Бүгінде билік өкілдері халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге оң серпін беретін «Ашық әкімдік» кеңесінде қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдайды. Одан бөлек, халық арасына шығып, тікелей мәселелерге назар аударып келеді.
Түркістан облысында 25 мың агроқұрылым мақта шаруашылығымен айналысады. 2024 жылы 106,4 мың гектарға мақта дақылы егіліп, жалпы егістіктің 12 пайызын құрады. Күзгі жиын-терім барысында туындаған мәселелерді дер кезінде шешу және тауар өндірушілер арасында ақпараттық түсіндіру шараларын жүргізу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы жұмыс тобын жасақтап, жағдайды тұрақты бақылауына алды. Осы мәселе аясында мақталы аймаққа сапарға шыққан облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай және Мақтаарал ауданының шаруаларымен кездесіп, алқалы мәжіліс өткізді.
Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мемлекеттік қолдау аясында қаржылардың басым бөлігі мақта шаруашылығын дамытуға бағытталғанын айта келе, бағдарламалар бойынша атқарылған жұмыс есебін ұсынды. Мақта зауыттарының өкілдері мен шаруалар күрмеулі мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мақта қабылдау бекеттерінің жұмысын жүйелеу, мақтаны сұрыптай отырып бағалау және су үнемдеу технологиясын ендіруге қатысты сұрақтарға жауап берген Нұрбол Тұрашбеков, «Мақтаның бағасы түспеу үшін өздеріңізбен бірге оның сапасын арттыруға күш салуымыз керек. Ұсыныстарыңыз орынды, егілетін мақта тұқымына көңіл бөлуге тиіспіз. Бұл бағыттағы әкімдік тарапынан қолға алынған бастамалар, ең алдымен, шаруашылықтардың мүддесін көздейтінін атап өткім келеді», – деп атап өтті.
Қазір әкімдік тарапынан мақта өңдеуші зауыт басшыларының және қоғамдық ұйымдардың келісімдерімен, сондай-ақ қоғамдық ұйым белсенділерін қатыстыра отырып арнайы мобильді жұмыс тобы құрылды. Мобильді топ арқылы қыркүйек айында бақылау жүргізіліп, мақта өңдеу зауыттарының мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханалар мен таразылар толық сертификаттаудан өткізілген.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков осынау жұмыс сапары барысында Сарыағаш ауданында да болып, бірқатар жылыжай иелерімен кездесті. Шаруалар қатты отын бағасын тұрақтандыру, көкөніс пен жеміс-жидек импортын реттеу бойынша өтініштерін жеткізіп, электр қуатының қыс мезгілінде үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді сұрады. Қазір ауданда көмір тапшылығы жоқ.
Көтерілген мәселелерге қатысты заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын айтқан Нұрбол Әбдісаттарұлы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мен аудан әкімдігінің жауапты мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Түркістан облысында жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарды құрайды. Бұл республикалық көрсеткіштің 71 пайызын құрайды. Биылғы 9 айда өңіріміздегі жылыжайларда 150 мың тонна көкөніс жиналып, маусымаралық кезеңде жергілікті өніммен республика халқы қажеттілігін 42 пайызға қамтамасыз етті. Өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту бойынша бүгінде 602 гектар алқапты қамтитын 3 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, жаңадан 6 150 жұмыс орындары құрылып, жылыжайлардан қосымша 180 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде республика халқын маусымаралық кезеңде жылыжай өнімдерімен 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік ашады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы