Елімізде балабақшада 300 мыңдай орын тапшы. Шенеуніктердің ағат ісі осы тапшылықты жоюға емес, оны одан ары өршітуге соқтыруы мүмкін.
Балабақшалар басына бұлт үйірілді
6,952
оқылды

Кәсіпкерлер «республика бойынша көптеген жекеменшік балабақша жаппай жабылады» деп дабыл қақты. Мәнісі мынау: жыл басынан жүрген тексерістер тұрғын үйге берілген жердің басқа мақсатқа жұмсалғанын анықтады. Яғни, баспана ретінде салынған коттедж бен үй артынша бизнес жүргізуге сатылған, жалға берілген. Оларда балабақша ашылған.

Мораторий бітті, бизнес мұңға батты

Шағын кәсіпкерлерді «Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер палатасы қорғауға ты­рысты. Оның мәліметінше, бір ға­на Алматыда 700-ден астам балабақшаға қызметін тоқ­тату қаупі төнді. Айта кетер жайт, бұл қауіп мем­лекет­тік балабақ­ша­ларды айналып өткендей: оларды ғима­рат­пен жергілікті әкімдіктер қамтамасыз етеді және құ­жат­тары дұрыс.

Ал жеке кәсіпкерлердің жағдайы ауыр­лау. Олар білім басқармалары және бақы­лау­шы мекемелер қоятын талапқа сай болу үшін жеке тұрған ғимаратты ипотекаға, не­сиеге сатып алады немесе жалға алады. Мұн­дай нысандар көбіне коттедж бен жеке үй болып шығады. Себебі жер алып, жеке ғи­марат тұрғызуды ұсақ кәсіпкердің қал­тасы көтермейді. Сөйтіп, оның бәрі жой­қын соққының астында қалып тұр. 

Мемлекет басшысының бастама­сы­мен 2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап, ұсақ (микро) және шағын бизнесті тек­серуге 3 жылдық мораторий енгізілгені бел­гілі. Былтыр тыйым мерзімі аяқ­тал­ған­нан кейін тиісті дайындық жұмыстарын жүр­гізген құзырлы мемлекеттік органдар 2024 жылдың басында кәсіпкерлердің жер телімдерін нысаналы мақсатынан тыс пай­далануын да тексеріп, заңбұзу­шы­лық­тар­ды жаппай анықтай бастады. Бұдан бұрын, мо­раторийге дейінгі заманда балабақ­ша­лардан жерге қатысты құжаттарын талап етпейтін. 

Тексеріс қорытындысында билік мек­тепке дейінгі білім мен тәрбие беретін же­­­­кеменшік ұйымдарға екі ғана таңдау ұсы­нып, жолайырыққа тіреді. Олар тұрғын үй­дің және ол орын тепкен жердің бүкіл құ­жаттамасын заңнама талабына сәйкес кел­тіруге, жер телімінің нысанасын ком­мер­циялық мақсаттағы учаскеге ауыс­ты­рып алуға тиіс. Немесе қызметін тоқтатып, жабылуға тиіс. 

Ұзақ жыл шүмектеп тер төгіп, азабын тар­тып, шығынын шығарып, әзер жолға қой­ған бизнесін лезде құртып тынуға көзі қи­маған кәсіпкерлер бірінші жолды таң­дап, барлық құжатын заң талабына лайық­тауға қуана-қуана келісер еді. Алайда бұл өзгерістің шығыны әрбір жер телімі үшін 40 миллион теңгеге дейін жетеді екен. 

Астанадағы «Ерке бала» (иесінің сұ­рауы­мен атауы өзгертілді) балабақшасының құрылтайшысы Меруерт Мұхтарова жеті жыл бұрын жеке тұрған 3 қабатты коттеджді іргелес жер телімімен несиеге алыпты. 

– Мұнда үш отбасыға тиесілі жер учас­кесі бар, соны біріктірдім. Мұның бәрі 300 миллионнан астам теңгеге түсті. 15 жылға не­сиеге рәсімдедім. Ай сайын 2 миллион тең­геге жуық берешекті өтеп тұруым қажет. Түс­кен табыс шығындарды «жабуға» әзер же­теді. Ағымдағы және күрделі жөндеу, тех­персонал мен медицина қызметкерінің жа­лақысы, сауықтыру жәрдемақыларының тө­лемдері – ол бар. Қызметкерлер құл емес қой, жалақысын арттырмасаң, білікті тәр­биелеушілер басқасына немесе мектепке кетіп қалады. Мұның сыртында мектептен айыр­машылығы сол, балабақшаларда жаз­ғы каникул жоқ, қызметкерлер жыл он екі ай жұмыс істейді, шаршайды, – деді М.Мұх­тарова.

Балабақша тәрбиеленушілері бір ай де­малысқа кеткенде, оны каникулдағы мек­теп мұғалімдері уақытша алмастырады екен. Олар қомақты ақша бермесе келіс­пей­тін көрінеді, сондықтан қатардағы тәр­биеленушінің жалақысының екі есе­лен­ген төлемі төленеді.  

Бұған қоса, мемлекеттің «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдар­ла­масы аясында – коммуналдық қызмет­тер­дің төлемі жылына бірнеше рет, ал инфляцияның өсуі кесірінен – азық-түлік өнім­дері ай сайын қымбаттайды. Балалар сындырып, бүлдіріп тастайтын жиһаздарды үнемі жаңартып тұру керек. Білім бөлімі пе­догогикалық құрамның біліктілігін ұдайы арттыруды талап ететін көрінеді, оның курстары ақылы және қаражат жұм­сауды қажет етеді. 

Осының бәріне енді жер учаскелерін қай­та рәсімдеуді талап еткен шенділердің қи­ғылығының қиындығы қосылып отыр. Мұх­тарова ханым өзіне әзірге ешкімнің тек­серіспен мазалап келмегенін нақты­ла­ды. Бірақ ортақ чатта әріптестері бұл мә­селені талқылай келе, кәсіпкерлер пала­та­сына өтініш жазуға келісіпті. 

Мәртебе ауыстырудың машақаты көп

Өзге өңірлерде де тұйыққа тірелген кә­сіпкерлер «Атамекен» палатасының жа­нын­дағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жә­не жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жө­нін­дегі кеңеске жүгінді. Мысалы, Алма­ты­да 728 жекеменшік балабақша жеке тұрғын үйде орналасқан. Заңнама талаптарына сәй­кес, осы объектілердің бәрі тұрғын үй сек­торынан шығарылуға тиіс. Болмаса үй са­лынған жер телімдерінің нысаналы мақ­са­ты «жеке тұрғын үй құрылысынан» (ЖТҚ) «коммерциялық құрылым» мәр­те­бе­сіне өзгертілуге міндетті. 

Жекеменшік балабақша иелерінің төбе ша­шын тік тұрғызған тағы бір гәп бар. Ны­сан мен жер телімінің мәртебесі өзгер­ген­нен кейін салық та күрт өсетіні анықталды. Өйт­кені осыдан кейін балабақша салық­тар­ды есептіліктің «700 нысан-формасы» бойын­ша төлеуге көшіріледі, әйтпесе олар­дың жұмысы заңсыз кәсіпкерлік бо­лып танылады. Балабақша жабылады, қо­жайыны темір торға қамалады.

Жаңа бетбұрыс балабақшаларды қуда­лауға түрткі болыпты. Алматылық жеке ба­ла­бақшаның иесі Дана Порхоноева көп жылдан бері коттеджді арендаға алып отыр. Оның өзі салықты кәсіпкер ретінде тө­лейді. Бірақ жер салығының өсетіні тура­лы жаңа хабарлама алған үй иесі одан ба­ла­бақшасын жауып, үйді босатуды талап етті. 

– Қожайын: «Саған бола заңға қайшы ши­кіліктің шыққанын қаламаймын, шы­ғынға батқым келмейді!» – деді. Себебі оның үйі соғылған жер телімін ЖТҚ са­на­тынан шығарудың және оны коммерция­лық учаскеге ауыстырудың құны алдын ала есептеулер бойынша шамамен 20 миллион теңгені құрады. Үй иесі мұндай шығындарға дайын емес. Жеке балабақша ашқаныма 10 жылдай болды. Осы уақыт бойы бізге мұндай талаптар қойылған емес. Тек биыл ғана бұл проблемаға тап болдық, – деп мұң шақты кәсіпкер Д.Порхоноева.

Нысаналы мақсатын өзгерту жердің ау­мағына байланысты оның иелеріне 2 мил­лионнан 40 миллион теңгеге дейін шығын әкелуі мүмкін. Шығыннан басқа да проблемасы жетерлік. Бұл рәсім ұзаққа, жақын дегенде бір жылға созылуы ық­ти­мал. Бұл кезде балабақша жұмысын жал­ғас­тыра алмайды, қызметін белгісіз уақыт­қа тоқтатуы керек. 

Сорақысы сол, шенеуніктер мен кәсіп­кер­лер арасындағы тайталастан ел бола­ша­ғы – жас ұрпақ зардап шегеді. Бала­сы­мен үйде қалуға мәжбүр болса, ата-аналар жұ­мысынан айрылып, отбасы табыссыз қа­лады. Олай болса, бұл қуғын-сүргіннің му­льтипликативті теріс әсері көп болғалы тұр. 

– Қарқынды демографиялық өсуге бай­ланысты мектепке дейінгі мекемелерде онсыз да орын тапшылығы ушығып тұр. Бұл қазірдің өзінде ата-аналарға айтар­лық­тай қиындық туғызды. Халық санының жыл­дағы өсімін ескеріп, көптеген адамды ба­лабақшадағы орыннан айыруға жол беру­ге болмайды, – дейді Кәсіпкерлер құ­қы­ғын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері.

Кеңес өз шешімін хаттап, қалалық про­куратураға бағыттады. Қада­ға­лаушы орган салықшылардың жаппай жол­даған хабарламаларын заңсыз деп та­ныды. Соңғы сөз – салықшыларда. Мем­ле­кеттік кірістер органы ұсынысты қарас­тырып жатыр. 

Бірақ олар заңдағы талапты орындайды. Сон­дықтан заңнамадағы олқылық жойы­луы керек. Осы мақсатта кеңес Қазақстан кә­сіпкерлерінің құқықтарын қорғау жө­нін­дегі уәкіл Қанат Нұровқа ұсыныс ен­гізді. Бизнес-омбудсменнен Жер кодек­сі­нің 107-бабына өзгерістер енгізуге баста­ма­шы болу сұралды. Сол арқылы жекемен­шік­тегі мектепке дейінгі мекемелерге жал­ға берілген жеке тұрғын үйлердің жер учас­келерінің нысаналы мақсаты режимін же­ке белгілеп, жеңілдік берген жөн. 

Ондай жеңілдік қарас­тырыл­ма­ған­дық­тан, өзге де өңірлердің жеке балабақшалары, тіп­ті жекеменшік мектептері жер телім­де­рінің нысаналы мақсатын заң талабына сәйкестендіру туралы хабарлама алыпты. Мысалы, Түркістан облысында жеке 1 097 ба­лабақша бар. Анықталғандай, оның ішін­де 150 жеке балабақшаның жер учас­ке­сінің нысаналы мақсаты Жер кодексінің 65-ші бабына сай келмейді. Бұлардың бәрі жа­былса, облыста 12 350 бала мектепке дейін­гі тәрбие мен білімнен қол үзеді. Сон­дықтан балабақша иелеріне жыл соңына дейін құжаттарын рәсімдеу үшін құзырлы органдарға жүгінуге кеңес берілді. 

Тығырықтан шығар жол бар ма?

«Атамекен» палатасы мамандарының ай­туынша, Жер кодексіне тиісті өзгеріс ен­гізілмейінше, мемлекеттік органдар «бұ­рын азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер телімінде тұрғызылған ғи­маратты тек тиісті мақсатына пайда­лану­ды» талап етуден бас тарта алмайды. 

Мұның соңы бүлдіршіндердің мектепке дейінгі білім алу мүмкіндігінен жаппай айы­рылуына, табыс тауып, жұмыс істеуге уа­қыты қалмаған ата-аналардың нара­зы­лығына, қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің кү­шеюіне соқтыруы мүмкін. Себебі Қа­зақ­стандағы балабақшалардың басым көп­ші­лігі жекеменшік. Бұлардың көбі – 80%-дан ас­тамы не коттедж бен жеке үйде, немесе көп­қабатты тұрғын үйдегі пәтерде ашыл­ған. Соңғыларына да жабылу қаупі төніп тұр: қожайындары жеке пәтерін ком­мер­ция­лық мүлік ретінде қайта рәсімдеуі керек.

Сарапшылардың мәліметінше, кот­тедждер, тіпті көп бөлмелі пәтерлер бала­бақ­­­шаға арендаға тапсырылғанда, жалға беруші оны «жер учаскесіне құқықтарды ұсынусыз және оның нысаналы мақсатын өз­гертусіз» тек 1 жылға дейінгі мерзімге уа­қыт­ша пайдалануға береді. Әрі қарай арен­да мерзімін ұзартып тұрады. Егер ба­ла­бақша иесі өз қызметін әрі қарай жал­ғастыру үшін жер мен үй иесіне келіп, ны­­­­саналы мақсатты өзгертуді сұраса, қо­жайын оны қуып шығады.  

Кәсіпкерлер Жер кодексіне Парламент тиіс­ті өзгеріс енгізбесе, онда қосымша қо­мақ­ты шығын шығармай, қызметін жал­ғас­тыруға мүмкіндік беретін басқа ком­про­мисті-ымыра шешім түзуді сұрады. 

Қазақстанның үздіксіз білім беру қауым­­дастығының төрағасы Лейла Күле­но­ваның пікірінше, қазіргі қатаң талап са­­ланың күйреуіне, балабақшалардың кө­леңкеге кетуіне әкеледі. Бұл про­б­ле­ма­ның перспективті шешімі ретінде ол бірте-бір­те көшу тәсілін ойлап табуды ұсынды. Мем­­лекет далада қалу қаупі төнген бала­бақ­шаларды орынжаймен қамтамасыз етуі қа­жет. Сондай-ақ нысаналы мақсатына сәй­кестендіру шығынын бюджеттен суб­сидиялаған маңызды. 

Мән берсе, мәселе шешімін табатын тү­рі байқалады. Жекеменшік балабақ­ша­лар­ды жер телімдерін мақсатсыз пай­да­лан­ғаны үшін тексеруді уақытша тоқтату ту­ра­лы шешім қабылданған. Құзырлы ор­ган­дар хабарлама жолдаудан уақытша аяқ тарт­қан көрінеді. 

Үкімет басшысының орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Нұрлан Бай­база­ров кәсіпкерлер мен «Атамекен» па­ла­тасы көтерген, жекеменшік балабақша­лар­ға қатысты жер мәселесін шешу ұсы­ны­сын қолдады. Ол Ауыл шаруашылығы және Білім министрліктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бірыңғай құқық қол­да­ну тәжірибесін әзірлеуді тапсырды. Оның алгоритмі аумақтық инспекцияларға орындау үшін жіберілмек.

Бизнес пен билік ымыраға келмесе, талас-тартыстың зардабы халық пен жас ұрпаққа тиер еді. Ресми мәлімет бойын­ша елдегі 5 898 жеке балабақшаның 80 пайыздан астамы мақсатын өзгертпеген үйжайларда жұмыс істейді екен. Олар биыл дағ­дарысқа килігіп тұр. Егер заң өзгермесе, кәсіп­керлерден құжаттамасын түзетіп, қыз­метін заң нормаларына сәйкестендіру бәрі­бір талап етіледі. Мұның ақырында не бо­латынын уақыт көрсетеді. 

Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манара Адамованың айтуынша, жыл басынан бері еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдарда 40 мыңға жуық жаңа орын ашылды. Алайда бұл да жеткіліксіз. Алдағы екі жылда 2027 жылға дейін кем дегенде 300 мың жаңа орын ашу қажет. Жалпы алғанда, бүгінде республикада жалпы саны 11,5 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларда 1 мил­лионға жуық бала ғана тәрбиеленеді.

Елдос СЕНБАЙ