Алматы облысында елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесін дамыту арқылы ауыл­дың барлығына таза ауызсу жеткізу бағытында нақты істер атқарылуда.
Әр ауылда таза су болуы керек
коллаж: Елдар ҚАБА
232
оқылды

Дәл қазір обл­ыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі ең басты мін­дет­тердің бірі. Соған сай атал­ған міндетті жүзеге асыру мақ­­сат­ын­да  облыс әкімдігі қалалар мен ауылдардағы сумен жабдықтау жүйесін жақсарту бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.

Өңірдегі облыстық деңгейдегі (Алатау, Қонаев) және 3 аудандық маңызы бар  (Қаскелең, Есік және Талғар) қалалар­ындағы тұрғындарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 99,8%-ға жеткен. Сон­дықтан мұндай ірі елді мекендерде таза суға қатысты мәселе жоқ деуге бола­ды. Дегенмен көктемгі және күзгі жау­ын-шашынды кездері судың лайланып кетуіне қатысты жағдайлардың кездесіп қалатынын жасыруға болмайды. Алдағы уақытта мұн­дай келеңсіздіктерді мүлде болдырмаудың жолдары қарастырылуда. 

Ал облыстағы үлкенді-кішілі  368 ауылдық елді мекеннің 343 ауылы (93,2%) орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Тағы 23 ауыл тұрғындары  (6,3%) дербес ұңғымалар арқылы су алады. Ал 2 ауылдың халқы  (0,5%)  тасымалданатын  сумен қамтамасыз етіледі.

Өңірдегі сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 5 128 шақырым болса, бүгінде оның 53,5%-ы (2 743 шақырым) тоз­ған және тез арада қайта жаңғыртуды талап етеді. Қазір осы тозығы жеткен және кез келген уақытта істен шығуы мүм­кін желілерді жаңғырту және қайта төсеу жұмыстары атқарылуда. 2023 жылы 54 шақырым топтық су құбырын қоса алғанда 260,6 шақырым су құбыры жаң­ғыртылып, жаңадан салынды. Соның нәтижесінде 45 213 адам сапалы ауызсуға қол жеткізді. Биыл да бұл бағытта қыруар шаруа атқарылуда. Жыл соңына дейін 13 нысанның құрылысы аяқталуы керек. Тағы 42 жобаны іске асыру 2025 жылы жалғасатын болады.

Судың сапасы және бақылау жүйесіне келер болсақ, орталықтандырылған су құбыры бар елді мекендердегі ауызсудың сапасы санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүйелі түрде бақылау жүргізіп отырады. 

Бүгінде Алматы облысында  «Әрбір елді мекенде таза ауызсу» ұлттық жобасы қолға алынған. Аталған жоба ауқымында 2 қала және 79 ауылдық елді мекенде ауызсу желілерді қайта жаңарту жүзеге асырылып, 6 ауылда жаңа сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысы жүргізілуге тиісті. Соның нәтижесінде 498 шақырым су құбыры жаңғыртылады және салынып, су желілерінің тозу деңгейі 47%-ға дейін төмендейді. Ойға алғандар толық орын­далса, биыл ауылдық елді мекендердің 95%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіліп, келер жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш  99,6%-ға жеткізіледі. 

Былтыр  Алматы облысында басты мақсаты  тұрғын үй-коммуналдық ин­фра­құрылымды дамыту және «Ин­вес­тицияларға айырбастау тарифі» бағ­дарламасын іске асыру болып саналатын Alatau Public Utilities ЖШС құрылды. Атлған компания қызметінің негізгі ба­ғыт­тары: сумен жаб­дықтау және су бұру бойынша бірыңғай оператор құру; сумен жабдықтау жүйесін цифрландыру; қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару­дың өңірлік жүйесін ұйымдастыру; зи­рат­тардың орналасуы және оларды есепке алу; жылумен жабдықтау бойынша бірыңғай оператор құру. 

Жалпы, соңғы жылдары облыста хал­ықты таза ауызсумен қамтамасыз ету жүйе­сін дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мұндағы  негізгі мақсат – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік тұрақтылықты нығайту. Жоспар­ланған жобаларды іске асыру облыс тұрғын­дарының көпшілігін таза және үздіксіз ауыз­сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы