Шардара шортандары

– Шардарада шортандар көп екен, – деді менің Қожанасырым жетіп келді де.

– Оны несіне жерден жеті қоян тапқандай дабырайтып айтып отырсың? Су айдыны болған соң шортаны да, шабағы да болады ғой, – деді Алдаркөсе тіксініп.

– Дұрыс айтасыз, – деп оп-оңай келісті Қожекең, – бірақ мен теңіздегі шортандарды емес, осы қаладағы шолжаңдарды айтып отырмын.

– Сонда ол шолжаңдарыңыз не істеп қойыпты?

– Кеше ғана ҚР Сыбайлас жемқолдыққа қарсы агенттігінің өкілі Данияр Бекайдаров жалпақ жұртқа жар салып тұрып айтты. 

– Нені айтты?

– Сабыр етіңіз, Алдар аға! Қазір асықпай баяндаймын. Оқиға былай болған.

Шардара аудандық білім бөлімінің басшылары мемлекет меншігіндегі қаржыны ту-талапай етудің асқан үлгісін ойлап тапқан ғой. Олар есепшілермен бірігіп, сайда саны, қырда елесі жоқ таныс-тамырларының есепшоттарына «мынадай іс қылды» деп жалған құжат толтырып, қаржы аударып келген. Әрине, адасып кеткен ақшалар қымқырушыларды адаспай тауып отырған. Осындай қитұрқы әдіспен олар үш жылда мемлекеттің 4 миллиард теңгесін қолды етіпті. Мынадай ойынды мен деген сиқыршы да ойлап таба алмас еді. Бірақ шардаралық шортандар бір секірді, екі секірді, ақыры қақпанға өздері келіп түсті.

– Япыр-ай, – деп жағасын ұстады Ардаркөсе, – мынадай да сұмдық болады екен-ау.

Бүгінде шортандардың мойындарына су кетіп жүр. Сотқа дейінгі тергеу-тексеру жұмыстары бітіп те қалды. Ресми өкілдің айтуынша, олардың кейбірі жұтқандарын қайта құсыпты.

Әй, дегенмен шортандықтың да шортандығы бар-ау. «Мың асқанға бір тосқан» деген осы...

Тұрды ҚАРАШАҰЛЫ