2-3 сағаттың артын жылдар бойы өтейміз: Ләйлә Сұлтанқызы тойға қатысты ойын бөлісті

Танымал продюсер, тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы мәһір мен қалыңмалдың бірігуіне қатысты да пікір білдірді.

БАҚ өкілі үйленуге қатысты жаңалыққа анасының да қуанып отырғанын жеткізді, - деп жазады Aikyn.kz.   

“Мәһір де жоқ, тақыр да жоқ. Апам жүзік салынған бір пиала суды бәрі ішіп, неке қиятын заманның өкілі. Мәһір мен қалыңмалдың қосылғанын да қолдап отыр. Енді тағы ысырапшылдықты азайтсақ, иә? Өткенде "той жасадыңыздар ма, шашылдыңыздар ма, қанша кетті?" деп оқырмандардан сұрасам бола ма… Біразы қарызға белшесінен батқанын айтты. Иә, той деген береке, алыс-беріс, басқосу ғой. Дегенмен, 2-3 сағаттың артын жылдар бойы өтейміз де жатамыз", - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.

Оның пайымынша, мысалы, тәтті шай, сырға салу, құдалық, тойды біріктірсек, оның өзі біраз үнемдеуге алып келеді.

"Сосын тойдың бәрі түсте болса қайтеді деп қоям. Асқазанды ойлап жатқаным ғой. Ұйқы да, ағза да тыныш”, – деп жазды медиа маманы.