Бокстан 22 қазан – 3 қара­ша күндері ара­лығында Черно­горияның Будва қа­ла­­сында өткен жастар ара­сындағы әлем чемпионаты қазақстандық спорт үшін тарихи жетістіктерімен есте қалды.
Толқыннан толқын туады...
468
оқылды

Қазақстан құрамасы алғаш рет жалпы есепте бірінші орынға шығып, әлем­дік деңгейде өз күшін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жеңіс қазақ боксының тұ­рақты дамуы мен білік­ті жас таланттардың келе­шегі­нің жарқын екенін көр­сетеді.

Чемпионатта Қазақстанның 25 жас боксшысы ел намысын қор­ғауға шықты, олардың көпші­лігі жеңіс тұғырынан көрініп, ерекше нәтиже көрсетті. Нәтиже­сінде, қазақстандық боксшылар 6 алтын, 1 күміс және 10 қола ме­да­ль жеңіп алды. Бұл – ел тарихын­дағы үздік көрсеткіш. Айта кетсек, бұған дейін жоғарғы көрсеткішіміз тек 2 алтынмен шектелген еді. 2018 жылы Венгрияда және 2021 жылы Германияда өткен дүбірлі дода­лардан Қазақстан 2 алтынмен оралды. Жалпы есепте топ жарып, Қазақстан құрамасы Өзбекстан, Ресей, Қытай, Ирландия секілді бокстағы қарымы күшті мемле­кеттерді артта қалдырды. Нәти­желік кесте де осыны айқын көр­сетеді:

1. Қазақстан – 6 алтын, 1 күміс, 10 қола

2. Өзбекстан – 5 алтын, 5 күміс, 3 қола

3. Ресей – 5 алтын, 2 күміс, 1 қола

Халықаралық бокс қауымдас­тығы жеңімпаздар мен жүлдегер­лерге ақшалай сыйақы тағайын­даған еді. Нақтырақ айтқанда, бірінші орынға – 8 мың, екінші орынға – 4 мың, ал үшінші орынға 2 мың доллардан табыстады.

Бірде-бір рет жеңілмеген

Дүбірлі додада ұлттық құрама­ның капитаны Төрехан Сабырхан алғашқы алтынды қоржынға са­лып, сәттімен ұласқан жолымызды бастап берген еді. Финалдық бәсекегеде кубалық боксшыны қапы қалдырып, мерейін үстем етті. 

Финалдық кездесу Төрехан үшін осы жарыстағы ең қиын жекпе-жек болды деуге болады. Өйткені кубалық Дэвид Эспиноса бірінші раунд басталғаннан-ақ шабуыл мен қарымта шабуылын үдетіп, қазақ боксшысын біраз тығырыққа тіреді. Десе де, Төрехан ерекше стилінің арқасында қор­ғаныста да, шабуылда да сауатты әрекет етіп, үш раунд бойы ба­сымдықты уыстан шығарған жоқ. Нәтижесінде, 4-1 есебімен қарсы­ластан басым түсті. Осылайша, асқан шеберлігінің арқасында әлем чемпионатының ең үздік боксшысы атанды.   

Турнир барысында Төрехан осы әлем чемпионатының фи­налына дейін Черногория, Ау­ғанстан, Өзбекстан және Қытай боксшыларын оңай жеңген бо­латын.

Айта кететін жайт, Төрехан Сабырхан бокстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы тарихтағы тұңғыш төрт дүркін Азия чемпио­ны. Одан бөлек, Төрехан – укра­иналық боксшы Василий Лома­ченкоға ұқсас жекпе-жек стилі үшін «қазақтың Ломаченкосы» атанып кеткен Махмуд Сабыр­ханның інісі.

– Бұл жігіттерді қыркүйек айын­да қабылдап алдым. Екі айдың көлемінде толық дайын­дықтан өткен, боксшыларымыз бар күш-жігерін салды. Мен үшін ең жауапты сәт спортшыларымыз­дың нәтижесі болды. Сонымен қатар әлем чемпионаты бір жағы­нан сынақ болса, екінші жағынан болашақ чемпиондардың дайын­дығын білуде ерекше маңызды. Жарыс ойымыздан шығып, Алла­ның қалауымен жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Осы уақытқа дейін жаттықтырған Қайрат Сатжанов ағаның дайындығын да атап өткім келеді. Қазір жігіттердің физика­лық жағдайының жақсы болуында бас бапкерлердің үлесі бар, – деп аға бапкер Мақсат Бақтыбазаров әлем чемпионатын­дағы ерлер құрамасының нәтиже­сін қоры­тын­дылады.

Қыздар да жарап тұр

Қазақстанда қыздар боксы біртіндеп дамып, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Елянур Турғанова (50 келі) мен Аружан Зейноллаева (81 келі) өз салмақ дәрежелерінде қарсыластарын айқын басым­дықпен жеңіп, алтын медальға ие болды. Осы жетістіктер олардың  Қазақстанда ғана емес, әлемдік аренада да мықты спортшылар қа­тарында екенін дәлелдеді. Еля­нур мен Аружан күрделі жекпе-жектерде қарсыластарының ша­буыл­дарына табанды төтеп беріп, шебер тактикалық ойыны мен күш­ті физикалық дайындығы арқасында жеңіс тұғырынан кө­рінді.

– Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көріну – мен үшін мәртебе және үлкен жауап­кершілік. Жалпы жарыс өте тар­тысты әрі қызықты өтті. Бұл жеңіс тек менің  емес, мені қолдаған жат­тықтырушыларымның, от­басымның және барша Қазақ­станның жеңісі деп білемін. Әр жекпе-жек оңай болмады, бірақ мен өз елімнің намысын қорғап, жеңіске жету үшін бар күш-жігерім­ді салдым, – дейді Аружан Зейноллаева.

Оның сөзінше, бұл жеңіс – алға қойған мақсатқа жету жолын­дағы мотивация. Аружанның алдағы асулары Азия чемпионаты мен 2028 жылғы Олимпиада ойын­дарында топ жару болып отыр. Чем­пион қызымыздың биік шың­дар­ды бағындыруына және Қазақ­станның абыройын асқақтата­тынына дәмеміз зор.

– Біздің қыздардың әлем чем­пионатында көрсеткен нәтижесі – үлкен еңбектің, төзімділік пен мықты командалық жұмыстың жемісі. 73 мемлекеттің арасынан топ жарып, қоржынымыз медальға толғанына қатты қуанып жатыр­мыз. Жарысқа әртүрлі салмақ дәрежесінде 12 боксшы қызымыз қатысып, оның 9-ы жүлделі орын­дарға ие болды. 2 алтын, 1 күміс, 6 қоламен осы әлем чемпионатын ке­ре­мет деңгейде өткіздік деп ой­лай­мын, – дейді қыздар құрама­сының аға бапкері Жангелді Ах­метов.

Барлығы ауызбіршіліктің арқасы

– Осы тарихи жетістікке негіз болған бірнеше фактор бар. Біз көбіне спортшылардың дайын­дығын айтамыз. Мамандар­дың біліктілігін айтамыз. Оның сыр­тында жасалып жатқан жағдайлар тағы бар. Ал ең негізгі фактор деп ауызбіршілікті алға тартар едім. Өйткені әлем чемпио­натына әзір­лік­тен бастап бақылап жүрмін. Жа­рыстың  басы-қасында да бол­дым. Қазақ боксының тарихи же­тіс­тігіне негіз болған ең басты фак­­тор – ауызбіршілік, – дейді спорт журналисі Аслан Қаженов. 

Журналистің пікірінше, бұл жетістікте барлық қатысушының еңбегі бар. Президенттің Париж Олимпиадасынан кейін рефор­ма­лар туралы тапсырмасынан бас­­тап, спортқа жауапты минис­трлік, Қазақстан бокс федерация­сының басшылары, бапкерлер, дәрігер­лер, массажистер, дие­толог­­­тар, пси­хологтер, спортшы­лар мен ата-аналар – барлығы жұ­мыла әре­кет етудің арқасында осындай тарихи нәтиже тіркелді.

«Қазақ боксы тірі. Ол әрдайым болған және бола береді. Осындай ізбасарларымыз тұрғанда әлі талай биіктерді бағындырамыз», – деді Аслан Қаженов.

Әсет ҚАЛИ