Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, жазушылар, әдебиетшілер мен оқырмандар қатысты.
«Фолиант» баспасы Ұлттық академиялық кітапханаға 1000 кітап тарту етті
917
оқылды

Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызының айтуынша, бұл сыйлық – оқырмандардың кітап оқу мәдениетін дамытуға және кітапхана қорын байытуға қосылған үлкен үлес.

«Біздің басты мақсатымыз – оқырмандарды сапалы әдебиетпен қамтамасыз ету. Кітап – рухани байлық көзі ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің маңызды құралы. Ұлттық академиялық кітапханаға осындай сый жасау арқылы біз оқырмандардың білім көкжиегін кеңейтуге өз үлесімізді қосқымыз келеді. Бұдан бұрын Алматыдағы Ұлттық кітапханаға да 1000 кітапты тарту еткен едік», – деді «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков. Ол кітапханаға сыйланған кітаптардың арасында қазақ классик жазушыларының шығармалары, әлем әдебиеті, заманауи әдебиет, балалар әдебиеті және ғылыми-танымдық еңбектер бар екенін атап өтті. «Фолиант» баспасының осындай игі бастамасы қоғамды рухани байытуға ықпал ететіні сөзсіз.

Аталмыш іс-шара барысында танымал баспагер, «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков Испания Корольдігінің ең беделді марапаттарының бірі – Католиктік Изабелла орденімен марапатталды. Алғаш рет 1815 жылы тағайындалған бұл марапат мәдениет, өнер, ғылым салаларында халықаралық ынтымақтастықты дамытуда айрықша еңбегімен көзге түскен тұлғаларға беріледі.

«Нұрлан Исабеков мырзаға Испания Королінің атынан Католиктік Изабелла орденін табыстау – үлкен құрмет, зор мәртебе. Бұл Испанияның ең жоғары марапаттарының бірі «Фолиант» баспасының басшысы Нұрлан Сәрсенбіұлына испан тіліндегі әдебиеттерді аудару арқылы испан әдебиеті мен мәдениетін насихаттаудағы ерекше еңбегі үшін беріліп отыр», – деді Испания Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Луис Франсиско Мартинес.

Нұрлан Исабеков бұл марапатқа қазақ және әлем әдебиетін насихаттаудағы, сондай-ақ мәдени диалогті дамытудағы ерекше еңбегі үшін лайық деп танылды. «Фолиант» баспасы 30 жылға жуық уақыттан бері әлем әдебиетінің озық туындыларын қазақ тіліне аударып, отандық оқырмандарға сапалы кітап ұсынып жүр. Сонымен қатар баспа испан әдебиеті мен мәдениетін қазақ қоғамына жақын таныстыру жолында да айтарлықтай жұмыс атқарып, екі ел арасындағы әдеби және мәдени диалогтің алтын көпіріне айналды.

«Бұл марапат – менің жеке жетістігім емес, бүкіл ұжымның еңбегінің нәтижесі. Әлем әдебиеті мен мәдениетін қазақ халқына таныту, қазақ әдебиеті мен мәдениетін әлемге паш ету – біздің басты миссиямыздың бірі», – деп атап өтті. Нұрлан Исабеков.

Салтанатты шара барысында Абай Тыныбеков, Өтен Ахмет, Төлен Әбдік сынды белгілі қаламгерлер мен әдебиеттанушылар «Фолиант» баспасының еліміздегі әдебиет пен білім саласындағы орны ерекше екенін атап өтті. Нұрлан Исабековтің бұл марапаты Қазақстан мен Испания арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайтуға септігін тигізіп, қазақ мәдениетінің халықаралық деңгейдегі беделін арттырады. Бұл оқиға – Қазақстанның мәдениет саласындағы үлкен жетістігі мен халықаралық аренадағы беделінің тағы бір айқын дәлелі.