WhatsApp арқылы жіберілген дауыстық хабарламаны мәтін түрінде оқуға болатын функция қосылды. Бұндай транскрипция Android жүйесіне қарағанда iPhone-да жақсы жұмыс істейді.
WhatsApp-тағы дауыстық хабарламаны мәтін түрінде оқуға болады
Жаңа қызмет iPhone мен Android жүйелерінде қолжетімді. Фото иллюстрация mentoday.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Freepik
3,623
оқылды

Aikyn.kz танымал мессенджердегі пайдалы қызметтің қалай жұмыс істейтінін bgr.com сайтындағы хабарламаға сүйеніп түсіндіреді.

WhatsApp дауыстық хабарлама транскрипциясын сынауды аяқтап, жаппай қолданысқа бере бастады. Иллюстрация YouTube платформасындағы Daniel About Tech каналынан алынды

Meta биыл жазда WhatsApp үшін дауыстық хабарлама транскрипциясын қолдауды сынап жатқаны белгілі болған еді. Енді осы керемет пайдалы функцияның қалай жұмыс істейтіні белгілі болды.

Бұл қызметтің ең жақсы жері – дауыс транскрипция құрылғыда орындалады және бәрі басынан аяғына дейін шифрланады. Хабарларды транскрипция үшін Meta серверлеріне жіберуге келісім берудің қажеті жоқ. Олар екі WhatsApp пайдаланушысы арасындағы кез келген басқа байланыс түрі сияқты құпия болып қалады.

Meta аталған қызметтің бета нұсқасын толық сынап, iPhone мен Android жүйелерінде ұсынуды бастады. Бұл мүмкіндік платформаға қарамастан бірдей жұмыс істейді, бірақ iPhone пайдаланушыларының артықшылықтары бар. Дауыстық хабарлама транскрипциясы iPhone-да Android-қа қарағанда көп тілдерді қолдайды.

WhatsApp дауыстық хабарламасын транскрипциялау (мәтін түріне ауыстыру) үшін оны ұзақ басып, Транскрипция опциясын таңдау керек. Фото bgr.com сайтынан алынды. Авторлығы: Meta

Дауыстық хабарлама транскрипциясын қосу iPhone немесе Android құрылғыларында бірдей оңай. Ол үшін Баптаулар (Настройки) > Чаттар (Чаты) > Дауыстық хабардың мағынасын ашу (Расшифровки голосовых сообщений) бөлімдеріне өтіп, қажетті мүмкіндікті қосу немесе өшіру керек.

WhatsApp дауыстық хабарламасын транскрипциялау (мәтін түріне ауыстыру) үшін оны ұзақ басып, Транскрипция опциясын таңдау керек. Сонда мәтін дауыстық хабарламаның астында көрінеді. Бұл мүмкіндік дыбыстық хабарламалар естілмейтін жағдайда да оның мазмұнын білуге көмектеседі. Транскрипциялардың ең жақсы мүмкіндігі – дауыстық хабарламаны кілт сөздер бойынша іздеуге болады. Бұл пайдаланушы іздеген маңызды ақпарат болуы мүмкін. Транскрипция арқылы оны жылдам табуға болады.

Meta дауыстық хабарлама транскрипциясы қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін iPhone және Android үшін арнайы нұсқаулық шығарды. Бірнеше тілді қолдаудан басқа дауыстық хабарламаны мәтінге ауыстыруда iPhone мен Android арасында бір маңызды айырмашылық бар. iPhone пайдаланушылары WhatsApp-та дауыстық хабарлама транскрипциясын қоспас бұрын Siri-ді қосуы керек. Сонымен бірге, iPhone қолдайтын тілдер Android жүйесінде тілдермен салыстырғанда көбірек. 

Қазіргі уақытта қолдау көрсетілетін тілдер операциялық жүйеге байланысты. iOS 16+ нұсқасында ағылшын, испан, француз, неміс, итальян, жапон, корей, португал, орыс, түрік, қытай және араб тілдерінде қолдау көрсетіледі. Ал iOS 17+ жүйесінде қосымша: дат, фин, иврит, малай, норвег, голланд, швед және тай тілдері бар. Android жүйесінде тілдердің жиынтығы шектеулі: ағылшын, португал, испан және орыс тілдері.

Meta-ның арнайы нұсқаулығында Транскрипцияны қолданғанда қиындықтар тудыруы мүмкін екенін түсіндіреді. Бұның себебі кейбір тілдердің бұл опцияға енбегендіктен немесе жіберушінің аудиосында бөтен шуылдың болуымен байланысты. Фондық шуыл да кейбір сөздерді түсінуді қиындатуы мүмкін. Сондай-ақ, дауыстық хабарлама жіберген адам транскрипция тілінен басқа тілде сөйлейтін болса да мәтін қате болады.

Алдағы уақытта WhatsApp бүкіл әлем бойынша дауыстық хабарламаларды транскрипциялауды қолдайтын болады. Бірақ бұл мүмкіндік келесі бірнеше апта ішінде кезең-кезеңімен таратылмақшы. Ресми блог жазбасында WhatsApp «бұл тәжірибені дамытып, оны одан да жақсырақ және сапалы жасағысы келеді» делінген. Болашақта чаттардың сапалы транскрипциясын және жаңа функция қолдайтын тілдердің тізімінің көп болуын күтеміз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.