Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына қатысты.
Ауылда бір отбасынан бірнеше адам атаулы әлеуметтік көмек алатын жағдайлар жиі кездеседі – Президент
Фото: akorda.kz
373
оқылды

Жиында Президент ауылдық жерде атаулы әлеуметтік көмекке сенім артып еңбек етуге құлықсыз екенін де айтып өтті. Бұл туралы Aikyn.kz  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.  

«Үкімет азаматтарға әлеуметтік көмек беру жүйесін қайта қарауы керек. Соған сәйкес тиісті тапсырма берілді. Мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтар алуға тиіс. Алайда кейбір ауылдық жерде бір отбасынан бірнеше адам атаулы әлеуметтік көмек алатын жағдайлар жиі кездеседі. Өкінішке қарай ондай азаматтарымыз жұмыс істеп, еңбек етуге де құлықсыз. Себебі мемлекеттен түсетін жәрдемге сенеді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Түптеп келгенде, мұндай әрекет әлеуметтік масылдықты туғызып отыр.

Біз Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап жатырмыз. Барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар.

Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Алайда бір мәселені ескеру қажет. Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы форумда Ауыл халқының табысын арттыру мәселесіне де тоқталды.