Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік жас отбасы-2024» байқауы өтті. Олар жылдың ең үздік жас отбасын анықтады.
Астанада «Үздік жас отбасы – 2024» байқауы өтіп, жеңімпаздар марапатталды
559
оқылды

Бұл жай ғана сайыс емес, отбасы құндылықтарын дәріптейтін шара. Әрбір қатысушы өзінің отбасындағы шынайлық пен сыйластықты, сүйіспеншілікті көрсете білді. Сахнаға шыққан әр жұп әуелі өздерін таныстырды. Оның бірі – әннен шашу шашса, кейбірі отбасылық қойылым дайындап келген. Әдетте, жұмысбасты жас жұбайлардың өзге түгілі, балаға уақыт бөле алмай жататыны тағы бар. Міне, осындай сайыстың арқасында ерлі-зайыптылар бірін-бірі басқа қырынан танып та жататынын жасырын емес.

–  Таңнан кешке дейін жұмыста жүрген біз үшін, біздің отбасымыз үшін бұл сайыстың берері көп болды. Себебі мен демалған күндері күйеуім босамайды, оның демалысында мен жұмыстамын. Биылбайқауға бірінші рет қатысып отырмыз. Ақтық мәреге жеткенімізге қуаныштымыз,–  дейді қатысушы Құралай Әбілдаева.

Екі кезеңнен тұратын байқауға әуелі әлеуметтік желі арқылы 60-тан астам өтінім түскен. Соның ішінде зияткерлік сұраққа дұрыс жауап бергендер жұптар финалдық жарысқа өтеді. Ондай отбасылық жұптың оншақтысы ақтық кезеңге жолдама алып, «Үздік жас отбасы» шығармашылық байқауында бағын сынады.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, аталған байқауға қатысып, сөз сөйлеген Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова Отанның тұтастығын сақтау әр отбасының татулығымен тығыз байланысты екенін атады.

Отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі, ұрпақ тәрбиесінің негізі. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік те, патриоттық сезім де отбасынан бастау алады. Бүгінгі байқау да қажырлы еңбек, өнегелі тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын лайықты жалғастырып келе жатқан отбасыларды үлгі етуді көздейді. Бұл байқауға қатысушылардың барлығы – түрлі салада жетістікке жетіп, әулет абыройын асырып, құрметке бөленгендер. Олар қашан да қоғамның айнасы бола алады деп сенеміз, – деді Назгүл Сейітқожақызы.

«Үздік жас отбасы-2024» байқауға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова, «Жайна Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Еркетаев, «Үздік жас отбасы-2023» байқауының жеңімпазы Гаухар Сәдуақасова және жастар ұйымдарының жетекшілері қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен Көшеновтер отбасы жеңімпаз атанып, бас жүлдені иеленді. Қызығы, жыл өткен сайын жүлде қоры да ұлғайып келеді. Биылғы жеңімпаздар Көшеновтер әулетіне 700 мың теңгенің сертификаты табысталды.  Ал екінші орын алған Ендібаевтар отбасы 450 мың теңге, үшінші орындағы Сәметовтер отбасы 350 мың теңге иеленді. Сондай-ақ сайысқа қатысқан әр отбасына 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық пен алғысхат табысталды.