Жыл он екі ай халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ете­тін жылыжайлардың жұмысы қоғамда жоғары маңызға ие.
Жылыжай жайқалса – құт
189
оқылды

Бұл ретте елімізде жылыжай шаруашылығын дамыту мақсатында көптеген кешенді шаралар қолға алынып жатқаны белгілі. Дейтұрғанмен, халық арасында екі маусымда елді көкөніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз етуді көздейтіндердің жұмысына айтылар сын-ескертпелер аз емес. 

Сыр өңірінде де жылыжайлар санын көбейтіп, көл-көсір өнім алуды көздейтін көптеген шаруалар атқарылып жатыр. Алайда әрбір атқарылған жұмыс оң нәти­же­мен өлшенетіні белгілі. Бұл тұрғыда өңір­де арагідік «әттеген-ай» дейтін тұстар қылтиып көрініп қалып жатады.

Көп жағдайда қоғамда жылыжай шар­уашылығы көбейіп, бәсекелестік қал­ып­тасса, өнім бағасы арзандап, халық­т­ың қалтасына салмақ салмайтын еді деген түсінік бар. Бұл – заңдылық. Бірақ бүгінде елімізде аталмыш шаруашылықты ілгерілетуге ниеттілер қатары аз болма­ғанымен, өнім бағасы халықтың көңілін көншітпейтіні жасырын емес.

Жылыжай шаруашылығын жандан­дыру­ға бетбұрыс жасап, кейіннен игі бастамасы аяқсыз қалған жайттар ел ара­сында кездесіп қалады. Соның ай­ғағындай, бұған дейін Сыр өңірінде қараусыз қалған жылыжай кешенінің күйі көпті толған­дырғаны мәлім. Бір кездері қыруар қаржыға іргесі қаланған кешеннің бүгінде жетімнің күйін кешіп тұрғаны шынында да күмәнді ойларға жетелейді. 

Нақты айтқанда, бұл келеңсіздік Қызы­лорда қаласының іргесіндегі «Ягодка» саяжайында болғаны ең алғаш әлеуметтік желіде жарияланған еді. Бастапқыда қаз-қатар тізілген сәулетті жылыжай кешен­інің кейіннен жұлым-жұлымы шыққан кейпі алаңдатады. 

Кейіннен бұл шаруа 2012 жылы бастау алғаны жария болды. Жоба әу баста хал­ықты арзан бағада көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге негізделген. Алайда игі бастама жар ортасында тоқтап қалған. Бұл шаруа қыруар қаржыны талап ететіні айтпаса да түсінікті. Мәліметке сәйкес, 120 жылыжайдан тұратын кешенді салуға 700 млн-ға жуық қаражат жұмсалғаны да мәлім болды. Алайда жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізілмей, кейіннен кешен қа­р­­ау­сыз қалып тұр.

Сол уақытта халықты арзан өніммен қамтамасыз етуге негізделген бірегей жобаны жүзеге асыруға бастамашыл бол­ған Аграрлық несие корпорациясының Қызылорда облыстық филиалынан мәсе­ленің мән-жайын да анықтаған едік. Белгілі болғандай, филиал тарапынан жылыжай құрылысын жүргізуге ниет біл­дірген кәсіпкерлер лизинг шартымен қарастырыл­ған төлемдерді өтей алмауына байланысты сотқа талап-арыз беру жұ­мыстары жүргізіліп жатқаны белгілі бол­ды. Сонымен қатар жылыжай жұмысын қайта жалғастыру үшін техникалық зерттеу жұмыстары жүр­гізіліп, жобаны толық аяқ­тау үшін қомақты қаржы қажет екені нақтыланғаны да айт­ылды. Әзірге соттағы талап-арыздың шеші­мі күтіліп, соған сәйкес жобаны қайта жалғастыруға ниетті инвесторларды іздестіру жұмыстары жүргізілетіні тілге тиек болды. Бірақ әлі күн­ге дейін жылыжай кешені қараусыз, «қу кетті, іс бітпедінің» күйін кешіп тұр. Оның қашан жалғасатыны әлі де беймәлім күйде қалып тұрғанға ұқсайды. Жалпы, осындай келеңсіздіктер жылыжай шаруа­шылығын дөңгелетуге кері әсерін тигізіп жатады. 

Негізінен, өңірде жылыжай жұмысын жандандырып, көкөнісін көркейтіп отырған кәсіпкерлер де жоқ емес. Жылы­жай жұмысын жандандыруға өз үлестерін қосып жатқан мұндай кәсіп­керлердің еңбегі көпке үлгі. 

«Бүгінде аймақта жалпы көлемі 12,1 гектарды құрайтын 21 жылыжай жұмыс істейді. Соңғы жылдары бұл жылыжай­лардан 8 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды. Қарқынды жұмыс жүргізіп жатқан жылыжайлар да бар. Осы орайда, АӨК цифрландыру және ішкі нарықты көкөніс өнімдерімен маусымдық кезеңде қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 2 гектарды қүрайтын «КазАгроМир» ЖШС-­ның автоматтандырылған жылыжай кешенін ерекше атап өтуге болады. Бұл жылыжай цифрландырылған жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жыл­ы­жайда өсірілетін көкөністердің жыл бойына температурасы реттеліп, суару, тыңайтқыштарды беру процестері автоматты түрде жүргізіледі. Бұдан бөлек, 2023 жылы облыста жеңілдетілген несие беру арқылы жылыжайлар салу мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 34 жылы­жай іске қосылды. Осындай игі жұмыстар өңірді көкөніс өнімдерімен табиғи және тиімді бағада қамтамасыз етуде септігін тигізетін болады», – деп түсіндірді бұл жайында Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының егіншілік бөлімінің басшысы Асылжан Жарылқас­ынов. 

Соңғы жылдары жылыжай ісін дамы­туға мектептер мен жоғары оқу орындары­ның да қосып жатқан үлесін жоққа шығаруға болмас. Әсіресе, Сыр өңіріндегі іргелі оқу орындары жанынан ашылып, жүйелі жұмыс істеп жатқан жылыжай кешендерін көргенде жүрегіңе жылылық ұялайды. 

Жалпы, жылыжай жұмысын ілгерілету де оңай шаруа емес. Оған құйылатын қыру­ар қаржыны айтпағанның өзінде, мол өнім алу мақсатында күтіп-баптау мен топырағын құнарландыру жұмыстары қажырлы еңбек пен табандылықты қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Ал жылы­жайымыз жайқалса, елдің ырзық-несібесі молая түсері сөзсіз. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы