Бүркеншік аты: Aqzhigit
АУЫЛДА ҚАЛҒАН ШЫРЫН ШАҚ
(топтама)
Көрші-балықшы
Күн көрінсе көкжиекті сәндеген,
Ояна сап, бітпегендей әлденем,
Көрші екеуіміз балық аулап қайтпаққа
Өзен жаққа тартатынбыз таңменен.
Соңымыздан інім-дағы еретін,
Қос қолында – қармақ, құты, себетім.
Әр адымы әудемжерге түсетін
Әлгі көршім ұзын сирақ неме-тін.
Мен он бесте,
Ол жиырманың бірінде,
Жігіттіктің табы да жоқ түрінде.
Ашуланса, кіші екен-ау демейді...
Ашуына тиер оның жының не?
Үлкені – сол,
Яғни күш кімде?
Бірге ойнасаң, «қол астына түстім» де!
Аяғында – әкесінің кәлөші,
Шешесінің кеудешесі – үстінде.
«Жынды екен...» деп, ете көрме кекесін,
Бұл да жұрттың кенжесі ғой, не етесің?!
...Жалған-шыны бір құдайға белгілі –
Ағытады-ей әңгіменің көкесін.
– Кеше,– дейді,– ұстап алдым дәу балық,
Дәулігіне таңдай қақтым таңданып.
Күштеп әкеп басын тығып қойып ем,
Тулап қашты шелегімді аударып.
– Қандай балық? –
Інім сауал тастады.
– Жетпеген-ау он-он екі жасқа әлі.
Сазандікі секілді екен қабығы,
Акулаға сәл ұқсайды бас жағы.
Дене тұрқы – шұбатылған жыландай,
Тулайды-ай кеп біздің асау құнандай!
Ара-тісі секілді еді сояудай,
Ал көздері –
Міне... қара... мына-андай!..
Әңгімесін іс-қимылмен өңдейді,
Екі қолын екі жаққа сермейді.
«Қайтсем бүгін сол балықты ұстаймын,
Сен де бірақ дәмеленіп көр» дейді.
Зейінімді наным жаққа ойша орап,
Сол балықты қайтпай күтті ол,
Қайсар-ақ!
... Кешке үнсіз үйге келе жатамыз,
Қанжығада — он бес шақты май шабақ.
Міне, сәтсіздік
Ерте көктем, арылмаған салқыннан,
Бір топ бала көлге келдік алқынған.
Бәрі суға күмп-күмп берді.
Мен тұрмын
Әжем қуып жететіндей артымнан.
Кешіккендей сапар шегер кемеден,
Жағалауда тұрмын босқа неге мен?
Үн шығады мазақ қылған, демеген:
– Кел, түссеңші!
– Қорқақ едің не деген?!
Ердім бе екен достарыма есірген –
Үрей лезде үрке қашты есімнен.
«Мә, ендеше!!!» – мен де көлге бас қойдым,
Судан бекер тайына ма шешінген?
Сол болыпты-ау ағатым да, сорым да,
Көзім түсті кілт кідірген топ ұлға:
– Біттің! – десті.
...Жалт бұрылсам жағаға,
Әжем кеп тұр,
Сабауы бар қолында...
Шомылуға барарымды кіші інім,
Естіп қапты, қарай көрші пысығын.
Содан көрем сәтсіздіктің салдарын,
Содан көрем маңдайымның ісігін!..
Доскен дос
Қай қиялшыл жетер екен Доскенге:
«Мен ғарышкер болам, – дейді, – өскенде!».
3-ке 4-ті әрең қосып жүргені,
«Үшті» аяқтап, «төртіншіге» көшкенде.
Үлкен сенім пайда болып үнінде:
«Мен ғарышкер болам, – дейді, – түбінде!».
Ал әзірше достаса алмай кітаппен,
Еріншектік танытып жүр білімге.
Досымыздың зор болса да талабы,
Түзелмеді-ау тәртібі мен сабағы.
Ғарышқа ұшып жүргеннен ол сау ма екен –
Мектеп жаққа жиі келмей қалады.
«Ақылдым» деп ата-анасы қолдаса,
Асқан қылмыс емес шығар ол да аса,
Шөп қорада түске дейін ұйықтап,
«Оқып келдім» деп жүргені болмаса...
Ертегіші
Аптап ыстық әл қашырып бойыңнан,
Зауық соқпай асыққа да, допқа да,
Әбден шаршап, зеріккенде ойыннан
Көлеңкеге үймелейміз топ бала.
«Ертегі айтып жарысайық», – деп біреу,
Ортамызға бір ұсыныс тастайды.
Бұл жарыста кім қиялға ептілеу,
Соныкі деп есептейміз «бас бәйгі».
Бәріміз де олқы емеспіз алайда –
Шетімізден ата-әженің баласы.
Ертегі «іздеп», шомады кеп бәрі ойға,
Еске түспей ең сәттісі, жаңасы.
Алты жасар Мұқан сонда кенеттен
Атып тұрып: «Мен айтамын, мен!» – дейді.
Ол секілді зерделі де зерек кем,
Бір айыбы – «р»-ға тілі келмейді.
"Елте, елте, елтеде" деп бастайды,
Мұрынын бір тартып қойып шіркінің.
Кейбіріміз мырс етсек те саспайды,
Біледі өзі ертегінің түр-түрін.
Бір қызығы – ертегі айтса қаншама,
Бүкілінде кейіпкер бар бір ғана:
Батыр жайлы, патша жайлы болса да,
Арналады Қажымұқандай тұлғаға.
"Қажымұқан" бірде қару асынып,
Жау жайпайды, батыр болып қаһарман.
Енді бірде "Күнікейдей ғашығын"
Іздеп шығып, оралмайды сапардан.
Тағы бірде Тайбурылға мініп ап,
«Қажымұқан» шығады әлем аралап.
"Ағын суды қақ бөлгені" — қылық-ақ,
"Сағат санап есейгені" — ғаламат!
Жүретұғын "Қажымұқан" ойқастап,
Ол айтатын әпсана мен аңыз көп.
Ересектер қояды оны қолпаштап:
"Бәрекелді, ертегіші нағыз!" — деп.
Білгені көп, бойы бір-ақ тұтам боп,
Бәрін айтсақ, уақытымыз жетер ме?
Бір анығы — өз есімін Мұқан деп
Ата-әжесі атамаған бекерге.
Әнұран
Шаршап келіп тіршіліктің қамынан,
Үзіп көкем ащы тердің нанынан,
Кермек судан шай сораптай бергенде
"Көк жәшікте" шырқалатын әнұран:
"Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!"
Мұғалімдер таң атпастан ырқын ап,
Лездемеге шығарған соң жұлқылап,
Оқушылар әнұранды шырқаушы ек,
Аузымыздан сап-салқын бу бұрқырап:
"Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!"
Көкем менің сақтап ылғи сабырын:
"Елім азат, тәуба, — дейтін, — Тәңірім!"
Сол кезден-ақ үлгі болып үлкендер,
Ұғындырды әнұранның қадірін:
"Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!"
Жүре-келе кемшіліктер оңалды,
Көңілдегі қаяу-мұңдар жоғалды.
Тәуелсіз ел бізбен бірге есейді,
Ал әнұран мақтанышым боп алды:
"Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!"
Сексенбай
Бырқылынан тыным білмей құлақ бір,
Ыңыранып ілбиді алға трәктір.
Найқалады шөп тиелген тіркеме,
Соңымыздан шаң қуады шұбап құр.
Төрт шөпшіге төсек болған төбесі,
Тіркеменің қайық сынды жөнесі.
Шалқамыздан жаттық үнсіз.
Сексенбай
кенет: "Ғажа-ап!..",- деп саңқ етсін.
О несі?!
Оны естіген үлкеніміз құр жатпай:
"Ал, сайра!" - деп демеп берді қылжақтай.
Бөсті Секең:
"Мен айтпады демеңдер,
Бұл Борлыға жетер жер жоқ бұл жақта-ай!
Шөбі қандай! Теңдессіз ғой парқы бір!
Адам онда жаю керек мал түгіл...".
Күлді бәрі.
Қарсы отырсаң, күлмей көр.
Босқа сөйлеу –
Сексенбайдың салты бұл.
"Шіркін, қожа сол мекенге боп отсаң!
Әттең, – дейді, – сатып алар жоқ ақшаң.
Әкең, малды қабылдайтын арзанға
суайттарды "рекеттерге" тонатсаң!..".
Осы жерден үлгерместен аялдап,
Басында оның басқа әңгіме оянбақ:
Маған-дағы «тыңда, бала!» деп қойып,
Солдат шағын жөнеледі баяндап.
Сол емес пе бәрімізге керегі,
Сендірмесе, сендірмесін «дерегі».
Сыртқа шығып көрмегені туғалы
Ауылдастың бәріне аян себебі.
Біреу кенет деген раймен сөз бөлем:
"Әй, қыз-қырқын жоқ па, - дейді, - көздеген?"
Шөппен тісін шұқыған боп ойласып,
Қуың неме құбылтады лезде рең.
"Ә, неге жоқ? Жатқан мен бе текке үйде?
Талғамыма сай іздеймін көп кейде...
Пірзидентпен құдалассақ не істер ең?!
Айтпақшы, бір қызында бай жоқ дей ме? –
Деп ыржыңдап, аңқау аузын ашты үйдей.
"Оған еркек керек дейді басты имей,
Көзіне кіл тік қарайтын... мен құсап!..
Нанбайсың ба?
Несі күлкі?
Рас дейді-ей!.."
Бейпіл сөзі бітті-ау десіп шамамен,
Күлкілерін тыяды кеп бәрі әрең.
Дейді ол тағы:
"Әйелім сол болса егер,
Борлы жақты түгел сатып алар ем".
...Бырқылынан тыным білмей құлақ бір,
Ыңыранып ілбиді алға трәктір.
Сексенбайдың бос арманы секілді
төбемізден бұлт ереді шұбап кіл.
Ауылдағы өркениет
Дәуірден көзін ашып дауылдатпа,
Бұл күнде кенелуде қауым баққа.
Ойпырым-ай, күллі ағайын қуанып жүр,
Ұялы телефон кеп ауыл жаққа.
Ел-жұрттың телефон бар бас-басында,
Қызықтап құлағынан тастасын ба.
...Ерігіп кемпіріне ызбандайды
Бір көкем қой қамаған шашпасында.
Шамасы, бір маңыз бар айғайында
(Е, мейлі, жұрттың тілін байлайын ба?!) –
Сондағы көкеміздің бар айтқаны:
«Әй, кемпір, баратырмын, шай жайында!»
«Өзі бір кіп-кішкентай,
қаңбақ әрі,
Ішіне жоқ-ау бірақ салмағаны!» –
деп көкем қарайды да соткасына,
Таңдайын тақылдатып таңданады.
Тапқан соң ермектің де жаңа кейпін,
Бос кезгі қызықтырмай барады ұйқың...
Суретке қайта-қайта түсіріп жүр
ап-арық,
жүнжіп кеткен жаман итін...
Самалы өркендеудің өпті ме екен –
Бүгінде ауыл жұрты «соткылы» екен...
Ақшасын насыбайға қимаушы еді,
Бірліктен аямайтын бопты көкем.