Баку қаласында өткен БҰҰ-ның кли­мат жөніндегі конференциясына 200-ге жуық елдің өкілдері қатысқан болатын.
Париж келісімі: Қазақстан үлесі айқындалды
227
оқылды

Бұл іс-шара – климаттық өзгерістермен күресуге бағытталған ұжымдық шешімдер қабылдаудың және компромистерді іздеудің маңызды құралы. Қазақстан COP-тың келесі жиынына дейін жаңа Ұлттық деңгейде айқындалатын үлесті әзірлеуі керек.

Бұл туралы  Экология және табиғи ресурстар министрлігі Климаттық саясат департаменті Климаттың өзгеруіне бейімделу басқармасының жетекшісі Шаттық Тастемірова айтты.

«БҰҰ негізгі климаттық саммиті - COP29-да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жаһандық кли­маттық мәселелерді шешуді қолдай­тынын және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын айтты. Бұл – біздің еліміз үшін өте жоғары межелі мақсат. Біз жауап­ты орган ретінде жаһандық кли­маттық келіссөздерге қатысып отырамыз. Осындай маңызды келіссөздердің бірі «климаттық қаржыландыру бойынша жаңа коллективті мақсатты анықтау» бол­ды. Париж келісімі елдері 2035 жылға қарай дамушы елдерге климаттық міндет­темелерін орындауы үшін жылына 300 млрд АҚШ долларын бөлу туралы келі­сімге келді», – деді ол.

Бұған дейін COP29 төрағалығы барлық тарапты 2035 жылға қарай климаттың өзгеруімен күресу үшін дамушы елдерді қаржыландыру көлемін 1,3 триллион долларға дейін ұлғайтуға шақырады.

Панельдік сессиялар аясында Қазақ­стан өкілдері проблемалық мәселелерді белгілеп қана қоймай, елімізде белсенді дамып келе жатқан бірқатар бастаманы таныстырды. Атап айтқанда, аграрлық сектор үшін тиімді шешім – топырақтың құнарлылығын қалпына келтіретін Ecosystemic Regenerative Agriculture (ERA) әдіснамасы ұсынылды. Сондай-ақ халық­аралық жұртшылыққа Қазақстанның жаңартылған ұлттық белгіленген үлесі шең­берінде іске асырылатын Қазақ­стандағы көміртекті жою саласындағы алғашқылардың бірі болып табылатын жоба таныстырылды (NDC 3.0).

Ә.МҰХАНБЕТ