Биыл Қазақ ұлттық қыздар университетінің құрылғанына – 80 жыл. Ғасырға жуық уақытты артқа тастаған оқу ордасының негізі сұрапыл соғыс өрті тұтанып тұрған уақытта қаланған еді.
Ұстаздар ұстаханасына – 80 жыл
1,042
оқылды

Осыған қарамастан қара шаңырақ қазақ қыздарының бағытын айқындап, білім көкжие­гінің кеңеюіне атсалысты. Таяуда ғана ұстаздар ұстаханасына айналған білім ошағының 80 жылдық мерейтойына орай «Білімді қыздар – білімді ұлт» атты халықаралық форум өтті.

Жиынға отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми қоғамдастық өкілдері, шетел­дік университеттердің жетекшілері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен университет түлектері қа­тысты. Форум аясында пәнаралық ғылыми зерт­ха­на, жаңа оқу ғимараты және «Мазмұн­дама» баспа үйімен бірлес­кен QyzPU UniSpace коуоркинг орталығы ашылды. Одан өзге, Гонконг білім беру университе­тінің президенті, профессор Джон Ли Чи Кин мен Қазақстан Республикасының педагогикалық жоғары оқу орындары рек­торларының арасында Академия құру туралы шартқа, QyzPU мен Michigan State University арасындағы стратегиялық серіктестік жөнінде, Sussex University-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойы­л­ды. 

Форумда сөз алған Президент жанын­дағы Ұлттық құрылтай мүшесі, профессор Кәрімбек Құрманәлиев университеттің қоғамға білім мен тәрбие негіздерін сің­і­руге мән беріп, ұлттық рухани және интеллектуалды тұрғыда өркендеуіне сүбелі үлес қосып келгенін атап өтті. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай­дың бірінші, Түркістандағы екінші және Атырау қаласындағы үшінші отырысында ұлттық құндылықтарды ұлықтау бойынша тың бастамалар көтергенін, сонымен қа­тар сапалы ұлт қалыптастыру, отбасылық құндылықтар, отансүйгіштік, тарихи тұлғаларға тағзым, қарттарды құрметтеу, аналарын аялау – оқу орындарының тәр­бие жұмысының өзегіне айналдыруды міндеттегенін айтқым келеді. Міне, осы міндеттер үдесінен шығып, ұлттық тәрбие­нің ұстаханасы деген атақты абыроймен атқарып, Жаңа Қазақстанның жаңа тұр­патты кадрларын даярлап отырған киелі шаңырақ – ұстаздар университетін мерейлі мерейтойымен шын жүректен құттықтай­мын! – деді К.Құрманәлиев. 

Ал форумға қатысқан университет түлегі, ұлағатты ұстаз, мемлекет және қо­ғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Оразкүл Асанғазы аталмыш оқу орны ұлт қайраткері Нұртас Оңдасыновтың ұйытқы болуымен ашылғанын еске ала отырып, болашақта ел игілігі үшін қызмет ететін сапалы кадрлардың өсіп шығуы әркез өзекті екенін жеткізді.

– Бүгін – расында ерекше күн. Қиын-қыс­тау заманда жұртын, келешегін ойлаған Нұртас Оңдасыновтың тұсында ашылған Қыздар педагогикалық институты жыл сайын жасарып, жаңғырып, үлкен жетіс­тіктерге қол жеткізгеніне куә болып отыр­мыз. Университетте ғимараттардың жаңадан салынуы, техникалық жабдық­тармен толы­ғуы бізді ерекше қуантты. Білім орда­сын­да Нұртас Оңдасынов атасындай қыз­метті абыроймен аяқтап, зейнетке шыққанда «менің қолым таза, арым таза, жүзім таза» дейтіндей адал қызмет ететін ұстаздар тәрбиеленуін тілеймін, – деді О.Асанғазы. 

Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Аягүл Миразова қазақ аруларының қара шаңырағы ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жар­қын болашаққа айқын бағыт сілтеуде маңызды рөлге ие екенін алға тартты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келешегіміздің бейнесі туралы өз ұстанымын былайша жеткізген еді. Ол біріншіден, Әділетті Қазақстан, екіншіден, адал азамат, үшіншісі, озық ойлы ұлт екен­ін айтты. Ал озық ойлы ұлтты кім қалыптастырады? Әрине, ең бірінші ба­ла­ны аналар өмірге әкеледі. Одан кейін балаға білім мен тәрбие берушілер – ұс­таздар. Елімізде озық ойлы ұлтты тәр­биелейтін үлкен шаңырақ – Қыздар университеті. Мұнда тек ұстаздар ғана емес, тектілік пен даналықтың бейнесіне айна­лған Домалақ ана сынды қыздар да тәрбиеленіп шығады, – деді А.Миразова.

Балуан Шолақ мәдениет және спорт сарайында өткен іс-шарада мерейтойдың қорытынды нүктесі қойылды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, универ­ситет­тің профессорлық-оқытушылық құра­мын ғылымға қосқан үлесі үшін мара­паттады. 

– 80 жыл бұрын сол кездегі басшылар ең қиын кезеңде, әлемдік соғыстың төр­тін­ші жылында университет ашу туралы үлкен шешім қабылдады. Ежелгі Грекияда бір жақсы нақыл сөз бар. «Қоғам қашан үлкен болады? Сол қоғамдағы адамдардың үлкендері көлеңкесіне отыра алмайтынын біле тұра ағаш еккен». 1944 жылы үлкен ағаш егілді, сол ағаштың көлеңкесінде қазір біз отырмыз. Сол ағаштың жемісі – қазіргі 12 мыңнан аса студентті көрдік. Біріншіден, ұстаздарға, профессорлық-оқытушылық құрамға, университет басшылығына айтарым, ағаштарды еге беріңіздер, шамшырағымыз сөнбесін. Қыздар университеті – тек білім беру ордасы емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші және тікелей қоғамға жеткізуші білім ордасы, – деді министр С.Нұрбек.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – Қазақстандағы және Орталық Азиядағы әйелдерге арналған жалғыз мамандандырылған жоғары оқу орны. 1944 жылы негізі қаланған университет отандық білім беру саласында айрықша орын алады. Ғасыр жасына жақындаған қара шаңырақ бүгінде ұлттық педагогика және қоғамның мәдени-әлеу­меттік даму жолында белсенді қызмет етіп келеді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы