл атамның аты ғой. Торы ат.

– Ақымақ, торы деген – мұның түсі. Ал аты – Қанат. Мен қойғанмын. Көрдің бе, қанаты бар пырақтай ұшқанын?.. Солай… Бұл атты атаңа менің атам сыйлаған. Мен мұны құлын күнінен баққанмын. Сүйкімді құлын болған. Сен түсіп, аяғыңды созсайшы. Рүстем түсуге қорқып отырса да, Ақеркенің алдында ұялғанынан қипақтап жүріп аттан түсті. Шынымен қорыққанынан ба, әлде ұзақ отырғаннан ба аяғы сіресіп қалыпты, әрең икемге келді. Екі атты жетекке алған Ақеркемен қатар жүріп келеді. Торы атты мен жетектейін деп айта алмады. Тағы үркіп кете ме деп үндемей ілесіп келе жатыр.

Өзін құтқарып қалған Ақеркеге таңқала әрі жатырқай қарайды. Қайдан шыға келгенін әлі түсінбей келеді. Не деген қыз өзі. Аттың құлағында ойнайды. Қалай жетіп алды, үріккен атты қалай тоқтатып алды? Қайта – қайта Ақеркеге қарай берді. Әдемі екен өзі. Байқаса да байқамағандай болған еді мектепте. Енді анық көріп келеді. Күнге тотыққан жүзінде өзіне деген сенім бар. Нәзік әрі ерке. Сұңғақ бойлы тал шыбықтай денесі серіппедей икемді. Көзі ботаның көзіндей. Әуел бастан осы қызды неге жақтырмағанын өзі түсінбей келеді.

–  Ат су ішетін болған соң, ауыздығын алайын дегенмін. Ноқтасын сыпырудың орнына асығып ауыздықты тартыппын, содан ат үркіп кетті.

Қыз бұған ішек-сілесі қата күлді. Ат су ішкенде ноқтаны сыпырудың қажеті жоқ. Ауыздығымен де су іше береді ғой.

Бұл жолы Рүстем өзін мазақтаған қызға ашуланған жоқ. Ұялғанынан жымиып келе жатыр.

– Сен қайдан шыға келдің? Айдалада ешкім жоқ, не үй, не қора жоқ. Әлде… Рүстем өз ойынан өзі қорықты. Әлде сен сиқыршысың ба? – Ол да мүмкін ау, – деген ой қылаң берді. Кинолардан талай көргенде қарапайым көршісі сиқыршы немесе өрмекші адам болып шығып жатады.

– Жоқ. Мен сиқыршы емеспін. Атам мен әкем жылқышылар. Жылқыны осындай кең, таулы, сулы жерде жаямыз. Жайлауымыз осы маңда. Бүгін сенбі болғандықтан жайлауға келгенмін. Жылқы бағып жүр едім. Қанат шауып барады, үстінде біреу айғайлап барады. Бірдеңе болғанын білдім. Ақмаңдай бәйгенің аты ғой, демде қуып жеттім.

Ақерке бұған қарап жымиып қояды. Рүстемнің дүниеде ең жек көретіні – мазақ болу. Бұл жолы мазақ болдым деп намыстанбады. Ақеркеге қарап ыржия берді. Аман қалғанына риза.

Екеуі екі атқа мініп Ақеркенің жайлаудағы  үйіне келді. Бұлардың алдынан ұзын бойлы жауырыны қақпақтай Сұлтан ата шықты. Аппақ көйлек, қара бешпет пен қара шалбар киген. Мұның атасының жас кезіндегі ебедейсіз, сужұқпас досы Сұлтанға мүлде құсамайтын салмақты ақсақалды көрген Рүстем аттан түсе сала қолын беріп амандасты.

– Мына жігіт құйып қойған Қожа екен. Қожаның жас кезі. Өзі Қожаның атын мініп алыпты. Соған қарағанда туысы боларсың?

– Қожабергеннің немересімін, ата.

– Ее, Бақытжанның баласысың ба? Кел, қымыз іш. Міне, бүгін биылғы қымызды алып отырмыз. Үйіңдегілерге де құйып берсін.  Қонсаң ет асамыз.

– Жоқ, ата, кеш түсіп келеді. Ауылға қайтуым керек.

– Қаланың баласы, жолды білесің бе?

– Жоқ, адасып келемін.

– Жарайды ендеше, өзім апарып тастайын.

– Сау бол, мен жылқыға кеттім. Үйірді айдап келуім керек, – деп Ақерке бұған қолын көтерді де, атпен құйғытып шаба жөнелді.

Ат үстінде отырғаны қандай әдемі! Ер үстінде қопаңдамай тіп – тік отырады екен. Рүстем қолын бұлғады. Кеше ғана бұл қызды жақтырмағаны ойына түсті.

Жолда Сұлтан ата көп әңгіме айтты. Ақеркенің әжесі аттан құлап аяқ сүйектері сынып кеткенде Қожаберген атасы сынықтарын орнына қойып берген екен.

– Ауылға келгенің дұрыс болған. Ел іші тұнған тарих, үлкен мектеп. Досым Қожаберген де балаларын жақсы тәрбиеледі. Сенің әкең үлкен фирманың иесі деп естідім. Сабыржан – спортшы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Тіпті төрт дүркін чемпион болатын еді. Өзінің ақкөңілдігінің арқасында жеңісін өзге біреуге берді. Моңғолиядан қазақ күресін дамытып, спортшылар жаттықтырған бір азамат жарысқа келді. Келгеннен елім деп қазақ жеріне маңдайын тигізіп, жұртына келгеніне қатты қуаныпты. Сол Моңғолияның қазағымен күресуге біздің Сабыржан шығады. Ағаң қазақша күресті шетелде дамытуға себепкер болып жүрген азамат жеңіліп қайтпасын деп, сол жарыста аз қимылдап, жеңісті елім деп келген қазақ бауыры алуына жол берген.

Рүстем аңтарылып қалды.

– Қалай сонда? Солай да бола ма екен? Өз жеңісін қалайша біреуге берген?

– Ә-ә, сен оны білмейтін бе едің? Әлбетте, оны ешкімге айтқан жоқ. Бірақ біз – Қожа екеуіміз сездік. Көріп, көңілімізге түйдік. Сабыржан өз елінде ғой. Алда талай жеңіс бар, жеңіліс бар. Өмір деген солай. Ал көрші елдегі қазақ жігіт өз шәкірттерінің алдына мерейі тасып барған шығар. Міне, солай.

Рүстемнің есіне ағасына айтқан сөзі түсті. Ұят-ай! Енді қалай қарар екен оның бетіне. Бәрін әбден даттады ғой. Өзі ше, өзі масқара болып, туыстарын алдап ақша алғанын ұмытыпты. Өзгелерді сынапты.

Бұлар үйге келгенде әжесі мен жеңгесі, бауырлары үрпиіп отыр екен.  Атасы, Сабыржан ағасы, Талғат – үшеуі мұны іздеп дала кезіп кетіпті. Рүстем кінәлі кейіппен үндемей басын салбыратып отыр. Келген соң бұған ұрысатын болды. Мұны енді адам санамайтын шығар. Бәрін сөгіп атқа мініп тайып тұрғанына енді өкініп отыр. Әжесі телефонымен хабарласып айтқан соң бәрі бірінен соң бірі үйге келе бастады. Мұны ешкім кінәлаған жоқ. Тек аман келгеніңе шүкір десті.

Ертеңіне таң баяғыша атты. Рүстем ұйқыдан бәрінен бұрын оянды, атасы, ағасының соңынан Талғаттың алдында жүгіріп бара жатыр. Баяғыдай бойын күдік, реніш, сенімсіздік билеп тұрған жоқ. Бойын жеп-жеңіл сезініп құлдыраңдап барады. Жексенбінің таңы еді. Ешкім ешқайда асықпайды. Жайбарақат өмір.

 Талғатпен біраз доп қуғысы келген. Оған бауыры неше түрлі сылтау айтып, көнбей қойды. Көзін ала қашып сырғақтай береді. Түсінбей соңына ілескен сайын ол қашқақтай берді. Мұның іші пысып жүргенін көріп Айнұр жеңгесі бұған сүзбеден құрт жасатып қойды. Тұздалған сүзбені жаласаң дәмі тіл үйіреді. Екі алақанның арасына салып домалақтайсың да саусақпен қысыңқырап қоясың. Домалақ құртқа төрт саусақтың ізі түсіп шамалы жалпаяды. Табаққа қатарлап тізе бересің.

– Каникулға шыққанда өзім жасадым деп үйіңе ала кетесің, – деді жеңгесі мұны ынталандырып.

Шарбақтың есігін жәйлап ашып Талғаттың ауладан шығып бара жатқанын көріп атып тұрды да, қолын жалай салып соңынан ілесті. Талғат бұдан тығылып шыққандай көрінді. Маған айтпай қайда барады екен. Көше бойы өсіп тұрған ағаштардың арасымен көрінбей аңдып келеді. Талғат көшедегі жағалай егілген гүлдерден бір шоқ гүл теріп алды. Рүстем кімнің туған күні екенін есіне түсіре алмай тұрғанда Талғат арғы көшеге қарай кетті.

Таңырқағаннан Рүстемнің көзі бақырайып кетті. Кімге апара жатыр деп күбірлей соңынан ерді. Талғат екі көше төмен түсіп көпірден өтіп өзен жағасындағы көшені бойлап барады. Көшенің қақ ортасындағы бір үйдің қоңыр қақпасының түбіне барып тоқтады. Рүстем демін тартып, екі қолымен екі тізесіне сүйеніп талдың тасасында тығылып тұр. Талғат біреуді күтіп тұрғаны анық. Елеңдеп қақпаға қарап қояды. Үстін қаққыштап кекілін түзеді.

– Мынауың қызға келіп тұр ғой, – деп күбірледі Рүстем. – Нағыз сері өзі,  – жерден жеті қоян тапқандай мәз болды аңдыған күйі.

Талғаттың шыдамы таусыла бастаған сияқты, қайта-қайта қалта телефонына қарап қояды. Дәл қақпа түбінде діңіне құшақ жетпейтін дәу қара ағаш өсіп тұр екен. Соның үлкен бұтасына асылып ішке қарағысы келіп еді, біреу көріп қоя ма деп қайта секіріп түседі.

Бір кезде темірден соғылған көпірден тықырлап аяқ дыбысы естілгенге жалт қараса өз атасы келе жатыр. Талғат та гүлін тастай салып бері қашты. Бұл тығылып тұрған ағаштың артына тығылам деп Рүстемге келіп соқтығысты. Мұны көріп одан әрі састы. Рүстем саусағын аузына апарып: – Түшшш! – деді абдырап әрі таң қалған бауырына. Екеуі талдың тасасынан мойнын созып атасына қарады. Атасы жайбарақат ауыр денесімен теңселе басып анадай жерден өтіп бара жатыр. Қолында торт. Талғат лақтырған гүл шашылып жатыр екен, еңкейіп теріп алды да, өз үйіне келгендей – жаңа ғана Талғат аңдыған қоңыр қақпаны айқара ашып еніп кетті. Мәссаған. Екі ағайынды түсінбей бір-біріне қарады. Рүстем иегімен қақпаны нұсқап:

– Кімнің үйі? Мұнда кім тұрады? Кімге келдің? – деп сыбырлай сұрады.

Талғат жауап берудің орнына мұны қолынан тартып асығыс көпірге сүйрей берді. Екеуі жүгіріп көпірден өтіп өздерінің көшесіне түскенде бір-ақ жауап берді Талғат.

– Маралдың үйі. Маралға барғанмын, – деді сәл қызарыңқырап. – 7 «ә»-нің қызы. Сен танымайсың. Екеуіміз домбыраға бірге барғанбыз.

– Жаман емес...  О, Маралдыым, Маралдым, сенің үшін жаралдым. – Рүстем аузына өлең түсе кеткеніне мәз болды. Оның үстіне жігіт болған бауырын мазақтап жетісіп қалды. – Ал атам не үшін барды ол үйге? Торт ұстап алыпты өзі. Айттыруға барды ма Маралды?

– Айтасың-ау сен де. Мен Маралды нетіп... Маралға барғанымды білмейді ғой. Шынымен торты несі… – Талғат қабағын түйіп ойға  келе жатыр. Немерелеріне балмұздақ болмаса, өмірінде дүкеннен торт алған адам емес. – Рүстемге жалт қарады. – Маралдың әжесіне алған шығар?! Жанар апаға, Жанар апаға алды ма сонда?!

– Қай Жанар? Маралдың әжесі – Менің атым Қожадағы Жанар ма?

– Иә, сол! Білмеймін... Басқа кімге алады? Менің гүлімді де алып кетті.

Екеуі бір-біріне таңырқай қарады.

– Шалдарда да махаббат бола ма?

– Әжем ше? Махаббат болады. Шалдарың ватсапта, инстаграмда ескірмеген махаббат деп өлең айтып жүр ғой.

– Мәссаған. Не істейміз?

  Екеуі түскі тамақта томсырайып отырды. Қабағы қатулы. Атасын жаңа көргендей көзінің астымен жақтырмай қарап қояды.

– Алыңдар, құлындарым. Ыстықтай ішіп алыңдар, – деп құрақ ұшып отырған әжесіне біртүрлі мүсіркей қарайды. Атасы түк болмағандай ыстық көжені сораптап ішіп отыр.

– Торттан кейін де ыстық сорпа іше ме екен? – деген ой келді Рүстемге.

– Ата, сіз әжемді жақсы көресіз бе? – деді Рүстем шыдамай кетіп.

Атасы әжесіне қарап жымиды. Қолын жүрек тұсына қойып.

– Әжең – жүрегімнің иесі емес пе? Қараңдаршы, мұндай сұлу келіншек қайда бар?

  Айнұр жеңгесі сықылықтай күлді.

– Әрине, ата, апамды көршілер сұлу апа дейді екен. 

– Өтірікші, – деп ойлады екі ағайынды. – Білеміз сенің сырыңды. Серісымақ. Әжесіне айтып берсе қайтер екен, ә?  Жоқ, бірдеңе істеу керек.

Енді екеуі сырлас болды. Не істемек керек? Әжесіне атасы Жанар апаға торт, гүл апарып жүргенін айтып берсе қалай болар екен? Әлде барып Жанар апаға ұят емес пе десе ме екен? Ұят екен не де болса. Екеуі атасы үшін ұялып, әжесіне қызмет жасап жүр. Әжелері а десе жанынан табылады. Табалдырықтан қолынан сүйеп түсірісіп, даладан гүл теріп әкеліп берді. Арқасын уқалап, орамалын жөндеп тартып беріп құрақ ұшып жүр. Талғат дүкеннен ерін бояйтын далап әкеліп, үй ішін күлкіге қарық қылды. Әжесі дән риза. Ақсары жүзі жайнап, жымиып далапты ерніне жағып алды. Міне, көрсетті деген осы! Алла маған пейілді немерелер сыйлады деп, Жаратқанға күбірлеп шүкірін айтып, бетін сипап қояды.

Бірде кең көйлек сыртынан ескі камзолын киіп алған әжесі есік алдында гүл егіп жүр екен. Рүстем келе сала ашуланып әжесіне жүр де жүрлеп үйге ертіп келді.

– Саусақтарыңыз не болды, әже, топырақ болды ғой. Саусағыңызға маникюр жасау керек қой. Камзолыңызды ауыстырыңызшы, көйлекті былай жабыстырып киіңізші.

– Ойбуу, тырнақ сәндеу не теңім менің? Жабысқан көйлек киіп не көрінді, күйеуге шығатын жас қызбын ба? Болады осы маған. Денеге жайлы. Құдай бере салған әжесін гарадской қылмақшы болған, – деп әжесі немересінің бетінен сүйіп-сүйіп алды.

Енді екеуі атасын аңдитын болды. Үйден шығатын болса қайда барасың?  – деп сұрайды. Атасы көшеге көп шығатын болып жүр. Білікті дәрігер болған соң түске дейін жұмысқа шақырады, соған барып келіп тұрады. Одан кейін де үйге келетін, үйіне шақыратын сырқат адам көп.

  Бүгін де шақырту алып түске дейін ауруханаға бармақшы болды.

– Мен де барайыншы! – деді Рүстем.

– Жарайды, балам, маған серік боласың. Жүрсең жүр.

Екеуі ауруханаға барғанда ақ халатты дәрігерлер жапырлай атасы екеуінің қолын алып шықты. Атасы ақ халатын киіп, қолын жуып іске кірісті. Екі жас дәрігер рентген нәтижесін көрсетіп, атасымен ақылдасып жатыр. Атасына ақ халаты да, үстелге отырғаны да жарасып тұр. Қонақтаған алып бүркіттей үңіліп, әр суретке жіті қарайды. Пленканы терезенің жарығына ұстап үңіледі.

Бір кезде бөлмедегі тақтайға дәрігерлер бір жас жігітті көтеріп әкеліп жатқызды.

Ауырсынып, қабағын түйіп естілер-естілмес ыңырсып жатыр.

– Не болды, батырым? Қалың қалай?

– Батырдың жауап беретін шамасы жоқ. Әне тұр ғой, – дегендей атасының қолындағы пленкаға иегімен нұсқады.

– Еш уайымдама, жігітім, бәрі жақсы болып кетеді. Аттың құлағында ойнаушы едің, қалай құлап жүрсің сен? 

Жігіттің жанына келіп әңгімеге тартып тұрып аяғын сипап көрді. Сосын екі жас дәрігерге қолтығынан демеңдер деп ишара қылды. Екі дәрігер жігіттің иығынан баса тұрып, қолтығынан демеді. – Бір аяғың ғана екен , оған да шүкір, – дей беріп атасы жігіттің аяғын бар күшімен сарт еткізіп тартып қалды. Жігіт аһ ұрды. Ыңыранып жатыр. Атасы қайта сипап, жымиып күлді.

– Міне, орнына түсті. Кәзір рентгенге қайта түсіріп жігіттер қатайтып орап береді. Бір айдан соң шауып кетесің. Бірақ оған дейін атқа мінуге, артық қимылдауға болмайды, – деп сұқ саусағын безеп қойды, – білем мен сені.

– Ата, шыққан аяғы орнына түсті ма? Оны қайдан білдің? – деп сұрады Рүстем қайтып келе жатып.

– Мына саусақтар бәрін біледі, 55 жыл болды сүйектерді сипап орын орнына қойып жүргеніме, – деп атасы салалы саусақтарын көрсетті.

– Сонда сіз жарақаттың бар түрін емдей алдыңыз ба?

– Жоқ, балам, өкінішке қарай бәрін бірдей емдей алмадым, балам.

– Неге?

– Ол ұзақ әңгіме... – деп атасы үнсіз қалды.

Содан бері біраз күн өтті. Есік алдында доп тебісіп ойнап жүрген Рүстем мен Талғат атасының үйден шығып бара жатқанын көріп бір-біріне қарады. Жексенбі күні ауруханаға бармайды. Мал қарауға шықпағаны да анық – атқа мінбей жаяу кетіп барады.  Екі бала бірін-бірі түсініп, ымдасып, жасырына жүріп  атасының соңынан ерді.

– Әрине, – деп түйді екеуі іштей. – Жанар апаның үйі жағына бара жатыр  Атасы! Бүкпеңдеп таса-тасамен артынан еріп келе жатыр. Аталары еш қымсыну жоқ, өзінің маңғаз жүрісімен алшаңдай басып барады. Кездескен бір-екі кісіге қол беріп амандасып қояды. Иә, өз үйіне келгендей қақпаны айқара ашып ішке кіріп кетті. Екі ағайынды қақпаның алдына келіп тоқтады.

– Не істейміз?

– Жүр, кәзір кіреміз!– деп ашуланды Рүстем.

– Қоя тұр. Марал бар шығар. Мен ұяламын, – деп шынын айтты Талғат.

– Онда мына талға шығып, кімдер барын қарайық.

Неше жылдық екені белгісіз үлкен қара тал шығуға да, үстіне шығып ұйықтауға да ыңғайлы екен. Шықсаң, міне тұрмын дегендей кең құшағын ашып, жуан бұталарын жайып тұр.

Екеуі басына қарай өрмелеп шықты. Міне, аула анық көрінеді екен. Көрінгені бар болсын, өздері састы. Бұлар мінген талдың тұсынан бар болғаны төрт-бес метр жерде сәкіде біраз адам шәй ішіп отыр. Көріп қойды ма екен деп екеуінің жүрегі зыр ете қалды. Анадай жерде тың тыңдап құлағын тігіп тұрған төбет абалай жөнелді. Шауып келіп ауланың ішінен бұларға үріп тұр. Бұлар енді қатты састы. Оңбаған төбет! Сонша жауығатындай бұлар не істеп қойды?! Ар жағынан Қой деп айғайлаған иесін тыңдамай жуан даусымен абалайды келіп. Қайта түспек болып Рүстем артына бұрыла берді. Сасқаны бар, қорыққаны бар аяғы дірілдеп, тайып кетіп ауланың ішіне гүрс құлады. Талғат та ештеңе түсініп үлгермеді, ой қорытуға уақыт жоқ. Солай болуы керек деп ойлады ма, Рүстемнің артынан секіріп түсті. Марал деген қыз осы болуы керек, шашы беліне түскен талдырмаш қыз «Арлан, кел, Арлан» деп жұлқынған итті ары қарай алып кетті. Сәкіде отырғандар орнынан тұрып, бері жақындады. Тек шоқша сақалды толық ата ғана төрде отыра берді. Қожаберген ата, Жанар апа осы кісі болуы керек, ақ орамалын басына шарт тартқан түрі пып- пысықай апа, жасы елулерге келген ер кісі және толық бір әйел кісі бұларға қарап аңтарылып тұр.

– Сендер мұнда не істеп жүрсіңдер? Рүстем, амансың ба? Атасы келіп аяқ-қолын сипалап көрді.

– Қожа, сенің балаларың ба? – Жанар апа сықылықтап күлді. – ойпырым-ай, тура өзің ғой мыналар. Талдан құлайтынына дейін.

– И2, Қожабергендер неғып жүрсіңдер?

– Ата.. Атамызды іздеп...

– Атаңды іздесең ауладан кірмедіңдер ма? Қақпа ашық тұр ғой. Ой, Алла, қарашы, Жантас, мына кішкентай Қожаларды көрдің бе? – Жанар апа сәкіде отырған шоқша сақалды кісіге балаларды көрсетіп мәз болып тұр.

Шоқша сақалды қарт та мәз. Бәрі шулап бұлардың қылығын әңгіме қылып жатыр. Екеуі кірерге тесік таппады. Толық апай мен Жанар апа жүр де жүрлеп екеуін дастархан басына әкелді. Талғат қызарып Маралға қарай береді. Марал да күлкі қысқанын білдірмей жымиып қана отыр.

Бұлардың бағына орай әңгіме ауаны атасының бала күнінде мектепте талдан құлап түскеніне бұрылып, бәрі күліп өткенді әңгіме қылып кетті. Елулердегі кісі Жантас ата мен Жанардың ұлы – Айдар екен. Әлгі толық апай келіні екен. Марал – бұлардың немересі. Маралдың ағалары Алматыда оқиды,-  деді Талғат сыбырлап. 

– Жантас екеуміздің жаттығуымыз бар еді, – деді шәй ішкен кесесінің бетін қолымен жауып, әуминін де ұмытпаған атасы.

Айдар аға барып әкесін – Жантас атаны балаша көтеріп алып арбаға отырғызды. Қожаберген атасы арбаны итеріп талдың көлеңкесінде тұрған қүрылғыға алып келді. Құрылғы иінтірек (рычаг) етіп қолдан жасалған екен. Қожаберген ата бір шетін ұстап тұрды. Қарама-қарсы бетіндегі көлденең темірге Жантас ата екі қолын қойды.

– Бастаймыз ба? Бүгін иілуді елу, созылуды елу рет, өзге оңай жаттығуларды шамалы азайтайық. Егер осыларға шыдасаң, саған берер сыйым бар. Келістік пе, батырым?

– Келістік.

Екі шал сарт еткізіп қол алысты. Жантас ата Қожаберген атасының қолын тартып қалды. Күнде спортпен айналысып, одан қалса атқа мінетін атасын орнынан қозғай қою оңай шаруа емес екен. Атасының бүлк етпегеніне екі бала масаттанып қалды.

– Ей, сен менімен шықпақссың ба? Шығайық ендеше, кел! – Атасы еңкейіп тұрып Жантас атаның иығынан қаусырып алып олай да бұлай шайқады.

– Жарайды, жарайды. Алдымен не сый жасамақсың, соныңды айт.

– Не сыйлайын?

– Сникерс торт! Жанарға айтпай.

– Өй сен бала құсап, тәттіге құмар екенсің. Жатып алып соға бересің. Семіріп кетсең қалай жазыласың. Басымды ауыртпа. Мен сені балыққа алып барамын.

– Қой ей! Шынымен ба? Жақсы қармақ бар менде!

   Жантас атаның балаша қуанғанына екі бала қарап тұрып мәз болды.

– Тек кейін барамыз. Қәзір уылдырық шашатын уақыт. Бір айдан соң.

– Ата, біз де барайықшы. Жақында жазғы демалысқа шығамыз.

– Әрине, бізге жауынқұрт теріп беретін, жүгімізді таситын біреу керек қой.

– Алақай!

– Ал, кел, Жантас! Қатты күшенбе.

Жантас ата екі қолын партаға қойғандай қойып жәйлап төмен баса бастады. Қожаберген атасы иінтіректің екінші жағын жібере қойған жоқ. Жібермей де қойған жоқ. Аса мұқият бақылап, бір минутта бір сантиметрдей ғана босатып тұр.

– Ауырса айтарсың. – деді атасы. – Иығыңды көтерме.

   Жантас ата басын төмен иіп, арқасымен доға жасауға тырысып жатыр.

Қарасаң – қарапайым ғана жаттығу сияқты. Соның өзіне жарты сағаттан көп уақыт кетті.

– Қалай, Жәке?

– Болады! Керемет!

– Онда бүгінге осы жетеді. Балалар, сендер бара беріңдер. Біздің біраз жұмысымыз бар.

– Жарайды, ата! – екеуі Маралдың жанына барды.

– Бұл кісіге не болған? – деп сұрады Рүстем.

– Былтыр биік құздан құлаған. Сиыр іздеп жүріп, биікке шығып кеткенін байқамай қалыпты. Бір кезде аяғы тайып кеткен. Алматы мен Астананың дәрігерлері – операция жасаған күнде жағалай темірмен ауыстырамыз. Оның өзінде аяққа тұрып кетеді деп кепілдік бере алмаймыз, – деді.

– Атам жасатып жатқан жаттығудың көмегі бар ма?

– Көп көмегі тиіп жатыр. Отыра алмайтын атам отырды. Бұйырса. тұруға ниетіміз бар. – Марал атасы дәл қазір аяққа тұрып кететіндей қуанып тұр.

– Иә, тілектеспіз тұрып кетуіне!

– Атаң шауып кетсін!

    Екеуі қуана дабырлап көпірден жүгіріп өтті.

– Біздің атамыз – герой ғой! Өзің айтшы.

– Әрине, мен талай адамды орнынан тұрғызғанын көрдім!

– Жантас атаны да тұрғызатын шығар...

– Тұрғызса екен.

– Рүстем, мен жаттығуға кешіктім! Әкем күтіп қалды.

– Кеттік!

– Екеуі жарыса жөнелді.