Атап айтар болсақ, шара аясында Салықтық әкімшілендірудің бірыңғай цифрлы платформасы, Smart Data Finance, «Электрондық мемлекеттік сатып алу» ақпарат жүйесі, Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті, Тауарлардың цифрлы каталогі мен E-Qazyna платформасы сынды бірнеше цифрлы өнімнің артықшылықтары көпшілікке таныстырылды. Бұл жүйелер салық төлеушілердің түрлі санаттарына мемлекеттік қызметтерді тез әрі ыңғайлы жолмен қолдануға, сондай-ақ импорттан немесе өндірістен бөлшек саудаға және экспортқа дейінгі тауарлар тізбегін қашықтан бақылап, тәуекелдерді азайту мен ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді.
Қаржы нарығының алпауыттары бас қосқан айтулы жиында Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов әлемдік нарықта экономикалық процестерді цифрландырудың маңызы туралы сөз етті.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бірнеше рет барлық салада цифрландыруды енгізудің маңыздылығын айтып, тиісті міндеттер жүктеген-ді. Қазіргі әлемде цифрландыру кез келген экономиканың орнықты дамуының маңызды элементіне айналып отыр. Біздің міндетіміз – мемлекеттік қаржы жүйесінің және онымен байланысты барлық процестің қолжетімділігін күшейтіп, ашық және азаматтардың ыңғайлығына бағдарланған қызметті жолға қою», – деді ол.
Мемлекеттік қаржының цифрлық трансформациясы қызмет көрсетудің жаңа деңгейін қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұл бизнестің дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді. Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, мұндай жобалар шешім қабылдау кезінде адами факторды жоюға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және манипуляция мүмкіндіктерін азайтуға бағытталған. Осы арқылы азаматтар мен бизнестің мемлекеттік жүйеге деген сенімін нығайту көзделген.
Халықаралық валюта қорының мәлімдеуінше, соңғы уақытта цифрлық технологиялар қаржы саласында ауқымды өзгерістің туындауына негіз болып отыр. Өйткені байланыс саласындағы сандық технологияның жетістіктері цифрлық ақшаның және басқа да қаржы технологияларының жаңа нысандарының таралуына түрткі болды. Ұйым жаңа цифрлық қолма-қол активтердің қатарында орталық банктердің цифрлық валюталары, электрондық ақша, крипто-активтер және тұрақтылық активтері бар деп жариялады. Астанада өткен жиында осы аталған активтердің арасында цифрлық теңгеге қатысты Ұлттық банк өкілі құнды мәліметтер берді. Мәселен, бүгінде отандық қаржы нарығының айналымында шамамен 38 млрд цифрлық теңге бар екені белгілі болды. Ал қаржы реттеуші бұл көлемді жыл соңына дейін 200 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланғанын жария етті. Қазірдің өзінде сандық валюта ұғымының аясы жай ғана сәнді тренд болудан кеңейе түсті. Себебі дүниежүзіндегі көптеген орталық банк ішкі нарықта белсенді түрде цифрлық валюта енгізуді жалғастырып келеді. Қытайдағы цифрлық юань сөзімізге жақсы дәлел бола алады.
Ұлттық банк өкілі Бинұр Жәленовтың айтуынша, келесі жылы цифрлық еуро бойынша соңғы шешім шығарылмақ, қазір ол пилоттық сатыда. Ал Ресейде цифрлық рубль өз жұмысын 2022 жылы бастағанымен, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап нарыққа енгізу туралы жарияланды. Бинұр Жәленов цифрлық валютаның негізгі рөлі трансшекаралық төлемдерді жеңілдету және жеделдету екенін атап өтті.
«Бұл бастамалардың себебі трансшекаралық төлемдерді тиімді ету мақсатында орталық банктердің цифрлық валюталарға баса назар аударуы болып отыр. Өйткені ол мұндай төлемдерді арзан әрі жылдам жолмен жасауға мүмкіндік бермек. Бүгінде айналымда шамамен 38 млрд цифрлық теңге бар, оның негізгі бөлігі мемлекеттік төлемдер үшін пайдаланылады. Ұлттық қор аясында біз бұл көлемді жыл соңына дейін 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Цифрлық теңгені Қаржы министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтер, Мемлекеттік кірістер комитеті, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі сияқты мемлекеттік органдардың қатысуымен сегіз түрлі сценарийде сынап көреміз», – деп атап өтті сарапшы.
Мысалы, цифрлық теңге бағдарламасы белгілі бір тауарлар немесе қызметтер үшін тек белгілі бір уақыт ішінде транзакция жасауға рұқсат беретіндей етіп орнатылуы мүмкін. Егер бұл шарттар орындалмаса, төлем өтпейді. Бұл тұжырымдама «смарт-келісімшартқа» ұқсас. Бағдарламалаудың екі негізгі түрі бар: біріншісі – демократиялық escrow, яғни оқиға бойынша төлем жасалса, екіншісі – белгілі бір шарттар орындалған кездегі төлем.
Бұл шарттарды тиімді орнату үшін мемлекеттік дерекқорлар мен реестрлер секілді анықтамалық ақпарат көздері қажет. Бағдарламалаудың бұл екі түрі Ұлттық банктің пилоттық жобаларында жүзеге асырылады. Мысалы, қараша айында банк «ҚазАгроҚаржымен» бірлесіп эмиссиялық субсидияларды қайтару жөніндегі жобаны іске қосады. Мұнда техника белгілі бір ақпараттық жүйенің деректеріне сәйкес рәсімделген жағдайда ғана ақша төленеді. Жақында іске қосылған әлеуметтік әмиян жобасы да даму сатысында. Ұлттық банк азамат қызметті алғанын растағаннан кейін қазынадан қызмет көрсетушілерге қаражатты автоматты түрде аударуды қамтамасыз ету үшін интеграциялануды қолдайды.
Бағдарламалаудың екінші түрі күрделірек және қаражатты мақсатты пайдалануға қатысты. Қараша айында банк Батыс Қазақстанда пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр, онда жол құрылысына ақша тек белгілі бір маршруттарға және тиісті лицензиялары бар мердігерлер арасында жұмсалуы мүмкін. Пилоттық жоба нәтижелері жыл соңында жарияланады. Сонымен қатар Ұлттық қордан қаражатты мақсатты пайдалану бойынша жоба екі бастамада іске асырылуда.
Атап айтқанда, осы жылдың маусым айында Достық – Мойынты теміржолын қаржыландырудың алғашқы траншы іске қосылды. Бұл жоба барысында цифрлық ақша бағдарламасы рельстерге бөлінген қаражатты тек соңғы рельс өндірушісінен сатып алу үшін пайдалануға болатындай етіп орнатылған. Бұл – қаражатты мақсатты пайдаланудың жарқын мысалы. Себебі ол – анықтамалық дереккөздерді қажет ететін ауқымды әрі күрделі міндет. Соған қарамастан, Ұлттық банк бірте-бірте алға жылжимыз деген сенім білдірді.
Одан бөлек, қазан айында мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп ҚҚС әкімшілендіру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жобаның мәні мынада: экспорттаушы цифрлық теңгемен шот ашады және осы валютада есеп айырысу кезінде 12% ҚҚС автоматты түрде аударылады. Бұл цифрлық теңге маркаланады. Оны бюджетке төлеу үшін пайдалануға немесе ҚҚС тізбегінің басқа қатысушыларына беруге болады. Бұл Мемлекеттік кірістер комитетіне ҚҚС бойынша транзакциялардың толық ашық болуын және ҚҚС қайтару уақытын 70-75 жұмыс күнінен үш есеге, ал болашақта одан да көп мерзімге қысқартуға мүмкіндік береді.
«Осындай көптеген жобалар жүзеге асырылуда және олар келесі жылы қолжетімді болады деп күтеміз. Бірақ цифрлық теңгені сәтті енгізу үшін дұрыс ақпарат көздерінің болуы маңызды», – деп атап өтті ҰБ өкілі.
Жиын барысында Б.Жәленов Үкіметпен серіктестікте Ұлттық банк GovTech пен цифрлық теңге арасындағы синергияға қол жеткізу үшін осындай критерийлерді әзірлеуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Оның пікірінше, бұл мемлекеттік шығындардың тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Halyk Bank Қаржы министрлігімен өзара байланыс тәжірибесімен бөлісті. Банктің Halyk govtech платформасындағы мемлекеттік органдармен ынтымақтастығы нәтижесінде қазақстандықтар 43 миллионнан астам мемлекеттік қызметті пайдаланған. Оның ішінде екі миллионға жуығы – Қаржы министрлігі ұсынған қызметтер. Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышевтың айтуынша, қазір Halyk Govtech арқылы 59 мемлекеттік қызмет алуға болады.
«Біз әрқашан жаңа қызметтерді таңдау кезінде тұтынушыларымыздың қажеттіліктеріне назар аударамыз. Мысалы, олар мобильді қосымша арқылы 250 және 270 нысандары бойынша салық декларацияларын өте тез және оңай тапсыра алады. Биылғы жылы жалпыға бірдей декларациялау процесіне бес миллионға жуық адам қатысатынын, ал келесі жылы олардың саны 13 миллионға дейін өсетінін ескерсек, біз бұл қызметке ерекше назар аудардық. Басты мақсатымыз — процесті мүмкіндігінше қарапайым және қолжетімді ету үшін ыңғайлы және тиімді декларация құралдарын ұсыну», – деді Нариман Мұқышев.
Осыдан 7-8 жыл бұрын мемлекеттік қызметкерлер расында салық декларациясын тапсыру үшін Мемлекеттік кірістер департаментіне арнайы барып, тіпті кейбірі кеңесшілердің қызметіне жүгінетін. Қаржы саласындағы технологиялық мүмкіндіктер азаматтар үшін бұл қызметті жүзеге асыру жолдарын жеңілдетіп бергені анық. Дегенмен Halyk мемлекеттік сервистерді цифрландыру департаменті директорының м.а. Дамир Иралимовтың сөзінше, көптеген қазақстандық декларацияны толтыру кезінде қиындықтарға тап болған көрінеді. Оның айтуынша, кей азаматтар қалай декларация тапсыруды білмейді.
«Цифрлық форматтағы қызметтердің өзектілігі қазір аса жоғары. Біз мобильді қосымша арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер саны бойынша алға шықтық. Алайда бұдан басқа, мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта шағын, орта бизнес және жеке тұлғалар үшін түрлі сервистер әзірленуде», – деді ол.
Кәмила ЕРКІН