Іс-шара аясында əл-Фараби кітапханасының фойесінде Ш.Елеукенов шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі жəне фотокөрме ұйымдастырылды.
Алматыда Шериаздан Елеукеновті еске алуға арналған халықаралық конференция өтті
203
оқылды

Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Шериаздан Елеукеновтің туғанына 95 жыл толуына орай «Ұлттық кітаптану мəселелері: тарихы жəне бүгінгі жағдайы» атты халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференция өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ғалымның қайраткерлігі мен шығармашылығы, баспа жəне кітаптану ісінің мəселелері жан-жақты талданған басқосуды Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты Қанат Əуесбай жүргізді. Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің басқарма мүшесі – академиялық мəселелер жөніндегі проректоры Абай Қазмағамбетов кіріспе сөзінде Ш.Елеукенов туралы ой толғап:

«Ол табанды еңбегі мен ізденістерінің нəтижесінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген мəдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Адалдық, адамгершілік, еңбекқорлық қағидаларын басты орынға қойған ғалым Шерияздан Елеукенұлы қандай қызмет атқарса да ұлттық ұстанымынан танған емес», – деді.

«Қазақ əдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып Ш.Елеукеновтің ұстаздық жолы мен ғылымдағы өнегесін негізгі баяндамасына арқау етті. «Шериаздан Рүстемұлы – əдебиеттану, журналистикатану, кітаптану сияқты іргелі ғылым салаларын тоқайластыра зерттеп, өзіндік із салған жан-жақты білікті ғалым. «Қазақ романының идеялық-эстетикалық жəне жанрлық өзгешелігі» деген тақырыптағы докторлық диссертациясын сонау Мəскеудегі М.Горький атындағы Əлем əдебиеті институтында қорғаған. Филология ғылымдарының бір саласы – журналистикатану ғылымының көшбасшыларының бірі», – дейді Б.Жақып.

Профессорлар Жанғара Дəдебаев, Намазəлі Омашұлы, Қансейіт Əбдезұлы, Қоңыр Мұқатайқызы, Темірғали Көпбаев, Сағатбек Медеубекұлы кітаптану мəселелерімен қоса қайраткердің əдебиеттану, баспа ісі саласындағы еңбегін талдады. Ғалымдар Нұрдаулет Ақыш, Гүлжаһан Орда, Елена Дудинова Шерияздан Рүстемұлының қаламынан шыққан туындыларды баяндамаларына арқау етті. Ш.Елеукеновтің ұлы, физика-математика ғылымының докторы Дастан Елеукенов халықаралық конференцияны ұйымдастырған университет пен факультетке, баспагерлік-редакторлық жəне дизайнерлік өнер кафедрасының ұжымына алғыс айтып, əке аманаты мен ұстанымы қандай болғанын айтып берді.

Қырғызстанның Ж.Баласагын атындағы ҚҰУ-нің Журналистика жəне коммуникация институтының директоры, əлеуметтік ғылым кандидаты, доцент Ширин Костюк жəне Түркияның Сакария университетінің профессоры Мухаммед Билал Челик түркі еліне ортақ тұлға Ш.Елеукеновтың қайраткерлік қыры мен баспа ісіндегі еңбегіне тоқталды.

«Шерияздан Рүстемұлының ұстаздық жолымен, ғылымдағы, əдебиеттанудағы, кітаптанудағы, көркем сөздері қырларымен таныстық. Елеукеновтану деген ғылымның жеке бір саласы қалыптасып келе жатыр деп есептеймін. Бұл əлі де толыға түсетін жеке бір сала болмақ», – деді жиынды қорытындылаған Журналистика факультетінің деканы Қанат Əуесбай.

Халықаралық конференция материалдары арнайы жинақ болып жарық көріп, іс-шара барысында көпшілікке таныстырылды. Іс-шара аясында əл-Фараби кітапханасының фойесінде Ш.Елеукенов шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі жəне фотокөрме ұйымдастырылды.

 

Қарагөз Серікқызы

баспагерлік-редакторлық жəне дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы