Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Жер астындағы жеті қақпа
151
оқылды

Бүркеншік аты: Күнікей

 

ЖЕР АСТЫНДАҒЫ ЖЕТІ ҚАҚПА

 

Шу-Нуды іздеу

Жампоздың анасының емін таба алмағанына ертең жетінші күн болады. Судан өзге ештеңе ішпеді. Ішкен суы бу секілді ұшып кететіндей, денесі құрғап, бет-әлпеті қураған тамырдай бырысып,-тырысып, шүңірейген көзі құдық түбінде бұлдыраған судай арыдан көрініп, өшкіндеп барады. Дауысын есту мұң, құлағын төсеп, не айтқысы келгенін әзер тыңдайды.

Су, – дейді анасы, – су...

Ол үлкен кеседегі суды анасының басын көтеріп, ішкізеді. Басында сағат сайын солай ететін, енді жиілей түсті: тіпті минут сайын ішетіндей көрінеді. Он жасар Жампоз да ес-ақыл жоқ, алты күн көз ілмеді. Ұйқы қысып, басы зеңісе де, анасының қасына келіп, бетіне қарап отырады. Сондай бір сәтте қалғып кеткен еді...

Аппақ сақалы төсін жапқан қария түсіне енгенде, Жампозоға: «Балам, анаңның дерті маған мәлім. Оған бұ дүниенің суы қуат болмайды. Анаңның жеті күндік өмірі бар. Құтқарам десең, Шу-Нудың суын ішкіз», – деген.

Оны қайдан табам? – деді Жампоз. – Шу-Ну деген қай жер?

– Шу-Ну – жеті қат жердің астындағы егіз бұлақ. Оған тек ізгі ниетті адам ғана бара алады. Көбі Шуға барып суын алады да, Нуды ұмытып кетеді. Екі бұлақтың суы қосылмаса, әкелген суы у десең болады. Бірақ осыған дейін Шу-Ну суын әкелген ешкім жоқ. Оның суы – адамды кез келген дертінен айықтырады. Ішкен жан ешқашан ауырмайды.

– Жолын білесіз бе? Маған көмектесесіз бе, ата?..

– Мен көмектесер ем, бірақ жолы өте қиын. Жеті қат жерге түсесің, әр қат сайын алдыңнан қақпа кезігеді. Олардан аман өтсең ғана Шу-Нуға жетесің. Ал өте алмасаң, сонда қаласың. Бір қателессең, кері қайту жоқ.

Жампоз сәл үнсіз қалды.

– Қорқасың ба, – деді қария, – үнсіз қалдың ғой.

– Қорықпаймын, бірақ...

– Неге күмілжідің?

– Сіз анамның жеті күндік өмірі қалды дейсіз. Мен Шу-Нуды тауып, жеті күнде келе алам ба? Анама кім қарайды?

– Балам, ең бастысы ол сапар – біреу үшін тым ұзақ, енді біреу үшін тым қысқа сапар. Ниетің түзу болса, тез ораласың. Анаңа сенің ниетің көмектеседі...

Жампоз оянып кетті. Түс көргенін білгенде, ішін өкініш қарыды. «Шу-Ну... Шу-Ну...» деген сөзді қайталай берді. Анасының су сұрап, ернін қимылдатқанына қарап, түсінің өңі болмағанына тіпті өкінді. Содан бері бес күн өтіпті. Әр күн сайын сәл мызғып кетсе болды, қария түсіне кіреді. Бұрынғы сөзін қайталайды. «Атыңды әкең Жампоз деп бекер қоймаған. Сен беліңді бекем бу да, жолға шық», – деді соңғы түсінде. Одан өзге сөз айтпайды. Бұл түсінен оянып, су сұраған анасының аузына кесесін тосты... Міне, бүгін де сол мең-зең қалпында отыр. «Шу-Ну...», – деді тағы да. Шын мәнінде Жампоз өзінің ұйықтағанына, түс көргеніне өзі де сене алмады. Түсі ме, әлде өңі ме? Соңғы рет қашан көз ілді, қазір ме, әлде кеше ме? Бұлыңғыр бір дүние өн-бойын буып алды.

Сағат таңғы жетіні көрсетіп тұр. Күнде таңертең жеті болғанда, қабырғада ілулі тұрған ескі сағат дыңылдап белгі береді. Үш рет. Бүгін тоқтамай жеті рет дыңылдады. Анасына қарап еді, «су...» деген дыбысты естігендей болды. Жампоз дереу жолға шығуым керек деп бекінді.

 

Көкзеңгірде кездесу

Cыртқа шыққанда, таң әлі толық атпаған еді. «Мен Шу-Нуға барамын», –деп күбірлдеді. Сол-ақ екен есік алдындағы жалғыз қарағашты жел шайқай жөнелді. «Шуууу» деп айқайлайды жел тербеген ағаш. Ол дірілдеп тұрып қалды. Тағы да «Шуууу» деп шуылдаған ағаш дыбысын анық естіді. Сәл саябырлады да, «Нууу» деп шулай жөнелгендей болды. Осылай жеті рет қайталады. Сілейіп тұрған Жампоз қарағашқа барып, одан жол сұрамақ болды. Жақындағаны сол еді қарағаш бұтақтары мұны орап, құйындата жөнелді. Мұның шыңғыруға дәрмені жетпеді. Көзін тарс жұмып, жандәрмен әлденеге жанталасты. Кенет қараңғы бір әлемге бас сұққандай болды. Көзін ашып еді, көгілдір түске боялған даланы көрді. Ертегіде сипатталатын жерлерге ұқсайтындай.

– Мен қайдамын? – деп ойлады ол. Орнынан тұрып, алға жүріп еді, керісінше артқа қарай аяңдағаны сезілді. Ал артқа жүріп еді, алдыға аттағанын білді. Ол өзінің мақсатына жету үшін артқа шегіну қажет екенін түсінді. Шөп те, ағаш та, аспан да, жер де көгілдір түске боялыпты. Тек алдынан бір қара ноқат бұлдырайды. Ол бағдар етіп, тек сол қара ноқатқа қарай жүрді. Шөптер де, барша тіршілік атаулы  да біртүсті болғандықтан, оның ішіндегі жәндіктер мен құстарды ажырату қиын еді. Жампоз ақырын артқа шегініп, айналасына зер сала қарап келе жатты. Кенет кішкентай құс – көгілдір торғай шырылдап, қасынан ойқастап арлы-берлі ұша берді. Бірдеңе айтқысы келетінін ұққан Жампоз оған зер сала қарап, қозғалмай тұрып қалды.

– Қайда бара жатсың? – деді құсқа кенет тіл бітіп.

– Сен адам тілін білесің бе?

– Жоқ, – деді торғай көгілдір ағаш бұтағына қонып жатып. – Мұнда адамның тілі деген тіл жоқ.

– Онда менің тілімді қайдан білесің? – деді Жампоз көзі бақырайып.

– Сен кімсің? Мен сенің тіліңде емес, өз тілімде, Көкзеңгірлер тілінде сөйлеп тұрмын.

Мен ше?

Сен де біздің тілде сөйлеп тұрсың.

Мен адаммын ғой, өз тілімде – ана тілімде сөйлеп тұрмын.

Мұнда бірақ тіл бар – мемлекеттік тіл – ол Көкзеңгірліктер тілі деп аталады.

Мен ол тілді білмеймін ғой...– деді күмілжіген Жампоз.

Айттым ғой саған, мұнда келгендердің бәрі бір тілде сөйлейді. Оны білмеу мүмкін емес. Мысалы, сен менің тілімде сөйлеп тұрсың.

Оны қалай үйрендім?

Қажеттіліктен. Сен Шу-Нуға бара жатсың, солай ғой?

Иә, оны қайдан білдің?

Сен сияқтылар тек Шу-Нуға бару үшін бірінші қатқа – Көкзеңгір әлеміне түседі. Бұған дейін де талайы келген.

Сонда мен қалай сендердің тіліңде сөйлеп кеттім?

Өзге жерден келгендердің көбі біздің тілді білмей жатады. Өйткені, олардың ниеті дұрыс емес. Олар бізді алдап, қулықпен келесі қатқа өтуді армандайды. Бірақ тілімзді білмегендіктен, біз оларды ары қарай өткізбейміз.

Өтпегендер қайтеді? Осында қала ма?

Жоқ.

Кері қайта ма?

Жоқ.

Онда ше?

Олар анау қара ноқатқа барып, мәңгілік шынжырмен маталады. Сонда қалады.

Мен ол жерді екінші қатқа өткізетін қақпа деп ойлаппын.

Сен бірінші қатқа түстің. Алғашқы қақпадан өтіп қойдың.

Ол қандай қақпа?

Сен мұндай қалай келдің, сол кезде есіңе түсір.

Жампоз ойланып, өзінің есік алдындағы қарағаш арқылы осында өткенін білді.

Мен сонда екінші қақпаны қайдан табамын? Ана қара ноқат келесі қаттың қақпасы емес пе?

Көбі содан қателеседі. Жан-жағына қарайды да, бөлек түс болған соң солай қарай жүреді. Біз олармен жол-жөнекей сөйлесеміз. Егер тілімізді білмесе, онда бағытының дұрыс екенін ыммен білдіреміз.

Енді мен қайтем? Екінші әлемге қалай барамын?

Сен мұнда қалай келдің, солай барасың?

Қарағаш арқылы келдім.

Тура солай. Айналаңнан ағаш ізде.

Мұнда Көкзеңгір әлемінен басқа ештеңе жоқ қой.

Ниетің дұрыс болса, табасың, – деді де кішкентай құс ұша жөнелді.

Жампоз көзін уқалап, айналасына бажайлай қарады. Кенет... тууу алыстан қарауытып бір ағаш көрінді. Ол солай қарай жүрді. Шындығында, сол ағашты бағдар етіп, кері шегінді...

Ол артқа шегінген сайын ағашқа жақындай түсті. Бұл ағаш – екінші қақпа еді. Ағаш алыстан қара болып көрінгенімен, шын мәнінде қаракөк түске боялған, жапырақтары үйінің алдындағы ағашқа ұқсас екен. Көкзеңгір әлемінен сәл ғана айырмашылығы бар. Жампоз жеткенде, өз үйінің алдындағы ағаш секілді «Шу-Ну» деп шуылдап, жел соғып, шайқала бастады. Жампоз ағашқа жақындай түсті.

 

Сағыныш еліне саяхат

Көзін ашқанда сап-сары бояудың ішінде малтығып жатқандай сезінді. Айналаның бәрі сары түске боялыпты. Сап-сары ағаштар, сап-сары шөптер, сап-сары өзен, сары тау, сары күн. Орнынан тұрып, алдыға аттайын десе, аяғын көтере алмады. Тас қып матап, әлденеге байлап тастағандай орнынан қозғала алар емес. Бір аттап еді, қаңқ еткен дауысты естіді. Сары иттің құйрығын басып кетіпті. Шошып кеткен Жампоз:

– Кешір, мен сені көрмей қалдым, – деді.

– Сенің атың Жампоз ғой, – деді ит сап-сары көзін бұған қадап.

– Иә, мені қайдан танисың?

– Міне, қара, – деді ит. – Сен туралы барлық ақпарат бар менде. Мен Сағыныш қабатының күзетшісімін.

Ол қолындағы сары планшетін шұқылап, Жампоздың суретін көрсетті.

– Бұл шын ба? Менің кім екенімді білесің бе?

– Бізге Көкзеңгір-дің арнайы қызметі хабарлаған. Солар барлық ақпаратты ұсынды. Сен анаңның емі үшін жолға шығыпсың. Бізде көп бөгет жоқ. Тек мұндағы бір минутың өзге әлемдегі бір күнмен тең.

– Онда мен тездетуім керек қой. Анамды құтқаруым керек.

– Мұнда асыққан сайын уақыт тез өтеді.

– Сонда?

– Асықпа. Уақыт жеткілікті деп ойла.

Сары ит осыны айтты да, ғайып болды. Жампоз қозғала алмай сілейіп тұрып қалды...

Кенет оның анасына сағынышы оянды. Сәби кезін, бесік жырын тыңдағанын, анасының бұған тәй-тәй баспай тұрып «Ертөстік» ертегісін оқып бергенін, алғаш әкесі атқа мінгізіп, ұлының азамат болғанын елге жария еткенін, бәрін ой елегінен өткізіп, көзіне жас алды. Анасы Ертөстігім деп еркелететін. Сол ертекті сүйіп тыңдайтынын, бала кезде жыласа, ертекті бастаса, уанып, тыңдағанын талай айтқан. Бақытты балалығын есіне ап, әкесін сағынғанын, оның жолапатынан қайтыс болғанын естіген сәтін, анасының мұны құшақтап, еңірегенін еске түсірді. Содан кейін бұл балалығын ерте аяқтағандай көрінген. Әкесі болса, анасы ауырмаушы ма еді, кім білсін.

Анасының: «Ұлым, сені сағындым» деген сөзін естігендей болды.

– Ана, мен де сені сағындым, – деп көзіне жас алды Жампоз. Оның дәл осы күйде қанша уақыт отырғаны белгісіз. Кенет жел тұрып, сап-сары жапыраққа көмілген ағаш мұны тербетіп жатқанын білді. Бұл Сағыныш қақпасының әлдилеуін ұзаққа созылса екен деп тіледі...

 

Ақтәңірге мінәжат

Ол үшінші қақпадан өтіп, үшінші қатқа түскен болатын. Ұйқыдан оянғанда, әппақ әлемде жатыр еді. Айналада бір қара ноқат жоқ. Қасында аппақ бұлақ сылдырап ағып, аппақ шөптер желмен тербеліп, аппақ ағаштың басында ақ құс сайрап тұр. Жампоздың көзі қарығып, айналасына қарай алмай, біраз тұрды. Сөйтті де, орнынан тұрып, алға жүрді. Жүрісі мұндай тез болар ма, ол ұшып жүр десе де болады. Тоқтайын десе, тоқтай алмайды. Аппақ таулардан асып, ақ бұлттардың арасынан өтті. Табаным жерге тисе екен деп тіледі. Бірақ ол ұша берді, ұша берді... Қанша уақыт қалықтап, қиырларды асқанын, қанша өзен-көл, тау-тастан өткенін өзі білмейді. Кенет бәрі сап тиылды. Ол бір шыңның ұшар басына тоқтапты. Аппақ әлем түүу төменде терең ұйқыға кеткендей тым-тырыс күйге шомыпты. Ал бұл қайда барарын білмеді. Жүрейін десе, аяғын баса алар емес. Қазық қып қағып тастағандай. Ол айналасының түгел жон-жота, қырат-белестер екенін, ең биік шыңның пирамида іспетті үшкіл ұшында өзінің отырғанын білді. Айғай салып еді, өз дауысы емес, әлде бір алып мақұлықтың дауысы сияқты, дүниені дүр сілкіндірді. «Мен қайдамын?! Шу-Ну қайда?!» деп айғайлай берді. Ешкім үн қатпады. Мылқау дүние меңіреудей мелшиіп қалған. Ол жүрелеп отыра кетті.

– Ана, – деді сәлден соң. – Ана, мені естисіз бе?

– Ау, балам, сені күтіп жатырмын, – деді әлдебір дауыс.

– Мен сенен тым алыстамын, ана. Бір шыңда тұрмын.

– Балам, сен менен алыста емесссің, тым жақындасың. Жүрегімдесің...

– Ана, сен де менің жүрегімдесің. Мені күтіңіз!..

– Күтем, ұлым...

Анасының дауысы үздігіп әзер естілді. Бұл жүрелеп отырып, шыңнан көмек сұрады. Жол көрсетуін, келесі қатқа түсуіне көмектесуін өтінді. Тіл ұшына оралған барлық дұға-тілегін күбірлеп, осы бір биік тауға мәнажат етіп, одан көмектесуін тіледі.

Сол кезде қайтадан құйын тұрып, Жампозды үйіріп әкетіп, аппақ ағаштың түбіне әкелді. Ағаш түбінде бұған қарап ақ қоян отыр екен.

– Қош келдің, Жампоз, – деді ақ қоян.

– Сәлем!

– Ақ әлемге қош келдің!

– Мен Шу-Нуға барушы ем. Бұл қандай қат?

– Бұл – Ақтәңір қаты. Сенің жүрегіңді тексеретін қат. Жүрегі ақ адамдарды ғана келесі қатқа жібереді. Сен барған құзар шың – Тәңір шыңы. Сен ол жерден аман-сау өттің. Келесі қатқа рұқсат алдың.

Жампоз қуаныштан көзіне жас алды. Ақтәңір әлемінен өзінің жүрегін аялап өткізгеніне Тәңірге мың мадақ айтты. Ақ қоян болса, оған амандық тіледі.

 

Тұмса жер аймағында аялдау

Ол төртінші қатқа түсті. Мұнда кілең жасыл киім киген адамдардың ортасына тап болды. Бәрі бірдей кіинген, бой-тұрқы да, жас шамалары да, тіпті жүрген жүрістері де бірдей. Жампоз өзіне қарап еді, үстінде жап-жасыл киім барын білді. Ол таңырқап, адамдарға тіл қатпаққа ұмтылды.

– Армысыз, – деді қасынан өтіп бара жатқан бір кісіге.

– Амансың ба? – деді ол да басын изеп.

– Бұл қандай әлем? Мен қай жерге келдім? – деді Жампоз.

– Сен Тұмса жер аймағындасың. Қош келдің, Жампоз.

– Сіз мені таниды екенсіз. Ал өзіңізбен танысуға бола ма?

– Бізде ат болмайды. Бәріміз тек бір атты қолданамыз. Ер адамдар – Жасылбек, әйелдер – Жасылай. Болды.

– Үлкен кісілер қайда?

Жасылбек ештеңені түсінбегендей, иығын қиқаң еткізді.

– Бізде үлкен, кіші деген ұғым жоқ. Бәріміз бірдейміз.

– Сонда қалай? Сіздер ауырмайсыздар ма, қартаймайсыздар ма, дүниеден өтпейсіздер ме?

Жасылбек күліп жіберді.

– Бізге келгендердің бәрі солай сұрайды. Бізде қартаю, ауру деген пәле жоқ. Бәріміз бірдейміз. Менің мысалы туған күнім жоқ. Мұнда адамдар әлмисақта жаралған. Біз табиғатты сүйеміз. Оған қылдай қиянат жасамаймыз. Мұнда ешкім ешкімді мазаламайды, ешкім ешкімді жамандамайды, ешкім ешкімге кедергі жасамайды.

Біздің қағиданы білгің келсе, мынаны ұмытпа: ШӨПТІ ЖҰЛМАЙМЫЗ, СУДЫ ЛАЙЛАМАЙМЫЗ, АҒАШТЫ КЕСПЕЙМІЗ, ҚҰМЫРСҚАНЫ БАСПАЙМЫЗ, ҚҰСТЫ ҮРКІТПЕЙМІЗ, АҢДЫ ҚУМАЙМЫЗ!

Осыны ұқсаң ғана, мұнда саған орын бар. Ал оған қарсы келсең, сені бұл Тұмса жер әлемі бір күн де тоқтатпайды. Саған мұнда орын жоқ!

Оған Жампоз аңтарылып ұзақ қарады. Оның айтқанын түсіне алар емес. Сәлден соң Жасылбек:

– Мұндағы адамдардың бәрі бірігіп жұмыс істейді. Бір партияға бағынады, – деді.

– Ол қандай партия?

– «Табиғат» партиясы. Мына ғажап дүниені, сұлу әлемді, таңғажайып жаратылысты бәрі бірігіп қорғайды.

– Түсіндім, – деді Жампоз. – Тек, айтыңызшы, оған мен мүше бола алам бар?

– Жоқ. Рұқсат етпейді.

– Кім? Партияның төрағасы ма?

– Жасылбек пен Жасылай.

– Бәріңіздің атыңыз солай ғой.

– Иә.

– Түсінбедім, мырза. Сонда бұл қалай болғаны?

– Мұнда төраға деген жоқ. Бәріміз теңтөрағамыз. Бәріміздің қақымыз да, құқымыз да – тең. Дау-шар болмайды, бізге қарсы топ жоқ, біз де ешкімге қарсы емеспіз. Кезінде өзге әлемнен келген өзің секілді біреу ортамызға кіріп от салып, митинг өткізіп, «ӘР АДАМ ӨЗГЕШЕ!» деген ұрап жазып, плакат ұстап, біраз ереуіл болған. Кейін соның кесірінен соғыс болды. Ол осы қаттың адамдарын техникаға үйретемін, технология әкелемін, зауыттар саламыз, адамдар бақытты ғұмыр кешеді деп сөзіне сендіріп, жақтастарын молайтты. Ақыры, қантөгіс болып, Табиғат әлемі екіге жарылды. Табиғатшылар әзер жеңді. Су лайланып, ормандар өртеніп, аңдар ауа көшті. Ұзақ жылдық соғыста әзер дегенде біз жеңдік. Содан кейін Тұмсажерліктер өзгелерге сенбейтін болды. Үстіңгі үш қат – Көкзеңгір, Сағыныш, Ақтәңір әлеміне бақылауды күшейтіп, тек сенімнен шыққандарды ғана осында жіберуін талап етіп, тәртіпті қатайттық. Олар бізге сен туралы ақпараттың бәрін береді. Оны әрбір Жасылбек пен Жасылай оқиды. Мына адамдардың бәрі сені танитыны сол. Сондықтан, біздің ережеге бағынып, біздің сынақтан өтсең, келесі қатқа – бесінші әлемге сапар шегесің. Ал өте алмасаң, онда БАРСАКЕЛМЕС өңіріне аттанасың.

– Мен анам үшін келдім, Шу-Нуға баруым керек. Маған көмектесіңіз! Барсакелмеске барғым келмейді, – деп зәрезеп болды Жампоз.

– Барсакелмес – ол отты таудан, құмды шөлден, қапырық ыстықтан, қарлы дауылдан тұратын бөлек әлем. Онда да адамдар не өлмейді, не тірі қалмайды...

– Мені онда жібермейтін шығар, мырза?

– Ол үшін бір сынақтан өтесің. Сүрінбей өтсең, арғы әлемге сапарлайсың.

– Мен дайынмын, – деді Жампоз.

– Шарт біреу: сөйлемеу, жүрмеу, отырмау, ұйықтамау. Қатқан қазықтай бір орныңда тұрасың. Ештеңе айтпайсың, ештеңге назар салмайсың. Кірпік қақпай тұрасың. Сенің алдыңнан Тұмса жер әлеміндегі барлық жан-жануар өтеді. Егер төзімсіздік танытып, оларға елітсең яки сөйлесең, күлсең, орныңнан қозғалсаң, онда сенің мекенің – Барсакелмес.

– Келісемін! – деді Жампоз.

Осы кезде бір қызық жайт орын алды. Жампоз қолын алға созып, алақанын жайғаны сол еді, алақанына шүпірлеген шегірткелер қонды. ЖампозЖасылбекке қарайын десе, әлдеқашан кетіп қалыпты. Секундомер уақыт санамаса да, серт уақыты басталып кеткенін сезді. Шегірткелерден кейін құмырсқалар, қоңыздар, тәуіптер, көбелектер, жайлаукөш секілді толып жатқан жәндіктер, нешетүрлі құрттар мен көзге әзер көрінетін насокомдар бірінен кейін бірі алақанынан асып, бұған тәжім еткендей қоштасып жатты. Алақаны бірде ысып, бірде суыды, бірде жыбырлаған жәндіктер қытығын келтірді. Бұл сөйлемеді, күлмеді. Міз бақпай тұра берді. Әрбір жаңа «қонағы» келіп кеткенше, оларға жанарымен ізет көрсетті.

Одан кейін құстар топ-тобымен иығына қонып сайрап, нешетүрлі дыбыс шығарды, бозторғай, қараторғай, шымшық, сауысқан, қарға, бүркіт, лашын, күйкентай, суторғай – бірінен соң бірі нешетүрлі құс келді. Олардың әрбіріне қозғалмастан, тек ойша сәлем беріп, ізет көрсетіп шығарып салды. Бұлардан соң алдынан тізбектеліп, бақа-шаян, жылан, кесірткелер өтті. Ал соңынан шұбалып аңдар өтіп жатты. Ол бірте-бірте бәрін ұмытып, тек анасын ойлауға көшті.

– Балам, қайдасың? Сені сағындым, тез жет. Маған су керек, – деген анасының сыбыры құлақ түбінде жаңғырып тұрғандай болды.

Жампоз:

– Ана, шыдаңыз! – деп айғайлайын деп барып, Жасылбектің шарты есіне түсіп, үнсіз қала берді. Осылай қанша күн, қанша түн тұрғаны белгісіз. Жел тұрып, жаңбыр құйып, күн шығып, ай нұрын төгіп, талай мезетті бастан кешті. Ақыр соңында талықсып кетіпті. Құлап түскен болса керек...

 

Жаһұт теңізіндегі сапар

Оның бесінші қақпадан қалай өткені есінде жоқ. Бір орнында шыр айналып жүргендей көрінді. Аздан соң барып, ол қызыл судың үстінде жүргенін, табанының жерге емес, суға тиіп тұрғанын түсінді. Айнала толы сапырылысқан толқындар. Мұны шырқ үйіріп, зыр жүгірткізіп жүрген сулы, шулы толқындар екенін әзер ұқты. «Шууу», «Нууу» деп айғайлайтындай бәрі. Бұл да қосылып, «Шууу», «Нууу» дейді. Бір толқын мұны үйіріп әкетіп, келесі толқынға береді. Ол тағы бір толқынға лақтырады. Бір қызығы үсті су болмайды. Құп-құрғақ. Судың бәрі мұны көріп қуаныштан ән салып жатқандай. Түрлі дыбыс шығарып, «Қош келдің» дейтіндей. Бір заматта «Мен қайдамын?» деп айғай салды Жампоз. Сол-ақ екен, «Сен Жаһұт теңізде еліндесің» деген дауыс естілді.

– Жаһұт теңіз елі, мені қайда апара жатсыңдар? – деп сұрады Жампоз.

– Біз сені бесінші әлеммен таныстырып жүрміз, – деді қалың су шуылдап.

– Мен судан қорқушы едім бұрын. Малтый алмайтынмын. Ал қазір еркін жүзіп келе жатқандаймын.

– Мұнда сен балық секілдісің. Өйткені, сен біздің қадірлі қонағымызсың.

– Мен Шу-Ну суын іздеп жүрмін, – деді Жампоз.

– Білеміз, – деп шулап қоя берді су біткен. – Сен Көкзеңгір әлемінен, Сағыныш елінен, Ақтәңір шыңынан, Тұмса жер аймағынан өтіп, бізге келдің. Олар сенің ниетіңді, сүйіспеншілігіңді, жүрегіңді, жанашырлығыңды сынады. Бәрінен аман өттің. Ниетің таза, мақсатың – анаңды құтқару ғана, бөгде пиғылың жоқ; сүйіспеншілігің орасан, сағынасың, ата-анаңды сүйесің, оларға қамқор болуды ойлайсың, әркез оларды есіңнен шығармайсың; жүрегің – әппақ нұрдан жаралған, қылаудай кір жоқ; табиғатты ерекше құрметтейсің, ағашты кеспейсің, суды лайламайсың, құмырсқаны баспайсың, құсты үркітпейсің, аңды қумайсың, айналаңа, өскен ортаңа жанашырсың.

– Оның бәрін қайдан білесің?

– Сен әр әлемнен өткен сайын біз бақылап отырдық. Су – барлық ақпаратты біледі. Бізге жазылған дүние жоғалмайды. Су – ақпараттың отаны. Біз сені сол үшін әлдилеп, қиындықтардан өткенің үшін қуанышыңмен бөлісіп жүрміз.

– Сонда осымен сынақтар аяқталды ма? – деді Жампоз қуанып.

– Жоқ, сені алда әлі екі әлем – екі өткел күтіп тұр. Ол жақта не боларын біз білмейміз.

– Жоғары қаттағылардыкін білгенде, кейінгісін неге білмейсіңдер?

– Шу-Нуға сапар шеккендерді біз шығарып саламыз. Ал олар кері қайта ма, жоқ па, белгісіз. Қайтқандары болса да, бізбен өтпейді. Сондықтан біз барлық ақпаратты келесі қатқа береміз. Ал олар бізге ешқандай ақпарат бермейді. Олар құпия мекендер. Мысалы, біздің әлемдегі – Жаһұт теңіздегі оқиғалардан жоғарыдағы төрт әлем хабарсыз. Біз тек бізден кейінгілерге ғана мән-жайды хабарлауға міндеттіміз.

– Түсіндім, – деп басын сипады әлдебір толқынның жалына жармасқан Жампоз. – Мен келесі қақпаға қалай барамын.

– Уайымдама, – деді жаһұттықтар жамырай. – Зеріккенде барасың. Қазір бізбен еркін серуендеп ал. Олар ұйытқыта үйіріп, Жампозды көкке де самғатты, су астына да сүңгітті. Бірде жарық нұрға шомылдырып, бірде қараңғы түнекпен алып өтті. Жампоз өзін еркін сезініп, жаны жадырап, шаршағаны басылғандай болды. Ол бар уайымын ұмытып, осылай қалықтап, шарықтап жүре бергісі келді. Оны түсінген жаһұттықтар әуелетіп, бірден бірге өткізді. Ақ теңіз, жасыл көл, сары өзен, қара су дейтін атауға ие судың түр-түрінің үстімен де, астымен де алып өтті. Осылай масайрап, мәз болып, балаша бір шаттанды. Өзін осы сапарға шыққанда ересек адамдай сезінген еді. Оның бәрі ұмытылып, балалық шағына қайта оралғанына қуанды. Бірте-бірте Жампоз бір-бірінен аумайтын сапардан, у-шудан, қызықтан жалыққандай құлазып сала берді. Уақыт өтіп жатқаны, ал анасының хал үстінде екенін ойлап, өзін кінәлап: «Бұл неғылған бітпейтін сайран?» деген ойға келді. Сөйтті де:

– Жаһұттық достарым менің, – деді ол бір күні. – Мен әбден жалықтым. Мына шоуларың қашан аяқталады?

– Біз Сіздің осы сөзіңізді күтіп жүрміз ғой, құрметті мейман, – деді су. – Барлық таңдау өз қолыңызда. Егер сіз кетуді қаласаңыз, онда біз Сізді дереу жолға шығарып саламыз.

– Мен әбден зеріктім. Оның үстіне уақыт өтіп барады. Мен мұнда ұзақ аялдадым. Енді тезірек кетуім керек. Анам мені күтіп жатыр. Ол кісі менің көмегіме зәру. Тез кетсем деймін.

– Айтқаныңыз болсын! – деп айғайлады қалың су. Сөйтті де өздері демін іштеріне тартып, осы бір сайраннан шаршағандай тыныштала қалды. Жер-көкті басқан су сабасына түсіп, тартыла берді. Кенет көз алдына өз үйінің алдындағыдай тағы бір ағаш пайда бола кетті. Жел қолтығынан сүйреп, бұлт мінгізіп, айналасын шағалалар қаумалап солай қарай апара жатты...

 

«Алға баспа, артқа шегінбе» алаңы

Жампоз әлдебір сарайда жатыр екен. Іші тола адам қаңқалары. Шошып кетті. Әр адамның сүйегі бөлек-бөлек сақталыпты. Олардың бәрінің астына түсіндірме жазылып, қайдан келді, қашан келді, не үшін осы үйде қалды, тәптіштеп жазылып, іліп қойыпты. Бірі ілкі заманда, енді бірі бертінде осында келіп, мәңгілік мекенін тауыпты. Көбі жоғары бес қаттан өтіп, осында келгенде сынақтан сүрініп, осы бір үйден мәңгілік мекенін тауыпты...

Ол сарайды аралап ұзақ жүрді. Бөлмелері көп еке. Бірінен біріне өтті. Ескірген кітаптар, антиквар заттар, әлдеқашан тоқтап қалған мыңдаған сағаттар, зергерлік бұйымдары, Жершары мен аспан картасы, бәрі бар. Әрбірінің астында түсініктеме жазылған. Сағаттардың алды миллион жыл бұрын осында тап болыпты. «Шу-Ну» суын іздеп келгендердің бұйымдары екен. Бір ғажабы, бұл үйдің шығар есігін таба алмады. Бөлмелерді қанша кезсе де, таусылар емес. Кері қайтып еді, алдыңғы көрген заттары өзгеріп кеткенін ұқты. Әлде есіктерден адасты ма, кім білсін. Бір бөлмеден кәдімгі телефонның нешетүрін көрді. Тіпті сотовыйдың да жаңа түрлері тізіліп тұр. Енді бір бөлмеден ноутбуктердің соңғы үлгілерін көрді. Артқа қайтқан сайын жаңа заман дүниесін кезіктіре бастады. Ол осы бағытпен жүре берді де, бір бөлмеге бас сұқты. Бұл айналар бөлмесі екен. Айналардан өзінің бала кезден осы күнге дейінгі бейнесін көрді. «Жампоздың шілдеханасы», «Жампозды қырқынан шығару», «Жампоз 1 жаста», «Жампоз атқа мінгенде» деген секілді, үйіндегі альбомдағы суреттер жанды бейнеден бұған күле қарап қол бұлғап тұр. Алғаш мектепке барған кезі, әкесімен бірге хайуанаттар паркіне алғаш барған сәтіндегі естелігі, тіпті, осы сапарға шығар сәтінде анасымен жасаған селфиі де жанды бейнеде қарсы алдында тұр. Анасын көріп, жүрегі ауырды. Құшақтайын деп еді, қолы әйнекке тиді. Ол қаптаған өз бейнелерінің ортасына есеңгіреп отыра кетті. Әлден уақытта көзін ашып еді, айналар жоғалып, орнына мүсіндер пайда болыпты. Өзінің мүсіндері, сәби шағынан осы кезге дейінгі әр жылдарды бейнелейтін мүсіндер қаз-қатар тізіліп тұр екен.

Ол шығар есікті іздеп шарқ ұрды. Кенет алдынан бір есік көрінді. Оған жақындап еді, есіктен үлкен экран пайда болды. Экраннан: «Алға баспа, артқа шегінбе!» деген жазу шыға келді.

Аздан соң экраннан өзінің түсіне кірген қарияның бейнесі пайда болды.

– Қош келдің, Жампоз! – деді қария. – Сен алтыншы қаттың қоймасын аралап шықтың. Бұл қатқа жеткен жанда арман жоқ. Бұл қойма – сол бақытты жандардың музейі. Солар өздерімен ала келген заттардың және өздерінің мүрдесі сақталатын орын. Ал алтыншы қат – «Алға баспа, артқа шегінбе!» деп аталады.

– Ата, менің мұнда қалғым келмейді. Мен анама баруым керек.

– Ол үшін бірер сынақтан сүрінбей өтуің керек. Мұндағылардың ешбірі ол сұраққа жауап бере алған жоқ. Сол үшін осында қалды.

– Сіз ғой мені осында шақырған. Мен Сізге сеніп келдім ғой...

– Уайымдама. Бұл сынақтан бір баланың өтетіні өзің көрген ескірген кітаптардың 1991-шы томында жазылған. Сол бала сен болуың мүмкін ғой.

– Менің бейнелері мен мүсіндерім қайдан жүр мұнда?

– Сенің бған дейінгі және бұдан кейінгі әр сәтің әлдеқашан жазылып қойған. Оны «Тағдыр тақтасы» дейді. Соның шет жағын ғана көрдің. Өткен шағыңды. Болашағың туралы не жазылғанын көруге рұқсат жоқ. Оны мен де білмеймін.

– Енді не істеуім керек?

– Саған сынақ береді. Одан өтпесең, осында қаласың.

– Түсіндім.

Экраннан қария кетіп, «Алға баспа, артқа шегінбе!» деген жазу қайта шықты. Ол орнынан қозғалмады.

Экран өшті де, аздан соң қайта қосылды. «Алға баспа, артқа шегінбе!». Ол тағы да күтті. Орнынан қозғалған жоқ. Осы сәтте үйдің ішін нұр кернеп кетті де, жап-жарық сәуле Жампоздың денесін орап өтті. Ол тұрған аумақ дөп-дөңгелек шеңбер екен. Шеңбер іші жасыл бояуға малынды. Экран қайта қосылып: «Сіз сынақтан өттіңіз!» деген жазу шықты. Ол тағы орнынан қозғалмады. Экран қосылып, қарияның жүзі көрінді.

– Сен сынақтан өттің, балам! Бұл өте оңай көрінгенімен, тым қиын сынақ еді. Көп адам асығып, экрандағы жазуға мән бермейді. Бұл – осы музей энергиясынан пайда болған жазу. Музейдің өз әлемі бар. Осында кірген жанды шығарғысы келмейді. Егер сәл сабырсыздық танытып, «Алға баспа, артқа шегінбе!» деген сөзді ұмытып, бір адым аттасаң я шегінсең, музейдің экспонаты болар едің. Сен одан өттің. Сабыр түбі – сары алтын. Қашанда сабырлы бол! – деді де, қолын жайып, бата берді.

Қария кетіп, экран сөнді. Жампоз сонда да қозғалмады. Ол осы орнында тұра берді. Кенет ақ шұғыла орап, аяғының астындағы шеңбер қозғалды да, Жампозды шексіз әлемге тартып әкетті...

 

Алтын босаға

Жампоз алты қаттан, алты қақпадан өтті. Сөйтті де тура үйінің алдынан бірақ шықты. Есін жиып қараса, есік алдында отыр екен. Түкке түсінбеген Жампоз ағашқа қарады. Тып-тыныш. Үн жоқ. Тек екі діңінің екі жағынан екі түрлі – ақ және бозғылт су тамшылап тұр екен. Жампоз Шу-Нуға барарында қалтасына салып алған кішкентай жанторсығын алып, суға толтырды. Үйінің есігіне келгенде бірақ білді: «Алтын босаға» деген үлкен жазу жазылыпты. Жетінші қақпа – өз босағасы екенін, Шу мен Ну алыста емес, өз үйінің іргесінде ағып жатқанын анық түсінді. Ішке еніп, анасының қасына отырды. Анасы қимылсыз жатыр екен.

– Су, – деді анасы баяу, су берші...

Жампоздың көз жасы көл болды. Анасының әлі тірі екенін білгенде, қуаныштан иегі кемсеңдеп қоя берді.

– Қазір, анашым, қазір...

Ол торсыңғын анасының аузына тосып, су ішкізді.

Анасы әлденіп, көзін ашып, баласына күлімсіреп қарады.

– Балам, қатты ұйықтап кетіппін. Түсімде сені көрдім. Сен аспанда ұшып жүр екенсің. Қатты толқыдым.

– Анашым, қатты қорықтым ғой. Сіз қатты ауырдыңыз. Мен бүкіл әлемді шарлап, сізге су іздедім.

– Бәрін білем, сен қасымда отырдың ғой. Ешқайда кеткен жоқсың. Сол мейірің мені құтқарды!

Жампоз анасының бұл сөзіне таңданып, ұзақ қарады да, құшақтай алды. Анасы ұлының маңдайынан сүйді.