Emirates сияқты әуе тасымалдаушылары қазіргі заманғы авиациялық ландшафты, саяхаттың мазмұнын өзгертті. Жолаушылардың жылдамдыққа, сапа пен жайлылыққа қоятын талаптары күшейді.
25 000 доллар тұратын әуе саяхатына шақырады. Барасыз ба?
Emirates әлемдегі ең танымал, ең сүйікті әуе компаниясы. Фото YouTube платформасынан алынды. Авторлығы: Emirates каналы
1,575
оқылды

Британдық The Telegraph басылымындағы материалға сүйенген Aikyn.kz ең танымал әуе тасымалдаушыларымен таныстырады. 1955 жылы Лондоннан Сиднейге ұшу төрт күнге созылатын, ұшақ Цюрих, Бейрут, Карачи, Калькутта, Сингапур, Джакарта және Дарвинге аялдайтын. Фото Business Insider сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Nicolas Economou

Еуропадағы алғашқы арзан әуе компаниясын құрған адам Дж. Мартин Шредер өткен айдың басында 93 жасында қайтыс болды. Оның есімі көпшілікке танымал болмаса да, ықпалы өзі туған Нидерландының шекарасынан асып кетті. Ол құрған Martinair әуекомпаниясы голландиялық ұлттық тасымалдаушы KLM-ге қарсы шығып, арзан авиакәсіпкерлердің келесі ұрпағына жол ашты. Бұдан кейін Ryanair және easyJet әуе тасымалдаушылары өмірге келді.

Мартин Шредер «орындықтарды қосу немесе алып тастау арқылы өз ұшағын жолаушылар мен жүктерге қызмет көрсетуге жылдам түрлендірудің жолын тапты. Ол ұшақты бірнеше сағатта өзгертуге болатынын көрсетті. Бірақ оның кейбір жолаушылары өздері мінген ұшақ өткен түнде тасыған жылқылар, шошқалардың немесе сиырлардың иісін сіңіріп алғанына шағымданушы еді.

Ал азаматтық авиация тарихында бұдан басқа қандай әуекомпаниялары ең ықпалды деп танылады. The Telegraph басылымының таңдауымен таныстырамыз.

1958 жылы 4 қазанда British Airways ұшақтары Лондон-Нью-Йорк бағытында трансатлантикалық реактивті ұшақтардың дәуірін бастады. Фото Bloomberg сайтынан алынды. Авторлығы: Jason Alden

British Airways (British Overseas Airways Corporation, BOAC): 1940-1974

British Overseas Airways корпорациясы заманауи реактивті дәуірдің бастаушысы болды және «әлемдегі сүйікті әуе компаниясына» айналды. British Airways өзінің халықаралық ұшу сапарларын 1952 жылы мамырда Лондон-Найроби-Йоханнесбург-Токио рейстерімен бастады.

Алты жылдан кейін 1958 жылы 4 қазанда British Airways ұшақтары Лондон-Нью-Йорк бағытында ұша бастады. Трансатлантикалық реактивті ұшақтардың дәуірі басталды. 1950 жылдардың аяғында BOAC Антарктидадан басқа барлық континенттерге ұшатын «әлемдік авиакомпания» атанды.

1970 жылдары Boeing 747 ұшағы қолданысқа берілген кезде жолаушылар саны жылдам өсіп, BOAC мол пайда таба бастады. Сол кездегі танымал маршруттар бүгін де үлкен сұранысқа ие: Лондон-Нью-Йорк, Лондон-Йоханнесбург, Токио және Сиднейге баратын бағыттар. 1955 жылы Лондоннан Сиднейге ұшу төрт күнге созылатын, ұшақ Цюрих, Бейрут, Карачи, Калькутта, Сингапур, Джакарта және Дарвинге аялдайтын. 

1974 жылы BOAC British European Airways-пен бірігіп, British Airways-ті құрады. Осы күнге дейін British Airways әуе диспетчерлерімен байланысқан кезде бұрынғы BOAC-тің шақыру белгісін пайдаланады: «speedbird».

Pan Am стюардессаларының күлкісі. Фото cnet.com сайтынан алынды. Авторлығы: Air Hollywood

Pan Am: 1927-1991

BOAC алыс қашықтықтарға қызмет көрсетуде көшбасшы болса, Pan American Airways (Pan Am) әуе сапарларына ерекше жайлылық пен сапалы қызмет алып келді. Кейбір жолаушыларға компанияның көкшіл-ақ глобус логотипі ұнаса, басқаларға сәнді қалпақ киген стюардессаның көк униформасы тартымды болып көрінді. 

1958 жылы ешқашан ұйықтамайтын Нью-Йоркті махаббат қаласы Парижбен байланыстыратын бірінші трансатлантикалық бағыт жаңа реактивті дәуірдегі ең романтикалық рейс деп саналды.

Pan Am 1960 жылдардағы хит фильмдерге түсіп, бұқаралық мәдениеттің бөлшегіне айналады. Танымал фильмдерде осы компанияның ұшақтары жиі көрінетін болды, атақты The Beatles 1964 жылы Нью-Йоркке алғашқы америкалық телекөрсетілім үшін BOAC емес, Pan Am 707 ұшағымен келді.

Pan Am компаниясының стюардессасы болу сол кездегі әйелдердің арманы болатын. Pan Am-ның бұрынғы стюардессасы Кристел Вэйн Telegraph Travel басылымына: «Бұл әйелдерге арналған ең жақсы жұмыстардың бірі болды. Әйелдерге хатшы немесе стюардесса болудан басқа жұмыстар болмады», – дейді.

Pan Am 1970 жылы «Аспан патшайымы» атанған Boeing 747 ұшағын қолданған алғашқы әуе компания болды. Ол Американың көшбасшы тасымалдаушысы болды, бірақ компания табысы 1973 жылғы мұнай дағдарысынан кейін төмендеп кетті. Мұнай бағасы төрт есе өсіп, оның 747 ұшақтарын пайдалану тиімсіз болып қалды. Компанияның ұшақтарына АҚШ-тың ішкі рейстері болмады. 1991 жылы Pan Am банкрот деп жарияланды.

Американың алғашқы бюджеттік Pacific Southwest Airlines (PSA) компаниясының ұшағы алғаш рет 1949 жылы 6 мамырда аспанға көтерілді. Фото commons.wikimedia.org сайтынан алынды. Авторлығы: Andre Du-pont

Pacific Southwest Airlines: 1949-1988

Американың алғашқы бюджеттік Pacific Southwest Airlines (PSA) компаниясының ұшағы алғаш рет 1949 жылы 6 мамырда аспанға көтерілді. Жалға алынған Douglas DC-3 ұшағы сол кезде Линдберг аэродромы деп аталатын Сан-Диего әуежайынан көтеріліп, 24 жолаушыны Голливуд-Бербанк әуежайы арқылы Окленд әуежайына жеткізді. Оның негізін қалаушы Кенни Фридкин жергілікті Калифорния авиакомпаниясы ретінде АҚШ үкіметінің баға белгілеу ережелерінен тыс жұмыс істеді, бұл бағаны төмен белгілеуге мүмкіндік берді.

Авиакомпания жолаушыларға ешқандай қосымша қызметтер ұсынбады, әуежайларда арнайы тіркеу орындары болмады, ал жүктер едендік таразыда өлшенетін. Саяхаттың бір класы және ұшақтың бір ғана түрі болды. Қазір бұл инновацияны барлық заманауи арзан тасымалдаушылар қолданады. PSA өзінің жұмысының бірінші жылында табыстылыққа қол жеткізді.

1950 жылдары компания Douglas DC-4 ұшағын қолданып, Сан-Диегодан Сан-Франциско, Сан-Хосе және Онтариоға рейстер бастады. 1960 жылдары әуе компаниясы қаржы нарығына шығып, өзінің паркін Boeing 727 және Boeing 737 ұшақтарымен толықтырды. PSA өзін «әлемдегі ең достық мейірімді әуе компаниясы» ретінде көрсетті.

1978 жылы АҚШ-тың авиакомпанияларды реттеу туралы заңы федералдық тарифтерді бақылауды алып тастап, бәсекелестік пен өсудің жаңа дәуірін бастады. PSA өз желісін Калифорниядан тыс кеңейту мүмкіндігін пайдаланып, Рено, Лас-Вегас, Солт-Лейк-Сити және Мексикадағы Кабо-Сан Лукас сияқты бағыттарда ұша бастады. Lockheed L-1011 кең фюзеляжды ұшағына тапсырыс берді.

1986 жылы US Airways авиакомпаниясы PSA-ны 400 миллион долларға сатып алды, ал 1988 жылы PSA ірі тасымалдаушыға біріктірілді. Дегенмен оның сәтті бизнес-моделі қазір бүкіл әлем бойынша қысқа қашықтыққа тасымалдау операторлары үшін, соның ішінде British Airways сияқты ірі тасымалдаушылар үшін де пайдалы болып қалуда.

Әлемді таңғалдырған Emirates жолаушыларды құрметпен осылай қарсы алады. Фото moneycontrol.com сайтынан алынды

Emirates: 1985 жылдан қазіргі уақытқа дейін

30 жыл бұрын Біріккен Араб Әмірліктері туралы естіген немесе Дубайды картадан таба алатындар аз болатын. Сол кезде British Airways басқа тасымалдаушыларға қарағанда халықаралық жолаушыларды көбірек тасымалдайтын әлемдегі ең танымал сүйікті әуе компаниясы болды. Жағдай тез өзгерді.

Бүгінде  Emirates жоспарланған жолаушылар шақырымы бойынша ең ірі халықаралық әуе компаниясы: 2023-2024 жылдары 344,7 миллиард шақырым. Ал жылына 90 миллион жолаушыға қызмет көрсететін әлемдегі ең үлкен халықаралық Дубай әуежайы Emirates-тің басты әуежайы саналады.

Алыс қашықтықтарға Emirates керемет жайлы A380 ұшақтарын ғана пайдаланады. Фото wego.com сайтынан алынды 

Екі британдықтың жетекшілігімен – бас директор сэр Тим Кларк пен Dubai International басшысы Пол Гриффитс – Emirates жаһандық авиацияның ауырлық орталығын Еуропадан Парсы шығанағына ауыстырып, үлкен хаб жасады. Еуропалықтар Дубай арқылы Аустралияға, Азия мен Африкаға ұшады. Қытайлық жолаушылар Африкаға Дубай арқылы транзитпен барады. Көптеген үндістер басқа елдерге Делиден немесе Мумбайдан тікелей ұшпай, Дубай арқылы ұшатындықтан, Emirates «Үндістанның ұлттық тасымалдаушысы» деген бейресми атауға да ие болды. 

Кларк «ерлік жасап» 120-дан астам Airbus A380 суперджамбосын (екі палубалы үлкен лайнер) сатып алды. Оларда бірінші дәрежелі жолаушыларға арналған душ кабиналары, бизнес-класс жолаушыларына арналған үлкен бар, премиум-экономика кабиналары мен керемет қызмет көрсететін эконом класс бар. Жолаушылар жайлылық пен жаңашылдықты жақсы көреді. Алыс қашықтықтарға ұшатын Emirates-пен салыстырғанда оның бәсекелестері оннан аспайтын A380 ұшағын пайдаланады.

Emirates Дубай қаласы мемлекетінің тірегі сияқты, тұрғындар «қаламен біріктірілген әуе компаниясы» деп әзілдейді.

«Ұшатын кенгуру» ұзақ рекордтық ұшу сапарларын, Еуропадан Аустралияға тікелей 17 сағатқа созылатын рейстерді алғаш болып орындады. Фото skytraxratings.com сайтынан алынды

Qantas: 1922 жылдан қазіргі уақытқа дейін

«Ұшатын кенгуру»  ұзақ рекордтық ұшу сапарларын алғаш бастаған әуе компаниясы. Сидней мен Мельбурннан Лос-Анджелеске, Даллас пен Йоханнесбургке 15 сағаттық рейстерді орындайтын өте ұзақ қашықтыққа ұшудың пионері болды. Ол Лондон, Париж,  Рим және Перт арасында 17 сағаттық рейстермен Еуропадан Аустралияға тікелей рейстерді алғашқы болып орындады.

Qantas тағы бір авиациялық рекордты жаңартпақшы: Лондон мен Нью-Йорктен Сидней мен Мельбурнға 21 сағаттық үздіксіз рейстерді ашу. 2026 жылдан бастап QF2 түске дейін Лондоннан шығып, келесі түстен кейін Сиднейге қонатын болады. QF1 рейсі Сиднейден кешке шығып, келесі күні таңертең Лондонға жетеді.

Бұл рейстер 17 700 шақырымды құрайды, бұл бүгінгі ең ұзақ Нью-Йорк-Сингапур рейсінен де ұзақ болмақшы. Singapore Airlines өз рейсін 19 сағатта орындайды, қашықтығы 15 200 шақырым. 

Qantas 2019 жылы 10 уақыт белдеуі мен 11 елді кесіп өтетін Лондоннан Сиднейге үздіксіз сынақ рейсін сәтті орындаған еді. Бұл рейстің 34 жолаушысы Солтүстік Еуропа, Ресей, Қазақстан және Қытай арқылы шығысқа, одан кейін Оңтүстік Қытай теңізі арқылы оңтүстікке қарай ұшып, Аустралияға Дарвин әуежайына қонған болатын.

Азаматтық авиация тарихында жоспарланған ең ұзақ бір тәулікке жақын созылатын рейс 2026 жылы қосымша жанармай багы орнатылған және салмақты азайту үшін әдеттегіден аз орындықтар қойылған Airbus A350 ұшағы да осындай маршрут бойынша сапар шегеді деп болжанған.

Сала мамандары Лондоннан Сиднейге бірінші дәрежелі тікелей рейстің құны қанша болатынына бәс тігуде. The Telegraph журналистері Лондон-Сидней-Лондон әуе саяхаты үшін 25 000 доллар көлемінде болатынын болжауда.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.