Жетісулық кәсіпкерлер «Даму» қорына сенеді
Жетісулық кәсіпкерлер «Даму» қорына сенеді
237
оқылды
Алматы облысында шағын және орта бизнестің адымы ашылып, құлашы жазылып келеді. Өңірдің өткен жылғы экономикалық көрсеткішіне көз жүгірткенде, былтыр 3 трлн теңгеге жеткен жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 32 пайыз болуынан-ақ көп нәрсені аңғара аламыз. Ендігі мақсат – осы биіктен төмендемей отырып, жаңа асуларды бағындыру. Облыстық әкімдікте «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры» АҚ бас­қармасының төрайымы Гау­хар Бөрібаевамен кездескен облыс басшысы Амандық Бата­лов өңірдегі соңғы жылдарды әлеу­меттік-экономикалық же­тіс­­тіктер мен болашаққа бағыт­тал­ған ірі жобалар жайлы баян­да­ды. Аграрлы аймақта ауыл шаруашылығының өркендеуіне қатысты көңілдің де өзгеше еке­ніне тоқталып, жергілікті жер­лер­де шағын және орта бизнестің қанат жаюына қажетті жағдайлар мен қолдаулардың жасалып жат­қа­нын жеткізді. Игілікті істерге ретті жерінде демеу жасап отырған қор жұмысына да жоғары бағасын берді.
– «Даму» қоры облыстағы шағын және орта бизнесті дамыту саласына зор қолдау көрсетуде. Біз де өз тарапымыздан барлық қа­жетті көмекті жасаудамыз. Биыл­ғы жылы бюджеттен шағын және орта бизнесті дамытуға бағыт­талған «Жетісу» өңірлік бағ­­дарламасын бірлесіп жүзеге асы­руға қажетті 500 млн теңге қарас­тыра­мыз, деген облыс әкі­мі қазіргі кезде еліміздегі ең өзек­ті міндеттердің бірі болып са­на­­латын халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуде «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп жұмыс атқарудың маңы­зы зор екенін де атап өтті.
Гаухар Бөрібаева қордың еліміз бойынша, соның ішінде Жетісу өңірінде атқарған жұмысы туралы егжей-тегжейлі баяндап, осы саладағы қол жеткен жетістіктерге де жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, дамытуға берілетін шағын несиелер бойынша қа­рыз алушылар саны жағынан Ал­ма­ты облысы республикада бірін­ші орында тұрған көрінеді, жалпы көрсеткіштің 13,5 пайызы же­ті­с­у­лықтар екен. Облыста Нәти­желі жұмыспен қамтудың және жап­пай кәсіпкерлікті дамы­ту­дың «Еңбек» бағдарламасы аясындағы 54 жоба бойынша 633,7 млн теңге со­масындағы, «Даму-Опти­ка» бағ­дар­ламасы бойынша 32 жо­баны қаржыландыруға 1 млрд теңгеден астам сомадағы несиелерге кепілдік беріліпті. Сонымен бірге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының субсидиялау бағыты бойынша сомасы 3,7 млрд теңге несие болатын 14 жобаға қол қойылып, сол сияқты кепілдік ету желісі бойынша сомасы 181,3 млн теңге болатын несие бойынша 3 жобаға кепілдік берілген. Облыс басшылығына «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры» АҚ өңір­лік филиалының жаңа ди­ректоры Тимур Икеевті таныс­тыр­ған акционерлік қоғам бас­қар­­масының төрайымы алдағы кезде Қарасай ауданының Қас­ке­лең қаласында және Талғар ау­да­­нының Талғар қаласында қор кең­селері ашылатынын айтты. Жалпы өткен жылдың қоры­тын­дысына сүйенсек, Алматы облысында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 122 мыңнан асып, бір жыл­да олардан түскен салық 1,3 есе­ге өсіп, 113 млрд теңгені құ­рап­­ты. Өз кезегінде мемлекет тара­пы­нан облыс кәсіпкерлеріне 11,8 млрд теңге көлемінде қолдау көр­сетілген.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы