Жолдың қамын жаз ойла

Жыл сайын Қарағанды облысында қыстың боранында бір ауылдан ауылға ғана емес, қала мен қаланы жалғаған күрежол жабылып, қолайсыздық тудырып жатады. Сарыарқаға да мол қар түсті. Қарағанды–Астана жолы тағы да жабылды.

Жылдан жылға облыста дәл осындай көрініс байқалады, күн суыта бастаған сайын көктайғақ немесе қардың үйін­ділерінен қозғалыс қиындап, қауіпті болады. Жол және коммуналдық қыз­меттердің қысқа дайын болмауы бірнеше сағатқа созылатын көлік кептелісін, жүргізушілер мен жолаушыларды эва­куа­циялауды тудыруда. Өткен жылдары республикалық, облыстық және жергі­лікті маңызы бар жолдарда тұрып қалған облыс тұрғындарынан көптеген шағым­дар түскен. Бұл жылы жергілікті атқару­шы органдар қолайсыз ауа райына ал­дын ала дайындалуды ұйғарды.

Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов қыс мез­гіліндегі жолдарды күтіп ұстау мәселе­лер­іне арналған жиында алдағы қыс мезгілінде облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың қауіпсіз өтуін және уақытылы тазартылуын қамтамасыз ету үшін 66 мердігер ұйымға тапсырма берілгенін айтты.

– Ұйымдарда 1 200-ге жуық жұмысшы және 1 000-нан астам арнайы техника жұмыс істейді. Ауа райы нашарлаған кезде жүргізушілер мен жолаушылар үшін ең қауіптісі – көктайғақ. Қазіргі уақытта облыста 50 мың тонна мұздан таз­артатын материал, құм, тұз және сүзгілер, сондай-ақ 1000 уақытша жол белгілері бар. Облыс бойынша жалпы ұзындығы 241 шақырымды құрайтын 122 қар басқан аумақ бақылауға алынды – деп хабарлады Мақсұт Қожанов.

Сондай-ақ ол жылдан жылға көшіп келе жатқан жобаларға тоқталды.

Облыс бойынша боран мен ауа рай­ы­ның қолайсыздығынан жолда қалып қойған адамдарды жылытуға шамамен 35 пункт дайындалғандығы да белгілі болды. Жүргізушілер мен жергілікті тұрғындар республикалық тасжолдың Қарағандыдан Балқашқа дейінгі бөлігін әуелі сапасыз, кейін бірнеше жылға созылған жөндеу жұмыстарына байлан­ысты «өлім жолы» деп атап кетті.

Мұнда апта сайын дерлік жазатайым оқиға болып, көбіне өліммен аяқталады. Қарағанды–Балқаш тас жолын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда және шен­еуніктің уәдесі бойынша биыл аяқ­та­лады деп жоспарлануда. Тағы бір іске асырылып жатқан жоба – Қараған­дыдан Қарқаралыға дейін ондаған жыл­дар бойы жөндеу көрмеген 200 ша­қыр­ымдық жол бірнеше жылдан бері қалпына келтірілуде. Жоба әлі аяқ­талмай, келесі жылға көшті.

Жолдың жай-күйіне жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масы ғана емес, 1 422 шақырымды күтіп ұс­тайтын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ да жау­апты.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұловтың айтуынша, қазірдің өзінде 8 арнайы мекемеде 100 қысқы техника бар және тағы 18 қар тазалайтын техниканы жалға алуға конкурс жария­ланған. Сондай-ақ ол қазан айының басынан бері жолдардағы көлік қозғалыс­ының жай-күйі туралы ақпаратты жет­кізу және қауіпсіз жол қозғалысын қам­тамасыз ету бойынша жедел шаралар қабылдау мақсатында тәулік бойы кезекшілік жүргізіліп жатқанын айтты.

– 400 шақырымнан астам қар басқан 383 аумақ, сондай-ақ ұзындығы 149 шақырымды құрайтын 274 көктайғақ аумақтары тіркеліп, бақылауға алынды. Республикалық маңызы бар жолдардың ең көп қар басқан учаскелерінде тұрақты қар ұстайтын қоршаулар орнатылды, – деді Ерлан Жұмағұлов.

Өткен жылдары боран салдарынан Қарағандыдан Астанаға немесе Балқашқа баратын жолда көліктер қалып қойып, әуреге салатын. Әсіресе, Қарағанды–Балқаш тасжолының бойында орна­ласқан Шет ауданында жағдай қиын болды. Жиі болған қарлы боран көлікті тежеп, адамдар далада қалып, аудан әкі­мі оларды өз күшімен құтқаруға мәжбүр болды. 

Әрине, биыл қалай болатыны уақыт еншісінде. 

Қыс басталмай жатып, алғашқы үсікте Қарағанды–Теміртау жол айрығында кептеліс болды.  Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов бұл учаскенің «Қазавтожол» АҚ балансында екеніне және ауа райының қолай­сыздығына байланысты мұнда көлік­тердің көптеп жиналатынына назар аударды.

– Мәселе – жолдың қар мен мұздан тазартылмағанында, техника жетіспейтін сияқты. Бірақ көліктер бұл аймаққа кіре ал­майды. Әкімдік «Қазавтожол» АҚ мен Төтенше жағдайлар департаментіне хат жолдады, – деді Ғалым Әшімов.

Арнайы жиынға қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Жол­аушылар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасына, Төтенше жағдайлар департаментіне, сондай-ақ «Қазавтожол» АҚ-ға механизмін, жұмыс кестесі мен кез­екшілікті пысықтауды тапсырудан басқа амалы қалмады.

Алда арқаның алты ай қысы бар. Облыстың коммуналдық және жол қыз­метінің қаншалықты дайын екенін сол уақыт  көрсетеді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы