Қарағандыда асыққан­дық­тан мереке күні ашып тастап, кейін қайта бастаған құрылыс дауы жүріп жатыр. Бұл жолғы сөзіміз «Алаш алаңы» жобасы туралы бол­мақ.
Асығыстық түбі – өкініш
410
оқылды

Былтыр Қарағанды урбанис­тика орталығы Оңтүстік-Шығыс­тағы ту тұғырының жанында «Ал­аш алаңы» жобасын жүзеге асыруды бастады. Айта кету керек, «Алаш» саябағы жобасын әзірлеу кезінде ағаштарға қатысты мәсе­лелер ту­ын­дады. Демалыс үшін қоғамдық кеңістікті құру кезінде ағаштарды сақтау маңызды болды. Урбанизм орталығының идеясы алаңға негізгі кіреберістерді, плат­формаларды, кішігірім архи­тек­туралық форма­ларды қамтыды, мұның барлығын ұлттық нақышпен бір ыңғайлы жерде біріктіру маң­ызды болды. 

16 қазанда көпжылдық гүлдер отыр­ғызыла бастады. Кейін саябақ­қа кішігірім архитектуралық пішін­дер әкеліне бастады. Урбанистика орталығының сәулетшілер тобы­ның жетекшісі Алексей Волошин: «Алаң ту тұғырының артында бас­талып, Сарыарқа көшесінің бойы­мен созылып жатқан Тәттімбет көше­сімен аяқталады. Жарықтан­дыру қосылған, спорт және балалар ойын алаңдары жабдықталған. Ша­ғын сәулет нысандарының бар­лығында қазақтың ұлттық нақыш­тары, кейбірінде «Алаш» партиясы мүшелерінің портреттері болады. Сондай-ақ QR коды бар тақтай­шалар орнатылады, оны сканерлеу арқылы тілек білдірушілер Алаш партиясы туралы ақпарат оқи алады», – деген болатын.

Дегенмен жанталаса істеген іс тына ма? Республика күні мереке­сінде салтанатты түрде ашылған «Алаш» алаңында шу шықты. 

«Ол жердегі асықтар сынған, жалпы сапасыз жасалыпты. Каучук сияқты, тіпті каучук бұдан мықты­рақ болар. Сол жерде олар­дың сын­ып жатқанын көрдім, өзді­гінен сынған сияқты. Ұзаққа созы­л­ып еді олар былтыр бастады, бірақ әлі істеп жатыр. Сонда да сапасыз, бір­ден байқалады. Сосын жөндеуді қайта бастайды, жөндеуге де 2 мил­лиард теңге құртады», – деді қара­ған­дылық Айбике Тілемісова.

Тұрғындардың сөзінше, бала­лар­ға арналған ойын алаңдары да нашар жағдайда. Қала тұрғындары­ның айтуынша, олар қауіпті. Ере­сек­тер балаларды өңделмеген ағаш­т­ан аулақ ұстауға тырысады.

«Қауіпті болса жақындамай, басқа жерде жүреміз. Әрине, мұн­ша ақша бөлгеннің өзінде оны қол­дана алмайтынымыз өкінішті», – деді Ақмарал Сағатбекова.

Атышулы жобаның құны – 1 мил­лиард 200 миллион теңге. Мер­дігер төлемнің 30%-ын алып үлгер­ген екен. Бірақ шенеуніктер тағы бюд­жет қаржысын бөлуге ниетті. Мұн­да олар алашордалықтарға арнал­ған тақырыптық шағын архи­тектуралық пішіндерді орнатуға уәде беріп отыр. 

«Жақында қар жауып, күн суы­тады. Түрлі жарақаттардың немесе кез келген жағымсыз жағдайлардың алдын алу үшін біз бұл элементтерді қазір жай алып тастаймыз. Оларды биыл консервацияға аламыз және ол жерде ешқандай жұмыс жүргіз­бейміз. Ағаштан жасалған балалар бұйымдары бойынша да хабарлама жіберілді, біз техникалық қадағалау жасаймыз. Олар да ретке келтіріл­мек. Жоба екінші рет түзетуден өтті, біз соманы күтіп отырмыз. Сәй­­кесінше кеңейтіледі», – деді Қарағанды қаласының Қазыбек би аудан әкімдігінің абаттандыруды жос­парлау бөлімінің басшысы Нари­ман Иткарин.

Қарағандылық шенеуніктердің жобалары бұған дейін де сынға қалыпты. Мәселен, жаздың басын­да қала тұрғындары қалаға кіре берісте пайда болған тіректерді сын­ға алды. 10 құрылымға бюджет­тен 45 миллион теңге бөлінген. 

Орталық даңғылдағы 40 мың шар­шы метр тасжолдың ауыстыр­ыл­ғаны да көпке жақпаған. Себебі ол қазынаға 1,5 миллиард теңгеге жуық шығын әкеледі. 

«Бәрін тез-тез, қар жаумай тұр­ып бітіргісі келіп жатыр. Сапасы өте нашар. Неліктен мұны әкімдік­тің өзі істемейді немесе техникалық қадағалау жасамайды? Халықтың өздері уайымдап, «қисық, қиғаш істеліп жатыр, қыста су болады, су ағып кетеді» деп жатады. Бақылау жағы ақсаңдап тұр. Тапсырыс беру­ші әкімдік бақылау жағын ретте­се», – деді қоғам белсендісі Бақтияр Омарханов.

Не де болса, қазір «әкімдік тап­сырды, сол күні бітіруіміз керек» деген қағида санамызға мықтап орныққандай. Әйтпесе, бітпеген жұ­мысты халық алдына алып шық­қанды қалай түсіндіреміз?!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы