Әлемнің 15 елінен келген 200 мықты жауынгердің жекпе-жегі ерлер арасында он салмақ және әйелдер арасында жеті салмақ дәрежесінде ұйымдастырылды.
Астанада жекпе-жектен әлем кубогының чемпиондары марапатталды
Фото: Қорғаныс министрлігі
700
оқылды

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Қорғаныс министрінің жүлдесіне қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогының финалдық жекпе-жегі аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлем біріншілігінің жабылу салтанатына Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов, Әділет министрі Азамат Есқараев, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, көрнекті спортшылар мен Қарулы күштердің ардагерлері қатысты. 

Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Сергей Астахов Әлем кубогының ұйымдастырылуына жоғары баға берді.

Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов төрешілерге әрбір спортшыны әділ, шынайы және бейтарап бағалағаны үшін алғыс айтты. Ол сонымен қоса Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Сергей Астаховқа қоян-қолтық ұрыстың дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. 

– Жеңіске деген ерік-жігердің, қоян-қолтық ұрыс техникасын шебер білудің арқасында сендер өздеріңді әлемнің ең мықты спортшысы ретінде таныттыңдар және жоғары марапатқа лайықсыңдар. Әйелдер арасындағы жекпе-жектер ерекше таң қалдырды. Жарысқа қатысушылардың бәрінің алда алатын талай асулары бар екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жарысқа қатысушыларға арнаған сөзінде. 

Әлемнің 15 елінен келген 200 мықты жауынгердің жекпе-жектері ерлер арасында он салмақ және әйелдер арасында жеті салмақ дәрежесінде ұйымдастырылды. 

Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Өзбекстаннан келген жауынгерлер алтын олжалады. Қазақстан командасы күміс жүлде, Беларусь командасы қола жүлде еншіледі.  

Ерлер арасында жеке есепте Өзбекстаннан келген жауынгерлер Гийосиддин Джамолидинов (57 келі), Олимжон Нормуродов (67 келі), Азизхон Абдуллаев (73 келі) және Асадбек Хикматов (80 келі) чемпион атанды. 62, 88 және 97 келі салмақ дәрежесінде Қазақстанның спортшылары Айдын Нұриддинов, Бекзат Ақтанов және Мейрамбек Алматов жеңіске жетті. 

73 келі жеңіл салмақ дәрежесінде беларусьтік Юрий Бондарев, 73 келіден жоғары абсолютті салмақта қазақстандық Асылбек Смайылов, 97 келіден жоғарыда өзбек жауынгері Ильёс Камилов үздік атанды. 

Жекпе-жекте алтын медальдарды өзбек спортшылары Севара Садуллаева (48 келі), Сарвинозхон Облоназарова (58 келі), Хилола Ботирова (64 келі), Нилуфар Полвонова (70 келі) және 70 келіден аса абсолютті салмақта Умида Абдулаева жеңіп алды. 

53 келіде салмақта қазақстандық спортшы Эмилия Ларионова, ал 58 келіден жоғары абсолютті салмақта отандасымыз Талшын Жұматаева чемпион атанды. 

Турнирдің чемпиондары мен жүлдегерлері Қазақстан Қорғаныс министрінің кубоктары мен сыйлықтарымен марапатталды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.