Биыл ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, про­фессор, Ұлттық ғылым академиясының құрметті ака­демигі Серік Кененбаев 70 жасқа толып, мерей­той­ын тойлағалы отыр. Қазақстанның ауылшаруа­шылық ғылымында ерекше орны бар азаматтың ғы­лым жолындағы алғашқы қадамдары, студенттік өмірі жайлы естелік жазуды жөн көрдім.
Топырақтану тарланы
254
оқылды

Арман қуып, білім іздеп Қазақстанның түкпір-түкпірінен әсем қала Алматыға келген 50 қыз-жігіт 1972 жылдың жазында Ең­бек Қызыл Ту орденді Қазақтың мем­лекеттік ауыл шаруашылығы институтының Топырақтану және агрохимия факультетіне студент болып қабылдандық. 29 тамыз күні институтқа түскен 900 студентті Тал­­дықорған облысы Гвардия ауданына  ауылшаруашылық жұмысына – картоп жинауға жіберді. Содан 40 күндей жұмыс істеп, 11 қазанда Алматыға қайттық. Бұл мерзім біздің студенттердің бір-бірін жақсы тануына, білуіне, достасуына жағ­дай туғызды, бір қазаннан ас ішіп, бір баракта жаттық. Курста екі ғана топ болған соң барлығымыз бірге жүрдік, арасында әскерден келгендер, өндірісте жұмыс істегендер және мектепті жаңа бітіргендер болды. Жас айырмасына қарамастан біздің курс студенттері өте ұйымшыл, белсенді болып шықты, бес жыл  тату-тәтті жүріп, оқуды ойдағыдай бітірдік. 50 жылдай уақыт өтсе де, көпші­лігіміз әлі күнге дейін бір-бірімізбен ха­­барласып, жағдай сұрасып  тұрамыз. Бір үзім нанды бөліп жеп, бес жыл бойы бір-біріне қамқор болып жүрген студенттік өмірдегі достардың әрқайсысының орны бөлек. Солардың бірі, курсымыздың мақтанышы, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты­ның Топырақтану және агрохимия зерт­ханасының бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі және Моңғол аграрлық ғылымдар академиясының академигі Серік Бәрменбекұлы  биыл 70 жасқа тол­ып, мерейтойын тойлағалы отыр. 

Нағыз азаматқа сипаттама бергенде «Се­гіз қырлы, бір сырлы» деп жатады, ол қара басын ғана ойламайтын, ағайын-туыс, бауырларға, достарға қамқор болатын Секең сияқты тұлғаларға арналған деп есептеймін. Оқу бітіріп жан-жаққа тараған курстастар қай жақта  жүрсек те,  жарты ғас­ыр­дай  уақыт өтсе де бір-бірімізге тілек­­тес болып, құлағымызды түріп, ел­ең­деп, достар туралы жағымды жаңалықтар күтіп жүреміз. Мобильді байланыс жоқ кезде  хабарларды, әрине орталықтан, яғни Ал­матыдан, Серіктер арқылы алып тұратынбыз, себебі жолы түсіп Алматыға барғандардың маңдай тірейтіні Серік Бәрменбекұлы болғандықтан, барлық ақпарат сол орталыққа жиналып, сол жақтан тарайтын. 

Секең Жамбыл облысы Шу ауданына қарасты Белбасар ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келген. Кәдімгі ауыл баласы болып шаңды­­ бұрқыратып, тал­­шы­бықты ат қылып мініп ойнаған, шөп шау­ып, бақша егіп, мал бағып, ата-анасына қолғабыс беріп жүрсе де, оқуға зерек болып, мектепті үздік бітірген. Орта мектепті біт­ір­ген жылы аяқастынан нау­қастанып, жо­ғары оқу орнына бара алмай қалғандықтан, бір жыл шаруашылықта жұмыс істейді. Келесі жылы, яғни 1972 жылы барлығымыз бірге оқуға түстік. Сту­дент Серік институт та­балдырығын аттаған бойда өзінің алға қой­ған мақсатына ұмтылысымен, оқуға деген ықыласымен ерекшеленді.

Оқу картоп жинаудан басталғанын айтып өттім, еңбекке қызу араласып кет­тік, берілген тапсырма-жоспар күніне әр студентке 700 келі жинау болса, біз оны асыра орындап жүрдік, әр топ күніне 25-30 тонна картопты автокөліктерге тиеп жіберіп тұрдық. Әрине, мұндай даладағы дене еңбегі және барақтағы өмір кімнің кім екенін анықтауға, толық біліп түсінуге мүмкіндік берді. Осы кезеңде алдыңғы саптағы жігіттердің арасында Серік те болды. Көп сөйлемейді, жұмысты ойдағыдай атқарады, досқа адал, қақ-соқпен жұмысы жоқ, өтіріктен аулақ. Барлығымыз Сәкеңнің айналасында болуға тырыстық. Оның басқа да жақсы қасиеттері институт аудиториясына келіп, сабақ басталғанда көріне бастады. Қағаз-қаламы әрқашан дайын, алдыңғы қатарға отырып, оқытушының әрбір сөзіне, қимылына мән беріп, ұғынуға тырысатын. Соның арқасында институтты қызыл дипломмен, үздік бітіріп шықты. 

Бірінші курстың аяғында маусым айында Ботаника және Геодезия пәндерінен үш апталық оқу практикасын өту үшін Қырғызстанның Ыстық көл жағалауындағы институтымыздың тынығу лагерінде болдық. Бұл да бір студенттік кезеңнің есте қаларлық бақытты сәттерінің бірі болды. Шілде айында «Жалын» студенттік механикаландырылған отряд құрамында Торғай облысы Есіл ауданы Комсомол кеңшарының 30 мың гектар бидай егісін жинауға қатысып, қазан айында сабаққа кірістік. Секең тың өлкенің астығын жинауда да алғы шептен көріне білді. Екінші курстан соң Алматы қаласының құрылыс мекемесінде екі айдай жұмыс істедік, ол кезде солдаттар мен студенттер арзан еңбек қолы еді ғой, қайда жұмсаса сонда баратын. Азын-аулақ тиын-тебен беретін, сылтау айтпай, өтірік анықтама жинамай бәріне толық қатысатындардың қатарында Секең, мен болдым, содан пісіп, шынығып шыққан шығармыз.

Секең «Топырақтану» кафедрасы бойынша практикаға 3-4 курстан соң Талдықорған облысында экспедицияда болды, ал мен 4-курстан соң Талдықорған аймақтық агрохимия лабораториясында төрт ай болдым. Бір облыста жүрген соң анда-санда кездесіп тұрдық, Талдықорғанда әскерде Азамат деген Секеңнің кластасы болды, сол жерде көптеген солдат жігіт­термен бірге жүріп, практика уақытын қызықты өткіздік. 

Институт бітірер кезде министрлік уә­кілдері келіп бітірушілерді жұмысқа бөлген кезде Серік пен Амандық Бадауов «ВИСХАГИ» институтының Алматы филиалына жіберілген. Мен туған ауылыма келіп, Қазақ ССР-інің 50 жылдығы атындағы кеңшарға аға агроном қызметіне орналастым. 2-3 ай өткен соң ВДНХ-ға іссапармен Алматыға келіп, жігіттерді іздеп «ВИСХАГИ»-ге барсам, оларды КазГипроземге жіберіпті. Сұрастырып  іздеп жүріп тауып алдым, сол мекеменің топырақты қалпына келтіру бөлімінде мамандықтары бойынша жұмыс істеп, қасындағы жатақханада тұрады екен. 

Секең ол жерде алты айдай қызмет істеп, Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының  аспирантурасына топырақ­тану мамандығы бойынша оқуға түсті. Міне, сол уақыттан бері 45 жылдан астам уақыт өтті, Секеңнің ғылымдағы өмір жолы осы Қазақтың аграрлық ғылымының қара шаңырағымен тығыз байланысты болып келеді. Серік Бәрменбекұлы аспиранттан үлкен ғылыми орталықтың бас директорына дейін өсіп, «ҚазАгро­Инно­ва­ция» АҚ вице-президенті, содан  соң президенті болып, Қазақстанның аграрлық ғылымын үш жылдай басқарып отырды. Секең өзі білім алған Қазақ ұлт­­тық аграрлық зерттеу университетінде кафедра меңгерушісі, ғылым департа­ментінің басшысы қызметтер­ін атқарып, көптеген ғылым кандидаты мен докторын тәрбиелеп шығарды. 

2004 жылы Секең алғаш  рет Сыр өңір­і­не ат басын бұрып, қасиетті жердің топырағын басты. Мен ол кезде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің ауыл шаруашылығы ма­ман­дарын даярлайтын «Ауыл шаруа­шылығы өндірісінің технологиясы» ка­фе­драсының  меңгерушісі болатынмын.  Агрономия мамандығы бойынша мемле­кет­тік аттестаттау комиссиясы төрағасына Қазақ картоп және көкөніс-бақша инс­титутының директоры Серік Бәрменбек­ұлы­ның кандидатурасын ұсынғанбыз, ұсынысты министрлік бекітіп, ақпан айын­да Секең Сыр бойының бас қаласы Қызылордаға келді. Жоспар бойынша жұмыс жүргізді, бірнеше күн студенттер­мен, жас ғалымдармен кездесіп, дәріс оқыды. Алматыға оралысымен Секең құрамына бірнеше ғылыми-зерттеу институты кіретін ірі ғылыми-орталыққа басшы болып тағайындалды. Содан кейін Секең әрдайым Сыр еліндегі бата қабыл болды, қасиетті жер ғой деп жүретін. Кейін Қызылордаға келіп халықаралық конференция өткізді, «ҚазАгроИнновация» АҚ президенті болған кезде Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ-дың хал-жағдайымен, күріш проблемалары жайлы кеңестерге жиі келіп, Сыр өңірінен көптеген дос, пікір­лестерін тапты. 

Секең – бұл күнде агрономия саласын­дағы еліміздегі жетекші ғалымдарының бірі. Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен Қазақстанның қара, күңгірт қара-қоңыр, сұр топырақтарында интен­сификациялық факторларды: ауыспалы егіс, топырақты өңдеу, шөп егу, сидерация, органикалық және мин­ералды тыңайт­қыштарды ұзақмерзімді игеруде топырақ құнарлығының аймақтық трансформация­лық ерекшеліктері зерт­телді. Қазақстандағы егіншіліктің аймақтық агроландшафты жүйесін жетілдіру негізінде қара, күңгірт қара-қоңыр, сұр топырақтар­дың құнарлы­ғын оңтайландыру практи­калық өндіріске енгізілді, топырақтардың құнарлығының моделін құрды және топырақтың құралу­ының табиғи және антропогендік ерекш­елік­терін ашатын теориялық маңызын анықтады. Секең Қазақстанның топырақ­тану, егіншілік бағытындағы ғы­лым­ын дамыту үшін және халық шаруашы­лы­ғының экономика­сын көтеру бағытында аянбай еңбек етуде. 

Ибадулла ТАУТЕНОВ,

профессор