БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы (СOP29) аясында мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев, Ильхам Әлиев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды.
Орнықты дамуға ортақ ұмтылыс
232
оқылды

Мемлекет басшысы бүгінгі айтулы оқиға ор­нықты дамуға ортақ ұмтылыс тарихының жаңа парағын ашқанын атап өтті.

– Стратегиялық серіктестік туралы ке­лі­сім­ге қол қою – Орталық Азия мен Оңтүстік Кав­каз өңірлерінің үшжақты ынтымақ­тас­тығын да­мытудағы маңызды кезең. Құжат ел­деріміздің энер­гетикалық жүйелерін ин­тег­­рациялау, сон­дай-ақ Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға эко­логиялық таза энер­гия­ны жеткізетін сенім­ді дәліздерді қалып­тас­тыру үшін жаңа мүм­кін­діктерге жол аша­ды. Мұнда Қазақстан ірі тран­зит аумағы ре­тін­де үл­кен рөл атқарады. 

Аталған келісі­мнің нақты нәтижелері үш елдің экономикаларын біріктіріп, Орта дәлізді «жасыл кө­пір» ретінде дамытуға ықпал етеді. Бұл маңыз­ды саладағы тығыз ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы тәжірибе мен озық технологияларды алмасуға серпін береді, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтуға септігін тигізеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, көміртегі бейтараптығына жетуді көздейтін Қазақстан үшін жасыл энергетика маңызды бағыт саналады.

– Біз қазба байлықтарға тәуелділікті азайтуға белсенді түрде кірістік. Технологиялық инновацияларды дамытып, эко­логия­лық орнықты өркендеуге демеу болатын инфрақұрылым құруға бет бұрдық. Қазақстан шетелдік серіктестермен жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді, – деді Мемлекет басшысы.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бүгінгі келісімдер үш мемлекет арасындағы бауырластық қатынастар мен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті.

– Орталық Азия мен Кавказ өңірі көптеген мәселе бойынша, соның ішінде «жасыл» энергияны дамыту саласында бірлесіп әрекет етеді. Біз қайта жаңғыртылатын энергия көздері бағытында Қазақстан мен Өзбекстанның ауқымды жоспарлары мен қол жеткізген жетістіктері жайында жақсы білеміз, – деді Әзербайжан Президенті.

Өзбекстан Президентінің пікірінше, бүгінгі келісім экономикалық мақсатты ғана көздемейді, бұл – болашаққа қосылған ортақ үлес.

– Аталған жобаның экологиялық маңызын ерекше атап өткім келеді. Желден, күннен алынатын қуат климаттың жұмсаруына әсер етеді. Осы арқылы біз Париж келісімі аясында климатты қорғау жөнінде бірлескен күш-жігерге қолдау білдіріп, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге атсалысамыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Бұдан бөлек, іс-шарада мемлекеттер басшыларының қатысуымен Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Әзербайжанның Энергетика министрі Парвиз Шахбазов, Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов және Сауд Арабиясының Энергетика министрі Әбдел Азиз бен Салман Әл Сауд Жасыл энергияны дамыту және беру саласындағы ынтымақтастық туралы атқарушы бағдарламаға қол қойды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш шара аясында Грекия Премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Грекияны Қазақстанның Жерорта теңізі аймағы және Еуропа Одағындағы сенімді серіктесі ретінде атап өтіп, Афины еліміздің Еуропа Одағына мүше мемлекеттер арасындағы бес ірі сауда әріптесінің бірі екеніне назар аударды. Өз кезегінде Кириакос Мицотакис қазақ-грек ынтымақтастығының әлеуетін жоғары бағалап, барлық бағыттағы өзара байланыстарды тереңдетуге дайындығын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кириакос Мицотакис сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтуға бейіл екенін растап, өзара сауда-саттықты әртараптандырудың маңыздылығына тоқталды. Кездесуде белсенді саяси диалог жүргізу жөнінде уағдаластық жасалды. Грекия Үкіметінің басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға сапармен келу туралы ұсынысын ризашылықпен қабыл алды.

Сондай-ақ Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Сол­түстік Македония Президенті Гордана Силя­новска-Давковамен кездесті. Мемлекет басшысы Солтүстік Македонияны Қа­зақ­станның Еуропадағы маңызды серіктесі ретінде атап өтіп, басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі еке­­­нін жеткізді. Өз кезегінде Гордана Силяновска-Давкова екіжақты байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, өзара ықпалдастықты жандандыруға мүмкіндік мол екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Солтүстік Македония Президенті Қазақстанның Орта держава ретінде халықаралық аренадағы рөліне жоғары баға берді. Әңгімелесу барысында сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейту перспективасына, екі ел азаматтары үшін виза режимін оңтайландыру мәселесіне айрықша мән берілді. Тараптар Қазақстан мен Солтүстік Македонияның іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты дамыту жөнінде уағдаласты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Гордана Силяновска-Давкованы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Сонымен қатар БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында Мемлекет басшысы Хорватия Премьер-министрі Андрей Пленковичпен кездесті.  Президент Хорватияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді серіктесі ретінде атап өтті. Қ.Тоқаев пен А.Пленкович екіжақты қарым-қатынасты, соның ішінде сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың қазіргі жай-күйін талқылады. Кездесуде энергетика секторындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылды. Мемлекет басшысы Қазақстанда жұмыс істеп жатқан хорватия­лық компанияларға қолдау білдірді. Бұдан бөлек, виза режимін оңтайландыру мәселесі қарастырылды. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Хорватия Премьер-министрін ке­лесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақыр­ды. Ал Андрей Плен­­кович Қазақстан Президентіне Хорватияға сапармен келуге ұсыныс білдірді.

Сондай-ақ СОР29 Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Молдова Президенті Майя Сандумен кездесу өткізді.

Мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды, ең алдымен, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесуде Майя Санду келесі жылы Астанада Молдова елшілігінің ашылуы елдеріміз арасындағы ықпалдастықты дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Сондай-ақ президенттер жоғары деңгейдегі сапарлар ұйымдастыруға уағдаласты.

Асыл ТҰМАР