Бұл қауесетке сотталған экс-министрдің нақты орналасқан жерін табуға тырысқан YouTube арналарының бірінде жарияланған сюжеті себеп болған.
"Бишімбаевтың колониядан қашқаны туралы ақпарат тарады": ҚАЖК мәлімдеме жасады
1,194
оқылды

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) экс-министр Қуандық Бишімбаевтың колониядан қашқаны туралы қауесеттің жалған екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ҚАЖК баспасөз қызметі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған Бишімбаев ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқанын, ал оның қашқаны туралы таралып жатқан ақпараттар жалған екенін хабарлады.

Бұл қауесетке сотталған экс-министрдің нақты орналасқан жерін табуға тырысқан YouTube арналарының бірінде жарияланған сюжеті себеп болған. Сюжетте айтылған Бишімбаевтың колонияда жоқтығы әлеуметтік желілерде жалған ақпараттардың таралуына негіз болды.

ҚАЖК азаматтарды жалған ақпарат таратудан сақтандырып, ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.

"Ведомство сотталушының қашып кеткені туралы жалған қауесеттердің негізі жоқ екенін және таратушыларға қарсы қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті. Кінәлілер жауапқа тартылады", – делінген ақпаратта.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 13 мамырында Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.