АҚШ-тың федералды билігі бақылайтын есепшоттарда 213,2 мың биткоин (BTC) жиналған. Бұл қазіргі бағамен 20 млрд доллардан асады.
Биткоин бағасы 100 000 долларға жақындады. Өсу жалғасуда
Технология секторынан ғана емес, инвесторлар крипто-акциялардан да мол пайда таба бастады. Иллюстрация Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Remo Casilli
1,338
оқылды

Aikyn.kz нарықтағы биткоин бағасының өсуін Reuters және CNBC телеарнасының шолуларына сүйеніп талдайды.

Трамп «криптовалюталар үшін алтын ғасырды бастайды» деген үмітпен биткоин осы айда жаңа рекордтар орнатып келеді. Фото reuters.com сайтынан алынды. Авторлығы: Kevin Wurm

Бейсенбіде (21 қараша) биткоин алғаш рет 99 000 долларлық межені жарып өтті. Қаржыгерлер бұның себебін Дональд Трамптың жеңісінен кейін криптовалютаны реттеуді Ақ Үй билігі жеңілдетеді деген болжаммен байланыстыруда. Сондықтан Трамп «криптовалюталар үшін алтын ғасырды бастайды» деген үмітпен биткоин осы айда жаңа рекордтар орнатып келеді. 2024 жылы биткоин шамамен 130%-ға өсті.

Технология секторынан ғана емес, енді инвесторлар крипто-акциялардан да мол пайда таба бастады. Сарапшылар АҚШ билігі криптовалюта нарығы үшін қолайлы реттеумен қатар, биткоиннен ұлттық стратегиялық резерв немесе қор жасайды деп күтуде. Трамптың президенттігі кезінде күтілетін үлкен бюджет тапшылығы, жоғары инфляция және доллардың халықаралық рөлінің төмендеуі биткоин бағасына оң әсер етуде.

Коммерциялық банктер мен жеке инвесторлардан басқа мемлекеттер де криптовалюта қорларын өсіре бастады. Диаграмма reuters.com сайтынан алынды

Соңғы жылдары коммерциялық банктер мен жеке инвесторлардан басқа мемлекеттер де криптовалюта қорларын өсіре бастады. Қылмыскерлердің активтерін тәркілеу нәтижесінде мемлекеттер биткоиннің ең ірі иелеріне айналуда. Инвесторлар биткоинді ашық нарықта нақты ақшаға сатып алса, үкіметтер биткоинді «цифрлық алтынды» тәркілеу арқылы мемлекет меншігіне қосады.

Биткоинді тек Сальвадор ғана нарықта 2021 жылдан бастап белсенді сатып алады және Volcano Energy бастамасы аясында мемлекеттік құрылымдар криптовалюта өндіруде. Бүгінде Сальвадор президенті Наибу Букеленің мәлімдеуінше, мемлекеттік биткоин есепшотында 5,8 мыңнан астам BTC бар.

Биткоиннің ірі көлемін ұстаушылар АҚШ, Қытай, Ұлыбритания мен Германия ешқашан ресми түрде криптовалюта сатып алған емес. Олар қылмыскерлердің заңсыз мүлкін тәркілеудің арқасында миллиардтаған долларға бағаланатын криптографиялық активтерге ие.

Ашық ақпарат көздері мен реттеуші органдар таратқан ресми мәліметтерге  сәйкес, мемлекеттердің жалпы криптографиялық резервтері шамамен 560,7 мың BTC (56 млрд долларға жуық) деп бағаланады.

Бұл тізімде Украина да кіреді, оның иелігінде 46,351 мың BTC бар. Бірақ бұл рейтинг құрастырушылардың пікірінше мемлекеттің емес, мемлекеттік қызметкерлердің активтеріне ұқсайды. Өйткені дәл осы 46,351 мың биткоин украиндық мемлекеттік қызметкерлердің декларацияларында көрсетілген екен. Соғыс жағдайындағы елдің мемлекеттік қызметкерлерінің қолында биткоиндердің осындай үлкен көлемде болуы да нағыз коррупциялық күдік тудырады. 

Америкалық билік бақылайтын шоттарда 213,2 мың BTC бар. Фото coinfomania.com сайтынан алынды

АҚШ болса биткоиннің ең үлкен ұстаушысы болып саналады. Arkham аналитикалық платформасының мәліметінше, америкалық билік бақылайтын шоттарда 213,2 мың BTC, 50,5 мың ETH, USDT стейблкоинде шамамен 122 миллион доллар бар.

Қытай бұл тізімде екінші орында тұр, оның қоры 190 мың BTC деп бағаланады. 2020 жылы Қытай билігі PlusToken қаржы пирамидасынан 195 мың BTC және басқа да бірқатар криптовалюталарды тәркілеген. Тәркіленген активтер сатылып, түскен қаржы мемлекет қазынасына аударылатыны ресми түрде жарияланған еді. Бұдан кейін басқа мәлімдемелер және монеталардың кез келген қозғалысын растайтын блокчейн деректері болмаған. Сондықтан криптовалюталар әлі де мемлекеттің бақылауынан шығарылмағанын болжауға болады.

Ұлыбритания 61 мың BTC қорымен үшінші орында. Билік 2024 жылдың қаңтарында осынша биткоин тәркілеген. Германия да ең ірі биткоин ұстайтын елдердің тізімінде. 2024 жылдың басында билік 2013 жылы авторлық құқықты бұзған қарақшылық сайттың қызметімен байланысты 50 000 монета тәркілеген. 2024 жылдың маусымында Германия үкіметі бұл қаражатты жылжыта бастады (сатуға шығару). Дегенмен 40,3 мың BTC неміс үкіметінің мекенжайларында қалды. Соңғы белгілі аударым сериясы 2024 жылдың 4 шілдесінде тіркелген, оның көлемі 3 мың BTC құраған.

Әдетте үкіметтер өздерінің есепшоттарындағы криптовалютаның сатылымдары туралы есеп береді. Бірақ тәркіленген биткоиндерді кім және қашан сатып алғаны туралы мәлімет белгісіз. Қытай билігі сияқты, АҚШ биткоин сатып алушыларын ашпайды, тек жалпы ақпарат қана береді. 

Мемлекеттің криптовалюта нарығының қатысушысы болу әлі де үлкен тәуекелдермен байланысты. Мысалы, Қазақстанның ұлттық қорынан 10 млрд доллар бөліп, үкімет жыл басында (1 BTC – 43 000 доллар) 232 мың биткоин сатып алып, қазір оны ашық нарықта сатып жіберсе 23,2 млрд табыс түсер еді. Яғни, 13,2 млрд доллар таза пайда. Бұл қаражатқа елімізде жасыл энергия көлемін бірнеше есе арттыруға, тұтастай экономикалық парадигманы өзгертуге болады. Бірақ мемлекет үшін бұның тәуекелі жоғары екенін де ескеру керек.

Дегенмен АҚШ-тың жаңадан сайланған президентінің криптовалютаны «криптовалюта – долларды күшейту құралы»  деген концепциясын ескерген дұрыс. 

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.